Қазақ тілін оқытудағы жаттығулар жүйесі

Өзге тілді дәрісханаларда қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізгі мәселелерінің бірі – жаттығулар. Мемлекеттік тілді оқытудың нәтижелі болуы жаттығулардың тиімді таңдалуына байланысты.

З.С.Кузекова: «Жаттығулар – нағыз оқу құралы. Дидактика мен әдістемеде оқытудың құралы – оқулықтар деп айтылып жүр, біздіңше, оқулық – оқытудың құралдарын ұйымдастыру мен жүзеге асырудың нысаны болып табылады. Ал оқытудың нағыз құралы – жаттығулар. Әсіресе тілді үйреткіңіз келсе, жаттығуларсыз нәтижеге жете алмайсыз» деп, профессор Р.Әміров оқулықтарындағы жаттығуларға назар аудара отырып, «жаттығу дегеніміз – сіздің оқыту амалдарыңыздың мазмұны, кең тұрғыда, әдістемеңіздің мазмұны»,- деп береді /1, 17/.

Білік пен дағдының деңгейлі қалыптасуы идеясы жаттығулар типологиясының негізі бола тұрса да, оны жүзеге асыру жолы төмендегідей бөлінуде.

Р.Ладо, Г.Пальмер механикалық әрекеттердің игерілген әрекеттерге ұласуын айтса, Л.И.Апатова, Б.П.Следников және т.б. кішігірім тілдік белгілерден (сөз, сөз тіркестері, фразалар) ауқымды (мағыналы бөліктер, мәтіндер) және элементарлы операциялардан күрделі ойлау әрекеттеріне ауысуына жүйелілікті әкеп тірейді /2, 20/.

Тілді оқытып – үйретудің ең басты шарты – жаттығулардың жүйелілігі. «Жаттығулар жүйесі» деген ұғым 30 жылдары кеңес дәуірі әдістемесінде Н.И.Гез, А.А.Мироцобов сияқты ғалымдардан бастау алады.

Жаттығу жұмыстарының атқаратын қызметі туралы ғалымдар арасындар түрлі көзқарастар қалыптасқан. Жаттығулардың кең тараған рецептивті, репродуктивті, продуктивті бөлінуі Р.Баервальдтан бастау алады, тура әдістің (прямой метод) өкілі Г.Е.Пальмер осыны құптайды /3, 20/. Оқу түрлері (чтение) классификациясында Д.М.Шпрингфельд, М.С.Ильин аналитикалық және синтетикалық /4,29-35/, И.Д.Салистра тілдік (дайындық), сөйлеу /5, 144/.

Әдістемелік оқулықтарда және ГДР–нда журналға жарияланған мақалаларда компонентті және комплексті жаттығулар деп топтастырып жүр.

Тура әдістің өнімдері тілдік материалды оқыту қиындық тудырғандықтан, тілді оқытуда оның грамматикалық құрылысын меңгертуді бірінші орынға қойды. Олар тілді меңгертудің кезеңдерін қарастырмай, ана тіліне еліктеу арқылы жаттығулар жасауды баса назарға алды. 20-30 жылдары орыс тілін шетел студенттеріне оқытуда оқытушылар тура және аударма әдістерін қолдануы, тек шетел тілін оқыту әдістемесіне емес, орыс тілін шетел тілі ретінде оқыту әдістемесіне де қатысы барын көрсетеді.

Жаттығулар жүйесінің ерекшеліктерін анықтайтын оның құрастырылуы мен жаттығулар түрлерінің ұйымдастырылуы екені белгілі. Әдістемелік оқулықтарда жаттығу түрлерін екіге бөліп, дайындық және сөйлеу жаттығулары (коммуникативтік жаттығулар) деп қарастырып жүр.

1) Н.И.Гез оқу -әдістемелік кешендер мен оқу құралдарында сонымен қатар аспиранттармен бірлесіп жүргізген зерттеулеріне баға бере отырып, топтастыруға болатындығын көрсетеді. /сонда/

Жаттығуларды түрліше ұйымдастыру.

Дайындық жаттығулар екі топ құрайды (Н.И.Гез) .

Дайындық жаттығулары сөйлеу (речевая деятельность) болмаса да, жалпы жүйенің негізгі түйіні (звено), оны жүзеге асырудың амалы және негізін жасаушы болып табылады.

Бұл турасында Э.П.Шубин: «Дайындық жаттығуларының көмегімен тіл құбылыстарының формасы мен мағынасы, сонымен қатар лексикалық бірлік және сөйлесім әрекетінің компоненті ретінде бір-біріне әсері меңгеріледі» — деп айтқан /6,14/.

Дайындық жаттығулары перцептивті – сенсорлық базаны қамтиды, ойлау қабілеті лингвистикалық және психологиялық қиындықтарды жою үшін, сөздерден микромәтіндер деңгейіне дейінгі белгілерді мағыналық ойлау қабілетін дамыту мысалы атқарады.

Тілдік біліктің жинақталуы дайындық жаттығуларының қажеттілігін төмендетеді, олардың қолданылуы жекелеген тапсырмалармен шектеліп отырады.

Дайындық жаттығуларының жүйесіне төмендегідей талаптар қоюға болады:

  • Қарапайым операцияларды күрделі ойлау әрекетімен үйлестіру,

оқушылардың шығармашылық ойлауын дамыту және сол кезеңдегі мнемикалық іс-әрекетін логика ойлаумен үйлестіру;

  • Қабылдаудың тірегі мен бағыты есебімен айтылымның дайындық процесін қатаң меңгерту, «бағдарлмамланған» қиындықтарды жою және т.б.
  • Төлдік (бірлестіктерді) ұғымдарды біртіндеп арттыру;
  • Бір немесе бірнеше ұқсас қиындықтарға оқушы (студент) назарын бағыттау;
  • Жаттығуларда белгілі және белгісіз материалдарды үйлестіру;
  • Тұлғаға назарын бағыттау.

Сөйлеу / Коммуникативтік жаттығулар түрлі тілдік хабарларды ешбір тірексіз, жағдаймен алдын –ала таныстырусыз, үлгісіз қабылдап, тілдік қарым-қатынасқа түсуге жағдай жасайды.

Сөйлеу жаттығулардың мынадай қасиеттері бар:

  • Меңгерілетін тілдік әрекеттерден меңгерілмейтін әрекеттерге біртіндеп көшу;
  • Қабылдаудан туған қиындықтарды кешенді шешу;
  • Мазмұнына немесе бір мезетте тілдік формасы мен мазмұнына назар аудару;
  • Стилі мен жанры жағынан түрлі мәтіндерді қолдану;
  • Тілдік қарым-қатынасты дағдылы қабылдау.

Н.Оралбаева, К.Жақсылықова: «Тілдік жаттығулардың міндеті тілдің грамматикалық материалын оқушыға меңгерту, ал сөйлеу жаттығулары қарым-қатынас жасауға бағытталады»,- деген /6, 110,111/.

Ойлау қабілетінің бағытталуы белгісі кейбір түсіндірулерді қажет етеді, себебі дайындық және сөйлеу жаттығулардың жүйесіне енгізілген.

Күнделікті тілдік қарым-қатынаста есту қабілеті сөйлеу арқылы хабарлама мазмұнына бағытталған, сонымен қатар тұлғасы мен мазмұны толық бірлікте, ол мазмұнға немесе тұлғаға бағытталуы мүмкіндігі тілді үйретудің шарты болуы ықтимал. Зерттеулердің нәтижесі тілдік тұлғаға назар аударуда (мысалы, сөздердің синонимдік тұлғасын іздестіруде немесе тақырыптық топтамаларды жүргізуде және т.б.) бір мезетте мазмұнын түсіну қиындық туғызады.

Жоғарыда айтылғандай түрлі материалдарға құрылған дайындық жаттығуларын орындауда баланың мнемикалық қабілеті (мнемическая деятельность) ойлау қабілетімен үйлеседі.

Дайындық жаттығуларының қандайда бір түріне жүгінуге болады. Мысалы: «Сөздер тізбегін тыңдаңыз, есіңізде сақтаңыз және күрделі сөздер жасаңыз». Бұл жаттығуды орындауда мәлімет бойынша түсінік болуы қажет.

Психологтар тыңдалғанды немесе оқылғанды дұрыс топтай білу қабілеті оқушының ішкі ойлау қатынасын түсіну деп көрсетеді. Қазақ тілін (шетел тілін) өз ана тілі дейгейінде білуі қарым-қатынас жасауда тілдік форманы бағытты түрде қолданады, субъективтен объективті мәліметті, арнайы емес тілден арнайы тілді ажыратуға мүмкіндік туғызады деген сөз. Бұны «коммуникативті компетенция» деген жөн. Ал, тілді үйретудің нәтижелі болуы- жаттығулардың дұрыс тиімді таңдалуында ғана емес, оның ұйымдастыру, жүргізу жұмысының дұрыс жүзеге асуында.

Тіл үйренушінің негізгі объектіге назар аударуы сөйлеу жаттығуларының тілдік жаттығулардан айырмашылығы болып табылады. Себебі, сөйлеу жаттығулары үшін оның мазмұны маңызды болса, тілдік жаттығулар үшін ол тілдік формадан көрсетеді В.С.Цетлин.

Тілдік жаттығулар және сөйлеу жаттығулары деп қарастыру жаттығулар жүйесін жасауға жол ашты, себебі тілдік құрал арқылы жаттығуды құрастыру, қатысымдық ерекшелікті ескере отырып жасалынды.

Тілдік материалды меңгеруде білімді бекіту және сөйлеудегі жаңа тілдік форма деп,- қолдану дағдысын қалыптастыру негізінде жаттығулар жүйесі құрылады.

Шет тілі оқулықтарындағы жаттығулар жүйесінің ұйымдастырылуы жөнінде бірелкі зерттеулер жүргізген С.Утес жаттығуларды ұйымдастыру мен оны жүргізуде оқушыға жеке келу (индивидуальный подход) принципін ескере отырып, төмендегідей талаптар қояды:

  1. Оқулықтарда берілген жаттығуларға толықтырулар енгізіп және тапсырмаларының қайталануын, бір-бірімен тығыз байланыста болуын қадағалау.
  2. Жаттығулар оқушылардың сабақ үлгеріміне қарай барлығы дерлік қатыса алатындай құрылуы қажет және тексеру қарқыны бірізді болуы жаттығуларға қойылатын негізгі талаптың бірі.
  3. Жаттығулардың мазмұндық әлеуеті (потенциал), яғни жаттығулардың мазмұн аспектісі ауқымды болуын қадағалау. Мысалы: Берілген белгілі бір тақырыпқа оқушының өз таңдауына сәйкес міндетті факультатив тақырыпшалар берген жөн.
  4. Жаттығулардың қызметтік әлеуеті, яғни оқушының коммуникативті – сөйлеу әрекетіне қарамай (мысалы, аудитивті – вербальді немесе визуальді – вербальді стимум) барлығы дерлік қатынасуын қамтамасыз ететін, сөйлеу әрекетінің негізгі түрлері арқылы білік пен дағдыны қалыптастыру.
  5. Жаттығуларды орындауда оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы: «Қатысымдық оқытуда барлық жаттығулар түріне қарай сөйлеу, яғни қарым-қатынастағы жаттығулар болуы керек», — дейді Е.И.Пассов /10,69/.

(мысалы, диалогтік бірлік және микродиалогтар; ситуативті –тақырыптық диалогтар; ауызша аудару және еркін түсінігін айту; жарыс элементі түріндегі жаттығулар)

Дұрыс серіктес және топтар құру жаттығуларды орындауда жеке келу әрекетін жүзеге асырады, сонымен қатар оқушылар бір-бірін қадағалап, оқу әрекетінде ынталандыруға және оны басқаруға, бір-біріне көмек беруге септігін тигізеді.

  1. Өзіндік жұмыстарды ұйымдастыруда жаттығулардың әлеуетті мүмкіндігі.

Жаттығуларды орындау үшін түсіндірулер мен жауаптың жұмыс мазмұнымен қайта байланыс мүмкіндігі (мысалы, жауап кілтімен берілуі) бары анық, нақты құрылған жаттығулар. Бұндай жұмыс түрлері қатысушылардың өзі-өзін бақылауын, жіберілген қателерді түзетуге, берген жауаптарын әдебиеттер арқылы жетілдіруге жағдай туғызады /7,29-31/.

Қазақ тілін меңгеруде жаттығуларды дидактикалық — әдістемелік жағынан ұйымдастыру оқушылардың белсенді қатысуын қамтамасыз етеді.

Әдебиеттер тізімі

  1. Күзекова З.С. Профессор Рақыш Әміров оқулықтарындағы жаттығулар түрлері // Қаз ҰУ Хабаршысы. Филология сериясы №4 (86), 2005.
  2. Гез Н.И. Типология упражнений и организация обучения аудированию в школе с преподаванием ряда предметов на иностранном языке // ИЯШ №6 с.19-24.
  3. Пальмер Г.Е. Устный метод обучения иностранным языком. М., 1960-165с.
  4. Ильин М.С. Оклоссификации упражнений в речевой деятельность // ИЯШ. – 1961, №5, с.29-35.
  5. Салистра И.Д. Очерки методов обучения иностранным языком. Система упражнениий и системе занятий. – М.: Высшая школа, 1966 – 252 с.
  6. Шубин Э.П. Типология тренировочных упражнении // ИЯШ. – 1965, №1, с.13-20.
  7. Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: Ана тілі, 1996-208б.
  8. Мұратбекова А.М. Жаттығуларда топтастыру мәселесі // Қаз ҰУ хабаршысы. Филология сериясы. 2005, №4.
  9. Сабина Утес. Некоторые размышления об организации системы упражнений в учебниках иностранного языка. // ИЯШ 1988, ІҮ 6.с. 29-31.