Құжаттардың криминалистикалық зерттеуі

Құжаттың жалған бланкілері көп жағдайда сурет салу немесе клишеден басу арқылы дайындалады. Клишені баспаханалық шрифтті теру жолымен, фотоцинкографиялық тәсілмен, қолмен ойып жасау және басқа да тәсілдермен дайындайды. Бұл тәсілдердің әркайсысының өзіндік белгілері бар.

Сурет салу арқылы жасалған жалған бланктер штрихтарының, аттас әріптер мөлшерінің біркелкі еместігімен, суретінің стандартқа сай еместігімен мәтінде грамматикалық қателер мен қисындақ (логикалық) қарама-қайшылық болуымен, қарындашпен жазылған және қара қағаз арқылы көшіру іздерімен ерекшеленеді.

Қолмен ойып жасалған клишеге стандартсыз шрифт, белгілердің ұзынша элементтеріндегі түзуліктің бұзылуы, сөз жолының иірімділігі және т.б. тән.

Фотоцинкографиялық тәсілмен дайындалған клишеге штрихтардың шетіндегі бояу қабатының қалындығы және әріп штрихтарының қатты басылуы; суретке түсіру масштабын сақтамау себебінен таңба көлемінің түпнұсқадан өзгешеленуі; ұсақ штрихтар мен бөлшектердің анық болмауы; штрих шеттерінін тегіс болмауы және үзілуі, қышкылмен (кислота) өңдеу нәтижесінде әріп бұрыштарының дөңгеленуі тән.

Құжаттың алғашқы мазмұнын өзгерту фактісін анықтау бұрынғы жазуды тазарту, өңдеу немесе шаю белгілерінің болуына байланысты.

Ерітіндімен өңдеу штрих бояуларын химиялық реакциялар (қышқылдар, сілтілер, тотықтырғыштар) жолымен жазуды немесе оның бөліктерін қасақана жою. Ерітіндімен өңдеу белгілері қағаздың желімделген жерінің бұзылуынан, өңделген жердің күңгірттенуі немесе түсінің өзгеруінен байқалады. Өңделген жер сарғыштанады; өңдеу затының әсерінен жарықтар пайда болады; жазу өңсізденеді; алғашқы мәтіннің көмескі көрінетін штрихтары, түрлі-түсті жазба іздері, өңдеуге түскен жердің және құжаттың қалған (суық сәуле тарату) айырмашылықтары байқалады.

Қойылған қолдың жалғандылығын анықтау.

Аталған жалғандылықтың келесі тәсілдері жиі кездеседі: бұрын көрген қолды есте сақтап, құжат бойынша жалған қол қою; қойылған шын қолға қарап отырып, оның суретін салу; қолды сиямен не қаламсаппен айналдыра жиектеп көшіру. Көшірме әдісі арқылы жалған қол қоюдың бірнеше тәсілі кездеседі: жарық өткізу арқылы, көшіргі немесе қара қағаз көмегімен; көшіру қасиеті бар бұйымдар көмегімен (дайын сөз аралықтарын қосу), фотопроекциялық тәсіл. Бұдан басқа, адамның қойған қолын ылғалды қара қағазбен де көшіруге болады.

Фотопроекдаялық тәсілден басқа, аталған тәсіддерге сызықтардың иірімділігі және сопақ әріптердің бұрыштылығы тән. Сызба аппараты (пантограф) көмегімен жарықты көшіру тәсілі үшін қарындашпен жасалған алдын ала дайындық тән. Фотографиялық тәсілмен жалған қол қоюға зерттеудегі қолдың фотокөшірмеге толық сәйкес келуі тән. Фотографиялық тәсілмен әдетте көшірме қолхат (факсимиле) әзірленеді. Оның көмегімен қойылған қолдарға, темір клишелерге тән шрихтардың белгілері болады.

Аталған жалған қол қою түрлерінің көп белгілерін құжатты көлбей және шашыраңқы жарықта лупа (үлкейткіш шыны), микроскоп көмегімен қарап, табуға болады. Қол қозғалысының бәсендігін, сызықтардың қосарлануын, бояудың жайылғанын, суретті түзету іздерінің белгілері, оның микроқұрылымын фотографиялық әдіспен бекітеді.

Барлық жағдайда қойылған қолға сараптама жүргізу барысында зерттеудегі қолды оны қойған тұлға қолы үлгілерімен салыстыру керек.