Жедел-iздестiру қызметiнiң субъектiлерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау

  1. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар қызметкерлерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде өкiмет өкiлдерi болып саналады және мемлекет қорғауында болады. Оларға өздерi штатына кiретiн министрлiктер мен ведомстволар қызметкерлерiнiң құқықтық және әлеуметтiк қорғау кепiлдiктерi қолданылады. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар қызметкерлерiнiң жұмыс ерекшелiктерi ескерiле отырып оларға қосымша жеңiлдiктер берiлуi мүмкiн.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың қызметкерлерi өздерiнiң қызмет бабында заң талаптарын басшылыққа алады әрi саяси партиялардың және саяси мақсаттарды көздейтiн бұқаралық қоғамдық қозғалыстардың шешiмдерiне байланысты болмайды.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы қызметкерлер мен органдардың заңды iс-қимылына заңмен тiкелей уәкiлдiк берiлген адамнан басқа ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қолданылып жүрген заңдарға қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде олар заңды басшылыққа алуға мiндеттi.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың басшылары өз қызметкерлерiнiң, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының жеке басының қауiпсiздiгiн, мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың қызметкерлерiне қызмет мiндеттерiн лайықты орындау мақсатында арнаулы кәсiби даярлықтан өтуiне, бiлiктiлiгiн көтеруге және медициналық қызмет көрсетiлуi үшiн қажеттi жағдайлар жасалады.

  1. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға жәрдемдесушi азаматтарды әлеуметтiк және құқықтық қорғау.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға жәрдемдесетiн азаматтар мемлекет қорғауында болады.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға жәрдемдесуге келiсiм бiлдiрген азаматтарға мемлекет осы Заңға, Қазақстан Республикасының басқа заңдарына және қалыптық құжаттарына сәйкес олардың құқықтарын қамтамасыз етуге және мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк бередi.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесуiне байланысты азаматтардың өмiрiне, сондай-ақ олардың отбасы мен жақын туыстарының денсаулығына немесе мүлкiне, заңға қайшы қол сұғушылықтың анық қаупi төнген кезде, бұл органдар құқыққа қарсы әрекеттi болдырмау, айыптыларды анықтап, оларды жауапқа тарту, сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен оларды қорғау жөнiнде арнаулы жұмыстар жүргiзу үшiн барлық қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен құпия негiзде қызмет iстейтiн немесе қызмет iстеген азаматтар туралы мағлұматтар мемлекеттiк құпия болып табылады және олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жария етiлуi мүмкiн.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен қызмет iстейтiн азаматтар сыйақы алуға құқылы.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен азаматтардың айналысатын қызметiнiң негiзгi түрi ретiнде ақылы негiзде келiсiм-шарт бойынша ынтымақтасып қызмет iстеу кезеңi олардың жалпы еңбек стажына кiредi. Олар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес және Үкiметi белгiлеген тәртiппен зейнетақымен қамтамасыз етiлуге, қаза болған ретте олардың отбасылары мен асырауындағы адамдар асыраушысынан айырылуына байланысты зейнетақы алуға құқылы.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен ынтымақтасып қызмет iстеген азамат жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге қатысуына байланысты қаза болған жағдайда оның отбасына және асырауындағы адамдарға:

— ақылы негiзде ынтымақтасып қызмет iстеп, қаза болған адамның он жылдық ақшалай ақысы мөлшерiнде;

— ақысыз негiзде ынтымақтасып қызмет iстеген адам үшiн он жылдық ең төменгi жалақы сомасы мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен ынтымақтасып қызмет iстеген азамат өзiнiң қатысуымен болған жедел-iздестiру шараларын жүргiзген кезде мертiккен не денсаулығына өзге де зақым келген кезде оған:

— ақылы негiзде ынтымақтасып қызмет iстеген адамдар үшiн бес жылдық ақшалай ақысы мөлшерiнде;

— ақысыз негiзде ынтымақтасып қызмет iстеген адамдар үшiн бес жылдық ең төменгi жалақы сомасы мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.

Жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге қатысуға байланысты қаза болуға, мертiгуге не денсаулықтың өзгедей зақымдануына орай келтiрiлген залалдың орнын толтыру Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органның қаржысы есебiнен жүргiзiледi.

  1. Жедел-iздестiру қызметiн қаржылай қамтамасыз ету.

Жедел-iздестiру қызметiн қаржыландыру жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарды ұстауға ұлттық валюта түрiнде де, шетел валютасы түрiнде де бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Жедел-iздестiру қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз ету .

Жедел-iздестiру қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.