Абай және оның айналасындағылар

Абайдың ақындығы, философтығы, композитор әрі күйшілігі, ғұламалығы жөнінде айтылатын да, айтылып келе жатқан жайлар баршылық. Қанша айтылса да, айтылған сайын асқақтай түсетін тұлғалар болады, соның бірі – Абай. Қазақтың көрнекті режисері Асқар Тоқпанов бірде Мұхтар Әуезовтен:

  • Мұқа, Абайды сарқыдыңыз ба? – деп сұрапты.

Сонда Мұхтар:

  • Пәлі, Абай мұхит емес пе, мұхитты сарқып бола ма? – деп жауап беріпті.

Абайды сөз еткенде, оның Батыстан да, Шығыстан да, орыс әдебиетінен де үйренгендігін баса айтамыз да, қазақтың ауыз әдебиетінен, өз төңіреңіндегілерден үйренгендігін еске ала бермейміз. Оның түрлі себептері де бар. Барлығы басқаларда болды, бізде ешнәрсе болмаған деген сияқты солақай ойдың әсері де жоқ емес. Абай халықтан, өз төңірегіндегілерден де аз үйренген жоқ.

Әкесі Құнанбай ел басқарған, кейде билік айтқан, өлең шығарудан да құралақан болмаған. Біз бұрын бай болса, болыс, сұлтан болса, үстем тап өкілі деп, оларды тек жаман жақтарынан ғана бағаладық. Шынында, олай емес еді. Құнанбай болмаса Абай болмас еді. “Тақыр жерге шөп шықпайды” – демекші Құнанбайдың сөзге шешендігі кейбір кезде өлең шығаратындығы Абайға әсер еткен.

Ел ауызында Құнанбай айтты өлеңдер де жоқ емес. Соның біреуін келтіре кетейік.

Бір күні Құнанбай біраз адамдармен әңгімелесіп отырып, сәлем беріп Балта ақын кіріп келеді. Сонда Құнанбай Балтаның сәлемін өлеңмен алыпты.

Уағалайкуммассалам, ақын Балта,

Ежелден жарымаған шараң орта.

Шұбар мен Шаншар байдан құрт, май ұрлап,

Қанжығаңа байладың майлы қалта – десе, Балта да қарап қалмай:

  • Шарамыз орта болса шараңыздан,
  • Аясаңыз бөліп бер қараңыздан.
  • Әйтпесе мен ұрлаған құрт пенен май
  • Арам боп па сіз алған параңыздан, — деп жауап беріпті.

Абай өз төңірегінділердің ақылды да ұтымды сөз айтып, тапқырлық, шешендік танытқандардың бәрінен де: шешендер мен билерден де, қатардағы қарапайым жандардан да үйренген. Тапқырлық танытқан балаларының сөзіне де тәнті болып, оларды бағалай білген. Абай өз балаларының ішінде Әбішті ерекше бағалаған. Сондықтан, Әбіш қайтыс болғанда тек өз балам деп емес, халықтың ұлы кетті дүниеден, — деп қайғырған. “Әке балаға сыншы”, — дегендей кейде Әбішке түрлі сұраулар беріп, оның жауабына риза болатын кездері болған. Бір күні Әбіштің пайымын, ой — өрісін байқайын деп:

  • Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? – деп сұрапты.

Сонда Әбіш

  • Ақ зат асыл ғой, — депті.
  • Неге. Қара зат асыл емес пе? – дейді Абай.
  • Қараны қалай асыл дейсіз? – дейді.

Абай: — Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді емес пе? Көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстінде жазған қара сиядан білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал – шашы қара болады, осыған байланысты жас күнде адам да ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды, сондықтан, ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, — десе Әбіш:

  • Оны қалай білдіңіз? – депті.
  • Ақылмен білдім, — депті Абай
  • Олай болса, ақыл мида болмай ма, ми ақ зат емес пе?

Екіншіден, ақыл – нұр, жарық зат. Ол да аққа ұқсамай ма? – депті Әбіш “Ақылың асса аға тұт” – дегендей, Абай да мұндай пікірлерден үйренбеді деп айта алмасақ керек.

Күлдіргі қылжақпас Қиясбайды Абай оның тапқырлығына, сөзге шешендігіне бала жақсы көрген. Жақсы көрумен оның да кейбір сөздерінен үйренуі де әбден мүмкін, кейде тіпті, сөзден жеңіліп қалатын кездері болған.

Бір күні сол Қиясбай Абай үй – ішімен есеп жөнінде әңгімелесіп отырса.

  • Абай аға, сіз есеп білесіз бе? – депті.
  • Аздап, Қиясжан, — депті Абай.
  • Аздап білсеңіз, екі жүз ешкінің мүйізі қанша болады?
  • Төрт жүз болады да.
  • Пәлі, Абай аға, сіз де есеп білемін деп мақтанасыз-ау, — депті Қиясбай,
  • Сонша көп ешкінің ішінде мүйізі жоқ тоқалы, мүйізі сынған кемдері болмай ма екен? – деп мырс – мырс еткенде, үй іші ду күліпті.

Қиясбай бірде, Абайдың үйіне кіріп келіпті. Басына киген қызыл елтірінің жүнін сыртына қаратып, пұшпағынан байлап қойыпты. Абай оның басына қараса, Қиясбай:

  • Абайға, сізді білгіш дейді. Менің басыма кигенім ненің терісі, тапшы, — депті, Абай күліп:
  • Мен қайдан білейін, өзің айтпасаң – депті Қиясбай
  • Бәлі, Абай аға, бұл аң – таңның терісі емес пе? – депті. Абай көзінен жас аққанша күліп:

“Жүрген жерің күнде ду,

Сыртың аңқау, ішің қу” – деген екен. Қиясбай жұртты күлдіріп жүріп ақылдылық танытқан.

Абайдың оқыған ұлы Әбіш Алматыда дүние салды деген хабарын Мағауяның хаты жеткізгенде, қатты күйзелген Абай үйде отыра алмай, Ақшоқының басына шығып кетіпті. Қайғы жанын жегідей жеп, айрықша күңіренген Абайдың қасына елдің қасқасы мен жайсаны келіп көңіл айтса да, үнсіз мелшиген қалпы төбе басында жападан жалғыз отыра беріпті.

Бір уақыттан соң оның қасына Қожанасыр мінезді досы Қиясбай келіпті:

  • Абай ағаІ Ел Әбіш деген ақылды баласынан айырылып қалды. Елге көңіл айтпайсыз ба? – депті.
  • Қазақтың қара тіліне сендей шешенді көрсем, бұйырмасын! – деп Абай, көз жасын тиып, Қиясбайды өзі қолтықтап, ауылға қарай беттеген екен.

Бегештің шешендігіне Абай да бас иген. Абайды Оразбайдың озбырлары сабапты деген хабарды естіп, төрт ру – арғын, найман, керей, уақтың игі жақсылары жиналып, Абайды қорғап, жақтап сөйлей бастағанда, бірден суырылып Бегеш:

  • Абай мырза, “Ерге жара түйін” деген. Ит арамды, тентек Құдайды танымайды. Сіз жалғыз тобықты үшін ғана ұл емес едіңіз. Орта жүздің арысы едіңіз. Көптің қоңыр бұйра нарындай, көктемдегі жауындай жақсымыз едіңіз. Көштің байсал тапқаны – көкорайға қонғаны даудың байсал тапқаны – төрешіге барғаны. Отқа салып қанша өртесең де, алтын, сірә, жез болмас, аяққа қанша шұлғау қылсаң да, асыл жібек бөз болмас. Білім – бақыттың қазығы, білімсіз бақ — әлдекімнің азығы. Талай жан бар ауызбен аспандағы айды алады, қолмен қосаяқ та соға алмайды. Ұстазынан, жақсысынан айрылса ел не таппақ? Сағымдай құбылып, сабындай бұзылып, іріп – шіріп жоғалады да, Абай сияқты есті, ақылды адам надан еліне бола қалпынан айрылса не болмақ? Рұқсатыңды бер, тептегіңді тиюға келдім, — депті. Сонда Абай: — Әй, Бегеш-ай, шешендікпен қиыстырып айтасыз-ау? Қабілет пен қасірет бар емес пе? Қара күйенің дәні болғанша, бидайдың сабағы бол. Жаман қауымның жақсысы болғанша, жақсы қауымның жаманы бол десе, не дер едіңңіз? Жамандықты жолым деп кеткен Оразбайға айтқан сөз суға жаңғанмен тең. Мені бір ит қапты ғой. Қапқан иттен өш аламын десем, мен де ит болғаным ғой. Айыпты әпермеңдер, аяғыма жықпаңдар, — деп тоқтайды.

Абай науқастанып ажал ауызында жатқанда, Бегеш көңіл сұрап келіп:

— Ассалаумағалейкум, Абайжан! Сөзіңе таңырқаған талай жан. Бұлығцып сөйлей алмай жатырмысың? Алла қонағында бұл не хал? Ә, сабазым, Бегешіңе сөз қатпасаң, көңілден өле — өлгенше кетпес арман, — депті.

Абай басын көтеріп:

Азғана ауыл керейден, асыл туған сен бір ер,

Сен кеткен соң бұл керейге сен сықылды кім келер?

  • Жүгім ауыр болған соң, көтере алмай жатырмын.

Келдің ғой, Бекеш, көрдің ғой, сен кеткенше жеңілдер, — деп бір сәттік көңіл көтеріліп, жаны да жадырағандай күйге түсіпті.

Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда, Абай келіп сәлем береді. Бұл кезде Абайдың тапқырлығының, өлең шығаратынын естіп жүрген шешен баланы қасына отырғызып:

  • Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрайды, Абай:
  • Дүние үмітке сүйенеді.
  • Көздің көрмесі бола ма?
  • Көз қабағын көрмейді.
  • Шам жарығының түспесі бола ма?
  • Шам жарығы табағына түспейді.
  • Болат пышақтың кеспесі бола ма?
  • Болат пышақ өз сабын кеспейді.
  • Тамағына тартпайтын мақұлық бола ма?
  • Тамағына тартпайтын мақұлық болмайды, — дейді Абай. Жауабына риза болған шешен осының бәрін өлеңмен айтып беруін өтінеді.

Сонда Абай:

  • Сіз сұңқар самғап ұшқан қиядағы,
  • Талпынған мен балапан ұядағы.
  • Өрнекті өлең сөзбен жауап берем,
  • Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
  • Көз көруі жетпейді қабағына,
  • Шам жарығы түспейді табағына
  • Өз сабын болат пышақ өзі кеспес
  • Мақұлық тартпай қоймас тамағына, — депті.

Ет желініп, қымыз ішкеннен кейін Абай: — Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді.

  • Е, шырағым, сұрай ғой, — депті – Жанқұтты.
  • Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – деп сұрапты Абай.

Жанқұтты: — Шырағым, арзан — өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Жанарыңның оты бар екен – ақындығын болар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол, — деп батасын беріпті. Абай өзінің айналасындағылардың бәріне де шешеннен де, биден де, кез келген білгірден де, қылжықпас, әзілқой Қиясбайдан да, жалпы халықтан үйреніп отырған, Абай өзі ғұлама болса да, үйренуден де, үйретуден де жалықпаған. Әрине, Абай бірден лғұлама болып қалыптаса салған жоқ. Ол үйрену, оқу, іздену арқылы даналыққа қолы жетті. Жоғарыда біз келтірген кейбір адамдар ғана емес, басқалардан да сөз маржанын тере білген. Сондықтан Абай Батыс, Шығыс, орыс жазушыларынан үйренді деумен бірге, қазақтың төл ауыз әдебиетінен, өзімен аралас жүрген сөз білетін адамдардан да үйреніп отырған десек, әділетті болмақ.