Қазақ тілі пәнін оқытуда көрнекіліктердің маңызы және оны пайдалану мүмкіндіктер

 Бастауыш сыныптарда балаларға жалпы өмірде, күнделікті тұрмыста кездесетін жайларды дұрыс танытып, ой-өрісін кеңейтіп, сабақты сапалы игеруге және түсінгенін айтып беруге үйретуде сабақ тақырыбына лайықты қолданылатын көрнекі құралдардың, дидактикалық материалдардың маңызы зор.

Көрнекі құралдарды пайдалану арқылы балалар алдымен сөз, содан кейін сөйлем ойланып, ойын жүйелі, тұтас айта білуге төселеді. Әр балаға жеке-жеке үлестіріліп берілетін карточкалар сөздік жұмысын игертуге, сөйлем ойлатуға мақсатталған. Қазақ тіліндегі тақырыптарды қамтитын жаттығу жұмысына арналған үлестірмелерді балалардың тапсырманы өздіктерінен орындауына пайдалануға болады. Көрнекіліктің бұл түрімен жұмыс барысында оқушының тақырыпты қалай меңгергендігін есепке алуға болады. Сабақ кезіндегі сергітуге арналған ойындардың кейіпкерлері «Дым білмес», «Бауырсақ», «Қызыл телпек», тағы басқалары оқушылардың оқу еңбектерін жеңілдетіп, күшін жинауға, әрі қарай ой еңбегін жалғастыруға көмектеседі. Сонымен сабақта тақырыпқа байланыстыра пайдаланылған көрнекіліктен ұтарымыз көп. Бастауыш сыныптарда тіл дамыту деген – оқушылардың сөз байлығын молайту, дұрыс сөйлеуге үйрету. Тіл дамыту жұмысының нәтижесінде оқушылардың сөз байлығы молайып, олар тілдің фонетикалық жүйесін меңгереді. Оқушылар бастауыш сыныптардан-ақ сөйлеу мәдениетін игере бастайды. Сөздерді дұрыс айту, сауатты жаза білу – тіл мәдениетінің басты талаптарының бірі. Өйткені шын мәнісінде, сөздердің айтылуы мен жазылуы бірдей бола бермейді. Оқушыларды өз ойын толық баяндай білуге үйрету, байланыстырып сөйлеу дағдысын қалыптастыру – әр мұғалімнің парызы. Сөздік жұмысы да, көрнекіліктермен орындалатын тапсырмалар да оқушыларды байланыстырып сөйлеуге даярлайды.

Тиісті затты көзбен көру, қолмен ұстау немесе суретін көрсету арқылы жүргізілетін сабақ есте жақсы сақталады. Сабақ үстінде оқушылардың тілін ұстартуда сабақты құрғақ сөзбен түсіндіргеннен гөрі, көрнекі құралды пайдаланып түсіндірген тиімді.

Осыған орай, орыс мектебінде қазақ тілінің әрбір сабағын көрнекі құралды пайдалана отырып өткізген жөн. Олардың түрі, көлемі, аз-көпті сабақ тақырыптарына қарай бөлінеді. Кейде оқулықтың өзіндегі материалды үлкейтіп пайдалануға да болады. Көрнекі құралдармен өткен сабақтың тиімділігі:

а) материалдарды түсіндіруде мұғалім көп қиналмайды;

ә) оқушылар жаңа сабақты, материалды оңай қабылдап, тез меңгереді;

б) сабақты түсіндіру арқылы оқушылардың ынтасы артады;

в) тіл ұстарту жұмысы еркін жүргізіледі;

г) сыныпта басы артық шу, әңгіме болмайды;

ғ) сурет арқылы екі-үш сөзден сөйлем құрай алады;

д) сурет арқылы жаңа сөздің мағынасын түсіндіруге болады;

е) оқиғаға құрылған сурет бойынша оқушыға заттың атын, түсін жататқыза отырып, қимылына көрген-байқағандарына байланысты сөйлем құрғызып, әңгіме айтқызуға болады;

ж) мәтін мазмұнына байланысты берілген суреттер мәтінде баяндалған оқиғаны көзге елестету арқылы оның мазмұнын түсіндіруге мүмкіндік жасайды.

Мәтінмен байланысты жүргізілетін тіл ұстарту жұмыстарында қолданылатын көрнекі құралдар:

  1. Мәтіннің тақырыбына байланысты түрлі суреттер;
  2. Мәтінге байланысты сөздік-плакат;

Көрнекі құралдың бәрін бір сабақта үйіп-төгіп қолдану керек деген ұғым тумауы тиіс. Мұғалім оларды сабақтың тақырыбына, сыныптың дайындығына, уақыттың материалды көрнекі құралға айналдыруға болмайды.

Мәтінге байланысты сөздерді, сөйлемдерді оқулықтан, ал түрлі суреттер және мысалдарды қосымша материал ретінде басқа еңбектерден алынған жөн. Сурет бойынша мазмұндама да, сайып келгенде мәтін де дайындалады. Бірақ мұнда мәтінге қосымша сурет болады. Сурет бойынша мәтін құрастыру балалардың ойын, тілін дамытумен бірге, оқушыларды суреттің мазмұнын түсінуге үйретеді. Сурет бойынша әңгіменің де өз ішінде бірнеше түрлі болады:

а) Дайын сурет бойынша мазмұндау.

Мұнда алдымен дайын сурет беріледі де, сол суреттің мазмұны бойынша мәтін құрастырылады. Дайын сурет бойынша мазмұндаманы да түрлендіріп жүргізу керек. Мазмұндаманың бұл түрі бастауыш сыныптарда бір сюжетті бейнелейтін бір сурет рқылы да, бірнеше сурет арқылы да жүргізіледі.

ә) Мәтіннің жүйесін сурет бойынша реттеу.

 Бастауыш сыныптарда сурет бойынша жүргізілетін әңгіменің мынандай түрлерін де қолдануға болады:

1) орны ауыстырылып берілген суреттерді мәтін бойынша түзету;

2) орны ауыстырылып берілген суреттерді де, мәтінді де оқиғаның болу ретіне қарай түзету. Мұндай жұмыс үшін бір сюжетке салынған бірнеше сурет алынады.

Сөздік жұмысы да, көрнекілікпен жұмыстары да оқушыларды байланыстырып сөйлеуге даярлайды. Дидактикалық материалдарды тақырыптардың жүйесі бойынша тапсырмаларға бөліп беру ұтымды. Қазақ тілінде сөйлей білмейтін оқушылардың сөздік қорын, сөйлеу тілін дамытуда көрнекілік пен ойын әдісін, сөйлеу үлгілерін қолдануға болады. Оқушылардың сөздік қорын дара суреттер не заттың нақтылы өзін көрсету, ойындар ойнату және өзара сөйлестіру жолдарымен байытып, сөздің дыбысталу жағын дұрыс айтуды, грамматикалық тәсілдерді, логикалық жаттығуларды орындату арқылы өткізу керек.