«1985 – 1991» жылдар аралығындағы Қазақстандағы саяси партиялар мен ұйымдар

1985-1991 жылдар аралығындағы «Қайта құру» бағыттары.Дағдарыс алдындағы қоғам

КСРО құрамындағы барлық одақтас республикаларда 1980 жылдан кейін аса күрделі жағдай басталды. Мұндай жағдай елдің әлеуметтік, экономикалық нышандарының жоқтығынан туып еді.

Дағдарыстың себебі өте көп болды. Мысалы, экономикалық жағынан алғанда ғылыми-техникалық прогрестің өндіріске енгізілуі баяу етті, өнімдердің сапасына емес, санына көп көңіл бөлінді т.б.

Қоғамдық өмірде халықтың тұрмыс деңгейі күрт төмендеді, әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлінбеді, қылмыс тым кебейді.

1985 жылы наурызда К.У. Черненко қайтыс болғаннан кейін, КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы қызметіне М.С. Горбачев келді.

 Қайта құру бағыты

1985 жылы сәуірде КОКП ОК-тың пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалыққұрылымды ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру бағыты жарияланды. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның XXVII съезінде мақұлданды. Сонымен партия елді жаңару бағытына бастауға міндет алды.

Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғашқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Мәскеуде В.В. Гришин, Ленинградта Г.В. Романов, Қазақстанда Д.А. Қонаев, Әзірбайжанда Г. Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғы-шарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен-күнге қиындай берді.

Негізгі себептері. 80 жылдарға қарай халық шаруашылығындағы тоқыраушылық айқын көрінді. Республика шикізат көзі ретінде қала берді. Рухани идеологиялық өмір де отарлау жүйесінің толық ықпалында болды. Ұлттық мәдениет, салт-дәстүрлер, тіл өте ауыр жағдайға тірелді. Тек қана 1954-1986 жылдар аралығында қазақ тілінде білім беретін 600-ге жуық мектеп жабылды. Қазақ тілінің қолдану аясы өте тарылды. Сол кезде билікте отырғандарды тіл тағдыры толғандырмады.

Аса маңызды мәселелердің барлығы тек Мәскеуде ғана шешіліп отырды. Республикалар егемендігі сөз жүзінде ғана болды.

Қазақстан партия басшысы Д. Қонаев өз жұмысында көптеген кемшіліктерге жол берді. Д. Қонаевтың өзіне республика халықтарының арасында табынушылық пайда болды. Д. Қонаев маңындағылар республикадағы күрделі әлеуметтік, экономикалық, рухани, экологиялық жағдайларға немқұрайды қарады.

1985 жылғы сәуір айында Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Онда Орталықпартия Комитетінің бас хатшысы М.С. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ бұл шешім тек сөз жөзінде қалды. Оны Қазақстанның партия, кеңес органдары қызметінен байқауға болады.

Тоқырау жылдарында одақтың барлық аумағында, оның ішінде Қазақстанда да басқару ісіне жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар орын алғаны белгілі. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік – экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген аутқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамында бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитетінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарады. Бұл комунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитетері ескіше қызмет етті. Қазақстан КомпартиясыныңОрталық комитеті құрамында сапалық өзгерістер аз болды. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасауға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтермелеп тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Сол кездегі Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә. Назарбаев 1986 жылғы ақпан айында өткен Қазақстан Компартиясы ХVI сьезінде жасаған баяндамасында және сьезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар осындай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитетерінің дер кезіндешешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, күрделі мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.

Қайта құру қайшылықтары

КОКП ОК-ның 1985 жылғы пленумында, КОКП-ның XXVII съезінде қабылданған қайта құру бағыты оңайшылықпен жүзеге аспады. Жүргізілген көптеген шараларнәтиже бермеді. Мысалы, үкіметтің маскүнемдікке қарсы күресі экономикаға біршама зиян әкелді. Көптеген жүзімдіктер құртылды. Көлеңкелі экономика нығайып, қайта құру бағытына баға беріп, оны жүргізудегі қателіктер мойындала бастады.

1987 жылы қазанда қайта құрудың баяулығы, оны жүргізудегі шалағай саясат туралы Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Н. Ельцин өз сөзінде мәлімдеме жасайды. Бұл мәлімдеме ұзақ уақыт бойы ақпарат көздерінде айтылмай жүрді.

Осыдан кейін қайта құруды жүргізу үшін ең алдымен саяси жүйеге реформа енгізу керек болды.

 Кеңес саяси жүйесіне реформа

1989 жылы мамырда КСРО халық депутаттарының I съезі өтті. Съезде елді жайлай бастаған дағдарыстың себебі туралы мәселе қаралды. Бұл съезден кейін компартияның билігі өз беделінен айырыла бастады. М. Горбачев бастаған партия басшыларының қызметіне сын айтылу көбейді.Партиямен қатар комсомол, кәсіподақ қызметтері де үздіксіз сыналды.

КСРО халық депутаттарының I съезінде жаңа одақтық келісімшартты жасау мәселесі көтерілді. Бірқатар одақтас республикаларда егемендік туралы декларация қабылданды.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстан өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады.

Осы жылдар аралығындағы қазақ жастарының көтерілуіне түрткі болған оқиғалар.Желтоқсан оқиғасы (1986)

1986 жылғы желтоқсан оқиғасына жылдар бойы қордаланған осындай себептер түрткі болды. Орталықтың өктемдік әрекеттері мен демократиялық принциптері арасындағы қайшылықтар, шовинистік саясат т.б. қалыптасқан жағдайлар наразылықтың негізгі себептері болды.

Наразылық сылтауы. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің V пленумы болды. Пленумда Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Д. Қонаевты орнынан босатып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В. Колбин тағайындалды. Ел басшылығының ауыстырылуына арналған бұл пленум 18 минутқа ғана созылды. Орталықтың бұл әрекеті барып тұрған саяси қателік және қазақ халқының мүддесін мүлде елемеушілік болды.

Оқиға барысы. 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында республика басшылығының ауыстырылуына қарсылық ретінде жастар толқуы басталды. Мұндай наразылықтар басқа қалаларда да өтті. Наразылықтың, басты қозғаушы күші студенттер, жастар болды. Жастар толқуы бейбіт жағдайда Алматы көшелерінде басталды. Жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ болды. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, әр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді. Бюрократиялық жүйеге үйренген республика басшылары жастар пікірін тыңдағылары келмей, олардың тез тарауын талап етті. Шеруді тарқату мақсатында республика басшылары Алматы гарнизоны, басқа да әскери күштер көмегімен жастар жиналған Брежнев алаңын қоршады. Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінің ішкі әскер бөлімдері әкелінді.

Осыншама ірі күштер сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар т.б. қарулар көмегімен демонстрацияны тоқтатты. Қоғамдық тәртіп сақшылары өрескел қатыгездікке барып, көп адамдардың қаза табуына жол берілді. Республика басшылары бұл жағдайға көз жұма қарады.

Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент, комсомолдан 787 адам шығарылды.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова сияқты жастар жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды. Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-сы ақталды. 1987 жылғы КОКП Орталық Комитеті Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады.

Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. КОКП ОК-ның желтоқсандағы жастар шеруін қазақ ұлтшылдығы деп кінәлау қате деген қаулы шығарды. КСРО халық депутаттарының I съезінде ақын, қоғам қайраткері М. Шаханов желтоқсандағы орталықтың жүргізген іс-әрекетін қатты сынап, тұңғыш рет мінбеде сөз сөйледі. Бұл желтоқсан шындығын ашудағы алғашқы қадам болды.

 Жаңаөзендегі оқиғалар

 Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мұнай, газ кен орындарына жұмыс күшін үкімет сырттан әкелді. Сырттан келгендер мен байырғы тұрғындар арасында әлеуметтік әділетсіздік орын алды. Мұндай әділетсіздік тұрғын үй, азық-түлік бөлуде де орын алды. Жастар арасында жұмыссыздық көбейді. Тұрғын үй кезегі ұзаққа созылды. Сонымен қатар сырттан келгендер қазақ халқының ұлттық мүддесімен санаспады. Осының бәрі 1989 жылғы Жаңаөзен қаласындағы қазақтар мен Кавказ ұлттарының өкілдері арасындағы қантөгіске ұласқан қақтығысқа себеп болды. Қақтығыс әскерилердің көмегімен басылды. Осы оқиғадан кейін сырттан вахтамен жұмыс істейтіндер қаладан әкетілді.

Қарағандыдағы кеншілер ереуілі

 1989 жылы шілдеде Қарағанды көмір кенінде жұмыс істейтін кеншілер ереуілі болды. Ереуілге 15000-ға жуық адам қатысты. Олардың талабы: жалақы өсіру мәселесін шешу, Семей ядролық полигонын жабу, орталықтың монополиясын тоқтату т.б. Ереуілді Д. Тегісов, М. Рамазанов, П. Шлегель, П. Перебойнос т.б. басқарды. Ереуілшілермен кездесу үшін Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев Қарағандыға келіп, ереуілшілерді тыныштандырды. Кеншілер мен республика үкіметінің көзқарасы бір жерден шықты.

 1985-1991 жылдар аралығында Қазақстанда құрылған саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер.Қоғамдық-саяси қозғалыстар.

 80 жылдардың аяғына қарай демократиялық процестің жандануына байланысты Қазақ КСР-де қоғамдық ұйымдар құрыла бастады.

1989құрылы Қазақстанда алғашқы болып «Невада-Семей» экологиялық қозғалысы құрылды. Қозғалыстың мақсаты — республика жеріндегі Семей және басқа полигондарды жабу, полигон зардабын шеккен халыққа көмек көрсету. Қозғалыс төрағасы — О. Сүлейменов. Ақын, қоғам қайраткері М. Шахановтың бастамасымен Балқаш және Арал проблемалары бойынша комитет құрылды. Комитеттің негізгі мақсаты Арал төңірегіндегі экологиялық апаттың зардабын шеккендерге көмек беру, теңіздің экологиялық апатына үкімет назарын аудару болды.

1990жылы «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Басты мақсаты Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу болды.

1991 жылы «Азат» азаматтық қозғалысының партиясы құрылды.

Жастар өздерінің саяси қозғалысы «Алаш» партиясын құрды.

1991 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды.

1990 жылы ұлтаралық «Единство» қозғалысы құрылды. Қозғалысқа ғылыми-техникалық интеллигенция өкілдері кірді.

Осы кезде «Желтоқсан» партиясы құрылды. Бұл партияның құрамына 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандар кірді.

1989 жылы «Әділет» қоғамы құрылды. Қоғамның негізгі мақсаты ұжымдастыру кезіндегі ашаршылық, сталиндік репрессия шындығын ашу болды. Бұдан басқа Қазақстанда «Азамат», «Ақиқат», «Қазақ тілі», «Мұсылман әйелдер лигасы» сияқты қоғамдық-саяси қозғалыстар құрылды. 1990 жылы Қазақстанда 100-ден аса қоғамдық-саяси қозғалыс болды. Алматыда ғана 40-қа жуық саяси қозғалыс жұмыс істеді. Бұл кезде Қазақстандағы көптеген қоғамдық-саяси крзғалыстар әлсіз және қалыптасу кезінде болды. «Невада-Семей», «Қазақ тілі» сияқты қоғамдық қозғалыстар біршама мықты, көптеген мүшелері мен белгілі дәрежедегі қаржылық қорлары бар ірі қозғалыстар болды.

1990 жылы Қазақстан коммунистік партиясы құрамында 800000-ға жуық мүше болды. Осы кезден бастап компартияға деген халықтың сенімсіздігі күшейді. Бұл жағдай компартия беделінің түсуіне айтарлыкгай әсер етті. 1990 жылы компартия мүшелерінің 42%-ы өз еркімен партия қатарынан шықты. Осы жылы партия мүшелерінің қатары 49000-ға кеміді.

90 жылдардың басына қарай Қазақстанда бұрын патша үкіметінің жазалаушы күші болған казактар ұйымы пайда болды. 1991 жылы 15 қыркүйекте Орал қаласында казактар патша үкіметіне қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеуге шешім қабылдады. Бұл, шындығында, қазақ халқының ұлттық мүддесімен санаспағандықтың дәлелі. «Азат», «Желтоқсан», «Парасат» қозғалыстары бұл әрекетке ашық түрде қарсы шықты. Жаппай қақтығысқа ұласа жаздаған бұл әрекет жоғарыда аталған қозғалыстар мен құқық қорғау органдарының араласуымен тоқтатылды.

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада — Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада — Семей» қозғалысын құрдық».

Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен тұңғыш ретКСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды.

Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел ауағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы.

Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды.

1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.