Мектеп оқушыларына экономикалық білім мен тәрбие берудің мән мазмұны мен бағыт бағдары

Экономикалық тәрбиенің негіздері еңбек тәрбиесінде жатыр. Оқушының еңбекті қажетсінуін, еңбексүйгіштігін, қоғамдық еңбектегі белсенділігін, саналы еңбек тәртібін және басқа да моральдық сапаларын қалыптастыру экономикалық тәрбиенің алғышарттары болып табылады. Экономикалық тәрбие деп оқушыларды экономикалық білімдер негіздерімен қаруландыру, қоғамның экономикалық саясатын ұғындыру, өндіріс, айырбас, бөлісу және тұтыну шеңберіндегі негізгі экономикалық қатынастарды тәжірибеде меңгерту деп түсінуіміз керек.

Экономикалық білімдер теориясы қоғам өмірінің материалдық негізін түсіндіреді, адамзат қоғам өмірінің құпия сырларын ұғынудың, қоғамды қайта құрудың объективті негіздерін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл ғылым адам және оның экономикалық қатынастарын зерттейді.

Негізгі мақсат қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай оқушылардың экономикалық ойлауын қалыптастыру. Осының негізінде оқушылар қоғамның әлеуметтік- экономикалық дамуындағы адамның шешуші ролін ұғынуы, қоғам және тұлғаның мүддесі үшін қоғамдық өндіріс пен еңбекке жаңа қатынастарды қалыптастыруға үйренуі керек. Қазіргі күні бастауыш мектеп, негізгі базистік мектеп және бағдарлы мектептердің оқу тәрбие жұмыстарына экономикалық тәрбие мәселелерін жүйелі ендіру мүмкіндігі туып отыр. Бастауыш мектептегі қол еңбегі барысындағы құнттылық, базистік мектептегі салалық еңбектің экономикалық негіздері тәрбие жұмысын жаңа негізге көшірудің құралына айналуда.

Мектепте оқу пәндерін өтуде экономикалық тәрбие жұмысын жан- жақты жүргізуге болады.

Бастауыш сыныптарда біздің экономикамыздың негізгі түсніктері енгізіледі.

Экономикалық тәрбиенің негізі отбасында, балалар бақшасында, мектепте қалыптасады.

Экономикалық білім, басқа білім түрлері сияқты, белгілі бір білім жүйесін игеру, экономикалық есептеуде іскерлік пен дағдыны қалыптастыруда, өндірістегі іс- әрекет экономикасын талдауда меңгеріледі.

Экономикалық тәрбие- бастауыш сыныпта экономикалық терминдер жөнінде дұрыс түсінік беру.

Оқушыларға экономикалық білім беру қазіргі қайта құру кезеңінде өте көкейтесті мәселелердің бірі. Оларды халық шаруашылығының әр түрлі салаларында жұмыс істей білуге үйрету үшін экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық білімдермен қаруландыру қажет.

Экономикалық білім беру оқушыларды экономика саласы бойынша біліммен қаруландырады және білімді сенімге, мінез – құлық нормасына айналдыратын эканомикалық тәрбиеге негіз болады , күнделікті өмірде оқушылардың білімін , сенімін іс жүзінде қолдана білуге жетелейді.

Экономикалық тәрбие – мектепте берілетін адамгершілік тәрбиесінің құрамдас бөлігі. “Эканомикалық тәрбие – қоғам мүшелерінің білім , қаблетін және дағдысын, қажеттілігі мен мүддесін,ойлау стилін қалыптастыру мақсатында жүйелі , мақсатты бағытта ықпал ету ” деп түсініледі.

Сонымен қатар , экономикалық тәрбие “ қоғамның адамға оның ойлау жүйесін және әрекетін қалыптастыру үшін жүйелі , мақсаты бағытта ықпал етуі ”, “эканомикалық даму заңдылықтарын тану негізінде адамды белсенді қоғамдық – пайдалы әрекетке дайындау үрдісі” деп те анықталады.

Экономикалық тәрбие – кең мағынада ұйымдастырылған педагогикалық әрекет, ол экономикалық білім беруге, экономикалық мақсатты әрекетпен байланысты экономикалық білік пен дағды қалыптастыруға, экономикалық ойлауын дамытуға бағытталған.

Экономикалық сана деп адамның экономикалық өмірдің нақты сипатын, экономикалық қатынастарды, осы өмірдегі өз әрекетін тануын айтамыз.

Оқушыларды экономикалық тәрбиелеудің маңызды міндеті оларды экономикалық әрекетке дайын болуға тәрбиелеу болып табылады. Бұл мектеп бітірушілердің өз экономикалық білімін, білігін, қоршаған ортаны аялау мен бос уақытын тиімді пайдалану мүмкіндіктерін білдіреді.

Экономикалық тәрбие беру үрдісінде экономикалық білім сенімге айналуы және ол іс-әрекет пен мінез-құлықтан көрініс табуы тиіс. Экономикалық білімнің сенім мен іс-әрекетке айналуының басты қозғаушы күші – жеке тұлғаның экономикалық қажеттілігі мен мүддесі. Бұның қалыптасуына қоғамның экономикалық мәдениет деңгейі әсер етеді, ал ол өз кезегінде қоғамдық қатынастарға тәуелді.

Басқаша айтқанда, экономикалық тәрбие білімге деген сұранысты жандандыруға, экономикалық білімді жасампаздық әрекетте қолдана білуді дамытуға қызмет етеді. Экономикалық тәрбие дүниетанымның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Экономикалық тәрбиенің маңыздылығы сонда, ол өзге қоғамдық сана түрлеріне қарағанда болмысқа жақын, әрі қоғамдық болмыс пен қоғамдық сана арасын байланыстыратын буын қызметін атқарады.

Өйткені тәрбие өсіп келе жатқан ұрпақты өмірге даярлауға, ал экономикалық тәрбие экономикалық әрекетке дайындауға, қоғамдық қатынастардың негізі ретіндегі экономикаға саналы түрде қатысуға дайындауға бағытталған; ол педагогикада басым орын алу тиіс.

Экономикалық тәрбиенің негізгі міндеттері – оқушылардың экономикалық санасы мен ойлауын үздіксіз дамыту, балалардың өз қажеттіліктерін толық қанағаттандыру құралы ретінде еңбекке ұмтылу, мамандық таңдауға саналы қатынасы, экономикалық талдау іскерлігі мен дағдысын игерту, мінез құлықтың белгілі сапасына тәрбиелеу, еңбекті ғылыми ұйымдастыру негіздерін игерту.

Оқушыларға экономикалық білім мен тәрбие берудің нәтижелері олардың экономикалық мәдениетін және жаңа типтегі экономикалық ойлауын қалыптастырады.

Экономикалық білім материалдық игіліктердің мазмұны, сипаты, ерекшеліктері, оларды өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну, қоғам дамуына материалдық өмірдің ықпалы туралы экономикалық теориялар жиынтығынан тұрады.

Экономикалық білік – адамның экономикалық әрекеті немесе оның жекелеген элементтерін экономикалық білім мен тәжірибе негізінде орындай алуы.

Экономикалық дағдылар – жиі қайталау нәтижесінде автоматтандырылған біліктер. Экономикалық біліктер мен дағдыларға іс-әрекет үрдісі мен нәтижелерін экономикалық талдау, үнемі экономикалық есептеу, жоспарлау, еңбектегі ғылыми ұйымдастыруды қолдану іскерлігі мен дағдысын жатқызуға болады.

Экономикалық сана – білім мен экономикалық өмірге деген көзқарастар жиынтығы. Қоғамдық экономикалық санаға экономикалық көзқарастардың бәрі емес, тек қана қоғамдық мәндісі ғана кіреді.

Экономикалық сананы қалыптастыру құралдары экономикалық тәрбие мен білім беру болып табылады.

Оқушыларды экономикалық тәрбиелеудің негізгі категорияларын қалыптастырғанда, мектеп жасындағы балаларды экономикалық тәрбиелеудегі шетелдік және отандық алдыңғы қатарлы тәжірибелерді талдаудың нәтижелерін, сондай-ақ оқушыларды экономикалық тәрбиелеудің көкейкестілігі, дұрыстығы және мазмұны жөніндегі қоғамдық пікірді есепке аламыз. Осыған байланысты экономикалық тәрбиенің мақсаты жеке тұлғаны экономикалық әрекетке дайындау деп қорытындылауға болады. Экономикалық әрекет дегеніміз — өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну бірлігі, яғни аз шығынды үлкен нәтиже алу тәсілдерін іздестіру. Экономикалық әрекет экономикалық тәрбиенің алғы шарты, критериі және экономикалық тәрбие құралы болып табылады.

Оқушылардың әр түрлі экономикалық қатынас түрлеріндегі іс-әрекеттерін басқара отырып, олардың бойында уақытқа есеппен, үнеммен қарауды қалыптастыруға болады. Уақытты бағалай білу жеке тұлғаның маңызды экономикалық мәні мен сипаты жинақылыққа тәрбиелейді. Әртүрлі экономикалық қатынастар үрдісінде меншікке деген қатынас сөзсіз көрініс береді. Бұл қатынастарды педагогикалық және экономикалық тұрғыда сауатты басқару оқушылар бойында үнемшілдік, есепшілдік, сақтық сияқты сапаларды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Кейде жастардың арнаулы экономикалық білім алғанымен, қоғамға қажетті кейбір жеке белгілерін игермейтіні байқалады. Бұған себеп: отбасында, мектепте, жоғары және басқа оқу орындарында экономикадан берілетін тәрбиенің жеткіліксіздігі. Экономикалық тәрбие оқушыларға экономикалық заңдардың сипати мен әсерін түсінуге мүмкіндік береді. Оқушыларды еңбекке, жеке меншік пен қоғамдық меншікке ұқыптылықпен қарауға, тапсырманы өздігінен жауапкершілікпен орындауды жоспарлай білуге, уақыты мен бюджетін тиімді пайдалануға, экономикалық талдауды қалыптастыруға дағдыландыру керек. Мұның өзі – ұзақ жүретін үрдіс.

Тәрбие негізі баланың жас кезінен бастап отбасында қалыптастырылады. Одан кейін ол мектепте одан ары қарай дамытылады. Оқушыларға экономикалық тәрбие берудің негізгі мақсатының бірі – оларды өз бюджеттерін тиімді пайдалануға дағдыландыру. Кейбір ата-аналар балаларына жұмсауға ақша береді. Бұл, әрине дұрыс емес. Мұндай тәрбие баланы ақшаға үйір етіп, теріс мінездерді қалыптастыруына жол ашады. Ата-аналар отбасы қаржысының қандай еңбекпен табылатынын, ақшаны қалай тиімді жұмсау қажеттілігін балаларына түсіндіріп отыруы тиіс. Ата-ана балаларына жұмсауға ақша бергенде мөлшерлеп жұмсауға тиіс екендігін айтып отырған абзал. Мөлшерден артық ақшасы бар бала оны қалай болса солай жұмсап, ақшаны ң құнын бағаламай кетуге әдеттене бастайды. Сондықтан оқушы ата-аналардың еңбегін, тапқан табысын қастерлей білуге дағдыланғаны жөн. Ендеше мұғалім экономикалық тәрбие беру үшін қазіргі нарықтық экономика жайлы заңдылықтарды көбірек біліп, терең түсініп, оны тәрбие барысында пайдалана білуі өте маңызды.

Жеке тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуының негіздерін қазіргі уақыт тұрғысынан қарастырып, бір бағыты ретінде экономикалық білім және тәрбие міндеті бекітіледі. Қазіргі кезенде мемлекеттік білім саясатында экономикалық ойлауды қалыптастырудың маңызды факторлардың бірі ретінде басымдық бағытта экономикалық білім және тәрбие орын алуда.

Экономикалық білім мен тәрбие жүйесі көптеген педагогикалық заңдылықтарға байланысты анықталады.

  1. Жеке тұлғаның экономикалық білімі мен тәрбиесінің қалыптасуы оның іс-әрекет үрдісінің кіруімен орындалады. Айта кетсек, оны еңбек ісіне қамтымай, еңбек сүйгіштік, ұжымдық, ұжым істерін шешуге өзара қарым-қаынасын қалыптастыру мүмкін емес. Қазақтың ұлттық философиясының негізін қалаушы, жаратылыстың құпиясы, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның қатынастарын терең бойлаған кемеңгер ойшылы Абай Құнанбаевтың педагогикалық мұраларының негізгі идеяларының бірі – адамдардың өзара қарым-қатынасы, әсіресе жастарды еңбекке баулу. Абай халықтың әл-аухатының деңгейі, санасы, мәдениеті, адамдардың қарым-қатынасы, бір-біріне мейірбандығы мен парасаттылығы, ұлттың ерекшелігі, салт-дәстүрінің дамуы сол халықтың еңбек сүйгіштігіне, еңбек ету дәрежесіне тікелей байланысты екенін даналықпен болжаған.

а) Оқу-танымдылық және шығармашылық іс-әрекеті.

Мысалы, оқушы экономикалық білімді меңгеру үшін ол танымдылық іс-әрекетін жүзеге асырады. Осы кезде ақыл-ой және техникалық, экономикалық шығармашылық міндеттері шешіледі.

ә) Азаматтық – қоғамдық және патриоттық іс-әрекеті.

Тәрбие – қоғамдық құзірет. Тәрбие – адам қоғамында ғана болатын қоғамдық құбылыс, адамдардың саналы әрекеті. Ол алғашқы қоғамдағы еңбекпен, материалдық өмір тәжірибесінде пайда болып, қазіргі кезенде ол сол сұрақ екенін айқындады. Экономикалық білімнің өзекті мәселесі – қайырымдылық, достық. Халық ұғымында жақсылық пен жамандық, достық пен қастық адамгершілік қасиеттің екі түрлі белгісі ретінде егіздің сыңарындай қатар салыстыра суреттелген. Еліне қайырымды, бойындағы бар қасиетін халыққа жақсылық жасауға арнаған адамды «Ел қамын жеген ер» деп дәріптеген. «Жақсының жаттығы жоқ», «Жақсы –ай мен күндей, әлемге бірдей», «Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың лебін ала келді десеңші» деген нақылдар жақсы адамның көпшіл, халық қамын ойлайтын, экономикалық білікті абзал азамат екенін дәлелдейді.

б) Қоғамдық пайдалы және өндірістік еңбек іс-әрекеті.

Адамдардың арасындағы әлеуметтік, саяси – экономикалық қатынас қоғамның өндіріс қатынастарынан келіп шығатыны белгілі. Қоғамдық өмірдің өндірісі ұдайы екі жақты процесс. Ф.Энгельстің тілімен айтқанда, «Тіршіліктің өзін өндірудің және ұдайы өндіріп отырудың» екі жағы бар. «Бір жағынан – тіршілік заттары»- тамақ, киім- кешек, тұрғын үй және осыған керекті құралдар өндіру;

«Екінші жағынан – адамдардың өзін өндіру, ұрпақтың жалғасуы». Олай болса, экономикалық білім осы процестің екі жағымен де тығыз байланысты.

г) Эстетикалық іс-әрекеті. Сол қоғамдық қатынастардың негізінде адамдардың арасындағы бір-бірін түсінушілік, бір – біріне деген ілтипат, бірін-бірі сыйлаушылық, тағы басқа да қатынастар ғасырлар бойы орын алып келген моральдық принциптер негізінде құралады. Одан соң әрбір адамның өзіндік ерекшелігі мен өскен ортадан алған тәрбиесінің айнасы ретінде не күңгірттеніп, не жарқырай көрінеді. Шығарылған өнімнің сандық жағымен бірге сапасының бар екені мәлім, ендеше, сапа осы экономикалық біліктілігінің қасиеттерінің ерекше көріністерінің бірі. Өйткені жұмысқа, өндіріс процесінде жауапсыз, немқұрайлы қарау, қалай болса солай атқару өнімнің сапасын көрсетеді.

д) Салауатты өмір салты және спорт іс- әрекеті.

Ұлтымыздың өткендегі өмір салтын зерттей отырып, оны қазіргі жағдайымызбен салыстыру арқылы халқымыздың болашақтағы өмір салтын, оның экономикалық бағытын болжауға болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылдың 8 қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзі, атап айтқанда, Қазақстанның таяудағы 10 жыл ішінде бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруді көздейтін стратегиялық бағыт қоғамның барлық мүшелерінің жұмысына негіз болуда. Бұл — өте ауқымды күрделі мақсат. Қойылған стратегиялық бағытта жүзеге асырудағы шешуші факторлардың бірі – білім мен ғылымды өркендету, осының негізінде экономиканы дамыту және жас ұрпақты адами ізгіліктің ең биік тұрғысында тәрбиелеу.

  1. Жеке тұлғаны қалыптатыруда ұйымдастыратын іс-әрекеттердің бірі – ол экономикалық біліктілігінің белсендігін марапаттау.

Яғни, ол іс- әрекетті ұйымдастыруда жоғары белсенділік көрсететін болса, жеке тұлғаны қалыптастыру және оны дамыту тиімді өтеді. Егерде оқушы ұйымдастырылған іс- әрекетке ынтасыз, немқұрайлы қараса, бұл іс- әрекет туралы қандай дамуды айтуға болады. Мысалы, жылқыны суға күшпен жетелеп альп баруға болады, ал күшпен су ішкізуге мүмкін емес.

Л.Н. Занков көрсеткендей, адамға күшпен білімді енгізуге, мәдениетті меңгертуге болмайды. Белсенділікті арттыру үшін экономикалық білімнің қажеттілігін көрсете білу керек. Білімнің жеткіліксіздігі, тәжірибенің аздығы, алда тұрған немесе, пайда болған проблеманы шешуде дағды мен біліктілікті арттыруды қажет етеді. Міне, сондықтан оқушыларға еңбекте экономикалық біліммен қаруланудың қажеттілігін санасына жеткізу және белсенділіктің қозғаушы күштерінің бірі мүдде және түрткі болып табылады.

  1. Экономикалық білім мен тәрбиені қалыптастыруда ізгіліктілік көрсету және тұлғаға сыйластықпен қарау жоғары талаппен қатар жүруі шарт.
  2. Экономикалық білім мен тәрбиені қалыптасыруда оқушылардың болашақта материалдық, рухани өсуіне жол ашу және жетістіктеріне жетуге көмектесу.
  3. Экономикалық білім мен тәрбиені қалыптастыруда оқушылардың жас ерекшеліктері және жеке ерекшеліктері ескерілуі тиіс.
  4. Экономикалық тәрбие ұжымда және ұжым арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
  5. Экономикалық тәрбие жұмыстарында оқытушының, қоғамдық ұйымдар және отбасы бірлестіктерінің педагогикалық күш- қуаттары қажетті.