Жедел-iздестiру қызметiн бақылау және қадағалау

  1. Ведомстволық бақылау.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру, жедел-iздестiру шараларын жүргiзу барысында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, сондай-ақ жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыруға өкiлеттi органдар мен лауазымды адамдардың актiлерi мен iс-әрекеттерiнiң заңдылығы қадағалаудың мәнi болып табылады.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың басшылары жедел-iздестiру шараларын ұйымдастыру мен жүргiзу кезiнде заңдылықтың сақталуына бақылауды қамтамасыз етедi.

Жоғары тұрған ведомстволық органдар өздерiне бағынысты органдардың жедел-iздестiру қызметiне бақылау жасауды қамтамасыз етедi.

  1. Жедел-iздестiру қызметiн қадағалау

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiндегi заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар жүзеге асырады.

Жедел-iздестiру қызметiн қадағалауды жүзеге асыру кезiнде прокурор:

1) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдармен жасырын негiзде қызмет ететiн немесе қызмет еткен азаматтардың жеке басы туралы мәлiметтердi қоспағанда, жедел-iздестiрудi жүргiзу iстерiн, жедел-iздестiру қызметiнiң барысы туралы материалдарды, құжаттар мен басқа да қажеттi мәлiметтердi алады;

2) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың арнаулы жедел-iздестiру шараларын жүргiзуiнiң заңдылығын тексередi;

3) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiнде заңды, адам мен азамат құқықтарын бұзушылық анықталған жағдайда өз қаулысымен жедел-iздестiру шараларын тоқтатады;

4) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар мен арыздарды қарайды;

5) Конституцияға, заңдар мен Республика Президентiнiң актiлерiне қайшы келетiн, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар шығаратын жедел-iздестiру шараларын ұйымдастыру мен жүргiзу тактикасын регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге наразылық келтiредi;

6) жедел-iздестiру шараларын жүргiзу кезiнде құқыққа қарсы iс-әрекеттерге жол берген қызметкерлерге қатысты қылмыстық iс қозғау, тәртiптiк iс жүргiзу туралы қаулылар шығарады;

7) жедел-iздестiру қызметiнiң заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру кезiнде анықталған тәртiп бұзушылық фактiлерi бойынша прокурорлық қадағалаудың басқа да актiлерiн шығарады;

8) заңсыз ұсталған адамдарды өзiнiң дәлелдi қаулысымен босатады не адамдарды ұстау туралы заңсыз қаулылардың күшiн жояды;

9) қажет болған жағдайда жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың басшыларынан өздерiне бағынышты органдарда заң бұзушылықты жою мақсатында тексеру жүргiзудi талап етедi;

10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге санкция бередi.

Жедел-iздестiру қызметiнiң заңдылығына қадағалауды Республиканың Бас Прокуроры және өзге прокурорлар заңдарда белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады. Z944000

Бас Прокурор өз құзыретi шегiнде, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың орындауы үшiн мiндеттi, жедел-iздестiру қызметi туралы Қазақстан Республикасы заңдары нормаларының қолданылу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар тарапынан заңдылықтың бұзылуын анықтау мақсатында прокурор арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, прокуратура органдарының мамандары мен өзге де мамандарды тартуға құқылы.