Жедел iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар, олардың мiндеттерi мен құқықтары

  1. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар Қазақстан Республикасы аумағында жедел-iздестiру қызметiн:

а) Iшкi iстер органдары;

б) Ұлттық қауiпсiздiк органдары;

в) Қорғаныс министрлiгiнiң әскери барлау органдары;

г) қаржы полициясының органдары;

д) Қазақстан Республикасы Президентiнiң күзет қызметi;

ж) Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару жүйесi органдары;

з) кеден органдары жүзеге асырады.

Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру органдарының тiзбесi тек қана заңмен өзгертiлуi немесе толықтырылуы мүмкiн.

  1. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың мiндеттерi:

Жедел-iздестiру қызметiнiң осы Заңмен белгiленген мiндеттерiн орындау кезiнде оны жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген органдар;

а) жеке және заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерiн, меншiктi, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қорғау, оның экономикалық және қорғаныс әлуетiн нығайту үшiн өз құзыретiне сәйкес қажеттi шараларды қолдануға;

б) жедел-iздестiру шараларын жүзеге асыру арқылы қылмыстарды анықтауды, олардың алдын алуды, оларды болдырмауды және ашуды, қылмыстық процесте пайдалану үшiн олардың нәтижелерiн орнықтыруды қамтамасыз етуге, өздерiнiң қарауындағы қылмыстық iстер бойынша жедел-iздестiру шараларын жүргiзу жөнiнде тергеушiнiң жазбаша тапсырмаларын, прокурордың нұсқауын, сондай-ақ соттың ұйғарымын орындауға;

в) қоғам мен мемлекет қауiпсiздiгiне қатер төнгенiн дәлелдейтiн өздерiне белгiлi болған жәйттер мен деректердi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарына дер кезiнде хабарлауға;

г) құқықтық көмек туралы шарттар (келiсiмдер) негiзiнде тиiстi халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының тiлектерiн орындауға;

д) жедел-iздестiру шараларын жүргiзу кезiнде, сондай-ақ қылмыстық процесте пайдалану үшiн жүргiзiлген жедел-iздестiру шараларының нәтижелерiн бейнелейтiн материалдарды беру кезiнде асыратын жағдайда қамтамасыз ету және хабарлама көздерi құпиясының ашылуына жол бермеу жөнiндегi қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.