Сөйлеу мәдениеті – ел мәртебесі

Төл тіліміздің сөздік қоры өте бай екендігіне ешкім де бүгінде таласа алмас. Әсіресе, тәуелсіздік алғалы бері елімізде қаншама басылымдардағы әдеби- көркем, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени, тұрмыстық қарым-қатынаста туындаған жаңа да тың, соны сөздер, сөз орамдары мен сөз тіркестері де сөздік қолданысқа еніп кетті. Бастапқыда сол сөздерді өгесінгенімізбен, өзегімізді талдырмайтындығына, өлтірмейтіндігіне көзіміз жетті. Көне сөздерге жатқызуға бейімделіп қалған ұлттық ерекшеліктер – киіз үй, ою-өрнектер, мал шаруашылығы, байырғы соғыс өнеріне қатысты сөздер соны мәнге ие болып, жаңара бастады, жаңғырды. Мәселен, киіз үйге қатысты туырлық, уық, ергенек, кереге, шаңырақ деген сөздер күні кешегі күннің заттары секілді өз мағынасы мен мәнін жоғалта бастағаны жасырын емес-ті. Өз тіліміздегі өз сөзіміз көңілімізге, көкейімізге томпақ тиіп, оны баяғы замандағы көшпелі халықтың, көне ата-бабаларымыздың көшіп-қонып жүргендегі сөз қолданысы деген де ойда болатынбыз.

Рас, тәуелсіздік ұлттық болмысымызды оятты, сергітті. Ата-бабамыздың, түп тамырымыздың түбіне, өзегіне, тереңіне үңіле түсуге ықпал етті. Оң әсерін тигізді. Біздер ешкімнен де кем емес, өз тарихы, өз мәдениеті мен өзіндік рухы бар әрі болмысы биік ұлт екендігімізге сенімімізді күшейтті.

Ал ендігі мәселе – сөз мәдениетіне келелік. Ашығын бірден айталық. Сөз мәдениеті бүгінде өз деңгейінде ме? Ия деуге де негіз бар. Біріншіден, білім беру мекемелерінде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, онда өтілетін дәрістерде, лекцияларда, семинарлар мен тренингтерде, түрлі пікірталастар мен сұхбаттар сәтінде сөз мәдениетіне еріксіз түрде, ішкі түйсікпен бойымызды, ойымызды жинап, талап деңгейінде көрінуге талпыныс танытамыз. Дұрыс сөйлеуге ұмтыламыз. Екіншіден, демей-ақ, ендігіде бүгінгі зәру мәселелерге ойысалық.

Сөйлеу, сөйлей білу қазірде мәдениет деңгейіне көтерілуі қажет. Өйткені, су жаңа киімді киюге аңсарың қатты ауғандай немесе киер киіміңді талғап, таңдап кигендей сөйлеу мәселесіне де дәл солай мән бере кіріскен жөн. Бұл жәйтті тек киіну жағдаятымен салыстыру аздық етер, бәлкім. Олай болса, тамақтану секілді, дос, жар таңдау сияқты тиісті мамандық иесі болу сипатындағы ой-қиялыңды електен өткізетіндей, сондай пейіл таныта кіріскен абзал.

Сөйлеу – жеке өзіңнің қажетің ғана емес. Қоғамдық сипаты мол қасиет бұл. Сөйлеу мәдениеті осыдан шығады десек, артық айтқандық емес. Сөз – қару, сөз – демеу, сөз – бағыт бағдар, сөз – іс-қимыл болған заманда өмір сүру өте күрделі һәм қиын. Төл тіліміз өз еркіндігін алып, өз тізгінін қолына алды дегенмен, әлі де зәруліктер жеткілікті. Бұл, бәлкім, заңдылық та шығар. «Бәріміз бір тілде сөйлесек, жұмақ – қоғам орнатамыз» деген коммунистік идеологияның зардабы да болар. Әйтпесе, ана тілі деп бағаланатын қасиеті мен киесі бар өз тілінен өгей бала ғана өзеуреп, өзегінен жериді емес пе?!. Өз тілін білген, өзін құрмет тұтқан перзент өзгені де тап солай сезінері хақ. Өзінен безген өзгені де жарылқары аса күмәнді де. Тіл де солай ендеше. Өткен тарих та осылайша ғибраттайды. Әлемді уысына ұстамақ болған Шыңғыс хан Қытай елін жауламақ болғанда, сол елдің ішіне өз әскерлерімен ендеп енгенінде, сол елдің мемлекет билігі ешбір ойланбастан, олардың басып алуына мүмкіндік те берген. Бұл – жеңілістің белгісі емес-ті. Бұнда ұзақ мерзімге созылған пәлсапа жатқан-ды. Күндер өтер, жылдар жылжыр. Ішке енген шыңғысхандық жауынгерлер сол жердің қыздарын жар етіп құшар, ұрпақ та өсірер, бірақ сол ұрпақ монғол тілінде емес, қытай тілімен көзін ашар, ал өзге тілде дүние есігін ашқан ұл мен қыз сол тілде әлемді ұғынар, сол тілде сөйлеп, ұйықтаса да сол тілде түс көрер деген берік байламда болған. Уақыт өте келе, бұндай тәмсілдің баяндылығына әлем тарихшыларының, көзіқарақты оқырмандардың зердесі де, көзі де жеткен.

Тіл мәдениеті – айрықша парықтауды қажет етеді. Анайы сөйлеуге, сөге жамандай сөйлеуге деген дағдыдан бас тарта білсек, қанеки.

Рас, қоғам бір-ақ сәтте сыпайы сөйлеп, бекзат қалыпқа еніп, дегдар деңгейге жете қоюы бек мүмкін деп ойлау аздық етеді. Оның үстіне әңгіме айтқанда да аспандай бермей, жерге түскен де дұрыс. Сонымен, жердегі әңгіме не дейді. Жердегілер не деуші еді. Бүйдейді де: Дұрыс дейді. Жақсы сөйлеу керек. Сыпайы реуіште жүру керек дейді және де. Содан соң айтады. Сөгу, былапыт сөйлеу күнә деп айтар сөздерін шегелей түседі. Қосыласың.Өйткені өзің де солай ойлайсың. Бұл – ой-пікір, бәтуа жағы.

Ал өмірде, пәни тірлігімізде ше. Мынау бұрышта да, анау қалтарыста да өзімізше айтқанда, сол баяғы айтпау керек деген сөздердің қаптап айтылатыны. Былапыт, кесапат, кеще сөздер бұршақша жауады. Бояуды қалыңдатып жағып жатқан жайым жоқ. Борандай борайды-ау кей-кейде. Бұл не сонда? Іштей де, сырттай да қарсы болғанымызбен, етіміз, шіркін, көнбістік танытады. Келіседі де. Өйткені етіміз үйренген әбден. Соған бола жағасынан аласың ба? Алайын десең, өзіңнің тілің де кейде сол сөздерді қайталап қалады. Жә, тоқтаталық осымен. Көпке топырақ шашпалық. Көптің ішінде көргенділері көп-ақ.

Сөйлеу мәдениеті дегеннен шығады, сөйлеу сәттерінде өзге тілдің бірер сөздерін ара-арасында қыстырып сөйлеу де аз емес. Бұл да көбінесе қалыпты жағдайға айналған сыңайлы. Бейнебір дәнекер сөздей ме, әлде сәндік айналымдағы сөз орамдары ма, шыны солай. Орынды, орынсыз пайдаланылады. Тіл шұбарлаудың бірер көрінісі ғана бұл.

Осынау жағдаяттарды балалатып, шұбырта айта беруге болады. Айтпағымыз, сөйлеу мәдениеті ұғымын мемлекеттік деңгейге көтерсек деген ұсыныс. Сөйлеу мәдениеті жайлы түсінік, оның анықтамасы, ережесі, қолданылу сипаттары жайлы еңбектер алдағы уақыттарда да көбірек жазылса. Замана, уақыт талабына сай еленіп, електен өтсе. Ол үшін қазақ тіліндегі орфографиялық сөздіктер бір ізге түссе, қадағаланса. Бүгінде бір сөздің өзі екі-үш түрлі жазыла береді. Бірде қосылып жазылады, кейде дефис арқылы беріледі, тіпті, бөлек жазылады. Орфографиялық сөздікте мұндай сөздердің дұрыс жазылуы көзге анық жазылса да, ескерусіз, еленусіз күй кешуде. Бұл да сөйлеу мәдениеті. Өйткені сөйлеу мәдениетінің деңгейі мен мәртебесі оның жазылу дәстүріне де байланысты екендігін естен шығармаған лазым.

Кей-кейде сөйлеу дағдысында тұздығы көптеу былапыт сөздерді айтпаса болмай ма деген сауалға әртүрлі жауаптар аласың. «Өйтпесе, сөздің салмағы болмайды», «Сөйтпесе, ұқпайды», «Олай сөйлемесең, былбырсың» – дейді. Бұл – үстірт ұғымдар. Десек те, анда-санда ғана емес, көбірек жағдайда десек тым артық бола ма, кім білсін, бірақ «Мына балаңызды бір сыбап беріңізші», «Осы қайныңызды бір басып қойыңызшы», «Әкесін танытыңызшы мына жазғанның» деген өтініш-сөздерді естісімен, ал келіп, нешебір бейдауа сөздерді айызын қандыра айтып еліріп, еліте сөйлеген анайы сөздерге қайран қаласың. Үндемейсің. Дымың ішіңде болады. Әйтпесе, ыржалақтап күле бересің. Жынды ма, пері ме десең, сап-сау адам. Жолымен, жөнімен сыбап жатыр. Бірақ біздікі анайы тілмен емес, ана тілімен төгілтіп айтса, қанеки, деген тілек қана. Анайы тілдің сілікпесін асқақтатпай, ана тіліміздің уызын ардақтайық деген ой ғана.

Біздің ұлттың ең басты қасиеті – тілдің ана сүтімен даруында. Қай елдің қызы болса да, барған жерінің туын көтеретін дара да дана қыздарымыздың аналық қасиеті қашанда жоғалған емес. Ендеше, ана тілі деп аталатын ұғымды қазақ тілі десек, оның көсегесі көгере беретіндігіне бір мысқал да күмән жоқ. Тек ынта-ықылас, талап, ниет берік, баянды болсын делік.

Сөйлеу мәдениеті дегенге тек сыпайы сөйлеу деген ұғым қалыптаспауы керек. Сыпайылықтың да жөні, жосығы бар. Сыпайылылықты бүгінде тым қарабайыр түсіну де қоғамдық пікірде нық орнықты. Ынжықтық, өз ойын кесіп айта алмаушылық, кібіртіктеу, орынсыз ұялу, дер кезінде сөйлей білмеу секілді қасиеттер сыпайылықпен бірге қоныс теппейді. Сыпайылықтың ауылы биік өреде.

Қажет жерінде қайсарлық таныту, сөзді күбілтелемей жалындап, жайнап сөйлеу, жарқырай көріну секілді қаситтер төл тіліміздің сөйлеу мәдениетімен қабысса, нұр үстіне нұр. Осындайда халқымыздың «Қолынан да, сөзінен де іс келеді» деген мақтанышқа тола тағылымды даналығы ойға оралады. Сөйлеу мәдениетінің қалауы да сол. Ал қазақ тілі – айнадай жарқыраған, сәуле шашар, керек кезінде айбынданып, айбарланып, қуатты күшке айнала алатын құнарлы да нәрлі тіл.

Сөйлеу мәдениетін дамытуда ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті нұсқалары мейлінше пайдаланса, оның әсері де мол. Ертегі тыңдаған, әдет-ғұрып, жөн- жосық үлгілерін көріп өскен, уызында жарыған ұрпақ төл тілдің қадірі мен қасиетін сезініп өседі. Бұлардан мақұрым қалған пендесі алапат та анайы сезімге тап келеді. Ақылға бастар аялы сөздің орнын ашу-ызаға бөктіретін арзан сөздер басып алады. Төпелеген сел мен даудың астында қалу, мінеки, осыдан бастау алады.

Сөйлеу мәдениеті – қызыл сөзден қуырдақ қуыру емес. Сөйлеу мәдениеті елге, елдік мұраттарға қызмет етеді. Бірлікті, ынтымақ пен жасампаздықты, меже еткен, тағылымды тірлікті толғауы тоқсан өмірдің тоқетері санаған ел мен жер осынау биік міндеттің төбесінен көріне алары хақ. Ата-бабалар тағылымы осыны меңзейді. Ата тарих, ана тіл солай деп тәмсіл етеді.

Бүгінде сөйлеу мәдениетіне қойылар талап та өте жоғары. Сол деңгейде көріне алмай жүргенімізге, әрине, көңіл ортаяды. Ой тояттамайды.

Әйтсе де, тәуелсіз ел болып, еңсе тіктелгендіктен, келер заманға кемел оймен қарау баршамызды қанағаттандырады. Мемлекеті орнында, астанасы Арқа төсінде, тілі төрде болған ел-жұрттың ойы да текті, жоғарыда болуға тиіс. Төмендемейді де. Керісінше ойлау кері кеткендерден ғана шығады. Аузы күйсе де, көнбіс халқымыздың ұлы ұлдары мен аяулы қыздары тірі тұрғанда тіл деп соққан жүректері туған халқымен мәңгі жасай беретіндіктеріне ешбір шүбә жоқ. Өзегі үзілмеген, жүйкесі жұқармаған, тектілігі сақталған еліміздің ана тілі сөйлеу мәдениетін одан әрі қарай өрістетуге негіз болып қала беретіндігіне имандай сенетініміз де сондықтан.

Сөйлеу мәдениеті өзінен-өзі қалыптасып, нығаймайды. Бірді-екілі іс- шаралармен сөз мәдениеті, сөйлеу мәдениеті жайлы мәселелерді көтеруге болады да. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Сөйлеу мәдениеті ел эканомикасынан, халқының әл-ауқатынан тыс дүние емес, қоса өрілген еншілес дүние. Бірінсіз-бірі ғұмыр кешпейді. Күні кешегі кеңестік жүйедегідей сананы қаншама өзгертемін деп әуре-сарсаңға салғанындай, оның күні қараң. Бір-ақ күнде күйреп қалады. Сол себепті де тәуелсіз еліміз бүгінгі таңда ел эканомикасын тіктеп, оның рухани-мәдени салаларына жіті назар аудара бастағаны мәлім. Сондай-ақ, осы орайда құқықтық, мәдени, этикалық мәселелердің төбе көрсетіп тұрғаны да шындық.

Сөйлеу мәдениеті әрбір адамның ішкі мәдениетіне тікелей тәуелді болғанымен, әсіресе, жастар арасында өздерінше заманауи, сәнді әрі өздерінше уақыт деңгейінен қалмағандығын дәлелдетуге тырысатын сөздер қазірде жеткілікті. Бұл сөздер қылмыс әлемінің жаргондары мен лексикасы десек те, кейбір жастар оларды мейілінше қолданады. Мысалы: сындырдым (көндірдім), жынды (керемет), лақтырды (тастап кету) т.т.

Әрине, осынау сөздер уақыт өте қарым-қатынас сөздері ретінде жоғалар. Әйтсе де, бүгінгі шындық осы. Жастарды кінәлауға да болмайды. Сөйлеу және сөз мәдениеті қоғамдық өмірдің кей ретте көрінісі де емес пе. Адамгершілік құндылықтар атаулысының күрт өзгеруі адамдар арасындағы сөздік қарым- қатынасқа да өз әсерін тигізгені хақ.

Есте болар жәйт, сөйлеу мәдениетін орнықтыруда төл тіліміздің айтылу (орфоэпия), жазылу (орфография), сөз мағынасы (лексика), тұрақты сөз тіркестері (фразеология), сөздің түпкі мәні (этимология), жалғау, жұрнақ секілді тілдік, ғылыми жүйелерін де тыңғылықты үйрену және үйрету мәселелері де негізгі мәнге ие бола алатындығын назарда тұтқан жөн.

«Ораза, намаз – тоқтықта» демекші, сөйлеу мәдениеті ел экономикасына тікелей тәуелді дедік. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, ел игілігі мен тұрмысының жақсаруы, жаңғыруы – адамдар арасында талап деңгейіндегі төл тілдік қарым-қатынастарды жетілдіре түспек. Бұл өз кезегінде сөйлеу мәдениетіне де оңтайлы әсерін тигізері хақ. Өйткені еліміз төл тілімізді иемденген халқымыздың атын меншіктеген. Шет жұрттықтар да менталитетімізді білу үшін, ең алдымен, оның тіліне сәлем береді. Тілінің иірімі – сол елдің ділі. Ділін білген адамды сол тілдің иесі, әрине, төріне оздырады. Біздің халқымыздың басты қасиеті де осы. Намысын тіліне жаныған елдің ертеңі де жарық ендеше.