Ш.Сарыбаевтың қазақ тілін оқыту әдістемесіне енгізген үлесі

  1. Шамғали Сарыбаев – XX ғасырдың 20 жылдарында А. Байтұрсынұлы бастаған қазақ тіл білімі корифейлерінің ізін баса келген ғалымдардың бірі.
    Ш. Х. Сарыбаев 1893 жылы, наурыз айының 11-күні Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарашағыл деген мекенде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласады. 1913 жылы Шамғали Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын Құсайния татар мектебіне оқуға қабылданады. Сонда өздігінен орыс тілін үйреніп, татар әдебиетін біліп шығады. Мектепті 1916 жылы бітіріп, Қазалы қаласына келіп бал оқытумен айналысады.
    1918 жылы Шымкентте уездік халық ағарту мекемесіне басшылық жасайды. Кеңес өкіметі орнаған жылдары Ташкенттегі Педагогика институтында қазақ тілі пәнінен оқытушылық қызметте болады. Өз заманының зиялы азаматы ретінде Ш.Х. Сарыбаев өзінің мұғалімдік тәжірибелерінен түйген келелі ойларын сол кездегі «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Еңбек» т. б. сияқты баспасөз бетерінде жариялап отырады. Оның «Сауатсыздықпен күресу жолдары», «Тіл құралды оқытудағы тәжірибелер», «Қазақ мектептеріндегі орыс тілін оқыту жайы» тәрізді мақалалары жарияланады.
    Ұстаз-ғалым елді сауаттандыру үшін қазақ тілінің қадірін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады.
    Шамғали Сарыбаев 1923-24 жылдары Ташкентте Орта Азия коммунистік университетінде ұстаздық қызмет атқарады. Ал 1934 жылы Қазақстанға қайтып оралып, Алматыдағы сол кездегі Журналистика институтында 1937-жылға дейін дәріс береді. Жоғары оқу орындарында қызмет еткен жылдары оның қаламынан қазақ тілі мен оны оқыту әдістемесінің әртүрлі мәселелеріне байланысты ғылыми мақалалар жазылып, жарияланады. Ғалым кейін 1954 жылға дейін Абай атындағы ҚазПИ-де қызмет істейді.
    2. Ш. Сарыбаевтың алғашқы еңбектерінің бірі Г. Қожантаевпен Е. Табынбаевпен бірігіп жазған «Үлкендер үшін әліппе» 1921 жылы Ташкент қаласында жарыққа шығады. XX ғасырдың 20-жылдарындағы сауат ашу науқаны басталған тұста бұл әліппенің қазақ жастарының сауатын ашудағы маңызы ерекше болған. Кейін 1931 жылы Ташкент қаласында қазақтың мақал-мәтелдерін жинап бастыруда үлкен еңбек еткен ақын Ө. Тұрманжановпен бірге «Бірінші басқыш мектепке арналған әліппе кітады», 1932 жылы Қ. Оспанұлымен бірге «Екпінді күш. 1-класс үшін әліппе кітабы», 1933 жылы А. Әлібайұлы, М. Долайұлымен бірге жазған «Ана тілі /бастауыш политехника мектептерінің 3-кластары үшін/» атты оқу құралдары басылады.
    Осылайша мектепке оқулық жазу сияқты жауапты да күрделі істерді істеу қажеттілігі туып тұрған заманда, соның үдесінен шығуды көздеп, ғылымдағы негізгі тырнақ алды туындыларын арнаған ғалым кейін іргелі ғылыми мәселелерімен де айналысады.
    Қазақстанға келгеннен кейін ғалым қаламынан туған «Түрліше жазылатын бір мәнді сөздер туралы», «Емле жүйелері», «Сызықшаның бастауыш пен басқа мүшелер арасында жазылатын орындары», «Грамматикалық мағына деген не?», «Табыс жалғауының тасалануы» т. б. сияқты тіл білімінің өз кезеңіндегі өзекті мәселелеріне арналған ғылыми мақалалары жарыққа шыға бастайды. А. Байтұрсынұлының «Тіл танытқышынан» сусындап өскен бұл кездегі ғылымдар түркі тіл білімі үшін ең маңызды саналатын күрделі теориялық мәселелерді көтере алғандығымен де ерекшеленсе керек. Айталық, автор қаламынан шыққан «Грамматикалық мағына деген не?», «Төрт етістік ( отыр, тұр, жатыр, жүр)», «Қосылып жазылмайтын сөздер» атты мақалалардың көтерген жүгі жеңіл емес еді.
    1920-1940 жылдар мектеп ісі үшін, жалпы ағарту саласы үшін аса ауыр жылдар болғанын атап өту парыз. Бұл заман салған ауыртпалықтармен қатар, жазу таңбасының қайта-қайта өзгеруімен де байланысты болады. Ахмет Байтұрсынұлының реформаланған әліппесімен сауатын ашып қалған қазақ жастарына аз жылдың ішінде латын қаріпін, одан да көп ұзамай Кирилл жазуын меңгеру қажеттілігі туындады. Осы ретте мектепке арнап оқулық, оқу құралдарын жазу, емлені реттеу, оның негізгі принціптерін белгілеу сияқты күрделі мәселелер ғалымдар алдында тұрған келелі міндеттер болды. Ш.Х. Сарыбаев та мұндай күрделі мәселелерден шет қала алмады. «Емле жүйелері», «Ы,І-нің жазылуы туралы», «Қосымшалардың өзгеруіндегі қайшылық» т. б. сияқты мақалаларын ғалым осы мәселеге арнаған.
    Ғалым 1944 жылы «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту методикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл жұмыс қазақ тілін оқыту әдістемесінен арнайы қорғалған тұңғыш ғылыми жұмыс еді. Кейіннен «Жоғары мектептер программаларын» ( Т. Қордабаевпен бірге), «Қазақ тілі методикасының программасын» жазады.

1956 жылы белгілі әдіскер-ғалым Шамғали Сарыбаевтың “Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері” (1 бөлім фонетика мен морфология) деген кітабы шықты. Бұл оқулық методикаға қосылған үлкен бір оқу құралы болды.

Жоғары оқу орындарында қызмет етіп жүрген жылдарда әдістемелік негіздегі өзінің негізгі туындыларын жазады. «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» атты еңбегі соның куәсі.