Қыпшақ-ноғай түркілерінің фразеологизмдері

Алтын Орда мемлекеті құлағаннан кейін пайда болған халықтардың бірі қыпшақ-ноғай тобындағы халықтар. Тарихи деректерде бұл бірлестікті ноғайлы елі деп атағаны белгілі. Ноғайлы бірлестігі құлатылған соң, олар бірнеше хандықтарға ыдырап кетті. Соның нәтижесінде ноғай, қарақалпақ және қазақ халықтары қалыптасты. Бүгінде қыпшақ тобындағы түркі тілдерінің ішінде қыпшақ-ноғай тобына енетін қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері бір-бірінен әлдеқайда алшақтаған. Оның көріністері аталған тілдердің фразеологизмдерінен де байқалады. Оның басты себебі – аталған топтағы тілде сөйлейтін халықтардың территориялық жағынан әркелкі орналасуында жатыр. Соның нәтижесінде жақын туыстас тілдердің лексикасында айырмашылықтар молая түскен.

Ноғай тілі қазіргі Қарашай Черкес автономия облысында мекендейтін ноғай халқының тілі. Ноғай тілі өзінің сөздік қорына және грамматикалық құрылымына қарай қарақалпақ тіліне жақын келеді. Ноғай халқының біразы Дағыстан территориясында, Ставрополь өлкесінде, Астрахань маңында өмір сүреді. Баскаков ноғай тілінің үш диалектісін көрсетеді (ноғай диалектісі, қара ноғай диалектісі, ақ ноғай диалектісі). Ноғай тілі қалыптасу тарихы жағынан үлкен Ноғай ордасымен, Алтын орда және қыпшақ тайпалар одағының даму тарихымен тығыз байланысты. Ноғайлар мен қазақтардың түпкілікті ажырауы жоңғар қалмақ шапқыншылығы кезеңіне сай келеді.

Ноғай тілі өзінің құрылымы, сөзжасамы жағынан қазақ тіліне өте жақын тіл болғандықтан бұл тілдің фразеологизмдерінде де ортақтық өте мол. Тек аздаған айырмашылықтар кездеседі. Ондай айырмашылықтар негізінен кейбір фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің семантикалық жағынан өзгерісіне байланысты. Мысалы, ноғай және қазақ тіліндегі бірқатар фразеологизмдердің құрамы мағыналас сөзбен ауысып келеді. Оны төмендегі мысалдардан байқауымызға болады.

Ноғай тіліндеҚазақ тілінде

Ауыз этуьвауыз тию

Коъз атувкөз салу

Ашув этувашулану

Ашув сыпатланувашуы келу т.б

Жалпы, ноғай тілі қыпшақ тобындағы тілдердің бәрін біріктіретін аралық тіл деуге болады, себебі, ноғай тілін қазақ тілінен ерекшелеп, қыпшақ-бұлғар тобындағы татар, башқұрт тілдерімен және қыпшақ-половец тіліндегі қарашай балқар, құмық тілдерімен біріктіретін бірқатар ортақтықтар бар. Ондай ерекшеліктер ноғай тілі лексикасында кездесетін қыпшақ бұлғар тобына тән желке, мұрын сөзінің фразеологизмдер құрамында мол кездесуі, қыпшақ-половец тобындағы тілдерге жақындататын борбай, ару, тас сөздерінің өнімді қолданысы, грамматикасында тувул (түгел) «жоқ, емес» модаль сөзінің сақталуына байланысты. Себебі, бұл халықтың тарихын зерттеуші ғалымдар ноғай және қарашай балқар, құмық тілдерінің бірлікте болғанын айтады [2, 11].

Желке сөзі қыпшақ тобы тілдерінің фразеологизмдерінде негізінен татар, башқұрт тілдерінде әрі қарашай-балқар, құмық тілдерінде мол кездесуімен ерекшеленеді. Осы секілді, ноғай тілінде де бұл сөз фразеологизмдерде өте мол орын алған. Мысалы: елкеси тыртысув «жақтырмау», елкесин коьргендей этип коьруьв «ұнатпау», елкеси кайнав «семіру», калын елкели киси «бай, тұрмысы дұрыс адам» т.б. Сол секілді қазақ тілінде көбінде танау сөзі қолданылатын фразеологизмдерде татар, башқұрт тілдеріндегідей «бурын» мұрын сөзі қолданылуы да ноғай тілін аталған тілдерге жақындатады. Бурын туьбинде «жақын жерде», бурын тыгув «тұмсығын тығу» (қажетсіз жерге араласу), бурнын коькке коьтерув «танауын көкке көтеру», бурнынан тартса йыгылаяк «арық, жүдеу» т.б.

Қыпшақ-половец тобындағы қарашай балқар, құмық тілдері лексикасында жиі қолданылатын борбай, тас, ару сөздері де ноғай тілін аталған татар, башқұрт және қарашай балқар, құмық тілдеріне жақындатады да, қазақ тілінен ерекшелендіреді. Мысалы: кара борбай болып юруьв «біреуге бағынышты болу», аърув соьз йыланды иннен шығарар, тас болу «кету, жоғалу» секілді бірліктер ноғай тілінің қарашай балқар, құмық тілдерімен ортақтығын танытады.

Демек, ноғай тілі ноғай-қыпшақ тобындағы тілдік белгіні фразеологиясында толық сақтаған. Соған қарамастан, ноғай тілі Алтын Орда дәуіріндегі бұлғар, половец тобындағы тілдердің тығыз қарым қатынаста болған дәуірдегі тілдік белгілерін де сақтаған, әрі қазіргі халықтың орналасу территориясына байланысты тілдік ареалдық өзгерістерге де ұшыраған. Мұны батыс қыпшақ тобындағы тілдерді кеңінен зерттеген К. Мусаевтің пікірі де дәлеледей түседі. Ғалымның өз сөзімен айтар болсақ: «Конвергенция восточных и западных кыпчаков найболее интенсивно развивалась в золотоординскую эпоху, тогда в зоне контактов между двумя основными ветвями складывается смешанный язык ногайского типа с преобладанием западных элементов, лексикой – больше заимствований из персидского, арабского и северокавказских языков и из русского языка. И тем не менее сохранил некоторые общие ногайско-кыпчакские особенности, которые казахский утратил» [3, 23]. Дегенмен ноғай тілін қыпшақ тобындағы татар, башқұрт, қарашай балқар, құмық тілдерінен гөрі қазақ және қарақалпақ тілідерімен ортақ жағы анағұрлым мол.

Ал, қарақалпақ тілі Өзбекстан құрамына енетін Қарақалпақ автономиялы республикасының халқының әдеби тілі. Құрылымы жағынан қазақ және ноғай тілдеріне өте жақын тіл. Қарақалпақ халқы Өзбекстан аймағындағы Хорезм, Ферғана облыстарында, Астрахань аймақтарында және шетелдерден Ауғанстанда мекендейді. С.П.Толстованың пікірі бойынша қарақалпақтардың халық болып қалыптасу процесі Арал теңізі маңында оғыздар мен шығыстан келген қыпшақ қимақ тайпаларынан құрылған Қаңлы бірлестігінің құрамында болған кезде басталған. Қарақалпақтардың печенег оғыз тайпаларынан шыққандығын А.Вамбери де қолдайды. Н.А.Баскаковтың айтуынша «Қарақалпақ халықтық тілі кейіннен Печенег (10-11), половцы (11-13), Алтын Орда (13-15) және үлкен Ноғай ордасы мен қазақ, өзбек одақтарына сіңісіп кеткен тайпалардың негізінде қалыптасқан», — дейді [4,121].

Қарақалпақ және қазақ тілдерінде бір семантикалық мағынада жұмсалатын фразеологизмдердің құрамы ауысып келеді. Ондай ауысудың өзінің екі түрін байқадық. Біріншіден, қазақ тіліндегі кейбір фразеологизнің құрамындағы сөздердің тек орны ауысып келеді. Және бұл тәсіл негізінен тек осы қарақалпақ және қазақ тілдерінде байқалды. Мысалы: Қарақалпақ: аспан менен жершелли «өте үлкен айырмасы бар деген мағынада», көз бен қастың арасында «тез жылдам », қалың бет «ұяты жоқ» т.б.Ал, қазақ тілінде: Жер мен көктей, қас пен көздің арасында, беті қалың түрінде ауысып қолданылады.

Ал, ендігі бір фразеологизмдердің құрамындағы сөздерінің орны ауысып келеді. Мысалы, қазақ тіліндегі ит тұмсығы батпайтын «ну орман» мағынасыпышық мурны батпас түрінде жылан жалағандай тіркесі пышық жалағандай түрінде қолданылады. Сол секілді, хат хабарсыз «еш хабарсыз» тіркесі қарақалпақ тілінде хабарсыз — атарсыз түрінде, қазақ тіліндегі айдан анық тіркесі айдан ашық түрінде, қазақ тіліндегі бес саусақтай білу тіркесі қарақалпақ тілінде бес бармақтай білу түрінде қазақ тіліндегі бидай өңді тіркесі буудай жүзли, қазақ тіліндегі, ақ көңіл ақ көкірек, басы піспеу басы батпау «тіл табыса алмау» ала аяқ ақ аяқ, ақ саусақ ақ жаға түрінде құрамы ауысып қолданылады.

Қарақалпақ тіліндегі кейбір фразеологизмдердің тіркесу тәсілі аздап оны қыпшақ бұлғар, қыпшақ половшы тобына жақындатады. Мысалы Қарақалпақ тіліндегіқатігез: бауыры тас, бай, тұрмысты: Ауқаты жақсы,маңлайы қара «бақытсыз тобығы толған «есейген» түрінде кездесуі татар, башқұрт тілдерімен құрылымдық ортақтығын сақтағандығын танытады.

Сонымен қатар қазақ тілінде мүлдем кездеспейтін фразеологизмдер де көптеп кездеседі. Мысалы: жуулмаған қасықтай «сүйкімсіз, орынсыз әр іске кірісетін адам»; терис жоңқа «қырсық адам»; адалға қарсы жоқ «кедей»; ай менен жарысқан «айдай сұлу»; аттың қасқасындай «айдан анық»; ашылмаған маңдай , жазық маңлай, қара маңлай «бақытсыз адам», кәлә моллани көрмеген «тәрбиесіз адам»; т.б.

Дегенмен, қарақалпақ тілі барлық жағынан қазақ тіліне жақын тіл екендігін фразеологизмдерінен көруге болады. Қазақ қарақалпақ тілдері фразеологиясындағы басты айырмашылықтар негізінен лексика семантикалық деңгейде ғана қалыптасқан. Яғни, қарақалпақ тілі лексикасындағы араб, иран элементерінің молдығы ол тілдің фразеологиясына да әсерін тигізбей қалмаған.Ал, ноғай тілі ноғай қыпшақ тобындағы тілдік белгіні фразеологиясында толық сақтаған. Соған қарамастан, ноғай тілі Алтын Орда дәуіріндегі бұлғар, половшы тобындағы тілдердің тығыз қарым қатынаста болған дәуірдегі тілдік белгілері де байқалады, әрі қазіргі халықтың орналасу территориясына байланысты тілдік ареалдық өзгерістерге де ұшыраған.

Сонымен қорыта айтқанда қыпшақ тобындағы түркі тілдерінің ішінде қыпшақ-ноғай тобына енетін қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері тобының фразеологиялық сәйкестігі ортақтығын сақтағанына қарамастан басқа топтарға қарағанда біршама шашыраңқы. Оның басты себебі, аталған топтағы тілде сөйлейтін халықтардың орналасуындағы территориялық алшақтықтармен байланысты болса керек. Айталық, жалпы қыпшақ тобындағы тілдердің ішінде қыпшақ бұлғар, қыпшақ половец топтарындағы халықтардың тілі, лексикалық сәйкестігі біршама мол болып келсе, қыпшақ-ноғай тобындағы тілдер (ноғай, қарақалпақ, қазақ) лексикалық сәйкестігі салыстырмалы түрде біркелкі емес. Соның нәтижесінде жақын туыстас тілдердің лексикасындағы айырмашылықтар молая түскен. Ал, оның көрінісі аталған жақын туыстас тілдердің фразеологизмдерінен көрініс тапқан дегіміз келеді.

Резюме

В данной статье анализируются кыпчак-ногайские фразеологизмы и их сравнительно-лингвистические особенности.

Summary

In this article analysed кypchak-nogay phraseological units and their comparatively-linguistic to the featur.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Н.Бичурин. Собрание сведений о нородах обитавших в средней Азии
  2. Мусаев К.М. Лексика тюркских языков М.,1984,226б.
  3. Баскаков.Тюркские языки.М.,2006.
  4. Бертагаев Т.А. К сравнительно-историческому изучению лексики монгольских языков.М.,Наука 1960.