Банктік тәуекелдерді басқару жолдары

Нарықтық экономикаға көшу жағдайында банктік салада банк әр түрлі операцияларды жүргізу кезінде өзіне қабылдайтын тәункелдік бақылау дұрыстығының маңызы артады.

Нарықтық қатынастардың қалыптасуына байланысты тәуекелдік түсінігі банктер өміріне нақты кіруде. Жоспарлы экономика жағдайында банктер қатал түрде КСРО Мембанкісінің жоспар-нұсқауы бойынша қызмет етті, сондықтан банктік тәжірибеде “тәуекелдік” деген түсінік те болған жоқ. Егер клиенттің шотында есеп айырысу құжаттарын төлеу кезінде ақша қаражаттары болмаған жағдайда банк автоматты түрде оған төлем несиесін ұсынатын.

Қазіргі кездегі банктік нарық тәуекелдіксіз мүмкін емес. Ол кез келген операцияда болады, тек тәуекелдік әр түрлі көлемде болуы мүмкін. Сондықтан банктік қызмет үшін тәуекелдікті мүлдем жою емес, оны алдын ала болжап, ең төменгі деңгейге дейін жеткізу маңызды болып табылады.

Банк тәуекелдігі дегеніміз не? Тәуекелдік негізінде ықтималдылықты, ал нақтырақ айтсақ, банктің қаржылық операцияларды жүргізу кезінде өз ресурстарының табысы бір бөлігін жоғалту немесе қосымша шығын шығару қаупін түсіндіреді. Банктік қызмет зиянсыз болуы үшін келесі категорияларды ескеру керек: жоғалтулар, шығындар, залалдар.

Банктік қызметке тән тәуекелдікті сипаттайтын жалпылама көрсеткіш ретінде жоғалтуларды, банктік табыстың төмендеуі ретінде түсінеміз. Осы көрсеткіш өзінде шығын мен залалды үйлестіреді, сондықтан тәуекелдік деңгейін жақсы бейнеде сипаттайды. Тәуекелдік пен жоғалту түсініктері өзара тығыз байланысты. Сол себептікті тәуекелді жоғалту категориясын қолдану арқылы сан жағынан да бейнелеуге болады. Бұл тәсіл тәуекел теориясының дамуы үшін негіз болып табылады.

Шығындар. Банктер өз қызметі барысында белгілі бір шығындар шығарады. Бұл салымшыларға төленетін пайыздар; басқа қаржылық институттардан қарызға алынатын несиелік ресурстар үшін төлем; есеп айырысу операцияларымен, бағалы қағаздармен байланысты шығындар; жұмыскерлерді, ғимараттарды, т.б. ұстауға кететін шығындар. Шығын категориясына қатысты тәуекелдік, көзге көрінбейтін жағдайларға байланысты белгіленген мөлшерден көбірек шығын шегу нәтижесінде пайда болады.

Табысты толық ала алмай немесе көзделген мөлшерден артық шығынның жұмсалу формасында көрініс табатын залалдар алдағы операцияларды, есептеулерге жасалатын талдаудың жеткіліксіздігінен немесе жағдайдың болжана алмауына байланысты болады. Сол секілді залалдар тәуекелдігі нашар несиелік қоржынмен, конъюктураның толық есептелінбеуімен байланысты болғанда банкке әрқашан қолайсыз жағдайларға ұшырауына қауіп төндіреді. Жалпы кез келген қызмет түрі міндетті түрде белгілі бір тәуекелмен байланысты. Нарық жағдайында жұмыс істейтін кез келген кәсіпорын сияқты банк те жоғалтулар мен банк тәуекелдігіне ұшырауы мүмкін.

Шынында да, банк жетекшілері пайданы жоғарылатуға тырыса отырып, шығын мен зиянды барынша азайтуға ұмтылыс жасайды.

Мұның барлығы белгілі бір шамада бір-біріне қарама-қайшылық тудырады, оған банк иелері мен оның салымшыларының мүдделерінің қарсы келуі негіз болады. Біріншілер, қосымша пайда табу үшін тәуекелдікке баруға дайын болса, ал екіншілер үшін, банкке сеніп тапсырылған қаражаттардың сақталуы ең маңызды. Табыстылық пен тәуекелдіктің арасындағы ықшамды қатынасты ұстап отыру, банкті басқарудың біршама күрделі мәселелерін құрайды.

Банк үшін негізгі тәуекелдік түрлері оның портфелімен байланысты болып келеді, яғни банктің қаражатына жұмсалынған қаржылық активтермен байланысты.

Тәжірибеде төрт басты қоржындық тәуекелдік түрлері белгілі: несиелік, өтімділік, пайыз мөлшерлемесінің өзгеру тәуекелі, валюталық тәуекелдік.

Несие тәуекелдік – қарыз алушының өз қаржылық міндеттемесін орындамауымен байланысты банктік қарыз бойынша төлем төлемеу тәуекелдігі.

Ол қарыздар қоржынының сапасымен тікелей байланысты. Несие тәуекелдігін үш түрге бөлуге болады: қиянатшылық жасау тәуекелдігі, шетел несиелері бойынша тәуекелдік, ішкі займдар бойынша төлем төлемеу тәуекелдігі.

Қиянатшылық жасау – 1991-1993 жж. біздің республикамызда банктің үмітсіз қарыздарының неғұрлым көп таралу себебі.

Тексеру нәтижесінде маусымды егіндік жұмыстарға, астық жинауға, меншікті қаражаттарды толықтыруға бөлінген мақсатты несиелік ресурстардың көзделген  мақсатында пайдаланылмауы туралы көптеген фактілері анықталған. Мұндай жеңілдік несиелері басқа банктерден алған несиелер бойынша қарызды өтеуге машиналар сатып алуға бағытталған. Сондай-ақ бұл несиелерді нарықтың мөлшерлеме бойынша коммерциялық құрылымдарға қайта сатып валютаға айналдыру, т.б. жағдайлар жиі болып отырған.

Қиянатшылық жасау – банктік жүйеде 80-жылдардың басында кеңірек тарап, олардың үлесіне АҚШ-ғы барлық банкротқа ұшыраған банктердің жартысынан астамы түскен. Бұл жерде банк директорлары мен жоғары лауазымды қызметкерлердің әріптестеріне, туыстарына, достарына, «достық» несиелерді ешқандай да қамтамасыз етусіз және қарыз алушының қаржылық жағдайын тексерусіз бергендігі туралы сөз қозғалады.

Шетел несиелері бойынша тәуекелдіктер – дамушы елдердің қарыз алушыларының несиелер бойынша жаппай төлем төлемеуіне байланысты 70-жылдарда анықталды. Бұл АҚШ-тың бірқатар ірі банктерінің банкротқа ұшырауына себеп болған.

Ішкі займдар бойынша төлемсіздік қарыз алушының төлем қабілетіне ықпал ететін барлық факторларды есепке алу қиындығымен байланысты туындайды.

Несиелік тәуекелдікті төмендетудің бірнеше тәсілдері бар:

  1. Банктік қарыздар қоржынын диверсификациялау, яғни бір қарыз алушыға берілетін несиенің мөлшерін несиелеу шегін белгілеу арқылы азайту. Бұл тәсіл банк клиентінің несиелік қабілетінің жеткіліктігіне сенімсіз болған кезде қолданылады. Қысқартылған несие мөлшері, оны қайтармаған жағдайда зиян шегу шамасының қысқаруына мүмкіндік жасайды.
  2. Несиелік қабілетін талдау, яғни қарыз алушының несиені өтеу мүмкіндігін талдау. Көптеген банк осы әдісті қалайды, себебі ол несиенің қайтарылмауына байланысты мүмкін болар барлық зиянның алдын алады.

Несиелік қабілетті бағалау қарыз алушының қаржылық жағдайының тәуекелдігін және олардың талдауын сипаттайтын көрсеткіштер есебін білдіреді. Ондай көрсеткіштерге келесілер жатады:

  • абсолюттік өтімділік коэффициенті – бұл ақшалай қаражаттар + бағалы қағаздардың қысқа мерзімді міндеттемелерге қатысады;
  • аралық өтеу коэффициенті – бұл ақшалай қаражаттар + бағалы қағаздар + есеп айырысудағы қаражаттардың қарыз алушының қысқа мерзімді міндеттемелеріне қатынасы.
  • жабудың жалпы коэффициенті – бұл айналым капиталы қарыз алушының қысқа мерзімді міндеттемелеріне қатынасы.

Сонымен қатар, банкке несиені алдағы уақытта қайтару көзі ретінде ақшалай түсімдерді, сондай-ақ қарыз алушының қаржылық тұрақтылығының көрсеткіштерін де бағалау қажет.

Соңғы уақытта шетелдік банктік тәжірибеде қарыз алушыны баллдық баға беру арқылы негізделген әдіс кеңірек қолданылуда. Ол клиенттің рейтингін жасауды ұсынады.

  1. Несиелерді сақтандыру, несиенің қайтарылмай қалу тәуекелі оны сақтандырумен айналысатын ұйымдарға толық өтеуін сипаттайды. Несиелерді сақтандырудың бірнеше жолдары бар, бірақ оларды іске асырумен байланысты шығындардың барлығы қарыз алушыға тиісті болып келеді. Біздің республикамызда несиелерді сақтандырумен сақтандыру компаниялары айналысады.

Өтімділік тәуекелдігі. Ең жақсысы оны балансталмаған өтімділік тәуекелдігі деп атау керек. Ол қаржылық активтерді тез арада шығынсыз төлем қаражаттарына айналдыру мүмкінсіздігімен байланысты. Банктерде өтімділікті қамтамасыз етудің екі түрі болады: ішкі және сыртқы.

Ішкі өтімділік – инвестордың көзінше ақшаны орналастырудың сенімді объектісі болып табылатын, тұрақты нарығы бар тез іске асырылатын активтер. Бұған мемлекеттің бағалы қағаздары – 1,3,6,9 ай ішіндегі қазыналық вексельдер жатады.

Сыртқы өтімділік, оның өтімді қаражаттар қорын ұлғайтатын кейбір міндеттемелерді банктің нарықтан сатып алу жолымен (басқа банктер федералдық қорлардың қалдықтарын сатып алу, қолдан-қолға ауыспалы салым сертификаттарын, т.б. сатып алу) қамтамасыз етілуі мүмкін.

Егер де банктер ертеректе тез іске асырылатын активтер құру арқылы ішкі өтімділікті қамтамасыз етуге ұмтылған болса, ал қазір олар активтер мен пассивтерді біртұтас басқару есебінен баланс өтімділігін қамтамасыз етуге тырысады.

Бұл тұста ұсақ банктер өтімді активтер құруды дұрыс көрсе, ірі банктер пассивті басқару саясатын (керек уақытта бағалы қағаздарды сата отырып, кейіннен қайта қайтарып алу туралы келісім-шарт жасасу жолымен банктік активтерді сату-сатып алу, коммерциялық бағалы қағаздарды қолма-қол шығару және т.б.) жүргізуді қалайды.

Бұл тәуекелді Ұлттық банктің белгіленген міндетті өтімділік нормасын сақтау жолымен, сол сияқты орналастырылған активтер мен банк пассивтерінің қайтарылу мерзімдерін көлбеу жолымен басқарады.

Өтімділік деңгейін қамтамасыз ету тәсіліне төмендегілер жатады:

  • пайыз мөлшерлемесін өзгерту жолымен жаңа депозиттер тарту;
  • айналыста жүретін депозиттік сертификаттар, облигациялар, т.б. шығару;
  • қарыздар және бағалы қағаздар қоржынының бір бөлігін сату;
  • пассивтерді диверсификациялау, яғни қарыздарды ұсақ мөлшері бойынша жинақтау;
  • несиелерді қайтарып алу;
  • Ұлттық банктен, т.б. несиелер алу.

Қажетті өтімділік деңгейін ұстап отыру үшін, банк пассивтің төмендеуі және несиеге деген сұраныстың ұлғаюы, яғни коньюнктуралық өзгеру мүмкіндігін болжауға тиіс.

Пайыз мөлшерлемесінің өзгеру тәуекелдігі – бұл пайыз мөлшерлемелерінің ауытқуы салдарынан мүмкін болатын зияндар. Соңғы уақыттарда, Батыста инфляция және реттеу саясатын жүргізу нәтижесінде пайыз мөлшерлемелерінің тұрақсыздығы байқалуда. Пайыз мөлшерлемесінің артуы, тұрақты пайыз әкелетін бағалы қағаздар бағасының түсуіне жол беріп, нәтижесіне банктің қоржынының құнсыздануына және бағамдық зияндардың болуына әкеледі. Әр түрлі нарық сегменттеріндегі пайыз мөлшерлемелерінің секірмелі өзгерісі банктің операцияларының пайымдылығына қатты әсер етеді.

Пайыздық тәуекелдікті нарықтық деп атауға болады, егер ол ашық нарықтағы бағалы қағаздар бойынша операциялармен байланысты болса. Мұндай тәуекелдік бірқатар себептерге байланысты пайда болады. Солардың ішінде қарыздық пайыз нормасының ауытқуы, эмитент-компаниялардың (акция туралы сөз болса) пайдалығы мен қаржылық жағдайының, сондай-ақ инфляцияның өзгерісі де бар. Бірінші фактордың ықпалы бағалы қағаздардың нарықтық құны мен қарыздық пайыз нормасының арасындағы кері байланыстан анықталады (пайыз мөлшерлемесінің өсуі бағалы қағаздың құнсыздануына әкеледі). Екінші фактордың ықпалы акция бағасының оларға төленетін дивиденттерге байланысты анықтамасын ескерсек, онда ол өз кезегінде эмитент-компанияның пайдасына байланысты анықталады. Ақшаның инфляциялық құнсыздануы тіркелген кірісі бар бағалы қағаздар бойынша нақты табыстың төмендеуіне жол беріп, нәтижесінде олардың үсынысын ұлғайтады және бағасын төмендетеді.

Пайыздық тәуекелділік, қарыздар мен тартылған қаражаттардың қайтару мерзімдері сәйкес келмесе немесе активтік және пассивтік операциялар бойынша мөлшерлемелер әр түрлі тәсілдермен белгіленген жағдайда пайда болады. Соңғысын мысал ретінде, Ұлттық банк ресурстарды жоғары пайыздық жеңілдікпен несиеге берген жағдайдан көруге болады.

Пайыз тәуекелділігін келесідей тәсілдер көмегімен төмендетуге болады.

  • пайыз тәуекелдігін сақтандыру – несиелік тәуекелдіктен сақтану сияқты тәуекелділікті толығымен сақтандыру ұйымына беруді білдіреді;
  • өзгермелі пайыз мөлшерлемесімен несиені беру – банкке шарт өзгерген жағдайда, соған сәйкес пайыз мөлшерлемесін өзгертуге мүмкіндік береді;
  • мерзімді келісімдер – банк пен қарыз алушының арасында арнайы форвард келісімін жасау, яғни қарызды келісілген мерзімде белгілі бір сомадан және белгіленген мерзімге беру туралы келісім жасаумен байланысты тәуекелден қорғану әдісі;
  • пайыздық фьючерстік (болашақ) контрактілер. Олар пайыз мөлшерлемесіндегі ойындар үшін пайдаланылатын мерзімді контрактілерді білдіреді. Шарт бойынша құжатты (қарыз немесе депозитті) белгілі бір мерзім өткеннен кейін, келісілген уақытта болашақтағы тұрақты бағада сатып алады;
  • пайыздық опциондар – опцион ұстаушыға қысқа мерзімді қарыз немесе депозитті тұрақты бағада мерзімді қарыз белгілі бір күн жеткенге дейін сатып алуға немесе сатуға құқық беретін келісімді білдіреді;
  • пайыздық своптар – бұл белгілі бір сомаға, бірақ әр түрлі шартпен жасалатын несиелік міндеттеме бойынша пайыздық төлемдердің айырбасын (мысалға, пайыз мөлшерлемесі әр түрлі қарыздық капиталдар нарығындағы мөлшерлемелерге бағытталған немесе тұрақты, өзгермелі болуы мүмкін) түсіндіріледі.

Валюталық тәуекелдік – ұлттық валютаға қатысты шетел валюталарының бағамдарының өзгерісімен байланысты валюталық (бағамдық) зиян шегу қаупі. Валюталық тәуекел бір валюта бағамдарының әр түрлі валюта нарықтарында сәйкес келмеуінен немесе әр түрлі уақыт кезеңінде валюта бағамдарының айырмашылығынан түзілетін алып-сатарлық табыс алуға тырысатын банктерде өте жоғары келеді.

Валюталық тәуекелдікті төмендету мақсатында көбіне пайыздық тәуекелдік қолданылатын әдістер пайдаланылады: валюталық фьючерс контрактілері, валюталық опциондар, валюталық своптар. Сонымен қатар, несиелік келісім-шарттағы ақшалай міндеттемелердің валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты өзгерісінің алдын алу үшін төлем құралы ретінде тұрақты валютаны таңдау әдісі (әрине, ұлттық валютаны таңдауға болады егер американ доллары тұрақты пайдаланылатын болса) қолданылады. Сондай-ақ, мұнда үшінші бір ел валютасы немесе халықаралық ақша бірліктері (СДР,ЭКЮ) де пайдаланылады.

Банктік тәжірибе валютаның тәуекелдігін төмендету үшін шетел валюталары бағамдарының ауытқуын үнемі бақылау (диверсификация), сақтандыру, форвард контрактілерін жасау және басқа да әдістер қолданылуда.

Сонымен, біз қай тәуекелдіктің банктік қызметте болатыны және оны төмендетудің негізгі әдістерін қарастырдық. Мұндай шараларды жасау тәуекелдік шеңберіндегі банк стратегиясының маңызды компоненті болып табылады.

Демек, нарық шаруашылығындағы банктік қызметтің басты тәуекелдікті және банкротты төмендету арқылы операциялардан түсетін пайданы барынша жоғарлатудан тұрады.

Банк стратегиясы төмендегідей қағидалардан құралады:

  • қалай да арзанға сатып алу;
  • рентабельдік мөлшерлеме бойынша оны және көрсетілген қызметтерді сату;
  • келесідей жолдармен тәуекелдік зияндарын төмендету:

Сенімді клиенттер таңдау және кепілдемелер алу, операцияларды диверсификациялау және әр түрлі қарыздық капталдар нарығын игеру.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Сейтқасымов Ақша, несие, банк  2001жыл
  2. Лаврушин О.И. “Банковское дело” – М: Москва, “Финансы и статистика”
  3. В.И.Колесникова Банковское дело – М: Москва, 1998.
  4. В.Т. Севрук Банковские риски М, 1995
  5. Валравен К.Д. Управление рисками коммерческого банка Вашингтон, 1992
  6. Питер С. Роуз Банковский менеджмент М, 1995
  7. Под.ред. Г.С. Сейткасимова Банковское дело – М: Алматы, 1998.
«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!