ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ (1909-1998) туралы реферат

Әбділда Тәжібаев – осы заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерімен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткерге айналды. Ә.Тәжібаев – поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген ақын. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә.Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес. Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғары мәдениеттің, кәнігі шебердің поэзиясы.

1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Атақты ақын Нартай келіп, Әбділданың анасы Айманкүлмен айтысқа түскен. “Сыр елі-жыр елі” атанған Сырда туып-өскен Әбділдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек.

Әбділда Тәжібаев “Күй атасы”,”Ақын”, “Портреттер” аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.

Ә.Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә.Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді.

Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды.

Өмірбаяны. Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (казіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келеді. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүл күнкөріс жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау поэмасын дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей үн қосатын болған.

Жаңа бір түсіп, шам сөнді,

Ашыла түсіп, гүл солды, –

деген, ол кезде мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған.

Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әңгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен. Ақын кейін өзінің “Еске алу” деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті-жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер боп қалған аңсары жайында:

Есімде жоқ шын суреті,

Әкем менің қандай кісі.

Тек елестей бұлдырайды

Әлдекімнің көлеңкесі, –

десе, өмірге де, еңбекке де, өнерге де бейімдеп тәрбиелеген аяулы нағашы атасы туралы “Сыр жырлары” топтамасында жер ортасы жасқа келген ақын:

Кейде түске кіреді,

Дәл өңімдей баяғым.

Тай қып мініп жүремін,

Нағашы атам таяғын.

Жүгіремін жағалап,

Сырдың жайпақ жағасын.

Кәрі көзбен сығалап,

Қарар маған нағашым.

Бірде қуып жүремін

Шіркей мен шыбынын.

Айдап бірде жүремін

Нағашымның шығырын…

Босайды екен көңілің

Туған жерге келгенде:

Көрініп тұр  жып-жылы

Көп тырнаған шеңгел де.

Кейде түске кіреді

Дәл өңімдей баяғым.

Тай қып мініп жүремін

Нағашы атама таяғын, –

деп еске алады. Ол таңғажайып шығыс поэзиясынан да, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларынан да таусылмас әсер, ләззат алып өседі. Жалпы, тумысынан дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес.

Жоғарыда аталған поэмасының кейіпкері қаладағы оқу орнына аттанғаны туралы:

Қар да құйды  жапалақтап,

Тоқтамастан бастым алға.

Тұңғыш ізім бақыт қуған

Тұңғыш жауған түсті қарға, –

дейді. Бұл Әбділданың өзі туралы айтылған сөз еді. ПІынында да, ол 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді.  Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді Еңбек жолын “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небары 4-5 жылда “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың “Жұмысшының гудогі” өлеңі 1926 жылы “Жұмысшы” газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері “Жұмысшы” және “Еңбекші қазақ” газеттерінде шығып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады.

30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. “Жаңа ұрпақ” (1935), “Лирикалар” (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі “Оркестр”, “Абыл”, “Толағай” сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған “Ақ қайың” деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: “Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын” деп (1939) бағалайды.

Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. “Қазақ әдебиеіті” газетінің бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Қарт ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылғанын сезініп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды.

“ – ӘБДІЛДА! – ДЕДІМ АЙҚАЙЛАП, ӘБДІЛДА! – ДЕДІ ЖАҢҒЫРЫҚ…” 

Шымкент жақта жеті жылдықты біті­ріп, туған топырағы – астана Ақмешітке қайта оралған кезінен-ақ Әбділда бала жұрт назарына ілікті. Өйткені, ол Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Дұрыстың Сейілі сынды Сыр сүлейлері жырларын жатқа айтатын. “Төрт дәруіш”, “Қамыр заман хикаясы” сияқты зәру кітаптар Әбділданың қолынан түспейтін. Өлең болып таң атырып, өлең болып күн батыратын балаң бозбаланың өз қата­рынан оза шауып, дарабоз дарынды ағала­рының жанынан ертерек табылуына жүрегін жылытқан сол жырлар мен қисса-хикаялардың әсері көбірек тисе керек.

“Еңбекші қазақтың” корректоры Әбділда да алдыңғы толқын ағаларынан қалыспайтын. Кешегі “Елім-айлап” еңсе түсірген жұртының жайлауын жайнатып, қыстауын көркейтуге келгенде алдына жан салмайтын оның маңдайынан сипаушылар көп болды. Бір ағасы “Ал, кеттік!” десе, бұл жүгіре жөнелетін. Ұлы Ленин, ұлы Октябрь деп көзін ашқан ол ұстаздары сияқты жүрер жолының түбі тұйыққа тірелетінін білген жоқ, әрине. Сол тұйық жолда бұл талай соғылған. Бұл да талайды соққан. Сол Әбділда соққы­сына ұшырағандардың бірі Мағжан еді. Оған түрткі болған Мағжанның “Еңбекші қазақта” жарық көрген “Тоқсанның то­бы” атты өлеңі еді. “Бұл оның советтік қазақ халқына ағынан жарыла шынын айтқаны, өз кінәсін мойындағаны еді. Бірақ біз оған сенбедік. Сол кездегі он сегіздегі бала, мен, “Еңбекші қазақ” газе­тінің редакторы Ғаббас Тоғжановтың тапсыруы бойынша “Тоқсанның жырын тоқсанның өз ұлы жырлайды” деген өлең­мен жауап жаздым. “Еңбекші қазақ” га­зетінде ол да басылып шықты. Бұл ме­нің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларым­ның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді” деп жазды кейін Әбділда.

Әбділда және былай деп жазды: “Біз бүгін ертеңгі күнімізге қарап, жарық бола­шағымызды көрсек, кешегі күнімізге қа­рап, өткен жолдарымыздың қияметтей ауыр­лықтарын да көреміз. Культ дәуірі­нен басталған қанды қырғын, шегінен асқан заңсыздық қазақ халқы мен оның интеллигенциясын қоса қиратқан сұмдық соққы еді. Біз бүгін әділдік орнаған за­ман­да өшкеніміз қайта жанып, өлгендері­міз қайта тірілген қуанышты күндерді басымыздан кешіре бастадық. Солардың бірі поэзиямызға алтын қазынасын кө­теріп қайта оралған Мағжан Жұмабаев және оның ескірмес, өлмес жырлары”.

Тағы бірде былай деп те жазыпты: “Өзі жиырманың ішіне жаңа кірген жас Мағжан махаббаттың бұлбұлындай сай­рады. Орыс поэзиясының ең дүлдүл ақындарымен, сонау Блоктың өзімен үндесе білген ол:

“Сұлу әйел идеал,

Сұлу әйел бір қиял!” – дегенді қазақ ақындарының ішінде бірінші боп айтты. Сөйтіп, ол біздің поэзиямызда махаббат тақырыбын тіпті биік шарықтатып, ас­пандатып әкетті”.

Осындайда Мұхтар Әуезовтің осыдан тура 80 жыл бұрын жасаған көріпкелдігі еріксіз еске түседі: “Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп біле­мін” деп жазған-ды ол. Күмәнді, сенімсіз сөздерді қойдай тоғытатынымызды қай­дан білген десеңізші! Білген. Білетіні: үкі­мет пен партияның социалистік реализм дейтін әдеби асарында жағымды кейіп­керге жағымсыз кейіпкердің аузын ұрғыз­баған, “Партия – жыр-әнім, партия – ұраным!” деп зікір салмаған кім бар еді? Күмәнді, сенімсіз сөздерге кейін өзі де барған Мұхаңның. Абайды Абай ету үшін заманның ыңғайына есіп, ақылман әкесі Құнанбайды “құрбандыққа”  шалған. Бірақ ол бәрі бір қуғыннан көзін ашқан жоқ. Дұрысы: көз аштырғанымыз жоқ. “Абай советтік заманның ақыны емес”, “Абай – қара халықты қанаған байдың баласы”, “Абай – ұлтшыл, діншіл, құдайшыл ақын” десіп, жоғары жаққа арыз домалатқандардан қазір ешкім қал­маған да шығар.

Домалақ арыздармен Әбділданы да домалатып жататынбыз. Сондай доңғалақ­сыз домалақ арыздардың бірі “Москва. Кремль. КПСС Орталық комитетіне” деп жол тартар еді. Аты жоқ затсыз қазақтың Әбділдаға орталықтан ор қазбақ болған орысшасын ана тілімізге жолма-жол, сөз­бе-сөз аударар болсақ, былай боп шығар еді: “Жамбыл деген дүниеде ақын жоқ. Ол – блеф, оны ойлап шығарып жүрген айлакер Әбділда Тәжібаев. Біз Әбділда Тәжібаевты әшкерелей отырып, оған қатал жаза берілуін сұраймыз”.

Арада көп уақыт өтпей әлгі Мәскеуге домалап барған домалақ арыз Алматыға домалап кері қайтар еді. “Жамбылды қол­дан жасаған” Әбділда өзіміздің Орталық комитет бюросына шақырылар еді. Жал­ғыз шақырылмайды, Мұхтар Әуезов, Сә­бит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұс­та­фин бастаған біраз мықтылармен қоса шақырылады. Арсыздың арызы оқылады.

– Бұл арыз Москвадан оралып келді, — деп ресми сөзді екінші хатшы Журин бастайды. – Көтеріп отырған мәселені өздеріңіз біліп отырсыздар, өте шатақ, өте ойландырарлық мәселе. Орталық партия комитеті өз пікірін айтпастан бұрын сіз­дермен кеңесуді дұрыс көрді. Бәріңіз де мә­дениеттің, әдебиеттің білгір адамы­сыздар және Жамбылды да жақсы біле­сіздер. Сондықтан сіздердің сөздеріңізді тыңдағымыз келді. Енді кезектесіп өзде­ріңіз айтыңыздар.

Екінші хатшы сөйдеді екен деп ел­пілдеп, екпіндей қоятын ешкім көрінер емес. Бірі ырғатылып, бірі қозғалақтап, Әб­ділдаға қарасады. “Бізді қайтесің, Жам­былдың басы-қасында болған өзің айт­сайшы!” дейтіндей. Әбділда болса, “Сөй­лемейтін, үндемейтін болсаңдар неге кел­діңдер?” дегендей жан-жағына барлап қарайды. Сол ұзақтау үнсіздікті “Жарай­ды, мен сөйлейін” деп орнынан тұра берген Сәбит аға бұзып үлгірер еді.

– Мен бұл арызды кім жазғанын біле­мін, – деп Сәбең бюро мәжілісін басқа­рып отырған Журинге қарайды.

– Иә, иә… – деп Журин бұған қарайды. Отырғандар “Е, бұл кім болды екен?” – деп бір-біріне қарасады. Бәрі де қызыққа кенелуге асық.

– Ол маған оқып берген соң, осы арызды Мәскеуге жіберейін бе, жібер­мейін бе деп ақыл сұрады. Мен өз еркің білсін дедім ол жолдасқа. Жібер деп кесіп айтуға Жамбылды қимадым, жіберме деуге арыз иесінің көңіліне қарадым, – деп Сәбең тоқ етерін айтқан.

Бюроға шақырылғандар “Міне, қызық қай­­да жатыр” дегендей аздап күлісіп алған.

– Сіздер бекер күлесіздер, – деп Сәбең күлгендерге қарап қабағын шыты­натқан. – Жамбыл бар. Жамбыл белгілі Жетісу жырауларының бірі, оны өтірік деу барып тұрған ақылсыздық. Сонымен қатар ойланыңыздаршы, халықтың қай ақыны партия мектебін бітіріп шығыпты, Жамбыл да солардың бірі емес пе? Ол қалай партияны, көсемдерді жырлайтын саяси жыршыға айнала қалады? Мені әңгіменің бұл жағы да қатты толған­дыр­ды. Арыз жазған жас ақынның көңіліне қарадым деген себебім осы. Ал мен жүз пайыз Жамбыл жағындамын. “Алтын тәтем” дейтінмін, айта берем солай “Ал­тын тәтем” деп…

Ағынан жарыла ашық-шашық сөй­леген Сәбеңнен кейін  Журин тағы кім сөйлейді дегендей болған, бірақ суыры­лып ешкім шыға қоймаған.   Мұхтар сол мығым отырған қалпында қалды. Күлмек түгіл жымиған да жоқ Сәбит сөзіне. “Бұл не масқара?!” дегендей демін ішіне тарта жан-жағына қаранған. Өйтетіні: ұлы жы­рау тоқсанға келгенде “Жасы кәрі, жаны жас, аспандай шыққан әні жас Жәкем, сен әрі әкеңнің әкесіндей, әрі шөберенің құр­дасындайсың, әрі болашақ ұрпақ тұр­ғысындайсың. Ғасырларды көктей өткен даналық тірлік осы да” деп құттықтау жолдаған Әуезов қой бұл! Сол сөзі сөз. Аспан аударылып, жер төңкерілсе де ол сөзін қайтып алмақ емес. Соны айтамын деп және әуре болғысы жоқ. “Оңбайтын бала өнбейтін дауды даулайды”. Білетіні осы. Тағы бір білетіні: “Іштен шыққан жау жаман.”

Жырау Жамбылдың үкімет шешімімен әдеби хатшысы болған Ғали да қара түнек. Кімді жазғырарын білмей даң. Жамбылға жала жапқан жас ақынды ма, әлде жас ақынның көңіліне қараған сақалды Сәбит ағасын ба? Түсініп болар емес. Жамбыл:

– Шөлге шыққан бұтадай

Бойың қысқа мыртиған.

Қара шолақ  бұқадай,

Суға тойып тыңқиған, – деп әзіл­деуші еді өзін. Бұл да есе жібергісі келмей:

– Атаныпсың ежелден

Екейдегі қиқар шал, – дейтін. Кейін Жамбыл атасы о дүниелік болғанда:

– Ортада көрінбейсің бүгін өзің,

Сөйлеп тұр, бірақ сенің сырлы сөзің, – деп елден бұрын өлеңдеткені есінде. Бұл ғана ма екен, басқалары да сөйткен. Е, Жамбылды жырына жалау етпеген кім бар?!..

Үнсіздікті Әбділда бұзды.

– Ұлы жырау, ұлы ақын Жамбылдың хат танитын көзіне, жазатын қолына ай­налғаным рас. Бұл тек революциядан кейін ғана қолымыз жеткен табысымыз, сауатсыз кәрі мен сауатты жас буынның жарастығы еді. Мұндай ұрпақтар гармо­ниясы бізде бұрын болған емес. Рево­люция мені оқытып Жамбылға берді, ал Жамбыл маған жаздырып отырып, өзінің көл-көсір жырын революцияға арнады. Осы да блеф бола ма?.. – деп дауылдата, жауындата сөйлеген Тәжібаев тым ашулы еді, Журин:

– Түсінікті. Сабыр етіңіз. Болды. Рахмет, – деп жаймашуақ бола қалды.

Бюроға шақырылғандар осылай тарас­қан. Сәбит ағасымен сыртқа иін тіресе шыққан Әбділда “Ағасы-ау, бәрі өзіңізден екен ғой!” дегісі келген. Дей алмады. Дей алмайтыны: мұндай-мұндайлар Сәбеңе жараса береді. Сен сөйтіп едің деп мұны­мен жаға жыртысқан әзірге ешкім жоқ. Оның үстіне өзін қанатының астына алып, қатарға қосқан осы Сәбит ағасы. Сонау отыз бірдің қысында жиырманың үстіне жаңа шыққан жас ақынды бас ақын­дай көріп, “Әбділда!” деп хат жазға­нын қалай ұмытады. “Сен Қызылордада екенсің ғой, мен Семей жағында шығар деп жүргем” деп басталатын ол хат. “Ғабитпен менің полемикамды оқыған шығарсың. Ғабит жолдас орынсыз жерге әулиелік жасады. Мені қаралағанымен қоймай, Қызылжардың секциясын менің жігім ғып көрсетті. Былтыр шет жағасын көрген сықылды ең, партияның көркем әдебиеттегі ұранын орындауға талпынып істеген істі баяғы сасық жікке  жыққысы келгеніне мен өзім қатты ренжідім. Сен маған бұл туралы көмектестік пікіріңді жазуға тиістісің” деген сөздермен жалғас­қан хат аяғын Сәбең былай аяқтапты: “Саған тапсыратын нәрсе: егер Қызылор­дада азын-аулақ күн болсаң, сонда ҚазААП бөлімшесін оформить етіңдер. Сөй­тіп, мүшелерінің тізімін жасап, прав­­ление құрып, өлкелік басқармаға бекітуге жіберіңдер”.

Әбділда үшін қарапайым Сәбеңнің, бауырмал Сәбеңнің, кең етек, кең жайлау Сәбеңнің, сені кем көрмей, тең көретін Сәбеңнің жөні бөлек. “Ал, кел!”, “Ал, же!” дейтің Сәбең: “Аузыңды аш, асатып жіберейін!” деуді де ұмытпас еді. Әрине, бұған Мұхтар да аға, Ғабит те аға, бірақ, бірде тату болса, бірде қату бола қалатын ағалары арасында жүріп бәріне бірдей болу Әбділда үшін қиынның қиыны-ақ еді.

– Біз ортамызға Әуезов келген соң айырылыса бастадық, – дер еді Сәбең Әбділдаға. – Сен маған тура  әуезовшілге айналғандай көріндің. Оған шық жуыт­пасқа тырыстың. Мен сені сол қылықта­рың үшін жауапты орындарда айқайлап тұрып сынадым. Тәжібаев Әуезовтің рупорына айналды дедім. Осындай қызу үстінде жарықтық “Абай” атты романға да тілім тиіп кетті…

Әбділда ағаларын алаламайды, оған бәрі бірдей, бәрі де ұлы, бәрі де дана. Шыны да солай ғой. Әбділда әуезовшіл болса, Әуезов те әбділдашыл, інісінің жаз­ғандарын жадынан шығармайды. Жылт еткені болса жүрегін жайып: “Е, міне, осылай болса керек!” деп құшағына алады. “Біз де қазақпыз” атты драма­сын үйіне кеп оқып бер­геннен соң да солай ет­кен. Жұбайы Валентина Николаевнаға дауыстап: “Валя, саған да құйдым, кел, үшеуміз ішейік. Мы­на Әбділда өте қы­зық, өте күшті шығарма бітіріпті, сол үшін ала­йық!” деуі де содан-ды.

Көрінгенге көтере көп­шік қоюдан  аулақ Әуе­зовтің сол бір дастар­хан басында айтқан сөзі Алматыдан әрі асып, Мәс­кеуге де жетіп еді. Көп ұзамай Александр Хазин аудармасындағы “Біз де қазақпыз” бүкіл­одақтық талқыға түсті. Атақ­ты драматург Ни­колай Погодин, ақын-драматург Илья Сель­вин­ский, үлкен жазушы Леонид Соболев бастаған қабырғалы қаламгерлер тезінен түп-түзу күйінде өту оңай емес-ті.

– “Қазақ” – талантты, ақындық шы­ғарма. Маған мұның тек астарлы ишараты ұнамайды. Халық неге қамауда, оны қоршаудан шығармай, жарық дүниені іздеуге мұрша бермей ұстап отырған Бура кім? – деп Погодин Әбділдаға қараған.

– Халық өзгелерге қол созып, олар­мен қатар жасауға ұмтылады, – деп Әбділда орнынан көтерілген.

– Дұрыс айтасыз. Өте дұрыс, – деген Погодин.

– Мұндай тұста… – деп сәл кідірген Әбділда әрі қарай ағылған. – Бір елді бурадай билеп, өз үйірінен шығарғысы келмейтін, өзіне ғана бас иіп, өзіне ғана табынуды тілеушілерге, соған зорлықпен көндірушілерге, мифке айналған жалған иелерге халықтың саналы ері қарсы шы­ғады. Барлық күш-қайратын ой қараңғы­лығына, жан дімкәстігіне, өмірге еркіндік бермейтін шатқалаңдарға қарсы жұмсай­ды. Ол қараңғылыққа от лақтырады, кө­мескі көңілдерге, көлеңке түкпірлерге жа­рық береді, жұртқа арызын шағады. Сөй­тіп, жалғыз басын өлімге байлап, барлық билеушілерге қарсы қан майданға түседі…

Ұзақ та екпінді сөзін “Қазаққа қазақ­тың көзімен қарай алғандар ғана әлгі Николай Федорович айтқан “астарлы иша­ратты” дұрыс түсіне алады” деп аяқ­таған Әбділда отырғандарға көктен түскен тәңірідей көрініп еді.

– Мен ақындық драмадан өзімнің сыңарымды көріп отырмын, – деп Сель­винский Әбділда сөзінен кейін су сепкендей болғандарды оятып үлгірген.

Сельвинскийдің керемет мақтауын одан сайын күшейте түскен Леонид Соболев:

– Мұны халық туралы халықтық аңыз деп санауымыз керек, – деп  өз шешімін бір-ақ кесіп айтқан.

Ол Әбділда Тәжібай баласының басы­нан кешкен ең бақытты күндерінің бірі еді. Бірақ, Қазақстан Жазушылар одағын аттап өтіп, КСРО Жазушылар одағынан бір-ақ шыққан Әбділданың демін басқы­сы келгендер де табылып жатты.

– Аманбысың, Әбділда, сені әуреле­мей-ақ телефонмен айта берейін, – деп Жазушылар одағын басқарып отырған Сәбең шаң берер еді бір күні. – Сенің “Біз де қазақпызыңды” одақта әлі оқыған жоқпыз ғой. Соны оқуымыз, талқылауы­мыз керек, жолдас. Сенің бұл пьесаңның үстінен түскен сигнал бар. Мінеки, арыз қолымда тұр. Сені Сталин басшылығына қарсы, ұлтшылдық шығарма жазған жазу­шы депті. Ертең сағат 10-ға президиум шақырдым, сонда талқылаймыз.

Айтқанындай, талқылау басталады ертеңіне.

– Бұл, жолдастар, күнәсі жұқалауға келетін символизм ғана емес, бұл көсе­міміз Сталинді, бүкіл Сталин ғасырын кірлеген, қастандық жасаған шығарма! – деп алғашқы сөзді алған драматург Мұса­тай Ақынжанов сәл ентік баса бере:

– Әй, Әбділда, саған осылай жазу неге керек болды? – деп өзімсінген болар еді.

– Керек болғаны да, – дейді Әбділда кекесінге салып.

– Сен, Тәжібаев, дұрыстап жауап бер, мынауың жауап емес, қылжақ қой, – дейді Сәбең бір тұстан.

– Әбділда-ау, кәдімгі өзімізше қазақ­ша жазуға болмады ма? – деп Ғабиден жұмсартқан болады.

– Астары қалыңдау, бояуы баттасың­қырап кеткен жерлері көзге ұрып тұр. Сол бояуларды қайта жазу керек болар. Ал, “қастандық” деген сөздің әлгінде бекер айтылғанын айтпай кетуге және болмас, – деген Ғабит сөзі қойылып отырған мәселенің соншалықты мәнді еместігін аңғартқандай еді, Сәбит болмай:

– Мен бұған есіңді жи, адамдарға сын көзімен қарайтын бол, көрінгеннің рупо­рына айналма деп ескерткенмін. Бірақ, бұл достық кеңеске құлақ аспады. Ақыры осыған соқты, күйрей құлататын зиянды шығарма жазды. Тағы да қайталаймын мына жиналыс үстінде “Әбділда, есіңді жи, партиялық міндетіңді ұмытпа” дей­мін. Ал мына нәрсеңді барынша теріс, біздің ұлы саясатымызға қайшы келетін, Сталин жолына қарсы жазылған шығарма деп қаулы аламыз. Бұл жиналыста Ақын­жанов жолдас өте дұрысын айтты, оған рахмет айтуымыз керек, — деп мына бас қосудың түпкі мақсаты осы дегенге кел­тір­ген. Әңгіме әуенін ә дегеннен түсіне қойған Әуезов Ақынжанов сөзі бітер-бітпестен лекциям бар еді деп шығып кеткен-ді, Сәбиттің соңғы сөзін естіген Ғабиден “Онда неге отырмыз?!” деп есік жаққа беттер еді. “Е, солай де!” деп қолын бір-ақ сілтеген Ғабит те солай, кетіп барады. Біреу біреумен сөйлеспейді. Бәрі де бір елі ауызға екі елі қақпақ қой­ып үлгірген. “Тәжібаев ұлы саясатымызға қарсы, Сталин жолына қарсы”. Қарсы емес десең, сен де қарсы болғаның. Қуат­тағаның, құптағаның. Ендеше, үндеме. Үндеген үйдей бәлеге қалады.

Сол үйдей бәлеге қалды Әбділда! “Үн­деме дейсің, үндеме дейсің сен неге, үнде­мес болсаң берілген маған тіл неге?!” дейтін Әбділданың үні өшкенмен бірдей-ді. Жазушылардың  бастауыш партия жиналысында үш рет, аудандық партия комитетінде екі рет, қалалық комитетте тағы бір рет талқыға түскен Тәжібаевтың қалай талып түспегеніне таң қалғандар көп болған ол күндерде.

– Не болды, қозым, өрт сөндіргендей боп келдің ғой? – дейтін шешесі Ай­манкүл.

– Жай шаршағандікі ғой, – дейтін бұл.

Шаршайды, әрине. Шаршайтыны: әлгі талқылауды тілге тиек етпейтін газет қалмаған. Аудандық, облыстық, республи­ка­лық… “Правда” да мұның пәрше-пәр­ше­­сін шығарған. Ақыры Тәжібаевтың аты аталған “Драмалық театрлардың репер­­туар­лары туралы” атты Сталин қол қой­ған Орталық комитет қаулысымен тынған.

– Қалай тірі қалғансыз?! – дейтінмін Әбекеңе.

– Тірі қалдырды ғой, – деп күлетін ол. Бір ғажабы, ешкімді кінәламайды. Кінәламайтыны: шығасыға иесі басшы. Неге соны жаза қойып едім деп және өкінбейді. “Өзің қалай болсаң, өмірің де солай болады” дейтін. Елім деп еміренген Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтарды мысалға келті­ретін. Елім деп өлімге бас тіккен оларды күдігі көп кеңес үкіметі неге жақсы көр­меді деп айта аласың ба?  Айта алмайсың. Соны айтады. “Халық неге қамауда, оны қоршаудан шығармай, жарық дүниені іздеуге мұрша бермей ұстап отырған Бура кім сенің мына пьесаңдағы” дегенді маған Погодин неге айтты деп мені де ойға шақырады. “Бура әсіресе көктемде бар күшіне енеді. Аузынан будақ-будақ көбік шашады. Жақын барсаң шайнап тас­тайды. Билік те тап сол емес пе?” деп жә­не сауаттандырады мені. Сол пьеса үшін жерден алып, жерге салған ағаларын да, аға еместерді де ақтап сөйлеуді де ұмыт­пайтын. “Партия уставы – партия нұс­қауы. Солардың орнында өзім де сөйтер ме едім, кім білген” дейтін. Мен болсам, “Иә, сіз сөйтер едіңіз! Шайнап тастайтын,  жайпап тастайтын нағыз бураның өзі болар едіңіз” деп қағытатынмын. Кең­кілдеп күлетін. Күліп отырып:

Айдауына түскенім жоқ желдің мен,

Не болса да өз бетіммен көрдім мен.

Қалғаным жоқ іргесінде есіктің,

Нақ алдына шықпасам да төрдің мен, – деп өлеңдететін.

Әбділданың оны-мұныға мұқалмайты­ны оның мықтылығы еді. Бұл оның тө­зім­ділігі емес, тереңдігі болатын. Әр адам өзінше бір-бір әлем. Оның өз заңы, өз ере­жесі бар. Оны өзі шығарып, өзі бекі­теді. Өзгертуге хақың жоқ. Мұның да өзгертуге жатпайтын өз заңы бар. Кейде өзгенің заңын өз заңымен үйлестіре алмай қор болар еді.

Адамменен адамның арасы алшақ,

Біреу дұрыс туғандай, біреу жаңсақ.

Соның бәрін өлшеуге ойым жетпей,

Отырамын сөз таппай кейде шаршап, – дейтіні сондықтан-ды.

Кейде бастары бір қазанға сыймайтын ағалары да шаршататын. “Сен Әуезовтің рупорына айналдың” дегенді Сәбит аға­сынан естісе, “Әділдік, ақтық бәріміздің де мұратымыз. Әділдік үшін қажырлы қайсарлық керек. Осындай берік қасиет сенен табылды ғой деуші едім, онымыз бе­кер болып шықты. Сәл салмақ түсіп еді, Сәбит туралы сайрап шыға келдің” дегенді Мұхтар ағасынан естиді. Осын­дайдың бәрін көтеру үшін күш керек. Ақыл керек, сана керек. Сол ақыл мен са­на ағаларының бір сәттік өкпе-наздарын өзіне деген марапатқа балатып жататын. Әдебиеттің бар-жоғын дұрыс салмақтай білмейтін біреу болсам сол сөздер маған айтылар ма еді деп өзін-өзі жұбататын.

Әбділда әдебиетіміздегі алыптар шоғы­рының ең соңғысы еді, өмірден де ең соңғысы боп өтті. Қатары сиреген жан­ның панасыз қалған жетім қозыдан аумай­тынын мен сонда көрдім. Бірақ, сыр бермейтін. Әйтсе де өлең-жырларымен ғана сырласудан, өлең-жырларымен қана мұңдасудан басқа ештеңе қалмағаны көрініп тұратын. Онысы жазған-сыз­ғандарынан да байқалып қалушы еді:

Алыстап кетті

Күндерім алтын арайлы,

Жастығым өтті

Көтерген отты жалауды.

Батар күндерге

Қиылып қимай қараймын,

Келер күндерден

Ұялмай өтсем жарайды.

Өткен күндерінің жылы шуағына рахат­тана шомылатын ол кейде кәрі Әб­ділда алдында жас Әбділданы, жалын Әб­діл­даны сөйлетуге асығар еді. “Дауыстап айт, дұрыстап айт!” деп дегбірінен адас­­тырар еді. Сол сәт кәрі Әбділда көнетоз күпісін иығынан тастай бере жалаңтөс жас Әбділдаға айналып шыға келгенін байқамай да қалар еді. “Әбділда!.. Әбділда!.. деп жер-дүниені жаңғыртар еді. Өз дауысы өзіне “Әй, Әбділда!.. Әй, Әб­ділда!.. Әй, Әбділда!.. деп жаңғыра, жарды ұра қайта жетер еді. Бірі Мұхаң, бірі Сәбең, бірі Ғабең боп естілер еді ол дау­ыстар. Мүмкін, “Әй, Әбділда, сен “жү­дәні” жүдә  көп айтады екенсің” деп күле сөйлейтін Ілияс ағасы болар. Мүмкін, Бейімбет… Мүмкін, Асқар… “Қазір де менің алдымнан көлеңкең көлбеп өтеді, “Әбділда!” деген дауысың ап-анық маған жетеді. Адасып қалған құландай жоғалт­қан жолдың жалғасын, отырмын сенсіз жүре алмай, қайдасың, аға, қайдасың?” деуші еді Асқар ағасын сағынғанда. Сол болар. Жо-жоқ, “Әй, Әбділда!.. Корректор Әбділда!.. Мына газеттегі қатені неге көр­мейсің?!” дейтін арбакеш ағасы, әзілкеш ағасы Қалмахан шығар… “Әй, Әбділда, енді қартайғанда әдебиет институты неңді алған?” деп қимай қоштасқан Қасым бол­са ше? “Өзге емес, өзім айтам өз жай­ымды” дейтін қайран Қасым ғой! Бұған да “өзге емес, өзің айтқың өз жайыңды” деп тұрған жоқ па екен?! “Түсіндім, Қа­сым!” дегендей, Әбділда өз жайын өзінен аумайтын өз өлеңіне айтқызар еді:

– Әбділда! – дедім айқайлап,

– Әбділда! – деді жаңғырық.

Жанымның атты жалыны,

Дауысым жатты жарды ұрып.

– Әбділда! –  дедім айқайлап,

– Әбділда! – деді жаңғырық.

Кеудемде тұрды от лаулап,

Жер менен көкті жандырып.

– Әбділда! – дедім айқайлап,

– Әбділда! – деді жаңғырық.

Кеудемде бір күй салды ойнақ,

Жақсылық жанға салды ұрық.

“Халқым барда мен бармын қашанда да” деп от асап, жыр қашаған Әбділда ақынның осылай “мен!” деуге, “менмін!” деуге моральдық құқы бар-ды. Ондай құқ­ты бір жағынан жырсүйер халқы берсе, екінші жағынан сол қазақ дейтін халық­тың  мандатына айналған ұлы ұстаз ағала­ры берді. “Өзі болған қыз төркінін таны­майдының” керін келтіруден аулақ ол да ардақты ағаларының бағасын біле білді:

Қандай жақсы қамқоршың болса ақылды,

Мезгілінде біледі ол тіл қатуды.

Терісіңді теріс деп тура айтады,

Арзандатпай тағы да қымбатыңды.

Қорқытпайды үркітер өтірікпен,

Айтады ойын өзіңмен отырып кең.

Жақсы ұстаздың қасында ойың еркін,

Серпіп сені қақпайды көкіректен,

Сөйлемейді ол желдетіп, құйындатып,

Оңайларды көрсетпес қиындатып.

Келер күннің естисің кеңесін де,

Ақыл-ойың бөлінбей миың қатып… – деп жырлауы да сондықтан.

Ұстаздықтан өзі де жалыққан емес Әбділданың. Өзінен кейінгілерді демеп, қолдап отыратын. Іні-қарындастарының жақсы жырларымен жүрек жылытатын. “Маған Сағидің “Қазақ әдебиетінде” басылған:

Мен әйтеуір жеткенше бар өмірім

Бәрін, бәрін жинаймын әдемінің.

Жақсылықтың бәрінен үміттімін,

Жақсылардың бәрінен дәмелімін, – деген шумағы ұнады. Ақын өлең айтпа­ған, сыр айтқан, онысы менің де сырым сияқты” деуі қандай керемет! Артында қал­ған жазбаларынан: “Қадыр жырдың үн­дестігін, сөз сылаңдығын, ырғақ сұлулы­ғын ұстана білетін ақын. Соның бәрінде біз тамаша ақынды еліге қоштап, өзіңнен де, еліңнен де айналайын деп отырамыз.

Ақын көзі жұмылмас,

Жырдың көзі жұмылмай.

Елдің туы жығылмас,

Тілдің туы жығылмай деген Қадырға қол соғамыз” деген жолдарды да оқыр едік. “Тұманбай махаббат өлеңін өзгеміз­ден  көбірек жазған ақын. Оларының аса күштілерін де, әлсіздерін де жақсы біле­міз. Сол Тұманбай бір күні:

Сенің туған күніңде

Көңіл отын маздаттым.

Жалындаймын деп жүріп

Жанып кете жаздаппын.

Саған арнап көп өлең

Жазғанменен толғанып,

Саған бірақ татитын

Бір өлең де жазбаппын, – деп ағытты. Тұманбайдың бұл өлеңі Күлтайға арналса да, мен оған бұдан да гөрі кеңірек мағына бердім” деген жолдар да Әбділдаға тиесілі. Қыз ақындар ішінен Фаризаны айрықша атайтын ақын оның:

Аймалап құшқан қылықтарың үшін,

Дүниені ұмытқаным үшін

Өкініш қарыған жалын-мұңым үшін,

Жалт етіп өткен сағым-күнім,

Мен сені ұмыта алман! – деген өлең жолдарын алға тарта отырып: “Бұл менің құлағыма жағатын қатты дауыстардың бірі” деуі де сөз танитын Әбділданы одан сайын келбеттендіре түсері сөзсіз. Мұқа­ғали, Төлеген жырларын да ол осылай бағалаған. Өзінен кейінгі ақындарды аялы алақанына салған оның кейде кәріне мі­не: “Ай, мынау ақын емес! Жоқ, мынау өлең емес!” деп ашу шақыратын кездері де болмай қалмайтын. Мақтауға ие бол­ған­дардың өздері де Әбекеңнің сонда­йынан сақтанатын.

Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,

Мен қалай,

Әбе, сені жат санайын.

Абыржып асаңды ұстап отырғаның,

Ашулы Грозный патшадайын.

Сөйлесең,

Бурадайын лықсып-тасып,

Жаралы жауынгердей сылтып басып,

Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,

Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.

Бой түзеп,

Босқа кетпей сауықпенен,

Боз қырау босағасын тауыпты өлең.

Жаман жыр жазғанымда

Ақ таяғың –

Арқамда ойнай ма деп қауіптенем, – дегенді Мұқағали сондай сәттердің бірінде жазса керек.

Әбекең ақиық ақындығына қоса ғала­мат ғалым да еді. Әлемдік әдебиет ғылы­мының арғы-бергісін тереңнен қозғайтын. Өз әдебиетімізді зерттеушілерден олқы­лық көрсе өртеніп шыға келетін. Аянбай айтысқа түсетін. Жеңілем-ау демейтін, жеңіп шығам дейтін. Қасым Аманжолов сондайларының бірінде ұрыста тұрыс жоққа басып, жырларынан ұлтшылдық сарын іздеген Серік Қирабаевқа тиісер еді. Серік інісі де қарап қалмай, Әбділда ағасын Аманжоловпен қоса соққылар еді. Арынды, сондығынан айтқанынан қайт­пайтын Әбділда болса “Бұл – Серіктің солақайлығы!” деп өз делебесін өзі қоз­дыра біраз жерді шарлар еді. Кейін-кейін ет қызуы басылып, сабасына түскен кезде “Осындайларымыз бола тұра мен Серік­тен безініп көрген емеспін” дей келіп: “Мен өзім де осындай солақайлықтарды басымнан аз кешірмеген адаммын ғой. Кеше ғана Сәкеннің Азия туралы өлеңі­нен құбыжық таппақ болғаным, Ілиястан оңқайлық, мағжаншылдық іздегенім өзіме мәлім. Мен жас Серіктің басынан өткен белсенділіктен өз күндерімнің бірін көр­дім” деуінде ұлылықтың нышаны жат­қандай. Кезінде жас болған, кейіннен бас болған бүгінгі академик Серікті әдебиет ғылымының ұшар басына дейін көтере мақтаған тұстары кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Серік Қирабаев сияқты әдебиетіміздің арғы-бергі түкпірлерін ат арыта аянбай ақтара зерттеп келе жатқан Рахманқұл Бердібаев пен Тұрсынбек Кә­кішев туралы аспандата, асқақтата айтқан адал сөздері де ақылға қонымдылығымен, санаға сыйымдылығымен іш жылытады, “Пай-пай, қара нарларым-ай!” дегізеді.

Бір қызығы, інілеріне деген ілтипаты күшті Әбекең ағаларына келгенде “Тура биде туған жоққа” басатын. “Ғабиттың жазушылық сезімталдығы Мұхаңа тән еді, ал ғалымдық ұстамдылығы одан кем еді. Ол Мұхаң сияқты өзін-өзі бақылағыш, тежегіш, билегіш емес-ті. Оны интуиция басымырақ билейтін, ертең ойланып айтатын сөздеріне шыдамы жетпей бүгін-ақ айта беретін” дегені де біраз жұрттың есінде.

…Бізде мен білетін екі әдебиет бар. Бірі – Асан қайғыдан басталып, Сұлтан­махмұт Торайғыровтармен аяқталатын былғаны­шы жоқ ең таза Қазақ әдебиеті, екіншісі – Жамбыл – Жәкемнен баста­лып, Тәжібаев тұстастарымен аяқта­латын, кеңес өкіметінің қамытын киіп, айдауына түскен, қымбаты мен арзаны аралас Қазақ совет әдебиеті. Бұл әде­биеттен сіз: “Қиуадан ақыл алатын, Қияннан айла таба­тын, Ерлерден салсам нөкерді, Дұш­паннан кекті алатын” деген Ақтамбер­ділерді, “Ханым, ханым” дегенге, Көтере берме бұтыңды. Күндер­дің күні болғанда, Өзіңнен мықты жо­лықса, Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді” деген Махамбеттерді, “Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, Аузы­мен орақ орған өңкей қыртың. Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың” деген Абай­ларды таба алмайсың. Оның есесіне “Жасасын Советтер одағы, жеткізген еркіндік, теңдікке” деуден аузы ауыр­маған ақын-жазушыларымызды көресіз. Әйтсе де солай екен деп нағыз еркін­дікке, нағыз теңдікке қол жеткізген бүгінгі жайма­шуақ күнімізде кешегі қилы заманның қосын жегуге мәжбүр болған­дарымызды сотқа тарта алмайсыз. Ел қатарлы Ленин, Ок­тябрь, Партия деп жаналғыш аждаһаның басына алдарқата ақ құйған Тәжібаев жөнінде де солай. Солай дей отырып, “Толып жатыр мі­німіз сына­ғанға, мен де аламын сол сыннан сы­бағамды” деген Тәжібаев шы­ғарма­­шы­лығының тоқсан тоғыз пайы­зы түгелдей азабы мол қаза­ғының мұ­ңын мұңдасып, жоғын жоқтауға бағышталғанын айта кеткеніміз жөн.

Ағарғанша басымда қара шашым,

Көрдім талай өмірдің тамашасын.

Құласаң да қор болма, жылама деп,

Бола бердім әлсізге арашашы, деген Тәжібаевқа тәнті болмайтын кім бар?

Ой жеткізгісіз болашақ ғажаптары,

Соған жетуді ойлаймыз азаптанып.

Ғажаптар мен қиялда кездесетін

Бақытты ғой ертеңнің қазақтары, деген де Әбекең. Сол ғажап күндерге жет­ті де ол. Бірақ, көп тұрақтай алмады, уақыт­тың үкіміне бас иіп, жарық дүниені бізге қалдырып кете барды. Жүз жылдығы аталып өтіп жатқан осы күндерде “Жат­қан жеріңіз жарық, иманыңыз жолдас болсын, жан аға!” дейміз. Біздің қолы­мыздан келетіні осы ғана.
Авторы: Төлепберген ТОБАҒАБЫЛ, жазушы.

АСЫЛ АҒА

(эссе)

Табиғатынан ақын болып жаратылған қазақ халқы небір бұлбұл әншілерді, ап­талап, айлап айтса жағы талмаған ғажа­йып жыршыларды, жырауларды, дәулес­кер күйшілерді тудырған. Осы бір ақын­герлік өнер заман асқан сайын жарасым­ды жалғасын тауып, дәуірден дәуірге жал­ғасып, тотыдайын таранып, қыран­да­йын түлеп, өзге мән-мағына, мазмұнға ие бо­лып, әлемдік жырға жаңаша өз өрне­гін салды. Сол байтақ жыр бағының бел орта­­­­сы­нан нәзік сыршыл әрі ойшыл ли­рик, әрі тәкаппар, эпик, төңірегіне мәуе­сін жайған бәйтерек, қазақ ақыны Әбділ­да Тәжібаевты көреміз.

Ақынның тамыл­­жыған мөлдір лири­ка­сынан оның өр тұлғасы, азаматтығы, отан­шыл­дығы менмұндалап тұрады. Ақын жас­тықтың сұлу саздарын, сырға толы лири­­каны әбден есейіп, марқайған ша­ғын­да терең, ойшыл, Шығыс дәстүрін­дегі даналық философиялық лирикаға әсем ұш­тас­тырды. Сондықтан да Әбділда Тәжі­баевтың ақындық бай лаборатория­сын, көл-көсір жырын жаныңа сіңірмей үстірт жазу ағаттық болар еді; ақын шы­ғар­ма­шылығын талай күн, талай ай, талай жыл­дар шам түбінде көздің майын тауы­сып, тесіле, қадала отырып зерттеу керек.

Тарихқа, сырға, жырға толы, қазаққа құт қоныс болған Сырдың бойында дү­ние­­ге келген Әбділда ес біле Айманкүл­дей ақын ананың арқасында өлең-жыр­дың құндағында өсті. Басынан жоқшы­лық­тың да, азап-мехнаттың да бәрін кеш­ті. Жаңа талап, жас ақын содан бастап бал­­ғ­ын жырларын бәйгеге қосады.

Көпті көрдім, көп жасадым,

Көрдім Сәкен, Бейімбетті.

Қатар тұрып жыр қашадым,

Мені олар да құрмет етті, – деп ақынның өзі айтқандай, “Жаңа ырғақтан” бастап “Көне қоңыраудың” ара­­лы­­ғында көл-көсір жыр жазды, алып­тар­дың қатарына қосылды, құрметке бө­лен­ді. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейім­бет Май­лин, Ілияс Жансүгіров, Ға­бит Мүсі­репов, Ғабиден Мұстафин, Та­йыр Жа­ро­ков тәрізді алыптармен қатар жү­ріп, қазақ әдебиетінің іргесін қаласты, мәр­тебесін биіктетті. Мөлдір лирикадан бас­таған ақындық жолы күндей күркіреп, теңіз­дей толқыған “Күй атасы”, “Абыл” тә­різді эпикалық дастан­дарға ұласты. Поэ­зия мен драматургияны әсем ұш­тастыра білді.

Әбділда Тәжібаев драматургияға ақын­дықтан келді. Мұның куәсі ретінде “Ақын”, “Қыз бен солдат”, “Майра” тә­різ­­ді поэмалық драмаларды, “Көтеріл­ген күмбез”, “Жомарттың кілемі”, “Дубай Шу­бае­вич”, “Жалғыз ағаш орман емес”, “Той боларда” секілді пьеса, драма, коме­дия­ларды атауға болады. Оларға “Ақ­қайың” (М.Әуезовпен бірігіп жазылған), “Жомарттың кілемі” (Г.Рошальмен бірігіп жазылған), “Жамбыл” (Н.Погодинмен бірігіп жазылған) сияқты киносценарий­лерін қоссақ, жазушының драматургия­дағы үлесі де айқындала түседі.

Бір әңгімесінде Әбекең: “Бір кезде А.П.Чехов­ты драматург ретінде қадағалай оқығаным бар еді, енді прозасына ден қойдым”, – деген еді. Жазушының сали­қалы, салмақты прозаға да батыл бет бұр­ға­нын қалың оқушы “Есімдегілер”, “Май­­ра”, “Ойлар, жылдардан” мықтап сез­­ген еді. Біз мұны үлкен прозаның басы деп қуанған болатынбыз.

Жұртшылық Әбділда Тәжібаевты негі­зі­нен қазақ әдебиетінің майталманы, абыз ақы­ны ретінде таниды. Қашанда ер, қай­сар, әділ, жырға жомарт мінез-болмысы Әбекеңді өзге сөз қайраткерлерінен көп даралайды. Ақын өмірінде де, өнерінде де тек шындықты ғана дәріптеді. Оның жыр­ларынан дастандарымыздағы, эпикалық шығармаларымыздағы қайсарлықты, өжеттікті, өрлікті, батырлықты көреміз.

Иілме, бас, иімпаздар игенге,

Күншілдерге сен де күш айт, именбе.

Бүгін үйрен жалаң аяқ шоқ басып,

Ертең өртке лақтырса да күймеуге.

Өмірдің сан азабын жасынан көріп өс­кен ақын жас ұрпақты осылай батыл­дыққа, қайсарлыққа, өжеттікке баулиды.

Әбділда Тәжібаевтың аталы жырлары “Көне қоңырау”, “Құрдастар” секілді ой­ға, нақылға толы аса қымбат жыр жинақ­тарында молырақ кездеседі. Біз “Көне қоңырауда” халқымыздың ғылым-білімін, мәдениетін ілгері дамытқан, заманы­мыздың ұлы перзенттері Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаев, Мұхтар Омарханұлы Әуе­з­ов­тердің кесек тұлғаларымен, жарқын келбетімен жүздесеміз. “Ағалар” деп ата­ла­­тын поэмада қоғамымыздың осындай аса ірі қайрат­керлерінің сом образы жа­сал­­­ған. Түптеп келгенде ақын поэзия­сын түгел дерлік туған жерге, Отанға деген сүйіс­­пеншілік жырлары құрайды десе де болады.

Әбділда Тәжібаев өзі ақын болған соң ақындар туралы шешіле, көсіле, тебірене жаза­ды. “Ақындар” деп аталатын шабыт­ты, тамаша поэмада ұзақ өмірлері жыр бо­­лып өткен, қазақ поэзиясын байтақ мұра­­ға кенелткен от ауызды, асқақ үнді жыр саңлақтарын аса бір ілтифатпен сурет­­­тейді. Әсіресе, күні кеше ғана өзі қол­­­­­тығынан демеп, жанында жүрген, та­би­­­ғатына таңқалдырған Жамбыл туралы аса шабытпен жазады.

Жамбылдың ақындық ортасы, жыр арнасы, өнер мектебі туралы Әбекең жыр­лаушы ғана емес, жыраудың халық поэ­зиясын дамытудағы теңдесі жоқ рөлін ғы­лыми негізде дәлелдеп шыққан үлкен ға­лымдарымыздың бірі. Білімпаздың қазақ әде­биетін тану ғылымына да қосқан үлесі аз болған жоқ. Қазақ поэзиясының ерек­шеліктері туралы кандидаттық диссер­тация қорғаған ол қазақ драматургия­сының тарихын, қалыптасу жолын, заң­дылықтарын зерттеп, филология ғылым­дары­ның докторы дәрежесін алды. Қазақ әдебиеттану ғылымының жетістігін айғақ­тайтын “Өмір және поэзия”, “Қазақ әде­биетінің қалыптасу және даму кезеңдері” деген аса құнды еңбектер жазды.

Ғалымның халық поэзиясы және оның жасаушылары туралы ойлары әде­биетіміз­дің үлкен олжасы еді. Әбекең сол еңбек­терінде Жамбыл Жабаев, Нұр­пейіс Байға­­нин, Кенен Әзірбаев, Нартай Беке­жанов, тағы басқа да халық ақын­дарының эпи­калық дәстүрді бүгінгі ұр­пақ­қа әкеп жал­ғастырған рөлін дәл ашып берді, әдебие­тіміздің тарихына қатысты небір құнды тұжырымдар жасады.

Мен алыптардың соңы Әбділда Тәжі­баевпен кезінде жиі араласқан, ағалы-інілі болған кісілердің бірімін. Сондықтан өзім куә болған, кездескен, ол кісінің өз ауы­зы­нан естіген кейбір сәттерді, қайсы бір әңгімелерді еске түсіргенді жөн көрдім.

Ұлы ағалардан біздің көргеніміз де, естігеніміз де аз емес. Алған тәлім-тәрбие, өнегеміз де аз болған жоқ. Тарихымызға, хал­қымыздың қайраткерлеріне қатысты, ұлы­лар жайында ғажап әңгімелер айтушы еді Әбділда аға. Сол әңгімелердің қайсы бірі асыл ағаны сағындырып еріксіз еске түседі.

1936 жылдың мамыр айында Мәскеуде қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігі өтетін болады. Орталық Комитет Әбділда­ны шақырып, тапсырма береді:

– Сіз барып Жамбылмен сөйлесіп келіңіз. Мәскеуге Жамбылды апаратын болып шештік, – дейді. “Жарайды” деп Әбекең Жамбылдың ауылына келеді. Жамбыл үйінде жоқ екен. Көрші құрдасы Тәжібай деген тәуіп досының үйіне кетіп­ті. Әбділда сол Тәжібайдың үйіне келеді. Екі қария пеш алдында шүйіркелесіп, шай ішіп отыр екен.

– Ассалаумағалейкум! – деп кіріп келеді.

– Уағалейкумассалам! Е, қай бала­сың? – дейді Жамбыл.

– Мен Әбділда Тәжібаев деген ақын­мын. Үкіметтің тапсырмасымен Алматы­дан әдейі келдім, – дейді.

– Қолында домбырасы жоқ не қылған ақынсың? – депті Жамбыл сонда.

Әбділда Тәжібаев Жамбылға келген шаруасының мәнісін түсіндіреді. Кремль­де қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткелі жатқанын, оған ел басшыларының, өнер қайраткерлерінің баратынын, ақын­дардан Жамбылды таңдап отырғанын, Үкі­­меттің тапсырмасымен ұлы ақынды Ал­­­ма­­тыға мәшинемен алып кеткелі кел­генін айтады.

Жамбыл көп ойланады. Көп тол­ғанады:

– Төрінен көрі жақын, көні қураған шалды не қыласыңдар әурелеп ит өлген жерге, шырақтарым, – деп, барғысы келмейді. Сол кезде Тәжібай тәуіп:

– Әй, Жамбыл, сен үнемі көптің сөзін сөйлеп, көкейіндегісін тауып келе жатқан халықтың адамысың. Мен білсем, тоқ­саннан асқан шағыңда сенің бағың жан­ғалы тұр, барғаның жөн болады, – деп Жамбылды көндіреді.

Әне-міне дегенше Алматыға да жетіп, қарт ақынды Әбекең үйіне алып кіреді. Анасы Айманкүл ақындықпен аты шық­қан, Нартаймен де айтысқан, үлкен өнер иесі, дастарқанды, ажарлы кісі екен. Жа­рық­­тық құрақ ұшып, атшаптырым дастар­қан жайып, бәйек болады. Дастар­қан үс­тінде Жамбыл шешіліп сөйлей қоймапты. Томаға-тұйық отырыпты. Осыны сезген Айманкүл:

– Әбділда, мына кісі сені баласынып отыр, сен барып Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті шақырып кел, – депті.

Әбділда барып Мұқаңды, Сәбеңді, Ға­беңді шақырып келеді. Олар да тез жетіп­­ті. Жәкең де жадырап, мәре-сәре болыпты.

Сол түні байтақ әңгіме айтылады. Түп-­та­мырдан тартылып шежіре, тарих ақ­тарылады. Мұхтар Әуезов алдағы он­күн­­діктің мәнісін кеңінен түсіндіреді. Он­күндік не үшін өтеді, оған кімдер б­арады, оның сая­си мәні, ұлт өнерін өзге ортада наси­хат­таудағы маңызы жөнінде кеңінен жеткізіп, айтып береді. Сол кезде қарт Жам­был қа­на­тын қомдап, шабыт­танып, қо­лына дом­бы­расын алып “Туған ел” де­ген ұзақ тол­ғау­ын толғайды. Мұны кейін Павел Куз­не­цов аударып, “Прав­даға” бастырғаны мәлім.

Таңертеңгі шайдан соң Әбділда:

– Тәте, киінейік, Үкіметке барамыз, – депті.

Жамбыл әзіл-шыны аралас:

– Әй, бала, Үкіметіңе өзің бара бер, менен сәлем айта бар, мен бармаймын. Шешең жақсы адам екен, шешеңді маған бер, алып ауылға қайтайын, – депті жарықтық. Сонда Айманкүл анамыз:

– Шалдың түрі жаман екен, бұл кісіні Мәскеуге апарамыз деп жүргенде шешең­нен айырылып қалып жүрме, – деген екен баласына әзілдеп.

Үнемі қасында болған, бірге жүріп, бірге тұрып, ұлы жыраудың сырын алған Әб­діл­да аға да тәтесін керемет жақсы кө­ре­тін еді. Ондай адам енді қайта тумайды деп отырушы еді.

Тағы бірде Әбекең мына бір әңгімені айтты.

1945 жылы Жамбыл Совминнің ауру­ханасына түсіпті.

Жамбыл нашарлап жатыр десе Әбекең тез жетеді екен. Келіп: “Тәте, жақсы бо­лып кетесіз”, – деп көңілін жұбатады екен. Бір кеште емханадан:

– Жамбыл нашарлап жатыр, жағдайы ауыр, – деп телефон соғыпты.

Тез жеттім. Келе сала баяғы әдетіме басып “Тәте, жақсы болып кетесіз”, деп жұбата бастадым, бірақ, бұл жолы тәтем:

– Әбділда, енді мен оңалмаспын. Үнемі жанымда бірге жүретін Сұран­шы­дан қалған жолбарысым бар еді. Айбарым еді менің, қорғаушым еді. Бойыма құдірет дарытып тұрушы еді. Осы жаңа ғана, бесін­де алды-артына қарамай, батысқа қарай кетті. Мені тастап кетті. “Пүшайт, пүшайт, пүшайт, жолбарысым!” деп үш мәрте айқайласам да артына қарамай кет­ті, енді көп кешікпеспін, мекеніме атта­нар­мын, қамдарыңды қыла беріңдер, – депті.

Көп ұзамай ұлы жыраудың алып жү­регі тоқтапты.

Осы әңгімені Әбекең жазушылардың бүкілодақтық пленумына барғанда Мәс­кеу­де досы, белгілі әдебиет сыншысы Вик­­тор Шкловскийге айтыпты. Әлгі кісі таңқалады. Пленумда сөз сөйлеп, Шкловский:

– Как мне рассказывал мой друг Аб­дильда, у Жамбула был свой тигр. У каж­дого настоящего поэта должен быть свой тигр! – деп мінберден айқай салыпты.

Былай қарасаң ертегі сияқты. Бірақ, Жам­былдың жолбарысы деген сөз ұлы жы­­рау­­­дың киесі, ақындық құдіреті еді расында.

1960-жылдың бас кезінде Алматыда республикалық идео­­логия­лық кеңес өтті. Онда біз жас­пыз. Университетті жаңа бітірген кезіміз. Ал­дын-ала дайындалған ба, жоқ па, ол жа­ғын білмеймін, табан астында Жамбыл туралы әңгіме көтерілді. Қазақтың сол кездегі белгілі бір ақыны:

– Жамбыл ақын емес. Жамбылды ақын қылған – Әбділда, Тайыр, Қал­мақан, Қасым (Тоғызақов) – деп, екпін­деп сөйлеп жатты. Әлі күнге дейін есімде, алдыңғы қатарда отырған жап-жақсы ақын басына киіп отырған ақ кепкісін шешіп, жерге бір ұрып: “Жамбылды ақын десеңдер, бұл жерде менің бітіретін еш­теңем жоқ!” деді де залдан шығып ол кет­ті. Жиылған жұрт аң-таң.

Сол кезде қалшылдап, дірілдеп, қаны басына шапшыған Әбділда аға шықты мінберге. Шабатын бурадай, шабынып сөйлегенін көрсеңіз! Әбекеңнің сонша­лық­ты ашуланғанын мен оған дейін көр­ген емес едім. Қалшылдап тұрды. Биікке қарап қолын сермеп сөйледі:

– Бұл не деген сұмдық! Әлем бүгінгі заманымыздың Гомері, теңдесі жоқ ақын, жырау деп мойындап отырған кезде, өзіміздің осыған көзіміз әбден жеткен кезде, бүйректен сирақ шығарған бұл не қылған әңгіме? Қазақтың арасында осы­лай түрткілемесе, отыра алмайтындар бар! Бұл әңгіменің не керегі бар? Кімге керегі бар? Жамбылды Жамбыл қылған – Әбділ­да деген не сөз! Адам алдымен өзін жа­рыл­­­қайды. Қала берді өзгені жарыл­қайды. Менің құдіретім болса, мен сұм­дық кере­мет болатын болсам, алдымен Жам­был­дың орнын өзім басар ем. Олай болу мүм­кін емес қой! Жамбыл дана­лық­­­тан, жыр­дан туған құдірет қой! Қолымнан келсе күллі әлемге даңқы жеткен ақын неге болмаймын! Бұл Жамбылдың құдіре­тін білмегендіктен, білгісі де келмеген­дік­тен шыққан әңгіме. Жамбыл – жұмбақ адам! Жамбыл біз естіп білген арғы-бергі заман­дардан бергі теңдесі жоқ жырау! Аруаққа тіл тигізбеңдер, киесі ұрады! – деп ақта­рылғаны әлі көз алдымда, үні бүгінге дейін құлағымда. Бұл намысты қоздырған, әділетке шырылдап араша түскен сұмдық бір оқиға еді.

1972 жылы ақындар атасы Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толып, Қазақ мемлекеттік университетінің үлкен залында осы салтанатқа арналған мәжіліс өтті. Сонда Әбекең халық поэзиясының арғы-бергі тарихын түгел ақтарып, Жам­был туралы шешіліп, көсіліп, терең, ұзақ сөйледі. Халық ақындарының шығарма­шы­лығында ғана кездесетін “желі”, “құ­лақ күйі” тәрізді аса бір қызықты тың ой­лар айтты.

– Халық ақындары белгілі бір тақы­рып­ты бірден, төтесінен айта салмайды. Олар байтақ жырға келу үшін өзін-өзі әбден баптап, ойдан-қырдан жыр толғап барып негізгі тақырыбына көшеді. “Қо­бы­­­ланды”, “Көрұғлы”, “Алпамыс” сияқ­ты эпостар сонда туады. Міне, мұны желі дей­ді. Күй­шілер де тап сондай. Жаңа күй шығару үшін олар да өзінің өмірлік сері­гіндей айнымас әуендерін ұзақ қай­тарып отырып, содан кейін шешіле күй толғай­ды. Мұны құлақ күйі деп атайды, – деген еді.

Әбекең халық ақындарының дүниеден өткендерінің аруағын ардақтап, еске алып, көзі тірілеріне үнемі қамқоршы болып жүрді.

1974 жылы бүкіл республика жұртшы­лығы көненің көзі, ескінің жұрнағы, даңқ­ты әнші, ұлы ақын әрі композитор Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығына қызу дайын­далып жатты. Мен Кенекеңнің “Ала­тау шыңы” деген таңдамалы жина­ғын дайын­дап, алғы сөзін жаздым да, ол “Жазушы” баспасынан кітап болып шықты. Әбділда Тәжібаев, республикалық Баспасөз коми­теті­нің сол кездегі төрағасы Шериаздан Елеукенов, “Жазушы” баспа­сының дирек­торы Әбілмәжін Жұмабаев төртеуіміз әлі сиясы кеппеген жыр кіта­бын табыс етуге, әрі тойына құтты бол­сын айтуға Кенекең­нің ауылына келдік.

Ақын атамыз күтіп отыр екен. Есіктен кіре Әбекеңді құшақтап, інісіне арнап өлеңмен біраз жылы сөздер айтты.

– Алматыда шақыртпай баратын үш үйім бар: бірі – Сәбиттің үйі, бірі – Ер­заковичтің үйі, бірі – осы Әбділда інімнің үйі. Қат-қабат жұмысың бола тұрса да уақыт тауып, көңіл бөліп тұрға­ныңа ри­за­мын, – деп Кенекең інісін тағы да ыс­тық құшағына алған еді. Кәрілігі, әлдебір өткен сүреңсіз өмірі есіне түсті ме, Ке­некең көз жасын сүртіп, әлгінде ғана біз ала келген кітабын парақтап біраз үнсіз отырғаны көз алдымда.

– Кенеке, денсаулығыңыз, хал-күйіңіз қалай? Тойға дайын отырсыз ба? – деді Әбекең.

– Шырақтарым, тойханаға менің жаңа кітабымды алып келгендеріңе алғыс айтамын. Кәрілік келіп, қарға адым жер мұң болып отырысым мынау, өзімнен қай­рат жоқ, бірақ халықтың, елдің арқа­сында тойдың дайындығы ойдағыдай тәріз­ді. Жұрттың айтуына қарағанда, той басына 250 үй тігіліп, ұлан-байтақ елімнен небір азаматтар, ардагерлер келеді білем. Қазақта бұрында небір айтулы ас берілген ғой, бірақ мұндай той әлі қазақта болған жоқ. Осының бәрі халықтың арқасы, азаматтардың арқасы. Халқыма мың алғыс айтып, шүкіршілік етіп отырмын, шырақтарым, – деген еді Кенекең.

Біз Кенекеңе саулық, әлі де ұзақ өмір тілеп, Алматыға аттандық. Екі жылдан кейін Кенекең дүние салып, бұл жолы да ақын ағасының басында Әбділда Тәжі­баев­тың тебірене сөз сөйлегенін жұрт­­шылық ұмыта қойған жоқ.

Өзінің оқушысын тапқан жазушы – бақытты жазушы. Әбділда Тәжібаев – оқу­шысы көп, халық құрметіне бөленген ардақ­­ты жазушы, үлкен ғалым, белгілі қо­ғам қайраткері. Ол туған халқын жырға ке­не­л­тіп, тоқсанға таяп дүние салды. Сон­­да да жор­ғасынан жаңылған жоқ. Қа­шанда әде­биетіміздің ары, тазалығы үшін күресті, оның ілгерісіне үмітпен қара­ды, қамқор­лық жаса­ды. Әбекеңнің қаншама таланттар мен тар­лан­дардың ба­ғ­ын ашып, тұсауын кес­ке­нін елі жақсы біле­ді. Мұқа­ғали Мақа­таев, Тұ­ман­­бай Мол­дағалиев, Қадыр Мыр­за­лиев, Мұх­­тар Шаханов, Фариза Оңғар­сын­ова, Кү­ләш Ахметова туралы жазған­дары қандай еді! Осын­дай ақындардың бол­ғанына жүрегі жа­рыл­­ғанша қуанып еді, тебіреніп еді асыл аға.

Мен мұршамның келгенінше Әбе­кең­мен жиі кездесуді аңсап тұратын іні­лері­нің бірі болдым. Жазысқан хаттар да аз емес.

1977 жылы Әбекеңді, Мұхамеджан Қара­таев ағамыз бен жеңгеміз Махру­маны, Әзілхан Нұршайықовты қосып Тал­дықор­ғанға қонаққа шақырдым. Ол кезде мен Ілияс Жансүгіров атындағы педаго­гика инс­­­­ти­тутының ректорымын.

Ағаларым бір аптадай Жетісуды еркін аралады. Халықпен қауышып, жастармен кез­дескен соң, жер жәннатының сұлу та­би­ғаты, көпшіліктің қошеметі әсер етті ме, Әбекең әбден қанаттанып, көңілі көте­ріл­ді, аз ғана күнде ғажайып жырлар жазып тастады.

Бір күні таңертең мейманханаға кел­сем, Әбекең бөлмесінде жоқ, балконда денесін ширатып, қимылдап жатыр екен.

– Аға, мынауыңыз жақсы екен, – дедім қуанып.

– Көңілім сергісе өсітіп тоңқаң­дай­тыным бар, – деп күлдірді мені.

Сол жолы Мұхамеджан ағамызды қа­лай итжеккенге айдағаны, балаларын тас­тап, жас зайыбының қаншама қиын­дық­­тардан өтіп, ата-бабасы көрмеген ит айда­ғырдың жеріне – Колымаға барғаны, кез­дескендегі толғаныстары жөнінде Мах­ру­ма жеңге­міздің ертегідей ғып айтқа­ны дәл бүгінгідей. Сонда жеңгеміздің көзінен жасы ағып отырды, біз тырп етпей оты­­рып тыңдадық. Қазақ жылқы мінезді ғой, тағдырдың тала­йын, пешенеге жаз­ғанды, өткенді еске ал­ған­да ғана ұғынады. Қазақ басына іс түскенде ғана ұлт екенін сезіне­тін халық. Сол бір кез қазақтың басы­на түскен зоба­лаң еді ғой, қайбір қы­зық әң­гі­­ме дейсіз, бірақ жеңгеміз жырдай қылып айтты. Ағаларымыздың бұл әңгімені не­шін­­ші рет тыңдап отырғанын кім білсін, біз Мәрия екеуміз ұйып тың­да­дық. Сон­шама әңгіме­шіл әйел затын бірінші рет кездестірген едім.

Бәріміз де біраз уақыт үн-түнсіз оты­рып қалдық. Сол кезде Әбекеңнің:

– Менің жырлап жүрген Махрумам осы, – деген сөзі бәрімізді ұйқыдан оя­тып, есімізді жидырғандай болған еді.

Кейіннен сол Мұхамеджан бауыры туралы Әбекеңнің былай жазғаны да есімізде:

Тағдыр талай төнсе де сындырам деп,

Мойыныңа саламын қыл бұрау деп.

Сынбай қайтқан еріңнің біреуі осы,

Тынбай қалған ісімді тындырам деп.

Қазақтың басынан не өтпеді дейсіз. Небір аласапыран замандар өтті, қазақ от­қа да түсті, шоққа да түсті. Азапқа да түс­­ті. Аштыққа ұшырап, нәубәтті де бастан өткерді. Қазақ халқының біртуар дана­лары­ның нақақ жаладан басы қиыл­ды. Жапа шекті. Атылды. Үрей туды ел ішіне. Біріне бірін айдап салушылық бе­лең алды. Сенімсіздік жайлады. Сондай заман­да қазақ интеллигенциясының ара­сында ада­су­шылық аз болған жоқ. Бірін бірі көрсе­­тіп, соның салдарынан көптеген кінә­сіз адамдар кетті өмірден. Мұндай сора­қы­лық­қа, сатқындыққа біразы біле тұра, амалсыз барды.

Өкінішке қарай, заманында Әбділ­даның да әділетті аттап, Мағжан туралы ауыр сөздер айтқаны белгілі.

1988 жылдың күзінде мен Қазақстан Орталық партия комитетіне келдім. Идео­логия бөлімін басқардым. Келе сала Өзбе­кәлі Жәнібеков екеуіміздің қолға алған үлкен жұмысымыздың бірі нақақтан кет­кен, жапа шеккен, ұлы ағаларымызды ақ­тау еді. Сөйтіп, комиссия құрылды, бас­шы­сы етіп академияның сол кездегі вице президенті Жабайхан Әбділдинді қойдық. Көп жұмыс істелді. Шаң басқан мате­риал­­дарды көтерттік, көрдік. Жан жүре­гіміз егі­ліп отырып оқыдық. Күмән, үрей ту­дыр­ған заманда, ағаларымыздың сасқа­нын да, адасқанын да, шатасқанын да сез­дік. Жүрегіміз қан жылады. Соның бәрін оқып отырып, сенерімізді де, сенбе­сі­мізді де білмей дал болдық.

Әбекеңнің кезінде Мағжан туралы айт­қан сөзі, әрине, жүрегінен шыққан сөз емес еді. Айтқызған еді, мәжбүрлеген еді, зорлықпен жаздырған еді ол сөзді.

Орталық партия комитеті бюросының шешімімен асылдарымыз ақталды. Ақтал­ған жазушылардың, халқымен енді рухы табысқан ағаларымыздың, Ахмет Байтұр­сынов, Міржақып Дулатов, Мағ­жан Жұма­­­баев секілді арыстарымыздың кітап­тарын шығаруды қолға алдық.

Бір күні Әбділда ағаны Орталық пар­тия комитетіне, өзім отырған кабинетке шақырдым. Аман-есендіктен соң:

– Аға, ағаңыздың аруағының алдында ақталмайсыз ба? Соның күні туайын деп тұр ғой, – дедім.

– Ондай заман болса, қане! Пұшай­ман болып, ішімнен тынып жүрген жоқ­пын ба. Сен Мағжанды айтып тұрсың ғой. Ондай күн туса, кәні, Мағжан туралы шы­н­ның сөзін айтуға мен дайынмын, – деді.

– Мағжанның жинағына алғысөзді сіз жазыңыз, сөйтіп ағаңыздың аруағы ал­дындағы күнәңізден арылыңыз, – дедім.

– Екі дүниеде де риза болар едім, шырағым, – деді сонда Әбділда аға.

Ол кісінің келісімін алып, Мағжан аға­мыз­дың әйелі Зылиха жеңгемізге кел­дім. Бір жапырақ кісі болатын, сол кісінің үйі­не бар­дым. Екі мәрте арнайы бардым. Алға­шында келісім бермеді, екінші рет сөйлескенімде Зылиха жеңгей “Өздерің біліңдер” де­геннен асырып ештеңе айтпады. Біз бол­сақ, кек қуаламайық, күнәсінен арыл­сын деп, алғысөзді Әбекеңе жаздырдық.

1987 жылдың күзінде мен Оқу минис­трі болып Талдықорғаннан Алма­тыға қыз­метке ауыстым. Көп кешікпей Әбекеңнен хат алдым. Бір қалада тұрып хат жазғаны несі екен, телефон соға салса не қылады деп таңғалдым.

Кейіннен білдім, Алматы кеңсе­лерін­де басшылардың хатшылары, көмекшілері “ан­да кетті, мұнда кетті, анда мәжіліс, мұн­­да мәжіліс” деп жұртты ділгер қылып, бас­­ты­ғына жалғастырмайды екен. Әбекең мені­мен тілдесе алмаған соң хат жазған екен. Хатын­да министр болып келгеніме құт­­ты бол­сын айтып, “Асыл арналар” де­ген кіта­бым жайлы ыстық ықыласын біл­діріпті.

Алатаудай басымен менің кітабыма сон­шама жоғары баға бергеніне әбден ри­за бол­дым. Көп кідірмей үйіне барып сә­лем бер­­дім, алғысымды жеткіздім. Сонда Әбекең:

– Мырзатай, әкімдігіңді қайдам, сен әдебиетке керек адамсың. Қызмет – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Оның үстіне сен жаза алатын кісісің, жазғанда қан­дай, кеулеп, тереңдеп опырып жазады екенсің. Күніне бір парақтан жазып отыр­саң да бір жылда докторлық дис­сер­тацияңды аяқтайсың, – деген еді.

Сол жолы уәдені беруін бергенмен, пен­де емеспіз бе, созып жүріп, докторлық дис­сертацияны тоқсан үштің наурызында ғана қорғадым. Сонда жанашыр ағаның қуанышында шек болған жоқ.

Жалпы, менің ғалым ретінде қалып­тасуыма, әсіресе, халық поэзиясын ден қойып зерттеуіме Әбділда ағаның ықпал-әсері мол болды. Қазақ әдебиетінің көне дәуіріне құлаш ұрып, зерттеген тұстарым­да да, қинал­ған, тарыққан кездерімде де асыл аға ылғи дем беріп, қолтығымнан сүйеп жүрді.

1969 жылы “Көне түрк ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы” деген тақырыпта кандидаттық диссерта­­ция қорғағанымда елге белгілі, мүйізі қара­­ғайдай тарихшылар, әдебиетшілер, ғалым­­дар Қазақ университетінің ғылыми кеңесі­нің залына түгел жиналған еді. Сөй­тіп, бұл күнге дейін арнайы зерттел­ме­ген қазақ әде­биетінің көне дәуірі жайындағы менің диссертациям қалың көпшіліктің шын талқысына түскен еді. Бейсенбай Кен­же­баев, Әлкей Марғұлан секілді аға­ларым ағынан жарылып сөз сөйледі. Мұн­дай диссертация, мұндай қорғау қазақ әдебиеті тарихында болған емес дегенді айтып еді жарықтықтар. Дүние­­ден өткен асыл аға­ларды сағына­сың­, аңсайсың. Солар қан­дай ұлы, қандай ірі тұлғалар еді, шіркін!

Қорғауда әртүрлі пікірлер де айтылды. Түрк ескерткіштерінің қазақ әдебиетіне еш қатысы жоқ, сондықтан оны зерт­теудің қандай қажеті бар дегендер де бол­ды. Әр­қилы пікірлер айтыла берген соң мінбеге шығып, Әбділда ағамның да ақ­тарылып, отырған қалың елді сөзіне ұйы­тып, сілті­дей тындырып, менің зерт­теуім туралы аталы, асқақ сөз айтқаны әлі күнге дейін жұрттың есінде деп ойлай­мын. Тол­қып, екпіндеп сөйлегені әлі күн­де дейін құла­ғымда. Сол жолы менің дис­сертациям ғана емес, қазақ әдебиеті тари­х­ын жіктеу­дің, дәуірлеудің де тағдыры сынға түскен еді. Әлігі атаған үш кісінің аталы сөзі менің диссертациямның да, саясаттың кесі­­рі­нен өзінің көне арнасына, терең тамырына жете алмай келе жатқан қазақ әдебиетінің тағдырын да шешкен­дей болып еді.

Әбділда ағамыздың тұла бойы тұнып тұрған жыр, төгіліп тұрған нұр еді. Ғажап шешен болатын. Әбділда мінбеге шық­қанда жұрт сілтідей тына қалатын. Жа­ғым­паздыққа, жалғандыққа жаны қас еді. Мөлдір бұлақтай таза болатын. Аузын ашса жүрегі көрінетін. Өте ақкөңіл бола­тын. Пендешілік дегенді білмейтін. Еш­кім­нің алдында бас имейтін емен еді. Аңыздар елінен келгендей ғажайып тұлға болатын. Айтқан сөзінің бәрі мінсіз бола­тын. Қара сөзінің өзі тұнып тұрған жыр бола­тын. Адамзаттың бәрін өзіне дос санайтын, құшағы кең, бауырмашыл еді. Өзі араласып жүрген кейбір жандардың жағымсыз қылықтарын көргенде, жаны құлази қалатын. Ондайда бәйге атындай тез аритын. Сенгіш еді. Жаны өте нәзік еді. Мұхтар Әуезов десе ішкен асын жерге қоятын. Алдыңғы толқын ағаларының бәрін керемет қадірлейтін. Жастардан талант көрсе жүрегі жарылғандай, жерден алтын тапқандай, жар салып қуанатын.

Әбділда аға кейінгі жастардан Тұман­бай Молдағалиевті, Мұқағали Мақа­таев­ты, Төлеген Айбергеновті ерекше қадір­лейтін. Біз Тұмағаң екеу­міз осы Әбділда ағаның үйінде жиі кездесіп жүрдік. Әсі­ресе, Мұқағалиды жанындай жақсы көрді.

– Қазақ әдебиетінің, қазақ сана­сы­ның ол биік шыңы. Сен байқайсың ба, Мұ­­­қағ­али өлең жазбайды, өлең Мұқа­ға­лиға түседі, – дейтін. Не деген сұмдық сөз!

Мен Әбділда ағаның бұл сөзінің мәнін кейін түсіндім. Шынында Мұқағалиға өлең қонған екен. Мұқағали өлеңнен туған құдірет екен. Мұқағали өлгенде оның зиратының басында Әбділданың теңселіп, толқып сөйлегені де сондықтан еді. Әдебиетімізде осындай бір табиғи жарас­­тық­тардың бар екенін де ұмыт­пауымыз керек. Ол үзілмеу керек, жал­ғасын таба беруі керек. Әбекең та­лантты жастардың шын қамқоршысы еді ғой.

Мұқағали да қиыншылықты, жоқ­­шылықты өмірінде аз тартқан жоқ. Қазақтың мұңы ол кезде пәтер мәселесі. Оның зардабын бәріміз де тарттық. Ол кезде жазушы-ақындардың пәтерін Жазу­шылар одағының ұсынуымен тек Орталық комитет шешеді. Мұқағали да бастапқыда пәтер алушылардың тізімінде болады. Бірақ, қазақ тыныш жүрген бе, Мұқағали­дың тәртібі нашар, ішеді деп арыз жазып, біреулер әлгі тізімнен сызғызып тастайды.

Сонда Мұқағали Әбділда ағасына келіп шағынады. Ашынған Әбділда салып ұрып Орталық комитетке барады.

– Мен сендерден өмірімде пәтер сұрадым ба? – дейді.

– Жоқ, – дейді комитеттегілер.

– Онда маған пәтер беріңдер, үйдің адресін, пәтердің нөмірін айтыңдар, – дейді Әбекең дегбірі қашып. Пәтерді береді. Даладай дархан көңілді асыл ағамыз әлгі алған пәтерін Мұқағалиға береді. Мұндай мәрттік мінез Әбділда ағамыздың бойында мол болатын.

Мұқағали да ағасына арнаған өзінің өлеңінде Әбділданың жалғандыққа жаны қас екенін, жас толқынның жанашыры болғанын жақсы ашып көрсетеді ғой.

Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,

Мен қалай, Әбе, сені жат санайын.

Абыржып асаңды ұстап отырғаның,

Ашулы Грозный патшадайын.

Сөйлесең, бурадайын лықсып-тасып,

Жаралы жауынгердей сылтып басып.

Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,

Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.

Әбділда Тәжібаев ақындығына, дра­ма­тургтығына, ғалымдығына қоса үлкен қай­раткер еді. Ұлтқа, ел тарихына, келе­шекке қатысты келелі кеңестердің төрі­нен ылғи біз Әбділда ағаны көретінбіз. Көретінбіз де көңіліміз тоятын, сүйсіне­тінбіз. Кеудесін керіп, шыңға шыққан құл­жадай, биік жиынның бәрінің төрінен үнемі толағай тұлға, Алатаудай асқақ Әб­ділда ақын сөй­лейтін. Сөйлесе дауыл тұр­ғандай, теңіз тол­қығандай, тау теңсел­гендей, бура бу­ыр­қанғандай болатын. Ыл­ғи ағынан жары­лып ақ сөйлейтін, жал­тақтамайтын, әрбір сөзінен отаншыл­дық рух есіп тұратын. Аб­ыздар туралы байтақ әңгімені көп айтатын. Бірте-бірте асыл ағамыздың өзі де абызға айналып кетті.

Алпысқа толғанымда мен жайында деректі фильм түсіріліп, ағаларымнан пікір сұрапты. Журналистер Әбділда ағама да барыпты.

– Мырзатайдың өзі де жақсы, сөзі де жақсы, – деген екі-ақ ауыз сөз айтыпты аға. Экраннан асыл ағаның осы екі ауыз сөзін естігенде көзіме еріксіз жас келіп еді.

Алдамшы мына дүниеде әрдайым ағалардың ықыласына бөленіп, елдің сенімін, үмітін ақтап жүргенге, сіз-біз десіп сыйласып жүргенге не жетсін.

Авторы: Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!