Мектептерде білім беру мен болашақ қоғам адамдарын даярлаудағы бейнелеу өнерінің ролім

Қазіргі таңдағы мемлекетіміздің алдына қойған басты мақсаты мен міндеттерінің бірі білім беру және біліктілікті жетілдіру болып отыр. Өйткені, қай ел болмасын оның өркендеп өсуінің негізі — білімде. Өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру мәселесі — барлық уақыттада көкейкесті мәселе болып келген. Жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеуде еліміздің мектептері шешуші рөл атқарады. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: Қазақстан халқына Жолдауында (2007 ж.) «Білім берудің басты өлшемі – білім мен білік алған кез келген адамзат әлемінің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады» — деп атап көрсеткен [1]. Еліміздің болашағы бүгінгі мектеп қабырғасындағы ұрпақ екені даусыз. Ертең ел тізгініне ие болар жеткіншектеріміздің ғаламдық өркениеттен қалып қоймай, білімді, тәрбиелі, жан-жақты тұлға болып қалыптасуының қамтамасыз етілуі — мемлекеттік маңызы бар іс.

Осы мәселелерді шешуді сонау мектеп табалдырығынан бастауымыз қажет. «Мектеп білім берудің және болашақ қоғам адамдарын даярлаудың бүтін жүйесіндегі өзінің орны бойынша өскелең ұрпақтың қазіргі адамға аса қажетті абстрактілі және көркемдік-бейнелі ойлауға деген қабілеттердің үйлесімділігін қалыптастыру ісінде орталық тізбек болып табылады» деп есептейді эстетика мәселелерімен айналысатын көрнекті ғалымдар Н.И.Киященко мен Н.Л.Лейзеров [2,3].

Зерттеушілер мектепті адамның барлық ойлау қабілеттерін дамытудың бастапқы сатысы болып табылатындығымен түсіндіреді. Тек мектепке ғана оқушылардың сезімдік-эмоционалды және рационалды-интеллектуалды шығармашылық әлеуеттерін бүтінге үйлестіре біріктіру, олардың белгілі бір қызмет түріне жеке қабілеттіліктерін дамыту мүмкіндігі берілген.

Өйткені білімнің іргетасы жалпы білім беретін мектептерде қаланатындығы белгілі. Біз жоғары оқу орындарында білікті мамандарды даярлауды мақсат тұтсақ, сол мақсатымызды жүзеге асыруды мектеп табалдырығынан қолға алып, оны белгілі бір деңгейге көтеру нәтижелі іс болары анық. Білім баспалдақтарын нық қадаммен басып өткен оқушы ғана үлкен жетістіктерге жетеді. Біз оқушылардың қай пәнге қызығушылығы басым болатын болса сол пәнге икемдей отыруымыз керек. Өзінің қызыққан пәнін мектеп деңгейінде толықтай меңгеріп шыққан оқушы, ертеңгі ЖОО–на түскенде қиыншылықтарға тап бола бермесі анық. Сондықтанда мектеп бағдарламаларын жоғары сапаға көтеру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі.

Бұл мәселе төңірегінде жалпы білім беретін мектептерде өтілетін бейнелеу өнері пәнінің мектеп оқушысына беретіе мол. ертеден сақталып келе жатқан тамаша тарихымен бірге өзіндік қайталанбас ерекшелігімен көзге түсетін бейнелеу өнері жас ұрпақты білімді де шығармашыл қоғам адамдарын тәрбиелеуде үлкен қызмет атқарады. шығармашылықты дымыту үшін оқушыға берілетін білімнің мақсатын, міндетін, қажеті мен маңыздылығын түсіндіріп, оларға нақты өнердің сатыларын үйрету керек. үйренуге, оқуға, білуге деген қызығушылық-танымдық, белсенділіктің қозғаушысы. ал, ұрпақтың бойындағы танымдылықты алғашқы қатынасы адамның жалпы жетілу үрдісіне оқу және тәрбие барысында мүмкін болады.

«Бейнелеу өнерi» пәнiн мектепте оқытудың негiзгi мақсаты – оқушылардың өнер шығармалары мен әлемдi бейнелi қабылдаудағы дербес шығармашылық қабiлетiн дамыту; сезiмдiк-эмоционалды өрiсiн тереңдету және байыту; көркемдiк-шығармашылық қабiлеттерiн қалыптастыру болып табылады. Жалпы орта білім беретін мектептің негізгі орта білім беретін деңгейіндегі «Бейнелеу өнерi» пәнiнiң негiзгi функциясы, мектеп оқушыларын көркем-эстетикалық тұрғыдан бiлiм берiп тәрбиелеуден, оның табиғи көркем шығармашылық қабiлеттерiн дамытуға мүмкiндiк беруден көрiнедi.

5-6 сынып оқушыларына арналған «Бейнелеу өнерi» пәнiнiң оқу-тәрбиелiк мiндеттерi:

— оқушылардың көркемдiк шығармашылық қабiлеттерiн және ой-қиялын, көрермендiк-бейнелi ойлауын, дербес шығармашылық iс-әрекетiн қалыптастырып, дамыту;

— композиция, түстану, тепе-теңдiк, көлем, перспектива заңдылықтарын, түс-жарық және орындау техникасының әртүрлiлiгiн бiлуге қажеттi алғашқы бiлiктiлiктердi, яғни өнер саласы бойынша компотенттiлiгiн қалыптастыру;

-оқушылардың кеңiстiктiк ұғымын, шындықты көркем-бейнелi қабылдауын, оның әсемдiгi мен түстiк байлығын түсiнiп, реңдiк сезiмдiк қабылдауын дамытуды қалыптастыру; Отандық және әлемдiк көркем мәдениет мұраларын сақтауға, көбейтуге баулу [4].

Қандай сала болмасын оның өзіндік заман ағымына қарай бейімдейтін және оны әрі қарай дамытатын жаңа инновациялық технологиялары болуы тиіс. Ал, біз сөз етіп отырған сала оқушы тәрбиесі мен білімінен үлкен орын алатын бейнелеу өнері. Мектептерде бейнелеу өнері пәнін оқытудың әдістемесінде әлі күнге дейін зерттеулерді талап ететін қыр-сырлары мен салалары жетерлік. Осыған орай бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрларын ғылыми тұрғыда зерттеп, оны жас ұрпаққа жеткізе білу, бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы мәселелерді жүзеге асыру, дамыту және жетілдіру бүгінгі күннің зерттеуші, ізденуші және педагог ғалымдардың еншісіне тиіп отыр.

Бейнелеу өнері сабағының орта мектептегі алатын орыны және осы сабақты оқытудың маңызы туралы белгілі орыс ғалымдары, бейнелеу өнері әдістемесінің негізін қалаушы, педагогика ғылымының докторы, профессор, Ресей жоғары мектебіне еңбегі сіңген ғылым қайраткері, суретші-ұстаз Н.Н.Ростовцев Ресей білім академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор В.С.Кузин ғылыми еңбектерінде айқындап көрсеткен [5,6]. Олардың еңбектері бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің дамуында, бейнелеу өнерін оқытудың маңыздылығын көтеруде үлкен серпін жасады. Олар оқушылардан шынайы суреттің мәнін түсінетін, табиғат пен өнерге деген сүйіспеншілігі мол, ғылыми білімге құштар тұлға қалыптастыру идеясын көздеп, көркемдік білім берудің қажеттілігін көрсетті. 60-80 жылдары бұл ғалымдардың дәлелдеулері бойынша, бейнелеу өнері сабағы мектепте өтілетін басқа да сабақтармен деңгейі бірдей болуы керек деген. Осы ғалымдардың еңбектері негізінде бейнелеу өнерін әрі қарай дамытуымыз және толықтыруымыз қажет. Сонда ғана бейнелеу өнері пәні басқа пәндердің деңгейіне көтеріледі.

Бейнелеу өнерінің жалпы білім беру пәні ретіндегі маңыздылығын атақты педагогтар Я.А. Каменский, И.Г.Коменский, И.Г.Пестолоций, Джон Локк,Ж.Ж.Руссо айқындаған. Олар дүниені қоршаған табиғатты дұрыс тану арқылы дұрыс ойлау мүмкіндігі сурет салу барысында туындайтындығын көрсткен.

Бейнелеу өнерінің мән-мағынасы – адам дамуындағы руханилықтың иесі болып табылатын жанды тұлғаның өздігінен ізденуіне, жаңарып отыруына, өз өмірін шығармашылыққа айналдыруға мүмкіндік береді [7].

Бейнелеу өнерінің қоғамдағы рөлі мен адамның мәнін қоғамнан тыс, еңбек құралынсыз, өнерсіз, рухани құндылықтарсыз, материалдық өндіріссіз тану мүмкін емес. Адам өнер арқылы қоғамдық сананың бір формасы, әлемді игерудің арнайы рухани-практикалық бір жолы – шығармашылықтағы көркем образды әлемнің бейнеленуімен өз мәнін таниды. Осыған сәйкес бейнелеу өнері қоғамның тарихи дамуына байланысты реалды адам мен дамудың әлеуметтік жағдайларының ажырамас бірлігінен басталады. Біріншіден, бейнелеу өнері қоғамдағы нақты реалды адамның материалда және рухани қажеттілігі мен мұқтаждығын қанағаттандырады. Екіншіден, қоғам дамуындағы адамдарды енжар емес, керісінше, белсенділікке, қоғамда болып жатқан жайларды үстірт қабылдамауға шақырады. Үшіншіден, қоғам дамуындағы алғышарт – әрбір дара адамның өзіне тән потенциалды күш-жігері, қасиеті және т.б. өзгешеліктерін ашуға мүмкіндік береді, ол белгілі бір жағдайда әлеуметтік ортамен байланыста болады. Өйткені, бұлар болмаса адам да болмайды. Төртіншіден, адам табиғаты – шекті де, шексіз тіршілік иесі ретіндегі актуальды шексіздік қатынасында образдар арқылы өнер туындысында көрініс табады [8].

Бейнелеу өнеріндегі адам дамуының осы төрт негізі, кез келген адамзат баласының өмірінен үлкен орын алады. Адамның рухани қажеттілігі мен мұқтаждықтарын қанағаттандыра отырып, қоғам дамуындағы белсенділіктің үлкен бір көрінісі бола алады.

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» оқулығында «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, һәм құлық тәрбиесі. Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны» – дей келіп», Жаратылыстың һәм өнердің сұлулық заттары адамның сұлулық сезімдерін оятады. Үлбіреген гүл, күңіренген арман, сылдырлаған су, былдыраған бұлақ, шексіз-шетсіз қара көк теңіз, түрлі шөптермен толқынданған дала … міне, осы сықылды жаратылыстың сұлу заттары адам жанында бір ләззат, бір сұлулық толқынын оятып, туғызбай қоймайды» – деп қоршаған ортадан сұлулықты көруі арқылы көркемдік талғамын қалыптастыруды көздеді [9].

Осы аталған сұлулық әлемінен сыр шертетін бейнелеу өнері, ол, кез келген жастың пәнге, сабаққа, өнерге деген қызығушылығын арттырып, көркемдік ой-өрісін дамытып, сұлулық әлемінен тәлім-тәрбие алуына септігін тигізетін ғылым саласының бірі. Алғашқы «Педагогика» оқулығын жазған қазақтың ағартушысы, ақын, жазушы Мағжан Жұмабаевтың бұл пікіріне дау болмасы анық. Өйткені, расында да адамзат баласы осы төрт түрлі тәрбие негізінде өмірлік іргетасы қаланып, өзіндік бір тұлға, саналы да сымбатты азамат болып өмірден өз орнын таба біледі. Егер бала бойында осылардың бірі болмаса оның бойынан келеңсіз қасиеттер пайда болады. Бейнелеу өнері біздің қоғамда адамдарды, әсіресе оқушыларды рухани, эстетикалық тәрбиелеуде сенімді, күшті құралы болып табылады. Оқушыларды көркемөнерді сүюге, адамға тән ізгі қасиеттерді қастерлей білуге үйретеді. Осындай құнды қасиеттерінің негізінде бейнелеу өнері білім беру мен болашақ қоғам адамдарын даярлаудағы ролін айқын көруге болады.

Резюме

В статье раскрывается тема изобразительного искусства, его роль, в образовании. Обосновываясь научными исследованиями, подведены научные выводы.

Summary

The fole and importance fine arts in education is considered in this article. Setting scientific research summed up scientific conclusions.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халықына Жолдауы. 2007 ж.
  2. Киященко Н.И., Лейзеров Н.Л. Эстетическое творчество.-М.: Знание, 1984. -142 с.
  3. Рыбакова Е. Живопись Казахстана.-Алматы: Ғылым, 1976. -72 с.
  4. Ұзақбаева С.А. Балаларға эстетикалық тәрбие берудегі халық дәстүрі. — Алматы, 1990.
  5. Ростовцев Н.Н. Методика преподавания изобразительного искусства в школе.-М., Просвещение, 1980, -239 с.
  6. Кузин В.С. Основы обучения изобразительному искусству в школе. — М.: Просвещение 1977. -206 с.
  7. Ақбаева Ш.Ә. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі. – Алматы, 2007.
  8. Халықов Қ.З. Адам мәнінің бейнелеу өнеріндегі көрінісі: Монография, – Алматы, 2006. -188 б.
  9. 9. Жұмабаев М. Педагогика. –Алматы: Ана тілі, 1992. -15 б.