Атмосфералық ауаны тазартудың жолдары

Қала атмосферасының тазалығы – қазіргі таңда адамзатты толғандырып отырған аса маңызды мәселелердің бірі. Бүгінде адамның шаруашылық қызметінің әсерінен бүкіл биосфераның жағдайы алаңдатарлықтай өзгеріске ұшырауда. Қаламыздың көшелеріне жасыл ағаштар отырғызу, өндіріс алаңдарын көгалдандыру, санитарлық қорғаныш жасыл желек қоршаулар жасау өте қажетті экологиялық шаралар болып табылады. Мұндай жасыл аймақтар ластанған ауаның жоғарғы қабатында таралуына және ластаушы заттар қорының жиналуына мүмкіндік бермейді, шаң тозаңдар мен аэрозольды газдардың қалаларға, ауылды жерлерге таралуын бәсеңдетеді.

Бүгінгі таңда Тараз қаласының климаты өте құрғақ және күрт континентальды өзгеруімен ерекшеленеді. Бұл  облыстың Евразия материгінің ортасында, мұхиттардан шалғай орналасуымен түсіндіріледі. Атмосфера циркуляциясының ерекшелігіне байланысты ауа райы көбінесе ашық немесе аз бұлтты болып жиі ауысады, сондай-ақ күн жылуымен жақсы қамтамасыз етілген, кейде ыстық болып келеді. Ауа райының бірден күрт өзгеруі күн мен түн, қыс пен жаз температурасының бірден ауысуынан пайда болады. Облыстың оңтүстік таулы аймақтарының климаты жылы, қысы жұмсақ, ылғалдылығы жеткілікті, ал солтүстік жазық аудандарында қатты құрғақшылық байқалады. Шөлді аймақ 70%  алып жатыр.

Облыстың жылдық орташа температурасы 7-100С. Ең суық қаңтардағы айлық орташа температура 5-100С, ал солтүстік және солтүстік батыста 10-140С. Қысқы кезеңдегі абсолютті максимум 40-450С, қиыр оңтүстікте 35-380С аяз. Қысқы кезеңде салыстырмалы түрде төменгі температура көп болмайды. Жылы кезең жоғары температура және құрғақ ауамен ерекшеленеді. Ең ыстық шілде айындағы температура 25-270С, таулы аймақтарда 21-240С болады. Ал шөлді аймақта 470С тең.

Жамбыл облысының территориясынан көп мөлшерде пайдалы қазбалар қоры табылған. Олар фосфаттар, түсті металдар, минералды тұздар, отындық шикізаттар, түрлі құрылыс материалдары. Сондай-ақ республикалық қордың 10 % құрайтын газ кен орны да бар. Республикадағы балансты гипс қорының жартысынан көбі облысқа тиесілі. Республика мен ТМД бойынша ең көп фосфарит қоры Қаратауда шоғырланған. Облыстағы біраз уақытқа дейін негізгі кәсіп орындары тау кен қазушы, тау кен өңдеуші, химиялық өндіріс орындары болды. (АО «Қаратау», ТОО «Қазфосфат», «Минералды тыңайтқыш», ОАО «Химпром», НДФЗ филиалы «Қазфосфат»).

Гидро-метеорологиялық орталық пен СЭС орталығының мәліметі бойынша көбіне ірі химиялық өндіріс орындары мен ошақтарының болуына байланысты ауаның ластану жағдайы қанағаттанарлық деп табылған.

Атмосфераны ластаудың негізгі көзі автотранспорт болып табылады, ол облыс бойынша жалпы қалдықтың 70% құрайды, бұл орнына экологиялық таза табиғи газдану, нейтролизаторларды қондыру және тролейбустардың санын көбейту әлі шешілмей келе жатқан мәселе.

Атмосфераны ластайтын қалдықтар шығарушы негізгі мекемелер – химиялық өнеркәсіптер мен коммуналдық-тұрмыстық мекемелер. Олардың әрқайсысы шығарған қалдықтар – 2,1 мың тоннаны құрайды. Соңғы он жылда біраз кәсіпорындардың қысқарып жабылуына байланысты Тараз қаласының атмосфералық ауасын ластайтын заттардың концентрациялық  мөлшері біраз азайды. Мысалы, күкірт диоксиді 1996 жылмен салыстырғанда 0,6 ПДК-ден 0,34 ПДК-ға дейін азайды. Фторлы сутегінің, азот диоксидінің, көміртегі тотығының концентрациясы 2,7 ПДК-ден 3,3 ПДК-ге дейін өскен.

Атмосфераның формальдегидпен ластану деңгейінің жоғарылауы жылу энергетика мекемелерінің, автомашиналардың техникалық жағдайларының қанағаттанарлықсыз болуы, ұсақ жылыту орындарының көбеюі және отын ретінде мазут пен көмірді қолдануға байланысты. Түрлі қазандықтар ауаны ластап, түтін мен ыс, күл мыңдаған тонналап ауаға шығып қоршаған ортаға зардап әкелетін – парникті газдардың мәселесін туғызды. Парникті газдардың әлемге, адамзатқа тигізетін ең үлкен зардабы планета ауа-райының күрт өзгеруі. Ал ауа-райының мұндай өзгерістерге ұшырауы тіршілік атаулыны құртып, жер шарындағы тепе-теңдікті бұзып катаклизмге, табиғи апаттарға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Соңғы 100 жылда Қазақстанда ауа-райы 1,3 градусқа жылынып, әлемдік климаттық глобалды жылуынан екі есе көп мөлшерді көрсетуде. Сондықтан да парникті газдар мәселесі Қазақстан үшін де аса маңызды. Өйткені оның алдын алмасақ еліміздегі бидай өнімі осы ғасырдың орта тұсында 1990 жылмен салыстырғанда 40 %- ке  азайып, мал азығы 37%-ке кеміп, онсызда тапшы жайылымдар тарыла келіп, оңтүстік өңірде мал азығының мүлдем жойылып кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Қазақстанда қыстың әдеттегіден жылы болуы бұл болжамдарды растай түседі. Планета климатының болашақтағы аса зор ауқымдағы экологиялық апаттың хабаршысы.

Мұның бәріне себепші – адамзаттың өз қолымен жасаған антропогендік іс-әрекетінің нәтижесіндегі өндіріс пен техника бөлетін парникті газдар. Оларды негізінен көмір–энергетика кешендері мен қаптаған автомобильдер бөледі.

Парникті газдардың қоршаған ортаға тигізер зардабын әлсіретіп, планетағы қалыпты температураны сақтау үшін орман алқабын кеңейту керек. Атап айтқанда бір гектар орман 0,48 мың тонна көмірқышқыл газын жұтады, яғни қатерлі газдардың зардабын азайтады. Жамбыл облысының 14,4 миллион гектар жерінің 4176,0 мың гектар немесе 28,9% мемлекеттік орман фонды болып табылады. Орман жамылғысы 2020,5 мың гектар жерді алып жатыр, бұл облыстағы орман 14% деген сөз. Оның 60% сексеуілден тұрады, қалған түрлерге шегіршік, арша, жүзген, жиде жатады.

Кейінгі жылдардың маңызды мәселесі орман жамылғасының біртіндеп жойылуында. Орман шаруашылығын дамыту үшін тез өсетін терек гибриттерін өсіру жолы қарастырылуда. Оларды өсіру үшін ауыл шаруашылығы қолдануынан шығып қалған ластанған жерлерді пайдалануға болады.

Біздің жағдайда атмосфераны ластаушы негізгі және қосымша заттар ішкі жану двигательдерінің, пештердің, фосфат өндірістерінің қалдықтары. Қоршаған ортаны ластайтын заттарға: фотохимиялық оксидонттар, нитраттар, азот қышқылдары, фториттер, фосфаттар, күкірт, азот және т.б. жатады. Белгілі бір қоршаған орта жағдайларында және ластаушы заттардың концентрациясы жоғарылауы сезімтал өсімдіктердің жапырақтарынан байқалады. Ұлпалардың өлу нәтижесінде (некроз) олар жапырақты сұр түстен қоңырға дейін өзгереді. Ұзақ уақыт бойы ластаушы заттарды төмен концентрациясы әсер еткенде өсімдіктерде созылмалы аурулар пайда болады. Өсімдіктердің созылмалы ауруларына қола түсті жапырақ, хлороз және өсімдіктердің ерте қартаюы жатады. Теңбілмен ауырған өсімдіктердің жалпы белгілері: алғаш нүктелер пайда болады. Біртіндеп олар қосылып, жапырақтың бетінде дақтар түзіледі. Олар тіршілігін жойған жасушалар нәтижесінде пайда болады (жүзім, қарағай). Азот қышқылының (NO2) аз концентрациясы өсімдіктердің өсуін реттейді. Олардың жасыл түсі қоюлана түседі.

Тараз қаласында ауаның ластануына қарсы күрес жүргізген кезде көшелерге биологиялық әдіс ретінде лас газдарға төзімді ағаштекті өсімдіктерді отырғызған тиімді. Қала көшелерінде рет-ретімен дұрыс отырғызылған ағаштекті, әрі әсемдік өсімдіктер  ауаны әртүрлі лас қоспалардан, шаң-тозаңнан, газдан тазартып, күн сәулесін пайдалана отырып, қоршаған ортадан көмірқышқыл газын сіңіріп, тұрақты түрде ауаға оттегін бөліп, қала тұрғындарына қолайлы жағдай туғызады. Сонымен қатар, қаладағы түрлі шудың күшін басады.

Жасыл екпелер – ағашта-бұталы, гүлді және шөпті өсімдіктер қаланың экологиялық қорғанысының күшті құрамы болып табылады. Олар қаланың эстетикалық жабдықталуын жоғарылатады. Қаланың экожүйесін анықтайтын факторларды үш блокқа бөлуге болады: теріс әсерлі факторлар, теңелту факторлары, қосымша факторлар. Теріс әсерлі факторға ауаның, судың, топырақтың ластануы, қатты қалдықтар, шу, вибрация, радиоактивті және электромагнитті сәулелердің жоғары деңгейі, гидроликалық тәртіптің өзгеруі жатады. Теңелту факторларына жасыл желектер жатады. Қосымша факторға қала аумағының жоспары және микроклимат жатады.

Қаладағы жасыл желектер қала ландшафтық құрылысының маңызды компоненті болып табылады, ол санитарлық-гигиеналық роль атқарады. Қала тұрғындарының күнделікті демалыс орны және олардың жүйке-психикалық жағдайына жағымды әсер етеді. Қала тұрғындарының экологиялық сапалы ортада тіршілік етуін туғызу кезінде қала сыртындағы жасыл желектің мәні зор. Қала санының өсуіне байланысты қала сыртындағы жасыл желектердің әлеуметтік функциялары үлкен мәнге ие болуда.

Қалаларда өзіндік микроклиматтық жағдайлар қалыптасады. Олар көбіне адам үшін жағымсыз: ауа температурасы аз өзгереді, онда зиянды заттар мен шаң көп көлемде болады. Қала көліктерінің қозғалысы мен әртүрлі қозғаушы күштердің жұмысы жағымсыз шулы фон тудырады. Жасыл желектер осы теріс факторлар әсерін белгілі дәрежеде төмендетеді, соның нәтижесінде қала жағдайын адамдар үшін үйлесімді етеді.

Ағаштарда, бұталарда, шөптерде шаң бөлшектерінің 70%-ы және күкіртті газдың 60%-ы  сіңіріледі. Кішкене бақта шаңның мөлшері ашық алаңмен салыстырғанда 30%-ға дейін аз болады. Ағаштардың қорғаушы ролі қыста олар жапырақсыз күйде болған кезде де көрініс табады. Ағаштар биік және жапырақтары көп болған сайын шаңнан қорғау қасиеті жоғары болады. Қалада отырғызылған балқарағай, шегіршін (терекке қарағанда 6 есе көп) шаңды өте жақсы сіңіреді. Бұл ағаштардың жапырақтарында майда түктер көп болады.

Жасыл екпелердің фитонциттік қасиеті болады, Антонов алмасының шырыны, теректің жапырағы дизентериялық таяқшаны өлтіреді. Таза ауа адамдар денсаулығына жақсы әсер етіп, ағзаның зиянды инфекциялар әсеріне қарсылығын күшейтеді.

Тараз қаласында химиялық өндіріс орнынан 5-7 шақырымда орналасқан 2 гектор жерге ағаштекті питомник құрылған. Бұл жерде химиялық ластанудың өсімдіктерге әсеріне тәжірибе жүргізілуде. Мұнда ТМД–ның  ботаникалық бақтарынан алынған тұқымдарды егу жұмыстары 1979 жылдан басталған. Биологиялық, экологиялық және орман шаруашылық қасиеттерін түпкілікті зерттеу нәтижесінде барлығы 120 ағаштекті өсімдіктердің 88 түрі интрадукцияланған. Олардың ішінен ағаштекті өсімдіктердің 60 түрі таңдап алынды. Бұлар бағалы орман шаруашылық және сәндік қасиеттері бар, тез өсетін сорттар. Таңдап алынған түрлер таудағы орманды дамытуда, тұрғын жерлерді көгалдандыру үшін, құмды  жерлерді нығайту үшін қолданылады. Селекциялық жұмыстарда қолданылатын жемісті ағаштардың түрлері де бар. Олар суыққа, ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді. Біздің қаламызда көгалдандыру мақсатында ағаштекті сорттардан Қырым және Эльдар қарағайы, қара жаңғақ, грек және маньчжур жаңғақтарын сияқты биік және сәндік ағаш түрлерін отырғызуға болады.

Қала территориясының  жасыл аймақтарын дұрыс ұйымдастыру керек. Жалпыға ортақ жасыл желектерді – саябақтар, гүл бақтары, бульварларды мүмкіндігінше көпшілік орталықтары мен спорт кешенінің маңына орналастыру керек.

Біздің аймақты көгалдандыру мақсатында жалпақ жапырақты ағаш түрлерінің ішіндегі көп егілетіндер спиральді тал, кәдімгі емен, үлкен жапырақты жөке, атқұлақ, америка шағаны, барқыт шағаны. Олар ұзақ өмір сүретін, тез және салыстырмалы түрде өсіру оңай өсімдіктер болып табылады.

Тараз қаласының өнеркәсіптік аймақтарында газ-түтінге шыдамды мынадай ағаш түрлерін егуге болады: қарағанның төрт түрін, қаратерек, пирамидалы және лавр жапырақты теректер, қызыл бузина, жіңішке жапырақты және күміс түсті жиделер, қаражеміс, кәдімгі шие, кәдімгі долана, ұсақ жапырақты қараағаш.

Облыс қалаларындағы гүлзарларда негізінен раушантұқымдас бұталар және көп жылдық гүлдердің көптеген түрлері өсіріледі. Олардың түрлерін 38-ге жеткізуге болады (көпжылдық, біржылдық, сәндік). Оларға жататындар сиреннің түрлері, гибритті бөрітарақ (гибускус), юккалар, форзиция, жасмин, георгина, магнолия, қара жидектер және т.б.

Көгалдандыру практикасында көп жылдық шөптесін өсімдіктерден газон жасау жаз мезгілінде шаңға, ал күз бен көктем кезінде лай-батпаққа қарсы күресте аса маңызды орын алады.

Бұл мақсатта аса көп материалдық және қаржы шығынынсыз шөптесін өсімдіктерді егуге болады. Ондай өсімдіктерге кәдімгі тарғақ шөп, түлкіқұйрық, қылтанақсыз арпабас және басқа тұтасып өсетін астық тұқымдастар жатады.

Қазіргі өндірістік және тұрмыстық құрылыстардың жылдам салынуы және облысымыздың тез өзгергіш климаттық жағдайы көгалдандыру жұмыстарын алдын ала жоспарлауды талап етеді. Бұл жағдайда мәдени және жабайы жүзім, ұшқат, кавказ және шығыс клематисі, жұмсақжеміс және т.б. өрмелегіш өсімдіктерге аса көңіл бөлген жөн.

Бұл өсімдіктерді тұқымынан, қалемшесінен, тамырсабақтарынан өсіруге болады. Ол материалдарды Қазақстан республикасы ғылым академиясының ботаникалық бағынан және сәндік өсімдіктердің түрлерінен коллекциялары бар мекемелерден алуға болады.

Бұл мекемелер келісім бойынша егу материалдарын аналық, тұқым, тамырсабақ немесе қалемшелерінен бере алады. Питомниктерде бұл өсімдіктерді өсірудің түрлі жолдары қолданылып, көгалдандыру жұмыстарында кең пайдаланылады.

Сонымен, біз қарастырып отырған мәселелерде ғылыми жетістіктер мен тәжірибені ұштастырған жағдайда облысымыздағы қалалар мен елді мекендердің қажеттілігі өсіп келе жатқан қоғамы үшін көгалдандыру жұмыстарына жаңа өсімдік түрлерін ендіру арқылы атмосфера ауасын қалпына келтіруге болады.

Жасыл өсімдіктердің зиянды заттарды сіңірудегі ролін ескере отырып жақын болашақта (2008) қаланың әр тұрғыны үшін орта есеппен 20-25м2 жасыл желегі бар жер қажет. Қала ауданының 50%  алып тұрған және дұрыс орналастырылған жасыл желектер өз жұмысын жақсы атқарады. Жалпы қалалық саябақтар тұрғын үйден 2-3 шақырым жерде орналасу керек.

Егер қала мен қала маңындағы халық санының өсуін ескерсек, ол кезге дейін халық саны 500 мыңнан асуы мүмкін. Сондықтан қаланың айналасына қазіргі өсімдіктерге қосымша 1000 га жерге орман бақтарын отырғызу керек.

Бұл үшін НДФЗ, «Суперфосфат», «Химпром» зауыттарының территорияларындағы жерлерді игеру тиімді. Өсімдіктерді суғару үшін егер фтор мен фосфор ангидридінің мөлшері рұқсат етілген дозада болса өндірістен шыққан суды қолдануға болады.

Ағаштекті өсімдіктердің орналасу жиілігіне ерекше көңіл аудару керек. Магистральды жолдарда ағаштар жолдың тротуар бөлігінде бір-бірінен 4-6 метр қашықтықта орналасуы керек. Егер сорты бойшаң болса онда 4 м, ал егер жайылмалы болса 6 м қашықтықта орналасуы керек. Жамбыл облысының жағдайына төмендегі ағаштар жақсы бейімделген: терек, емен, жаңғақ, қарағай, қараағаш. Топтастырып егуге үйеңкі, салбыраңқы тал (ива), шетен ағаштары ұсынылады.

Енді бұл жұмыстармен кімдер айналысады деген сұрақ туады. Біздің қаланың «Жасыл қала» мекемесінің ауқымды территорияны игеруге шамасы жетпейді.

Біздіңше мұндай пайдалы іспен облысымыздағы орман шаруашылығы айналысуы керек және «Жасыл ел» бағдарламасына сай білімгерлер отрядын пайдалану керек.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!