Ахмет Яссауи туралы реферат

Ахмет Яссауи– түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, есімі ислам әлеміне машһур болған ойшыл қайраткері. Ол мұсылман қауымының дәстүрлі қағидаларын жырлаған сопылық әдебиеттің түркі халықтары арасындағы мейлінше танымал, ірі өкілдерінің бірі болды. Ахмет Яссауи кезінде “жахрия” (экстаз) немесе “Яссауия” деп аталып кеткен сопылық-мистикалық ағымның негізін қалады.

          Ахмет Яссауи Испиджаб (Сайрам) қаласында туылған. Ақынның туылған жылы белгісіз, ал 1166 жылы қайтыс болған. Ер жете келе Түркістан (ол кезінде Яссы деп аталған) қаласына келіп тұрады. Сол кезде атақты Арыстан  Баб және Жүсүп Хамадани деген шайықтардан тәлім-тәрбие алған. Бұхарада оқыған. Сосын оқымысты адам, сопы ретінде Яссы қаласына қайтып келеді.

          “Диуани хикмат” ( “Даналық кітабы” ) – түркі тілді халықтардың ХІІ ғасырдан сақталған әдеби ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл өлеңдер жинағы қазақ әдебиетінің де орта ғасырлық нұсқасы болып  табылады. Өйткені Яссауи хикматтарының тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті совет ғалымы А.Қ.Боровковтың пікірі бойынша “Даналық кітабы” оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды. кезінде ол өлеңдер өте қарапайым, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған. Ақын Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде көшіп-қонып жүрген түркі тайпаларының бәріне де түсінікті болатындай ауыз-екі сөйлеу тілінде жырлағаны дау тудырмайды. Бірақ бертін келе жинақты көшірушілер оған өз тарапынан көптеген араб-парсы сөздерін қосып жіберген сияқты.

      Бұл өлеңдер жинағының алғашқы түп нұсқасы сақталмаған. Ең ескі

нұсқасы  XV -ғасырдың орта кезінде араб емлесімен көшірілген. “Даналық кітабы”  Қазан (1887 және 1901 ж.), Стамбул ( 1901 ж.), Ташкент (1902 және 1911 ж.) баспаларынан бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шығады.

          Ахмет Яссауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болвп табылады. Мұнда 149 хикмат берілген. Соның 109 хикматы Яссауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек.

          Түркия ғалымы М.Ф. Кепрюлю-заде Ахмеи Яссауи хикматтарының жазылу тарихын, поэтикасын, әлеуметтік бағыт-бағдарын тұңғыш рет әдабиеттану ғылымы тұрғысынан жан-жақты зерттеп, ол туралы келелі ғылыми еңбек жазғаны мәлім. Ғалым 1928 жылы Ахмет Яссауи поэзиясын ғылыми негізде жүйелеп, Стамбул баспаларының бірінен жеке кітап етіп шығарды.

          Қазіргі зерттеушілердің барлығы дерлік Ахмет Яссауи жырларының осы басылымые негізге алып жүр.

          Белгілі орыс ғалымдары А.Н. Самойлович, Е.Э. Бертельс, А.К. Боровков, Г.Ф. Благова, т.б. Ахмет Яссауи жырларын зерттей келіп, кезінде оны жоғары бағалады, әрі ақынның өзінен кейінгі сөз зергерленріне тигізген әсері зор болғаны ерекше атап көрсетті.

   Сондай-ақ Ахмет Яссауи поэзиясын зерттеу ісіне Э.Р. Рустамов, Н.М. Маллаев, В.И. Зохидов сияқты өзбек ғалымдары да едәуір үлес қосты.

          “ Даналық кітабында” негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: “шариғат”- ислам заңдары мен әдет-ғұрыпының жинағы, “тариқат”- сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты, “маьрифат”- дін жолын танып, білу; “хақиқат”-құдай және оған жақындау. Ахмет Яссауидің ойынша, “Шариғатсыз”, “тариқат”, “тариқатсыз”, “маьрифат”, “маьрифатсыз”, “хақиқат” болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.

          Түркі халқы ислам діні мен мәдениетін қабыл еткен соң бұрынғы көк Тәңірісіне табынуға негізделген мәжусилік сенімінен, әдебиетінен, өнерінен, жалпы алғанда, алғашқы рухани мұрасынан айырыла бастаған еді. Сонымен бірге, араб-парсы тілдері мен исламның оқу-білімі бұқара халыққа көпке дейтін жат көрініп, түсініксіз болып келеді.

           Міне, осындай бір тарихи бетбұрыс кезеңінде өлең құрылысы жағынан көне түркі поэзиясының табиғатына жақын етіп жазылған, әрі оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген Ахмет Яссауи жырлары жергілікті халықты рухани өмірінде зор роль атқарды. Ақынның Даналық кітабы атты жыр жинағы арқылы қарапайым халық ислам әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымының философиялық ой-пікірлермен танысты.

           Рас, әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, адамның рухани өмірінің таза болуы сияқты құбылыстарды Ахмет Яссауи ислам дінінің шарттары арқылы түсіндіруге әрект жасады.Соның өзінде, ақын әлеуметтік қайшылықтар мен теңсіздіктерді сынап, халық мүддесін ескергісі келмеген такаппар жандарды әшкерлеп отырды. Халықты ізгі қасиеттерге, адамгершілікке үндейді:

         Ғаріп, пақыр жетімдерді қылған шадман,

         Құлдық қылып, ғазиз жанды еткен құрбан.

         Тағам тапсаң, шын пейілмен күткен мейман,

          Халықтан естіп бұл сөздерді айттым, міне…

          Ғаріп, пақыр жетімдерді әркім сүйер,

          Риза болар ол пендеге пәруәрдігер.

          Ей, бейхабар, болиа күмән, сені асырар.

          Хақ Мұстафадан естіп, айттым мұны…

          Дүние үшін қам жеме, хақтан өзгені сөз деме,

          Кісі малын сен жеме, сират көпірінде тұрар.

          Әйелің, қарындас, ешбір болмас ол жолдас,

          Әлек болып ғаріп бас, өмірің желдей өтер…

           … Алла дадын айта алмай, өліп кетсем,

          Ессіз өмірім арманда өтер достар…

           … Хақиқат дариясынан ішкен кісі,

          Өзі мұңлық, көңілі сынық, көзі жасты…

           … Хақ қаһарынан қорқып, жасын төкпендер,

          Тозақта жүз мың азап тартар достар…

          Әділетсіз залым патша болғаны-ай,

          Ордасына өңшең қудың толғаны-ай.

          Бірін-бірі жиналысып, қолпаштап,

          Су төгілмес жүр ғой бәрі жорғадай…

          Сонымен, бүкіл әлемдегі түркі тілдес халықтарға ортақ мұра саналатын Ахмет Яссауидің ғажайып жырларын оқып-үйренуге, зерттеуге, жариялауға біздің еліміздің соңғы кезге дейін тиым салынып келгені мәлім. Тек елімізде қызу жүріп жатқан қоғамды қайта құру, жариялылық процесінің арқасында ғана Ахмет Яссауи туралы ашық сөйлесуге мүмкіндік туды. Ақын жырларын зерттеу, тәржіма жасау істері шындап қолға алына бастады.

          Бұған 1990 жылы қазан айының 23-27 жұлджызында Түркістан қаласында ЮНЕСКО-ның бағдарламасы бойынша “Яссауи әлемі” деген атпен өткізілген халықаралық ғылыми конгрестің материалдары толық дәлел. Ахмет Яссауи мұрасын танып-білу, оны қоғам игіліне пайдалану қажеттігі осы халықаралық маслихатта ерекше атап көрсетілді.

          Есімдері әлемге машһур Сағди, Хафиз, Жәми, Низами, Руми сияқты шайырлар кезінде сопылық ағымының ұтымды сарындарын пайдалана отырып, гуманистік идеяға құрылған жыр-дастандар жазғаны мәлім. Түркі тілінде сопылық-мистикалық әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Яссауи хикметтерінің әлеуметтік астары тереңде жатқаныа аңғару қиын емес. Мәселен, ақын жалған ғалымдар мен жағымпаз жандарды өлтіре сынайды:

          Білгірі заман ақыр залым болды,

          Жағымпаз жан алғыштар ғалым болды,

          Сойқанды елге ашық айта алмаудан

          Ішіме менің дертті жалын толды.

           Ахмет Яссауи өзінің ұзақ жылғы өмір жолын түйіндей келіп бұл өмірде ақиқаттан артық қасиет жоқ деген қорытынды жасайды:

          Қожа Ахмет, басыңды елге ие біл,

          Ақиқатты ары таза сүйе біл.

          Дүниеқорлық кетсін бықсып өзімен

          Халық қана дүниеге ие бұл.

           Сөйтіп, Ахмет Яссауи тек дін насихатшы ғана емес, сонымен бірге, ол адам бойындағы ізгі қасиеттерді көкке көтере мадақтаушы, өз оқырманын әділ, мейірімді, сабырлы, жомарт, кішіпейіл болуға шақырған ойшыл ақын.

           Белгілі әдебиет зерттеушісі Р.Бердібаев қазақ көркем сөз өнері мен Ахмет Яссауи поэзиясы арасындағы дәстүр жалғастығы туралы айта келіп, “түркі әдебиетінде жиі ұщырайтын  “иман нұры”, “заһар көзі”, “сырдың көзі”, “тариғаттың ләззаты”, “махаббат майданы”,  “маьрифат бостандығы”, “хақиқат дариясы”, “ғашықтың дерті”,  “махаббат бостандығы”,  “гүл шарабы”, “көңіл кәбәбі”, “Дәрислам сарайы”, “ақиреттің азығы”, “шариғаттың көйлегі”, “ғашық дүкені”, “мехнаттың дариясы”,      “дүрдің кені”,   “жанның дауасы”,         “шайтан жолы”,                “нәпсі шайтан”

тәрізді бейнелік қатарлар бұрыннан келе жатқан тамаша дәстүр айдынына апарaды”, –деп жазды.

          Ахмет Яссауи жырлары тек қазақ елінде ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ мұра екені мәлім. Арада сан ғасырлар өтсе өзінің мән-мағынасын кемітпей, қайта уақыт озған сайын қадір-қасиеті арта түскен бұл ғажайып хиқмат-жырлар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, рухани мұра ретінде өмір сүре беретіні даусыз.

           Ахмет Яссауидің сопылық-мистикалық сарындағы ой-пікірлері оның шәкірттері жалғастырып, кезінде көптеген хиқат-жырлар жазғаны мәлім.

Ғұлама ақынның ел ішінде ең танымал болған дарынды шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғани еді. Ақынның туғын жылы белгісіз, 1186 жылы қайтыс болған. Оны жұрт Хакім ата деп атаған.

          Сүлеймен Бақырғани да өзінің гуманистік бағыттағы ой түйіндерін ислам діні қағидалары тұрғысынан түсіндіруге әркет жасайды. Ал, біз соңғы кезге дейін дін атаулыға сыңаржақ қарап, оның адамды ізгі қасиеттерге үндейтін ілгершіл ролін теріске шығарып келдік. Сол себепті Сүлеймен Бақырғани өлеңдері де күні бүгінге дейін зерттелмей, жарияланбай келеді.

Бертін келе Бақырғани жыр-жинағы “Бақырғани кітабы” деп аталады. Бұл жинақтағы өлеңдер өзінің тақырыбы, мазмұны, құрылысы жағынан Ахмет Яссауидің “Даналық кітабына” ұқсас болып келеді.

          Бақырғани өлеңдері кезінде ел арасында ауызша да мейлінше кең тараған. Әсіресе оны ел  аралаған дәуіштер көп айтатын болған. Бертін келе Бақырғани жырлары ел аузынан жиналып, 1877 жылы Қазанда жеке кітап болып басылып шығады.

          Сүлеймен Бақырғанидің “Ақыр заман кітабы” және “Бибі Мариям кітабы” деп аталатын екі дастаны бар. Олар негізінен діни аңыз-әңгімелер сюжетіне құралған. Сопылық-мистикалық ой-пікірлерді уағыздайды. Сонымен бірге, бұл дастандарды оқырманды ізгі қасиеттерге үндеу сарыны да бар.

          Кезінде күллі түркі тілдес халықтарды тамсандырған Ахмет Яссауи мен Сүлеймен Бақырғанидің хикмат-жырлары қазақ әдебиеті тарихынан тиісті орын алатыны даусыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Келімбетов. Н. “Қазақ әдебиеттінің ежелгі дәуірі” Алматы 1996 ж.
  2. Қыраубаев. А. “Ежелгі әдебиет” Астана 2001 ж.
«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!