Көктеммен көктеген көңіл

Қазақ поэзиясы – тұнып тұрған сурет. Қазақ поэзиясы сырға толы. Қазақ поэзиясы – жан әлдиі. Өткен ғасырдың 60-жылдарының екінші жартысында біздер, студенттер ақын Сабырхан Асановтың өлеңдері және поэзиясымен танысу бақытына ие болдық. Біздер сонда ақынның орда бұзар отыз жасындағы ақындық, азаматтық болмысымен қауышқан екенбіз. Институт студенттері үшін сол жылдарда ақынмен кездесу дегеніңіз өте үлкен жаңалық болатын. Ақын сөзіне иланып, толқып, рухтанып қалатынбыз. Ақын сөзі ұлық еді ол кездерде.

Соңыра мерзімдік басылымдарда қызмет атқарып жүргенде ақын Сабырхан ағамен талай-талай жүздесудің, жолығудың, сұхбаттасудың, әңгімелесудің реті болды. Ақын аға Мырзашөл өңіріне де жиі келетін. Мырзашөлдік белгілі журналист, редактор Кенжебай Бөгенбаевтың адами, рухани тұрғыдағы ең жақын досы, сырласы болғандығына куә болған адамдардың бірімін.

Енді, мінеки, ақынның қолда бар жеті кітабын көзден өткізіп тұрмын. Оларды жылына қарай шығуына байланысты рет-ретімен атап өткім де келеді. «Ақбота» (1976ж.), «Қоштасқым келмейді» (1978ж.), «Бақытымды жырлаймын» (1980ж.), «Сағындырған көктем» (1983ж.), «Сағынамын» (1986ж.), «Көктемнің шуақты күндері» (1987ж.), «Елу көктем» (1930ж.).

Ақын өлеңдерінде табиғат-ананың көктем мезгілі тұрақты тақырыпқа айналғандай. Ақын жыл он екі айды шабыттана жырлайды. Сөз суретімен өрнек тоқиды. Көркем сөзге құдірет дарытады.

Көктем шығып келеді, көктем шығып,

Көптен бері ойымнан кеткен шығып.

Қарайыншы қылтиған көкке мына,

Қадыр білмес көңілім жеткенше ұғып.

Әрине, өлең жолдарында ақындық тіл поэтикасы еркін аңғарылады. Жадыраған жаз бен қоңыр күзден соңғы аязды қыстың қақпанына түскен жан бір сәтке көктемді қаншама аңсаса да, ойдан да, қиялдан да тыс қалуы бек мүмкін. Бірақ, табиғат-құдіреттің заңдылығын қойсаңшы. Өмір-бақи таусылмастай көрінген қытымыр қыс та көңіл ауанын толқытар көктемге орын бермей қоймайтынын айтсаңызшы. Нақ сол кезде көктемге деген іңкәр сезім көзіңді де, көңіл толқыныңды да сабасынан тасытпай қоймайды. Көкке де, инедей жерге шаншылған майсаға да, бүршігін жара бастаған өсімдік атаулысының баршасына да құмарта, аңсарың ауа қарайсың. Көрнекті ақынның осынау өлең жолдары, мінеки, дәл сондай ғажайып суретті көз алдыңа елестетіп, сезім иірімдеріне батырады.

Ақын суреттеуінде көктемнің әрқилы сипаттары да көркем сөздермен көмкеріліп, өзгеше теңеулермен ерекшеленеді. Мәселен ақын былай дейді:

Алатау – асқақ. Алматы – сұлу. Гүл көктем.

Сезім – бір қоян, сезіктен сәл-ақ бүлк еткен.

Сәулеге бітпес шомылдырып жер бетін,

Алып душ – аспан себездеп шипа нұр төккен.

Рас, көктем жауынсыз болмайды. Көктем аспанын айтулы ақын алып душқа теңейді. Жер-көкті көктем аспаны өзінің нұрымен, мөлдір тамшыларымен тазартады, жуындырады. Ақын сезімі үнемі көктеммен бірге. Көктемді аңсау, көктемге деген іңкәрлікті көрнекті шырайдың көптеген өлең жолдарынан кездестіруге болады. Мысал келтірелік:

Кеудесіне тулаған көк теңіз кеп,

Көгал қуған қалды артта өктем із көп…

Сапырып сап-сары ала жапырақты,

Күз ішінен мен жүрмін көктем іздеп.

Ақын поэзиясы – ақын өмірі, тыныс-тіршілігі, сезім арналары. Өлеңдерінде студенттік шақ, оның қызығы мен ойын-сауық тойы, арқа төсіндегі астық жинау сәттері – бәрі-бәрі де жастық шақтағы ақындық толқынысты аңғартады. Еске жалындаған жастық отының жарық нұрын оралтады. Жастық шақтың базарын тарқатпас осынау өлең жолдары бүгінде тарих қойнауына кетсе де, замана шындығын, жанды уақыт бедерін жадта жаңғыртады.

Ақын поэзиясында өмірге деген көзқарастың негізгі өзегін де байқап, пайымдауымызға болады. Шекспирдің өзі айтқанындай: «Өмір – сахна, адам – актерлер» демекші, ақындық тіл де өз оқырманына өзгеше бір дүниетанымды білдіреді. Ақынның өлең жолдарында айтылғанындай:

Тағы да тағдыр қат-қабыт,

Тағы да өмір – сахна.

Тәуекел болсаң – аттамақ,

Тілейді қымбат ақыға.

Нарық заманынан әлдеқайда ертерек жазылған, дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында дүниеге келген осынау өлең жолдары халқымыздың «Өмір – қымбат» деген данагөй сөзімен астасып жатқан сықылды. Өмірдің әрбір қас-қағымын үмітпен, арманмен, тәуекел тірлікпен өткізсең ғана оның қайтарымына, жемісіне ие боларсың деп, үн қатқандай болады ұлтжанды бауырмал ақын жүрегі.

Ғұмыр-дарияның әр кезінде айтылар сезім сырларын ақынның бүгінгі заманына орай айта беруге құқылымыз. Өйткені ақын да адам. Ақын да қуануға құқылы. Асып-тасуына да ерікті. Ендеше жыр жолдарына кезек берелік.

Менің дағы кеудем толы қуаныш,

Менің дағы кеудем бүгін тасқын жыр, –

деп ақын айтпақшы, ақын өлеңдері бүгінде өз оқырмандарымен қауышуда. Ақын бақыты осында. Рухтың шат болуы – оқырмандары мен поэзия жанашырларының көңіл көзінің ашық болуында. Қалғымауында дер едік.

Тау тұлғалы, тау болмысты, сыртқы кейпі тау перзенті іспеттес көрнекті ақын Сабырхан Асановтың өлеңдерінде тау жай әншейін географиялық пішін ғана емес. Ақынның сөзімен өрсек, ақын көзімен көрсек, тау – жанды организм. Тау – ойға, сезімге тұнған алып бейнесі.

Таулар деген немене, тұрып қалған толқын ба,

Білдірместен біздерге тұрама іштей солқылдап.

Көрінеме көзге деп, естілеме деп үні,

Таулар көрсем , тесіліп көп қараймын мол тыңдап.