Атлант мұхиты туралы реферат

Атлант мұхиты – Жер шарындағы аумағы жөнінен Тынық мұхиттан кейінгі екінші мұхит. Оны ежелгі гректер Африканың солтүстік-батысындағы Атлас (Атлант) тауына байланысты атаған

Жалпы мәлімет

Шығысында Еуропа мен Африканың, батысында Солтүстік және Оңтүстік Американың, оңтүстігінде Антарктиданың аралығында орналасқан. Солтүстігінде Дейвис, Дат бұғаздарымен және Солтүстік Мұзды мұхитпен, оңтүстік-шығысында Африка мен Антарктида аралығында Υнді мұхитымен, оңтүстік-батысында Дрейк бұғазы арқылы Тынық мұхитпен жалғасады. Мұхит солтүстіктен оңтүстікке қарай 15 мың км шамасында екі жарты шарға созыла орналасқан. Ені басқа бөліктеріне қарағанда экватор маңында 2830 км-ге дейін тарылады. Мұхиттың теңіздермен қоса есептегендегі жалпы аумағы 91.6 млн. км2, орташа тереңдігі 3597 м, суының көлемі 329.7 млн. км3. Солтүстік жарты шардағы жағалауы қатты тілімделген. Теңіздері (Балтық, Солтүстік, Жерорта, Кариб, т.б.) мен ірі шығанақтары (Бискай, Гвинея, т.б.) түгелдей дерлік осы бөлікте. Оңтүстік жарты шардағы жағалауы аз тілімделген (Антарктида маңындағы Уэдделл т.). Атлант мұхитында басқа мұхиттармен салыстырғанда аралдар аз. Iрі аралдары (Ұлыбритания, Ирландия, Ньюфаундленд, Υлкен Антиль, Кіші Антиль, Канар, Жасыл Мүйіс, Фолькленд аралдары) мұхиттың жағалауларына таяу орналасқан. Орталық бөлігіндегі аралдар (Азор, Әулие Елена, Тристан-да-Кунья, т.б.) ұсақ және олар жанартау әрекетінен пайда болған. Мұхиттың түбі Орта Атлант су асты жотасымен бөлінген. Оның жекелеген шыңдары (Буве, Тристан-да Кунье, Вознесение, Сан-Паулу, Азор) жанартау аралдары түрінде су бетіне шығып тұр. Мұхиттың шығысында Батыс Еуропа, Канар, Жасыл Мүйіс, Гвинея, Ангола, Кап, Агульяс, батысында Солтүстік Америка, Гвиана, Бразилия, Аргентина, оңтүстігінде Африка-Антарктида қазан-шұңқырлары бар. Олардың тереңдігі 3000 метрден 7300 метрге жетеді. Терең шұңғымалар арал доғаларын жиектей орналасқан (ең тереңі Пуэрто-Рико шұңғымасы, 8742 м) және олар бір-бірінен су астындағы үстірттермен, қыраттармен, жоталармен бөлінген. Мұхиттың шеттері құрлықтық беткеймен көмкерілген. Мұхит түбінің үштен екі бөлігін әктастан тұратын органикалық шөгінділер жауып жатыр. Терең қазаншұңқырларының түбі қызыл саздан, ал жанартау аралдарының төңірегі жанартаулық шөгінділерден түзілген.

Арктика мен Антарктида аймақтарын қоспағандағы Атлант мұхиты.

Климаты

Атлант мұхиты барлық климат белдеулерінде орналасқан. Сондықтан оның жеке бөліктерінде климат жағдайының бір-бірінен өте үлкен өзгешелігі бар. Мұхиттың үстінде Исландия және Антарктика минимумдары мен Солтүстік Атлант және Оңтүстік Атлант максимумдары қалыптасады. Оларды бір-бірінен экватор маңындағы қысымы төмен белдем бөлім тұр. Бұл климаттық белдеулер көршілес құрлықтартардың үстіндегі қысым орталықтарымен әрекеттесе отырып, екі жарты шардың қоңыржай, субтропиктік және тропиктік ендіктерінде солтүстік-шығыс желдердің (пассаттардың) басым болуына әсер етеді. Жазда (Солтүстік жарты шарда тамыз, Оңтүстік жарты шарда ақпан айында) экватор маңындағы ауа температурасы 26-28۫С. 60۫ солтүстік ендікте – 8-12۫С, ал 60۫ оңтүстік ендікте 0-12۫С. Қыста (Солтүстік жарты шарда ақпан, Оңтүстік жарты шарда тамыз айында) экваторда 25۫С, 60۫ солтүстік ендікте 8-12۫С-қа, ал 60۫ оңтүстік ендікте – 8-10۫С-қа дейін өзгеріп отырады. Ең қиыр солтүстік-батысында және оңтүстікте температура -25۫С-қа дейін төмендейді. Жылдық орташа жауын-шашын экваторда 2000мм-ден асады, қоңыржай ендіктерде 1000-1500 мм, ал мұхиттың шығыс субтропиктік бөліктерінде және Антарктика маңында 100 мм-ден аспайды.

Гидрологиялық тәртібі

Атмосфера айналымы ықпалымен мұхиттың солтүстік және оңтүстік бөліктерінде теңіз ағысының негізгі екі жүйесі қалыптасқан. Бұл ағыстар пассат желдерінің әсерінен пайда болады. Солтүстік Пассат, Гольфстрим, Солтүстік Атлант жылы ағыстары мен Канар суық ағысы солтүстік теңіз ағысының айналым жүйесін құрайды. Оңтүстік Пассат пен Бразилия жылы ағыстары және Батыс Желдер мен Бенгаль суық ағыстары оңтүстік теңіз ағысының айналым жүйесіне кіреді. Бұлардан басқа Солтүстік Американың шығыс жағалауын бойлап Лабрадор, ал Оңтүстік Американың шығыс жағалауымен Фолькленд суық ағыстары ағады. Бұл ағыстар мұхит суының температурасы мен тұздылығына (орташа тұздылығы 35.4%) әсерін тигізеді. Мұхит суының деңгейі Айдың тартылу әсерінен жарты тәулік сайын өзгеріп отырады. Ашық мұхитта судың көтерілу биіктігі 1 метрге дейін, ал Солтүстік Америкадағы Фанди шығанағы жағалауында 18 метрге дейін жетеді. Мұхиттың солтүстік қоңыржай ендіктеріндегі ішкі теңіздер де ғана мұз қатады. Мұхитқа солтүстіктен теңіз мұзы мен мұзтаулар (айсберг), негізінен, Солтүстік Мұзды мұхиттан келсе, оңтүстік бөлігінде Антарктида және Уэдделл т-нде түзіледі.

Жай күндегі Атлант мұхитының Ирландия батыс жағалауынан көрінісі

Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі

Мұхит түбінде, негізінен, жасыл және қызыл қоңыр балдырлар өседі. Фито-планктон бір жасушалы ұсақ балдырлардан тұрады. Зоо-планктонды, көбінесе, шаян тәрізділер құрайды. Олардың ішінде киттің негізгі қорегі – криль Антарктида жағалауында өте көп. Суық және қоңыржай белдеуінде сүт қоректілерден – кит пен жарғақаяқтылар, балықтардан – майшабақ, нәлім және қамбала кездеседі. Тропиктік белдеуде кашалот, теңіз тасбақасы, акула, ұшқыш балықтар, краб, медуза, радиолярийлер тараған. Құстардан фрегат, альбатрос, пингвин, т.б. мекендейді.

Зерттеу тарихы

3 кезеңге бөлінеді.

Бүгінгі Атлант мұхитын құрған Pangaea бөліну анимасиясы

  • Ежелгі дәуірден 18 ғ. ортасына дейінгі 1-кезеңде, көптеген саяхатшылар,. теңізшілер (финикиялықтар, карвагендіктер, Б.Диаш, Васко-да-Гама, Христофор Колумб, Дж.Кабот, Фернан Магеллан, Дж. Дейвис, Г. Гудзон, Баффин, т.б.) мұхиттың шекарасын, мөлшерін, құрлықпен ара қатынасын анықтаумен айналысты.
  • 2-кезеңде (1749-1872) мұхит суының температурасы, ағыстар, тереңдіктер, т.б. мұхит өлшемдері анықталды (Г. Эллис, Дж. Кук, О. Соссюр, И.Ф. Крузенштерн, Э. Ленц, т.б.).
  • 3-кезеңде (1872 жылдан бүгінге дейін) арнайы жабдықталған кемелермен кешенді мұхиттық зерттеулер жүргізілді (“Челленджер”, 1872-76; “Витязь” 1986-89; ”Метеор”, 1925-38; “Дискавери-11”, 1931-ден қазірге дейін; “Атлантис” 1933 жылдан қазірге дейін; Халықаралық геофизикалық экспедициялар, 1957-58; “Калипсо” 1952 жылдан қазірег дейін). Мұхит дүние жүзінде ауланатын балықтың 40%-ын береді. Негізгі кәсіптік балықтар: майшабақ пен нәлім. Оңтүстігінде кит ауланады. Мұхиттың үлесіне дүние жүзі мұхиттық жүк айналымының жартысынан көбі тиеді. Аса ірі порттары: Роттердам, Марсель, Гавр, Антверпен, Лондон, Ливерпуль, Генуя, Гамбург, Санкт-Петербор, Нью-Йорк, Хьюстон, Филаделфия, Балтимор, Буэнос-Айрес, Рио-де-Жанейро, Кейптаун, Дакар, Абиджан, т.б