Иманбек Ұйықбаев қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаушылардың бірі

  1. Иманбек Қабышұлы Ұйықбаев – 1922 жылдың 7 ақпанында Максим-Горький (қазіргі Качир) ауданының Теңдік колхозына қарасты Жайлауағаш елді мекенінде дүниеге келген. Осындағы мектепте білім алып, 1940 жылы жоғары білім алу үшін Алматыға келеді. Осында, қазіргі Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық оқу орнының филология факультетіне оқуға түседі. «Бірақ оқуды соғыстан кейін оқуға тура келді»,- деп еске алады ақсақал. Біз кеңес заманының адамдары болдық. 1941 жылы сұрапыл соғыс басталып кетті. Барлық ер-азаматтар сұранып майдан даласына кетіп жатты. Мен 1942 жылы Рязань қаласындағы атқыштар даярлайтын училищеде екі ай арнайы дайындықтан өттім. Бұл кезде жоғары білімі бар адамдарға соғыс уақыты жағдайына байланысты кіші офицерлік атақ берілетін. Содан екінші Украин майданында артиллерия лейтенанты болып соғысқа кірдік.
    Ол соғыстың қалай болғанын, кімдердің ерлік жасағандығы тарих беттерінде жазылды ғой, барлығын қайталап не қыламын» -деп өткен қанды күндерді еске алғысы келмеді. Ақсақалдың қолындағы кіші қызы Мерекенің осы жылдың 17 мамырында «Комсомольская правда» газетінде өз әкесі туралы жазған естелігінде Румыния елінің астанасы Будапешт қаласы үшін болған ұрыс туралы айтылады. Тарихи деректерде осы қала үшін болған шайқас алты ай бойы жүрген. Кеңес елі әскерлерінің шығыны 400 мың адам болған. Неміс жағынан 350 мың адам, сонымен бірге Гитлердің соңғы тағайындаған генерал-фельдмаршал Пикко иелігіндегі 6-шы армия, 3 элиталық танк дивизиясының «Великая Германия», «Мертвая голова», «Галиция» бөлімдері болған. Осы сұрапыл соғыста атамыз ауыр жараланып, Будапешт қаласында емделеді. Соғыс аяқталған соң 1946 жылдың жазына дейін Польша мен КСРО-ның өзара келісіміне сәйкес Буковина қаласында жұмыс істедік. Содан елге келіп, оқуымды аяқтадым-деп еске алады қарт майдангер жерлесіміз. Оқуды 1948 жылы аяқтап, 1952 жылға дейін аспирантурада істедім, одан кейін 1952-54 жылдары өзі оқыған оқу орнында оқытушы болған. 1954-70 жылдары Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында аға қызметкер болып еңбек еткен. 1954 жылы тіл білімі саласында қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. 1970 жылдан 1985 жылға дейін Қазақ КСР-нің Ғылым Академиясында аға ғылыми қызметкері болған. 150 астам тіл білімінің лексикография, грамматика, оқыту әдістемесі, тіл мәдениеті саласындағы еңбектердің авторы. 1961 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі атағын алған. «Құрмет» белгісі, «Қызыл жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы ордендері мен медальдарымен марапатталған.
    2. 1958 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің көріністері», 1962 жылы «Қазақ тілі методикасының очерктері», 1969 жылы «Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері», 10 томдық Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің (1974 — 86) 5 -10 томды құрастырған, 1976 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі сөз варианттылық проблемасы», 1997 жылы 8-9 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторлар алқасына кірген. «Сәрсен Аманжоловпен бірге бірнеше кітаптарға автор болдым, ол кісінің шәкірті болдым. Тіл білімі өте нәзік әрі қиын. Онымен айналысқан адам талмай еңбек ете білу керек. Біздің тіліміз өте бай әрі көп зерттелген» -деп өткен күндерін еске алады атамыз.
    «Иманбек Қабышұлы мектеп оқушыларына арнап бірнеше «Қазақ тілі» оқулығын жазған. Тілді оқыту әдіскер маманы болған адам. 8, 9 сыныптарға арнап Әбілқаев, Аманжолов және Ұйықбаев, кейіннен Аманжоловтың баласы қосылып, бірнеше кітаптардың авторы атанған. Бір қыз баласы өсімдіктер атауы туралы орысша кандидаттық қорғап, қазіргі күні Канадада тұрады.
    Иманбек аға кішіпейіл және өте қарапайым адам болған. Жиылыстарда өзімен-өзі үнсіздеу жүретін. Өн бойынан іздемпаздығы, білімділігі көрініп тұратын. Жуас адам болды. Сөздерінен байқағанымыз ол кісі Сәрсен Аманжоловтың көмекшісі болғандығын білдік. Өз білімділігін мақтан тұтып, көп алдында мақтана бермейтін. Өмірден көрген түйгені бар, ақылы асқан адам болатын»- деп еске алады ол кісінің алдын көрген, бүгінгі күні Семей мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессоры Қинаят Шаяхметұлы Шаяхметов.

Жұбайы- Мұсабекова Фатима Машанбекқызы да тіл білімінің маманы, филология ғылымының профессоры. Атақты тіл маманы болған адам. Осыдан бірнеше жыл бұрын қайтпас сапарға аттанған екен.
Балалары да әке жолын қуып тіл білім саласында еңбек етіп жүр. Үлкен қызы Гүлшат қазіргі күні Канадада еңбек етсе, кіші қызы Мереке Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетте орыс тілі мен әдебиеті кафедрасында сабақ беріп жүр. Төрт жиені бар, алды қазіргі күні жоғары білімді мамандар.

«Тереңкөл» деген атауды естіген сәтте, ақсақал сенер сенбесін білмей қайта-қайта сұрады. Менің елім ғой, сұрау салып жатқандарыңа рахмет, мені де іздейтін жерлестерім бар екен ғой тәубә, 90-ға келген жасым бар, екінші топтағы мүгедекпін, мен туралы қызым айтсын, газет беттеріне шыққан материалдар бар, содан аларсыңдар, газеттерің өркендей берсін, аудан басшысына мың алғыс айт мені іздетіп отырған» деп сәлемін газет беті арқылы жерлестеріне жеткізуді өтінді.

Жерлес атамыз туралы деректер сұрастырып, аудандағы ардагерлерге, қарт адамдарға хабарласқан уақытта Асайынұлы Құдайберген қажы, Қалиқайдар ақсақал Иманбек Қабышұлы жастай заманның қиын қыстау кезеңін басынан өткеріп, оқуға талпынып өз бетімен білім қуып, ғылым болғандығын жеткізді. Оқу қуып Алматыға барған жерлестерін өз туған бауырындай көріп, көмек қолын созып, ауданнан шыққан азаматтардың білім алуын, оқу оқуына жағдай жасаған. Ол кісінің алдын көрген, білімін алған талантты адамдар қаншама. Болашақта осы адамның елге сіңірген еңбегін бағалап, туған жері «Ауданның құрметті азаматы»- атағын берсе, жерлес ғалым әрі Ұлы Отан соғысы ардагеріне көрсеткен құрметіміз болмақ деп ниеттерін білдірді.

Қазақ тілін оқыту методикасын зерттеуде ерекше табысты және көп үлес қосқан жыл – ол 1957 жыл болды. Бұл жылы Қазақстан Орталық партия комитетінің басшылығымен қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелерін жақсартуға арналған республикалық кеңес өткізілді. Кеңес алдында Педагогикалық ғылымдар институты мен республика мұғалімдері көп дайындықтар жасап, өздерінің көп жылдық тәжірибелерінің қорытындыларын осы кеңеске ұсынды. Кеңесте қазақ тілі мен әдебиетін мектепте оқыту сапасын жақсарту туралы 67 баяндама таңдалды. Осының тәжірибесінде Педагогикалық ғылымдар институты мектеп мұғалімдерінің тәрбиелерін қорытып, кітаптар етіп шығарды.

Мұнымен бірге қазақ тілін оқыту мәселелеріне арналған мынадай методикалық еңбектер жарыққа шықты:

  1. И.Ұйықбаев «Қазақ тілінде сөз таптарын оқытуға көмекші материалдар», 1957 ж.
  2. И.Ұйықбаев «Орта мектепте қазақ тілін оқыту мәселелері», 1957 жылда жарыққа шықты.
  3. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің көріністері, А., 1958;
  4. Қазақ тілі методикасының очерктері, А., 1962;
  5. Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері, А., 1969;
  6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (10 томдық), А., 1974 — 86 (5 — 10 томды құрастырған);
  7. Қазіргі қазақ тіліндегі сөз варианттылық проблемасы, А., 1976;
  8. Қазақ тілі. 8-сыныпқа арналған оқулық, А., 1997 (телавт.);
  9. Қазақ тілі. 9-сыныпқа арналған оқулық, А., 1997 (телавт.).