Араб Шығысындағы, Орта Азия мен Кавказдағы феодализмнің пайда болуы және дамуы кезіндегі саяси және құқықтық ілімдер

  1. Бұл кезеңге жалпы сипаттама.

Орта ғасырларда біздің өңірімізде де саяси және құқықтық ілім дамып жатқан. Бірақ, өкінішке қарай, сол ойлардың бай қазынасы әліге дейін көпшіліктің назарына жеткізілмеген.

Солар арасында аңыздық деректер ретінде Қорқыт Ата жөнінде кейбір мәліметтер бар. Ал соңғы жылдары біздің ұлы бабамыз Әбу Наср Әль-Фараби жөнінде, оның саяси және құқықтық ілімі туралы бірталай мәліметтер пайда болуда.

Қазақ даласындағы ойшылдардың саяси-құқықтық көзқарастары.

Қазақ тарихында атақты билердің орны айрықша. Солардың біріншісі болып Майқы би бабамыз табылады. Тарихшылардың басым көпшілігі Майқы би жасаған жылдарды 13-ғасырға жатқызады (Шыңғыс ханның көмекшісі болған дейді). Бірақ басқа деректерге сүйенсек нағыз Майқы би біздің дәуірімізге дейінгі 1-ші ғасырда жасаған. Бұл жөнінде Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы былай деген: “Менің анық білерім, атамыз Майқы айтқанынан дәл жеткен болса, ол былай депті: “Біздің халқымыз осыдан тура мың жыл бұрын да қазақ атанған. Атамыз Алаш, керегеміз ағаш қазақпыз.” Ал атамыз Майқы осы жазбаның егесінен бір мың жеті жүз жыл бұрын ғұмыр кешкен” (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқианнан өзіме шейін. 1776 жылы жазылған қазақ тарихы. Алматы, “Жалын”, 1993 ж., 31 б.) Қазыбек бектің Майқы би туралы айтуынша, “бұл кісі бүткіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде ғәділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болыпты. Жұрт оны сөйлетіп қойып, ауызына қарап отырады екен… Майқы би елді билер арқылы басқарған. Содан қалған хан, би жоралғысы бүгінге дейін келе жатыр. Екі уәзір (оңқал), бірі ел ісі, екіншісі әскер басы, екеуі екі қанатын басқарады. Хан қашанда ортада (бірақ майданнан жырақтау), үш сұлтаны немесе бегі, екі биі, екі бақылаушысы… Майқы дәуірі бейқұтшылық болса керек… Майқы атамыз ғақылымен ел билеп, біртіңдеп туысқандарының hәмбесін… қолына ұстауға тырысыпты. Біршама ондай мақсатына жеткен де көрінеді. Соның бәрін соғыссыз, туысқандығын, бір ағаштың жеміс-мәуесі екендігін ұғындырумен жасаған… Сонымен қабат ол қай жерде ауызымен құс ұстаған шешен, ел бастаған көсем адамдарды алдырып, соны да қаршы-орда төңірегіндегі қызметке қалдырған. Бірақ нағыз лауазымды адамдар 12 – 13 адамнан артпаған… Бір заманда өте күшті елдің, әсіресе Қытай мемлекетінің зәресін алған Майқы… бүкіл Ертіс бойын, Алтай өңірін алып жатқан елді қолына қаратқан…

Майқының ғаділдігі, қара қылды қақ жаратын таразылығы, ойласпай, ақылдаспай іс қылмайтыны, сондықтан да Майқы көз жұмғанша бір ру қыңқ демей, бейқұтшылықта тұруы көрші қызылбастарды, қытайларды, сол кезде жаңа бас көтеріп келе жатқан Жоңғар қалмақтарын қатты іш жиғызған… Майқы төңірегінде дана адамдар көп болған… Ол заманда Майқы қол астына қараған елге билеушіні бұрынғылар сияқты өз тұқымынан жіберіп отырмапты. Әрбір уәлаятты, әр руды, әр ұлысты өздерінен шыққан, мойны озған, сөйлесе сөзі бар, көрсе көзі бар адамдардан таңдапты. Соларға өз сұлыбынан шыққандарды басқарыпты…

Майқы Хижра жыл санауынан 711 жыл бұрындүниеге келіп, 89 жасында дүние салыпты. Ғұмырын Алатаудың бауырында – Лабаста, Шуаста, Таласта, Шымбаста өткізіпті. Өлерінде Қазықұртты мекендепті. Аныт-қабыр қалмаған…”

Майқы бидің тағы да бір қабілеті болған екен: ол болашақтағы оқиғаларды көріп тұрар екен. Бір күні ол өзіне келіп былай депті: “Өзімізді өзіміз қыратын да заман болады екен, шығыстан келер сары сақал өз тұқымымыз жұртымызға аз қорлық көрсетпейді екен. Талайдың қанын жүктейді екен. Елімізді мына мен үш жылдан кейін өлген соң, 1700 жыл кейін жүнбас шегір сарылар басқарар болар. Оларға жаркүшіктенер де өз тұқымымыз болады, басқындар Бек тұқымын 300 жыл, Жан, Бал тұқымын 250 жыл, Ақ пен Бол тұқымын 100 жылдан аса билейді. Билеушілер осыдан 2000 жыл өткен соң іріп-шіри бастайды. Өздерін өздері құртады, қаратқан елінің бәрін ол, шаян болып шаққаны сияқты, түрі өзге бодан жұрттың hәммесі олардыжексұрын көретін болады. Бірақ еліміз олардың билік жүргізген кезінде қатты бұзылады…”

VII – VIII ғасырларда із қалдырған ұлы тұлға – Қорқыт ата саналады. Жоғарыда аталған Қазыбек бектің айтуынша Қорқыт баба Көктүріктің бөлшектеніп жіктелуін жек көріпті. Оның пікірінше, Қорқыт ата қазақ тарихындағы Майқы биден кейінгі екінші айтулы тұлға. Қорқыттың әкесі Қарақоға көзі ашық адам болған екен, сондықтан өзінің жалғыз баласын Еуропа елдерінде оқытыпты. Іс жүзінде Қорқытты оқуға жіберген — әкесінің ағасы Қарабұға болған екен (ол бай адам болған). Көзінің тірісінде Қарабұға Қорқытқа ертеден кешке дейін желі басында қобыз тартқызған. Қарабұға өлгеннен соң Қорқыт баба қобызды күңіренте тартып, қайғымен көп күй шығарған. «Қорқыттың қобызы түгіл, қияғы да сөйлейді» деген мәтел қалған. Қорқыт ата әуезді қазақта алғаш саралаған Әбунасір бабадан бұрынғы күйші. Оның әуез-әуендері адам жылатады, жүйе-жүйеңді босатпай қоймайды. Қорқыт баба Жойқын дарияның бойындағы Кәмірлен деген жерге қойылған. Оны ажалынан бұрын өлтірушілер – діндарлар… Қорқыт ата араптардан бізді баса-көктеп кірген ислам дініне қарсы болған…

Асан қайғы Қазақ хандығы құрылған дәуірдегі ел қамқоры, қазақ хандарының ақылшысы болған философ, ойшыл. Қазақтың бұл ірі аңыз кейіпкері халық қамын, ел болашағын ойлап, үнемі мұңға батып жүретіндігінен, замандастары оның Асан атына «қайғы» деген сөз қосып «Асан қайғы» атапты. Асан қайғы өмірінде бір рет те күлмеген. Ол қазақ руларының Өзбек хандығынан бөлініп шығуына қарсы болмаса да, атамекен қыпшақ даласынан кетуге наразылық білдіреді. Асан қайғы халықтың болашағын ойлап қамығады, кешіріп отырған тұрмысына қанағаттанбайды. Мекен еткен қоныстарын жерсінбейді. Ол ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуды дәріптейді. Өзінен кейінгі ұрпақ әулие деп таныған Асан қайғы халық болашағын ойлап, «елді жау алмайтын, малға жүт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс» іздейді. Бұл қоныс адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжымақ – «Жерұйық» деп аталатын жер дейді де, сол жерді табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Ақыры таба алмай өксіп, Ұлытау басына келгенде дүниеден көшеді. Оның «қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген сөзі аңызға айналған…

Қазақ еліне ауыр болған 18-ғасырда қызмет етіп тарихта терең із қалдырған ірі тұлғалар – Әлібекұлы Төле би, Келдібекұлы Қазыбек би (1667 — 1763), Байбекұлы Әйтеке би (1682 — 1766). Бұл билерді халық, әрине, Тәуке ханның “Жеті жарғы” атты заңдар жинағын жасаған үшін емес, қиын-қыстау заманда ел басына халық ретінде жойылып кету қаупі төнгенде бар билік қуаты мен талантын ел бірлігі мен тәуелсіздігіне сарқа жұмсағаны үшін жадында қалдырды.

Әлібекұлы Төле бидің қазақ елінің рухани жетілуіне, саяси тәуелсіздігі үшін жанкешті күресіне қосқан үлесі аса маңызды болатын. 1663 ж. Шу өзеңінің бойы Жайсан жайлауында дүниеге келген. Көп тыңдап, аз сөйлеген, бірақ бұрмай турасын айтқан адам болған. Төленің ойы бойынша, саяси биліктің ең жетілген түрі – сұлтандардың емес, билердің кеңесіне сүйенген хандық билік. Ол былай дейді: “Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш”…