«Айқап» журналындағы оқу-тәрбие туралы ойларды зерделеу

XX ғасырдың бас кезінде, яғни 1911 жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Тройцкі қаласындағы «Энергия» баспахансында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік саяси-өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап таратуда елеулі роль атқарды. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы болды. «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қазақтың қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының прогресшілдік және демократиялық дәстүрлерін жалғастырған ілгері дамытқан журнал болды.

 «Айқап» журналын ұйымдастырушы және редакторы демократ –жазушы Мұқаметжан Сералин (1872-1929) болды. М. Сералин журналдың төңірегіне өзімен ниеттес көрнекті ақын жазушыларды, қоғамдық қайраткерлерді топтастырды. Журналдың секретары 1911-12 жылдары Әкірам Ғалимов, 1913-14 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Әр уақытта тілші, автор болыпСәкен Сейфуллин , Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев және осылар сияқты ақын-жазушылар қатысты. [45].

 «Айқап» журналы осылай аталуының себебі мен алдағы мақсаты туралы 1911 жылғы 11-санында бастырушылар алқасының атынан былайша түсінік береді: «Айқап» деген сөз қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен, кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына қосылайық деген үнді білдіреді.

 «Айқаптың» төңірегіне жиналып, қазақ халқының қоғамдық ой –пікірінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан әдебиеті мен мәдениетті жайында байсалды талғамдар айтқан журналдың редакторы М. Сералиннің «Айқап» журналының басқармасында қызмет еткен жазушылардың еңбектері ерекше. «Айқап» журналының бетінде қазақ совет поэзиясының алыбы — С. Сейфуллиннің алғашқы өлеңдері, Б. Майлиннің тұңғыш мақалалары басылды және С. Дөнентаевтың бірнеше өлеңдері жарияланды.

 Журнал оқу, жас буындарды тәрбиелеу және мәдени-ағарту ісіне шын мәнісінде прогрестік және демократиялық тұрғыдан көңіл бөлді. Бұл іске Сералин өзі сияқты мұғалім , жазушыларды публицистерді тартты.

 «Айқап» отырықшы болуды мәдениет мәселелерімен байланыстыра үгіттеді. М. Сералин орыс халқының ғылымын, өнерін, тілін үйрену керек дей келіп, бұларды білу үшін школа мектеп ашу қажет. Бұл 4-5 үйдің қолынан келетін іс емес, кедейлердің баласын алыс жерге жіберіп оқытуға қалі келмейді. Сондықтан « бір жерге қала болып жиналудан басқа ем жоқ». Ал «50-60 үй бір жерде , жиналып отырса, оларға орталарынан молда (мұғалім) ұстап бала оқыту оңай. Сонда өкімет тарапынан орыс –қазақ школын аштыруды талап етуге болатынын» айтты [9].

 М. Сералин XX ғасырдағы қазақ ағартушыларының дәстүрін жалғастыра отырып, мектеп ашу, бала оқыту жөнінде нақтылы ұсыныстар жасады. «Біздің ілгері келешек күнімізде, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек өнерлі халыққа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы талапкерлерге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды» деп жазды ол.

 «Айқап» журналы қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына да жан-жақты тоқталады. «Адам баласының тәлім-тәрбиесі анадан ауысады, бүкіл адамзатты тәрбиелеуші – ана» деп, олардың үйдегі, семьядағы атқаратын рөлін өте жоғары бағалады. Журнал осы мәселені көтере отырып езілген қазақ әйелдері қатарынан жұмысқа тілшілер тартты. Тілеубайқызы Сахыпжамал (1911, №7, 11-12 бет) қазақтың ер балаларын оқытып, қыз балаға онша көңіл бөлмейтінін, олардың қалың малға сатылып, сүймеген адамына еріксіз ұзатылатынын халық алдында әшкерелейді. Осы орайда Тілеубайқызы Сахыпжамалдың «Қазақ қыздарының аталарына «атты мақаласын атап өткен жөн. «Ер баланы оқытасыз да, бізді оқытпайсыз, қыздар оқыса бұзылады дейсіз. Бұзылған әйелдер оқығаннан бұзыла ма екен. Оқу адамды бұзама екен? Біле білсең қыз баланы көбірек оқыту керек. Қыз бала түбінде бала шағаның анасы болады. Ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алар ма ?! Қыздарыңызды көбіне жәбірге ұстап бересіз, ұстап бергеніңіз сол, 14-15 жастағы қыздарыңызды 50-60 жастағы шалға бересіз. Екеуі тең бе , тең емес пе оған қарамайсыз. Шырылдатып ұстап бересіз. Егер де тең болса 14-15жастаѓы ұлдарыңызға 50-60 жастағы кемпірді неге алып бермейсіз ?» деп тоқтайды Сахыпжамал. Бұдан артық жеткізіп , бұдан артық ашынып жазу мүмкін емес сияқты. Бұл мақала сол кезде миллиондаған қазақ қыздарының намысыныњ жанып, ар-ұятын оятқан, қазақ даласын дүркіреткен, ұлы жаңалық болды.

 Журналдың көп көңіл бөлген мәселерінің бірі -әдет-ғұрып, салт-сана мәселесі еді. Журнал қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұрыптың кемшілік, кері кеткен жақтарын сынай отырып, елді жақсылыққа, озық ойға, болашаққа шақырды. «Қазақтың қазіргі халі» деген мақалада елді кері тартатын кесапаттың алыстан келмейтінін, оның өз арамыздағы кәдімгі дау-жанжал, ұрлық, өтірік-өсек сөзден тарайтынын, бұл кемшіліктердің кәсіпсіздік білімсіздіктен туатынын жұрт алдына алақандағыдай жайып салады. Б. Майлин журналдың 1913 жылғы 15-санындағы (335-336б.б.) мақаласында қыз ұзату тойында, өлімге ас беріп, еске алуда елдің үлкен шығынға бататынын айтып оның орына халықты пайдалы іске оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға , мектеп медресе салуға қаражат шығаруға шақырады.

 Жалпы алғанда журнал қазақ елін білімге, өнерге шақырды, оқыту сапасын жақсарту мен білім беруді белгілі программаға сүйене жүргізу керектігін сөз етті: «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес» деген мақалада (1911, №5, 4-6 беттер) оқыту ісін дұрыс жолға қою үшін көптеген шараларды жүзеге асыру керектігі айтылады. Сондай-ақ қазақ шәкірттерінің хал-жағдайының тым нашар екендігіне тоқтала отырып журнал оларға көмектесуге шақырған көптеген мақала-хабарларды да басып отырды. Білім беру мәселесін шешу үшін оқу құралдарын шығару, қазақ тілінің әліппесін жасау, жазу жұмысын бір ережеге бағындыру туралы бірсыпыра мақалалар жариялады [10].

 «Қазақ» газетінде М. Жаңа Байбақтының бала тәрбиесі жөнінде жазған мақаласын айта кеткен жөн». Адам баласы басқа мақұлықтардан қандай ақылды, өнерлі болса, сондай осал, төзімсіз. Басқа жәндіктер ешбір жәрдемсіз, қарусыз жорытып жүретін ыстық я суықта адам баласы киім киіп, үй салып басын қорғайды. Тауықтың балапаны туысы мен тамақ іздеп шауып кетсе, адам баласы берген тамақты әрең ішеді. Сондықтан адамның адам болуына көп күтім, көп тәрбие керек. Басқа жәндіктерге тәрбие беказһәм тән тәрбиесі ғана керек. Адам балаларына, жаратушы аллаға, ұлтына һәм өзінен кейін өсіп -өнетін ұрпақтарына міндеті көп болғандықтан, тән тәрбиесі қанша керек болса, жан тәрбиесі сонша керек.Адамның аштан, отқа күйіп, суға түсіп өлмей адам болуына туған сағаттан бастап тән тәрбиесін жасау керек болса, жан тәрбиесін де сол мезгілден бастау керек. «Баланы жастан, қатынды бастан» деген қазақ мақалы осы туралы айтылса керек. Бала тәрбиелеудің керектігін жұрт баяғыда білген. Бірақ әр халық әр уақытта әр түрлі себептермен түрлі-түрлі түсінген. Мәселен, Мысыр халқы баланың шаруаға шеберленуін мақсат қылған. Спарта халқы бала тәрбиелеудіњ мақсатыбаланы өжет, жауынгер қылу деп түсінген. Бірқатар халық бала тәрбиелеуді патшалыққа беретін салғырт орнына жүргізген. Біздің қазақ халқы да балаға тәрбиенің керек тігін көп заманнан түсінулі. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген ескі мақал. Бірақ біздің халықтың бала тәрбиелеудің негізін анық түсінбегендігі даусыз. Түсініп, дұрыстап орындаған болса, біз мұндай болмас едік.Біздің халықта бала тәрбиелеудің негізі «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» һәм «Көш бойыңды, жасыр ойыңды» болған. Дүниедегі адамнан басқа жәндіктер бір пайдаға асумен, қаруымен құрметтеледі (Ат мініс берумен, сиыр сүт берумен деген сияқты).Адам баласы тек адам болғаны ғана үшін құрметтеледі, құтырған жан басқа бір себептен пайдасыздыққа шыққан мақұлықты атып өлтірсе, жұрт қуанады. Пайдасыздыққа шыққан кісіні атып өлтірсе, жұрт аяйды, өлтіруші ождан азабын тартады. Мұның себебі, адамның адамдығы. Яғни басқа нәрселер тек мақсатқа жеткізетін құрал болғанда адамның өзінің мақсаты болғандағы әңгіме адамның жанында, рухында болғандығы. Олай болса, адамның тәрбиесі тек тән тәрбиесі болмай, жан тәрбиесі де болу керек. Жан тәрбиесі бір дүздеме болмай, нағыз екі бет болу [33].

 Бұл бала тәрбиелеу хақында біз бүгін әңгіме қылып отырмыз. Грек халқы бұдан екі мың жылдай бұрын түсініп, педагогия дейтін ғылым шығарып, қолданып көрген. Бұл біздің көп кенже қалған ғылымдарымыздың бірі ғой. Бала ақыл тоқтатып, есеймей тұрып-ақ көргенін істей бастайды. Үйінде намаз оқушылар болса, намаз оқиды, насыбай атушы болса, қол насыбай қылып атады, шылым тартушы болса, шөпті шылым қылып тартады. Домбыра тартушы болса, қолына түскенін домбыра қылады. Жақсы істесе, жақсы, жаман істесе, жаман істейді. Бұлай болса, бала тәрбиелеудің негізі ата-анасында. Бірінші шарты ата-анасының балаға мүмкін қадыр жақсы үлгі көрсетуге тырысуы. «Баланың жаны кірсіз тақтай, не жазсаң соны оқырсың» деп бұрынғы даналар жұлдық қылып белгілеп кеткен. Сондықтан ата-анаға қолдан келгенше «Ұлы, қызы жақсымен ауылдас болып, жаманнанжиіркендіріп, жақсыға қызықтыру парыз. Екіншішарты мезгіліжеткен (7 жасар) баласын бай жалшылармен бірге бақтырмай, кедей 8 айға 3 сомға жалдап, өстіп құдайдан, баласынан, кейінгі ұрпағынан қарғыс алмай, баланы молдаға дін ғылымын үйренуге, Ордағы дүние ғылымын үйренуге беру. Бастапқысынан құдайын танып, иманын біліп, соңғысынан құдайдың жаратқан заттарын танып, ыждақатын күшейтіп, шын мұсылман, шын адам, ұлттық шын баласы болсын. Молдалар мен мұғалімдерге де бұрынғыдай «аюды үйреткен таяқ» деп балаларды сабап, арқасын қанатып, сонан соң «молданың соққан жері отқа күймейді» деп жұбатуды қоюы керек. Таяқ аюды-айуанды үйретеді, ақыл иесі адам баласын ыза қылып, арландырып шамадан шығарады. Дін үйретуші пайғамбарлар ешкімді сабамаған көрінеді. Мұғалім «ғұннасын» шығар деп таяқ жұмсаса, учитель «ударение» қайда деп құлағын бұраса, бұл бала тәрбиелеу болмайды. Яғни баланы қайыру, баланы бұзу баланың кірсіз ақ қағаздай жанын ластау болды [21].

 Адам баласы барлық білікті сыртқы бес мүшесімен алады. Көзбен көріп, құлақпен естіп, мұрынмен иіскеп, тілмен татып, денемен сезіп.Сондықтан баланы оқытқан уақытта бұл бес мүшелердің барлығын бірдей тәрбиелеу керек. Бірқатары тәрбиеленіп, бірқатары тәрбиеленбей қалса, ол балаға зор кемшілік келтіреді. Адам балалары бір нәрсені білуде түрлі –түрлі болады. Біреу есіткенін ұмытпайды, біреу көргенін ұмытпайды, біреу татқан дәмін ұмытпайды. Бірақ ондай адам сирек болады. Бір медреседе, бір класта оқып жүрген балалардың біреуінің олай, біреуінің былай болуы осыдан. Сондықтан оқытушылардың бұл бес мүшені бірдей тәрбиелеуге ырдаһат қылулары тиіс. Мәселе, кітаптың ішінде «Қызғалдақ» деген сөз ұшырайды. Оқытушы қызғалдақ деген қызыл жапырақ деп өте шықса, ертеңге шейін тек есіткенін ұмытпайтын балалардың ғана қатерінде қалады. Басқасы ұмытады. Егерде қызғалдақ деген мынадай жапырақ деп көрсетсе, өзі жеңіл һәм жұмсақ деп ұстатса, исі жақсы деп иіскетсе, дәмі ащы деп жалатса, балалардың біреуіде ұмытпайды.

 Сонымен баланы оқытқанда жеңіл жолмен бар мүшелерін бірдей тәрбиелеп, әзір білімді баланың кішкентай басына тыға бермей, жетелеп өзіне іздетіп, ақылын кәмілдеп, ізгілікке жетелеп, жүрегін адалдап, жақсыға қызығатын, жаманнан жеркенетін қылып табиғатын жіңішкертіп шығару мақсұт .

Бұл газет бетіне жазылған қысқа ғана ой. Қалың кітаптар маңызды, тауыса сөйленетін бұл туралы сөздер ардақты ғылым иесі адамдардың жұмысы [23].