Мектепалды даярлық топтарында жаңа буын оқулықтарын пайдалану мәселелері

Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет аталып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып, тұңғыш Ата Заңының қабылдануы, Білім беру Заңының қабылдануы ұрпақ тәрбиесі жөнінде жаңаша ойлауды, оны жақсарту жолдарын айқындай түсуді талап ететіндігі сөзсіз. Осы мiндеттердi жүзеге асырудың алғышарты ретiнде тәрбиелеу мен бiлiм берудің тұжырымдамалары жасалынып, соның негiзiнде оқыту, тәрбиелеу мазмұнын жақсарту көзделуде. Бұрын қолданып келген бағдарламалар, оқу жоспарлары, оқулықтар, оқу әдiстемелiк құралдары қайта қаралып, оларға толықтырулар енгiзiлуде.

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» заңында Қазақстан Республикасы үкіметінің 1999 жылғы 22 қарашадағы №17/62 «Балаларды міндетті мектепалды даярлау мәселелері» туралы қаулысына сәйкес тәуелсіз қоғам азаматын тәрбиелеп өсіру міндеттері, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат принциптері, білім беру жүйелерінің құрылымы нақты айқындалып көрсетілген. Осы заңды жүзеге асыру туралы министрліктің «Мектепке дейінгі мекемелердегі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың жұмыс саясатын арттыру» туралы бұйрықтары, балабақшалар мен ата-аналардың міндеттері жөніндегі ережелері басшылыққа алынды.

Бұл жөнінде «Мемлекеттің білім беру саласындағы саясатының тұжырымдамасында»: «Соңғы кездері мектепке дейінгі тәрбиенің мүмкіндігі кеңейіп келеді: мемлекеттікпен қатар жеке меншік яслилер мен балабақшалар пайда болды, баланы отбасында оқыту дамып келе жатыр. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің қысқартылуы отбасындағы тәрбие мектебін, ата-ана мектебін насихаттау және түрлі жәрдемақы беру салық салуды жеңілдету т.б. шаралар арқылы қолдау көрсетудің маңызын арттырып отыр» — деп көрсетілген [1].

Аталған құжаттарды жүзеге асыру мақсатында ғалымдар: «Қазақ балабақшаларында тәрбиелеу, оқыту мазмұнын жақсарту тұжырымдамасының» (1991) және «Қазақ балабақшаларындағы үзіліссіз тәрбие тұжырымдамасының» (1993) дайындаған болатын, осы құжаттарға сәйкес халықтық педагогика негізінде «Балбөбек» жаңа бағдарлама жасалды. Мұнда көзделген басты мәселелердің бірі – балаланың жас ерекшеліктерін, даму ерекшеліктерін, айрықша қабілетін ескере отырып, барлық тәрбие жұмысын белгілі жүйеде біртұтас ұйымдастырып, үзіліссіз тәрбиелеу міндетін жүзеге асыру [2].

Мектепке дейінгі балалық шақтағы бала дамуының қорытындылары баланың мектеп жағдайына бейімделуінің, жүйелі оқуға кірісуінің алғы шарттары болып табылады. Мұндай алғы шарттарға ең алдымен оқушы болу, маңызды қарекетті орындау, оқу тілегі жатады. Мұндай тілек мектеп жасына дейінгі кездің соңына қарай балалардың басым көпшілігінде пайда болады. Бұл мектепке дейінгі жағдайдың өсіп келе жатқан мүмкіндіктерге сай келмеуінен және ойын арқылы үлкендер өміріне араласу тәсілдеріне баланың қанағаттанбау сезімін сезіне бастаумен байланысты туындайтын жайт. Бала психологиялық жағынан ойыннан бас тартады, мектеп оқушысының жағдайы оған ересек шаққа басқыш ретінде, ал оқу барбарша жұрт оған құрметпен қарайтын жауапты іс ретінде көрінеді.

Балабақшаның дайындық топтарындағы балалар көп жағдайда балабақшада қалғысы келмейді және мектепке баруға ынталы болып келеді. Мұны түрліше дәлелдеуге болады. Басым көпшілігі мектепке құштарлық туғызатын жағдай оқудың нақ өзі деп түсінеді. Әрине, балаларды бір ғана оқу қызықтырмайды. Мектеп жасына дейінгі балалар мектепке мектеп өміріндегі «партаға отыру, қоңыраудың соғылуы, сабақ үзілістері, баға алу, портфельге, пеналға ие болу, т.б. да бала қызығарлық нәрселер үшін ынтызар. Мұндай ынтызарлықтың оқысам деген тілекке қарағанда маңызы аз, бірақ оның баланың қоғамдағы өз орны мен басқа адамдар арасындағы жағдайын өзгертуге ұмтылу сияқты талпынысын білдіретін жағымды жағы бар. Мектепке психологиялық дайындықтың маңызды жағы – баланың ерік-жігері дамуының жеткілікті дәрежеде болуы. Әр түрлі балаларда бұл даму түрліше көрініс береді. Алты жастағыларға тән, оларды басқалардан ерекшелендіріп тұратын ортақ белгі – олардың ойында өз мінез-құлқын басқаруға, әрі1-сыныпқа келген бойда жайлы қарекетке қосылып, мектеп пен мұғалім қоятын талаптар жүйесін қабылдауға мүмкіндік беретін қатар бағыну мотивтерінің дамуы болып табылады. Танымдық қарекеттің ықтиярлығына келетін болсақ, ол мектепке дейінгі естиярлық шақта қалыптаса бастағанымен мектепке барған сәтте әлі де толық даму шегіне жете қоймаған: балаға ұзақ уақыт бойы ықтиярлы түрде есті қалпында сақтау, көлемді материалды жаттай алу т.б. өте қиын соғады. Бастауыш мектептегі оқыту балалардың бұл ерекшелігін ескереді және бұл процесс олардың танымдық қарекетінің ықтиярлығына деген талапты арттыра түсетіндей етіп құрылады да, білім беру процесінің өзінде танымдық қарекет біртіндей жетісе береді [3].

Уақыт талабынан туындап, білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер үзіліссіз тәрбие негізі саналатын мектепке дейінгі мекемелерге, отбасы тәрбиесіне де қозғау салып, баланы тәрбиелеу, қарапайым білім негіздерін меңгерудің мазмұнын жаңартуды, осы заман талабына сай үйлесімді деңгейде қайта құруды міндеттейді. Өйткені, болашақ қоғам қажетін өтерлік, ел иелігіне берік, іс тетігін шеше білетін, бойында ұлттық сана-сезім, ұлттық психология нышандары орныққан, ғылым мен техника жетістіктерінен хабардар білікті, парасатты жастарды қалыптастырып өсіру – отбасы, балабақшадан басталатын үзіліссіз тәрбиелеумен, оқытумен жүзеге асырылатын ұзақ үрдіс.

Осындай аса жауапты мiндеттердің баянды болуы жас республиканың елiн, жерiн сүйетiн адамгершiлiгi мол, бiлiмдi, парасатты, салт-дәстүрiн бойына сіңiрген, оны қастерлей бiлетiн азамат өсiруде ұстанатын басты тәрбие құралы ретiнде мектепалды даярлық топ балаларының білім, білік дағдыларының қалыптасуын алып отырмыз. Бұл мәселенің шешімін жүзеге асыратын олардың сауатын ашу мен жазуға даярлау жұмыстары міндетінің орындалуы болып табылады деуге болады, яғни жаңа буын оқулықтарының тигізер әсері мол.

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой-пікірлері бар болғандықтан, жеткіншектерге білім беру туралы тұжырымдар философ, тарихшы, этнограф, психолог, педагог ғалымдардың зерттеу еңбектерінен орын алған. Оның тамыры тереңге жайылып, қазақ зиялысы, аты аңызға айналған кемеңгер, данышпан ойшыл әл-Фарабидің еңбектері ғылыми-педагогикалық тұрғыда сарапталып, парасатты ұрпақ тәрбиелеуде баға жетпес мұра болып табылады.

Білімнің мазмұн-мағынасын анықтау және оған классификация жасау жөніндегі Фараби ілімі орта ғасырдағы ғылыми ой-пікірлердің ең маңызды жетістіктерінің бірі болды. Сөйтіп ол білім салаларының дамуында және оларды жүйелеуде елеулі роль атқарды. Фарабидің ғылымдарды жүйелеу жөніндегі теориялық тарихи мәні материалдық заттарды адамның санасынан тыс, өз бетімен дербес өмір сүретін және белгілі бір қасиетте ес болып тұрған құбылыс деп мойындауында, демек мұның бірі материалистік көзқарасқа негізделген [4]. Ғалымның зерттеулерінде ғылымның әр түрлі саласы бірінен-бірі алшақтатылмайды, қайта өзара байланыста талданады. Әрбір ғылым материалдық заттың белгілі-бір жағын, саласын зерттей отырып, ақырында бәрі жинақталып, бүтін болмысты тұтас бейнелеп береді.

Жас ұрпаққа білім беру жөнінде орта ғасырлық ғұламалардың да мұраларында сөз болған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев еңбектерінде жинағын тауып насихатталады.

Ш.Уәлихановтың көпсалалы, әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы қоғамдық, философиялық, ағартушылық, демократиялық көзқарастары биік деңгейде болғанын танытады. Ол революцияшыл-демократтық көзқарас, тұжырым-түйіндер жасау биігіне көтеріле алмағынымен, көптеген қоғамдық құбылыс-көріністерді озық ой-таным тұрғысынан талдады, ағартушылық- демократтық көзқараста қалыптастырды.

Заманында дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Ш.Уәлихановтың әрсалалы, терең мазмұнды еңбектері, өзінің асыл тұлғасы мен жарқын бейнесі тарихтың әр кезеңінде жоғары бағаланды.

Аса көрнекті педагог, қазақ әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы Ы.Алтынсариннің әдістемелік ізденуі, мұғалімдік қызметі ұлтымыздың білім-мәдениетіне қосқан үлесі жаңа алфавит пен төл оқулықтар жазуда екенін көреміз. Басты мақсаты қазақ баласын ана тілінде хат танытып, дүниетануын өз ұлтының азаматтық тұлғасына сай, қоғамға қажетті мүмкіндіктерді іздестіруде, оны жүзеге асыруға әдістемелік тұрғыдан еңбекетр жазған. Ал, дүниетану өзінің ана тілі арқылы өзін тану, өз халқының өнерін танудан басталады және жастардың ақыл-ойын дамыту, адамгершілік қасиеттерін жетілдіру, жеке тұлға қалыптастыру мектептің міндеті деп түсінеді. Оны жүзеге асырудың жолдары ана тілі оқулықтар мен хрестоматиялар екенін өз тәжірибесінде дәлелдеген.

Оның мұғалімдер үшін жазылған еңбектерінде дидактикалық тұрғыдан оның мақсатына, мазмұнына, әдісіне тоқталып, қақаз мектептерінде оқытудың дидактикалық негіздерін орыс педагогтарының ілімдеріне сүйене отырып жазған.

Ы.Алтынсарин оқушыларға білім беру мен оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушының бірлесіп жасайтын оқу жұмысын және қарым-қатынасының амал-тәсілдерін әдіс деп біледі. Оқыту әдістері балалардың ғылымға өз бетімен білім алуға құмарландыратын жол деп көрсетеді. Ағартушы ұстаз сабақта бабалардың ойлау қабілетін арттыратын жаттығулар қажет, мысалы, әңгіме, түсіндіру арқылы оқыту әдісі. Әңгіме әдісін қолдану барысында балаларға қойылатын сұрақтардың жүйелі болуын сұраққа баланың толық жауап беруін қадағалады. Қазақ балаларының білуге құмарлық, тапқырлық, дарындылық қасиеттеріне мән берген. Ағартушы оқу материалын балаларға түсіндіру мақсатында көрнекілік әдісін де қолданған. Ол көрнекілік заттарды пайдалануда табиғи заттар, суреттер пайдаланып, құбылыстарды суреттеу, олардың қасиеттерін салыстыру, қорытындылар жасау, балалардың алған білімдерін тереңдетіп, естерінде қалады деп көрсеткен [5].

Педагогикалық ғылымдардың дамуы барысында тәрбие беру жұмысы методикасы да өзіндік бет-бағдары бар ғылыми пән ретінде қалыптасып және даып келеді. Оның міндеті – тәрбие беру жұмысын ұйымдастырудың негізгі бағыттары мен принциптерін, формалары мен әдістерін ашып көрсету, педагогтарға тәрбие беру өнерін меңгеруіне көмектесу. Оны педагогикалық тәжірибеге ғана емес, тәрбие беру теориясы жөніндегі терең де жан-жақты білімге сүйене отырып меңгеруге болады.

Отбасы, балабақша тәрбиесі сөз болғанда, соларға арнайы еңбек жазған, мектепке дейінгі тәлім-тәрбиенің мақсат мүддесін ата-аналар, тәрбиешілер қауымына кеңінен насихаттаушы педагог, журналист Нәзипа Құлжанованың есімін ерекше атауымыз керек.

Н.Құлжанова алғашқы кезекте алдыңғы қатарлы орыстың педагог ғалымдарының бірсыпыра еңбектерін ана тіліне аударған, сонымен қатар өз де сан алуан мақалалар жариялай отырып, ата-аналар мен тәрбиешілер арасына мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу жұмысын кеңнен таратуға жәрдемдеседі. Алғаш ашылған балабақшалардың жұмыс істеуіне теориялық басшылық жасайды. Бұл жөнінде Н.Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» және «Ана мен бала тәрбиесі» атты еңбегін атап айту қажет. Бұл еңбектер алғашқы яслилер мен балабақшадағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру ісіне теориялық жәрдем беру мақсатында жазылған [6].

Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесінің жаңаруына орай, жаңа үлгідегі «Мектеп және балабақша» кешені, гимназиялық, лицейлік, отбасылық, коммерциялық т.б. балабақшалар да іске қосыла бастады. Демек, жаңа үлгідегі балабақшаларға жаңа буын бағдарламалар мен жаңа буын оқулықтар қажеттілігі туындап отыр. Алайда, мектепалды даярлық топтарында сауат ашу мен жазуға дайындайтын жаңа буын оқулықтарының тиімділігі жолдарын қарастырудың арнайы зерттелмеуі, ата-аналар мен тәрбиешілер басшылыққа ала қоятындай ғылыми-әдістемелік және көмекші құралдардың жасалмауы, бабаларды мектепке даярлауды осы заманғы талап деңгейінде жүзеге асыруда қиындықтар келтіретіндігін жасыруға болмайды.

Осы аталған мәселелердің шешімін табу, еліміздегі мектепке дейінгі мекемелердегі оқу-тәрбие процесін жақсарту, ондағы жаңа буын оқулықтарын мектепалды даярлық топтарында орынды пайдалана білу жолдарын дамытуға мүмкіндік жасайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының заңы, Алматы, 1998, 48 б.
  2. Қазақстан Республикасы тiл саясатының тұжырымдамасы, Алматы, 1998, 48 б.
  3. Ыбырай Алтынсарин тағылымы. — Алматы, 1991. 126-129 б.
  4. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Алматы, 1995, 48 б.
  5. Қазақ мектептерi мен мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде имандылық-эстетикалық тәрбие берудің кешендi бағдарламасы, Алматы, 1990, 52 б.
  6. Абай қара сөздері. — Алматы, 1998. 31-33 б.