Сауат ашу кезеңіндегі дыбыстық талдау-жинақтау әдісінің зерттелу тарихы

  1. Сауат ашу кезінде жазу сабақтарында балалар әріп элементтерін немесе жекелеген әріптерді жазғанда ұзақ уақыт жазып отырмауын қадағалау керек . Өйткені ұзақ уақыт бір – екі элементті немесе бір әріпті жаза берсе , бала шаршайды да , сабаққа зейін қоюдан қалады, сондықтан 3 – 5 минут жазғаннан кейін қолдарына демалыс беріп , сонан соң құрамында үйреніп отырған әрпі бар сөздерді жазуға көшкені дұрыс. Жұмыс түрі өзгергенде балалар да оған зейін қоя бастайды. Сауат ашу барысында балалар сөздер мен сөйлемдерді естерінде ұстап жазуға үйренулері қажет. Ол үшін айтылуы мен жазылуының арасында ешбір айырмашылық жоқ сөздер алынады және бұл кезде әріптердің таңбасы арқылы (жазба таңбасы) берілген . Сөздер мен сөйлемдерді көшіріп жазу ұсынылады, ал сауат ашу аяқталғаннан кейін, баспа таңбалы әріптер жазылған текстер көшіртіледі. Осы жұмыстардың бәрінде де оқушылар жазуға кіріспес бұрын сөздер дыбысқа, буынға талданады.

Дыбыс жүйесін теориялық жақтан үйрету әдістері тілдік материалдардың теориялық негіздері мен заңдарын, анықтамалары мен ережелерін меңгертумен бірге, оларды практика қажетіне жаратуға бағыт сілтейді. Мұғалім белгілі бір тілдік тақырыптардың өзіндік белгілерін ғылыми тұрғыдан сұрыптап, материалдың мазмұны мен көлеміне және әрбір өткізілетін сабақтың құрылымына сай тақырыптың оқытылу жүйесін белгілейді. Бұл мектеп бағдарламасының көлеміне негізделеді де, әр сыныптағы оқушылардың ой дәрежесі мен жас ерекшелігіне сәйкестендіріледі. Мұғалім теориялық материалдарды өзі мазмұндамай, оған оқушыларды да қатыстырып, практикалық тұрғыда өздерін іздендіріп отырады. Өтілетін материалдардың өзіндік ерекшеліктері мен ондағы заңдылықтарды талдай отырып меңгертуде, әуелі тақырыптың ішкі қасиеттерін өз ара саралап, осыған лайықты дидактикалық мысалдар табуды жүктеген жөн. Осы сияқты әдістемелік жұмыс жүйесінің өтілетін материалдарының ғылыми жағын саралап, түсінуіне көмегі мол. Оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге жұмылдырып отыру — дыбыс жүйесін теориялық жақтан үйрету әдістерін іске асырудағы басты мақсат. Мұның өзі дыбыс жүйесіне байланысты жазылған әдебиеттермен жұмыс істеуге пайдасын тигізеді. Сонымен дыбыс жүйесін теориялық жақтан үйрету әдістеріне негізінен мыналар жатады: әңгіме, хабарлау, тәжірибе, түсіндіру және оқулықты пайдалану әдістері.
Дыбыс жүйесінен теориялық білім пен практикалық дағды беруде, мұғалім мен оқушының қарым-қатынасын анықтайтын, бірде мұғалімнің өзі түсіндіріп, бірде оқушының өзін іздендіретін әдістің бірі—әңгіме әдісі. Бұл теориялық материалдарды практикалық жұмыстармен үштастыру негізінде жүзеге асырылады. Мұны кейде мұғалімнің түсіндіруі мен оқушының жауап сөзіне қарап, сұрақ-жауап әдісі деп те атайды. Дыбыс жүйесінен өткізілетін сабақты әңгіме әдісімен жүргізгенде, оқушылардың мына сияқты дағдылары қалыптасады: олардың білім алу талабына сай, белсенділігі артады; тілдің өзіндік белгілерін дәлелдеп айтуға қызығады; тілін ширату негізінде өз сөйлемін стилистикалық жақтан дұрыс құруға бейімделеді; өз пікірінен қорытынды шығаруға үйренеді.

Қазақ тілі орфографиясының негізгі принципі — морфологиялық принцип, яғни түбір сөздің соңғы дыбысы қосымша аралығында да (басшы , башшы емес), сөз шекарасында да ( боз құнан , бозғұнан емес ) біріккен сөздерде де ( Үмбетбай , Үмбетпай) емес сақталып жазылады.
Тілімізде орыс тілінен енген , аяғы үнді дыбыс — әріптерге біріккен бірсыпыра сөздер бар (Ленинград , клуб , педагог т/б ) бұл сөздердің соңғы үнді дыбыстары айтылуда қатаң дыбыстарға айналады , яғни д , г, б дыбыстары қатаңдап т , к , п дыбыстарына айналып айтылады . Мұндай сөздерге қосымша да қатаң дыбыстан басталып жалғанады : Ленинградқа, педагогке, клубтан т. с .с . Бұлар грамматика ережелеріне сүйеніп үйретіледі. Қысқасы жазуға үйрету методикасы тіл ғылымының ерекше бір саласы болып табылатын жазу теориясына сүйенеді.
2.Сауат ашу кезеңдерінде жазу жұмыстарына қойылатын талаптар.
Оқушылар жазу ережесін сақтап отырғанда ғана дұрыс жазуға үйрене алады. Жазуға негізінен мынадай талаптар қойылады :
а ) әріпті дұрыс жазу , дәптердің көлденең сызығынан ауытқымау ;
ә ) әріптердің элементтерін жазғанда ұзынды – қысқалы етпей , тегіс , бірдей жазу .
б ) әріптердің бірін оңға , бірін солға қисайтпай , барлық әріпті бірдей , оңға қарай, сәл көлбете ( 45 ) жазу ;
в ) әріптердің , сондай – ақ сөздердің арасындағы қашықтықты бір қалыпты сақтап (сөздер бір – бірінен м әрпінің көлеміндей қашықтықта болуға тиіс ) отыру .
г ) бірте – бірте жазу қарқынын тездете түсу .
Бұл талаптар бастауыш мектептің барлық сыныптарында да жазу жұмысының барысында орындалып отыруға тиіс .
Жазуға кірісерде алғашқы күннен бастап орындалуға тиісті гигиеналық талаптар :
а ) дәптер партаның үстіне , баланың кеудесінің қақ ортасына тура келетіндей болып сәл көлбетіле ( оңға 65 ) қойылады ;
ә ) бала басын оңға не солға , иықтарын кеудесін алға не артқа қисайтпай , аяқтарын қатар қойып , алдына түзу қарап отырады .Бұл олардың омыртқалары , көкірегі дұрыс жетілу үшін қажет ;
б ) балалар табандарын еденге ( партаның табан тақтайына ) еркін басып отырады . Тізені қатты бүкпей , бір аяқты екінші аяқтың үстіне қоймай , аяқтарын я алға , я артқа сілтемей отырғаны дұрыс ;
в ) партаға көкіректі тіремеу керек . Өйткені бұл тынысты тарылтады жаңа өсіп келе жатқан кеудені бұзады ;
г ) қаламды ұстағанда саусақ қаламұштан 3 см –дей жоғары тұратындай болып және қаламның жоғарғы жақ ұшы оң иықтың тұсына дәл келетіндей жағдайда болғаны жөн ;
д ) жазғанда баланың көзі мен дәптер аралығындағы қашықтық 25 – 30 см сақталуға тиіс.
Жазуға үйрену тілдің ерекшеліктеріне қарай , әр түрлі дәрежеде өтеді:
фонетикалық жазу дыбыстық — әріптік талдауды шебер жүргізуді , дыбыстарды дұрыс, анық айта білуді, айтылған дыбыстарды дәл айыра алуды талап етеді ;
морфологиялық жазуда сөздің грамматикалық мағыналарын түсініп, ережелерді үйрену басым болады.
Жазуға үйрену үшін қажетті жағдайлардың бастылары:
1. Жазылатын сөздің мағынасын, мәнін анықтау. Мұғалім көшіруге ұсынған немесе оқып айту арқылы жаздыратын сөздерінің, сөйлемінің, текстің мағынасын оқушылардың анық түсінгеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жаздырғаны жөн .
2. Сөздің айтылуына және жазылуына , грамматикалық формасына мұқият көңіл аудару; жазғандарын саналы түрде есте ұстауға жағдай жасау: оқы, ойлан, есіңе жазып ал , тыңда, зейін аудар, т / б . Жіберілген қателермен жұмыс жасау:
Жазғаныңды тексер, түзет , қайта жаз , осыған ұқсас мысал ойлан, т / б. оқушылардың белсенділігін көтеру және өздіктерінен жұмыс жасауға баулу.
3 . Сөйлем мен сөзді талдау жұмысын жүйелі түрде жүргізіп отыру: салыстыру, талдау, жинақтау жұмыстары, “ неге ? “ сұрағын көбірек қою.
4 . Сөйлеу әрекетінің бірде – бір жағын естен шығармау керек : дыбыстық әріптік талдау , сөз құрамына жаттығу, сөз таптары бойынша, синтаксис және байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстары. Орфографиялық жаттығуларды (көшіру, диктант) сөйлеу жаттығуларымен (мазмұндама, шығарма) кезектестіріп өткізу.
5 . Грамматикалық жаттығуларды сөздік — орфографиялық жаттығулармен кезектестіру. Орфографиялық дағды жөнінде айтылғандар пунктуацияға да қатысты. Бірақ пунктуацияға үйрену жұмыстарының өзіне тән ерекшеліктері бар . Тыныс белгілерін қою да ережелерге бағынады.