Осы жылдар аралығындағы қазақ жастарының көтерілуіне түрткі болған оқиғалар

1986 жылғы желтоқсан оқиғасына жылдар бойы қордаланған осындай себептер түрткі болды. Орталықтың өктемдік әрекеттері мен демократиялық принциптері арасындағы қайшылықтар, шовинистік саясат т.б. қалыптасқан жағдайлар наразылықтың негізгі себептері болды.

Наразылық сылтауы. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің V пленумы болды. Пленумда Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Д. Қонаевты орнынан босатып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В. Колбин тағайындалды. Ел басшылығының ауыстырылуына арналған бұл пленум 18 минутқа ғана созылды. Орталықтың бұл әрекеті барып тұрған саяси қателік және қазақ халқының мүддесін мүлде елемеушілік болды.

Оқиға барысы. 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында республика басшылығының ауыстырылуына қарсылық ретінде жастар толқуы басталды. Мұндай наразылықтар басқа қалаларда да өтті. Наразылықтың, басты қозғаушы күші студенттер, жастар болды. Жастар толқуы бейбіт жағдайда Алматы көшелерінде басталды. Жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ болды. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, әр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді. Бюрократиялық жүйеге үйренген республика басшылары жастар пікірін тыңдағылары келмей, олардың тез тарауын талап етті. Шеруді тарқату мақсатында республика басшылары Алматы гарнизоны, басқа да әскери күштер көмегімен жастар жиналған Брежнев алаңын қоршады. Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінің ішкі әскер бөлімдері әкелінді.

Осыншама ірі күштер сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар т.б. қарулар көмегімен демонстрацияны тоқтатты. Қоғамдық тәртіп сақшылары өрескел қатыгездікке барып, көп адамдардың қаза табуына жол берілді. Республика басшылары бұл жағдайға көз жұма қарады.

Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент, комсомолдан 787 адам шығарылды.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова сияқты жастар жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды. Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-сы ақталды. 1987 жылғы КОКП Орталық Комитеті Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады.

Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. КОКП ОК-ның желтоқсандағы жастар шеруін қазақ ұлтшылдығы деп кінәлау қате деген қаулы шығарды. КСРО халық депутаттарының I съезінде ақын, қоғам қайраткері М. Шаханов желтоқсандағы орталықтың жүргізген іс-әрекетін қатты сынап, тұңғыш рет мінбеде сөз сөйледі. Бұл желтоқсан шындығын ашудағы алғашқы қадам болды.

  • Жаңаөзендегі оқиғалар

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мұнай, газ кен орындарына жұмыс күшін үкімет сырттан әкелді. Сырттан келгендер мен байырғы тұрғындар арасында әлеуметтік әділетсіздік орын алды. Мұндай әділетсіздік тұрғын үй, азық-түлік бөлуде де орын алды. Жастар арасында жұмыссыздық көбейді. Тұрғын үй кезегі ұзаққа созылды. Сонымен қатар сырттан келгендер қазақ халқының ұлттық мүддесімен санаспады. Осының бәрі 1989 жылғы Жаңаөзен қаласындағы қазақтар мен Кавказ ұлттарының өкілдері арасындағы қантөгіске ұласқан қақтығысқа себеп болды. Қақтығыс әскерилердің көмегімен басылды. Осы оқиғадан кейін сырттан вахтамен жұмыс істейтіндер қаладан әкетілді.

  • Қарағандыдағы кеншілер ереуілі

1989 жылы шілдеде Қарағанды көмір кенінде жұмыс істейтін кеншілер ереуілі болды. Ереуілге 15000-ға жуық адам қатысты. Олардың талабы: жалақы өсіру мәселесін шешу, Семей ядролық полигонын жабу, орталықтың монополиясын тоқтату т.б. Ереуілді Д. Тегісов, М. Рамазанов, П. Шлегель, П. Перебойнос т.б. басқарды. Ереуілшілермен кездесу үшін Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев Қарағандыға келіп, ереуілшілерді тыныштандырды. Кеншілер мен республика үкіметінің көзқарасы бір жерден шықты.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!