Білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асыру жағдайында шағын комплектілі мектепті басқару

Бүгінгі таңда республикадағы ауыл мектебіне, соның ішінде шағын комплектілі мектепке тән ерекшеліктер:

оның толық комплектілі және параллель сыныптардың болмауы;

оқушылар санының аздығы;

біріктірілген сынып комплектісінің болуы.

Шағын комплектілі мектептің қоғамның барлық даму кезеңінде және бүгінде білім беруді реформалау, білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асыру жағдайында өз үлесін қосып отырғанын мойындамау тарихқа жасалғанқиянат болар еді. Өйткені шағын комплектілі мектеп – қоғамның талаптарына сай, білім алуда оқушылардың сұранысын қанағаттандыруды қамтамасыз ететін, Үкіметіміздің мектеп туралы нормативтік құжаттарымен анықталатын қызметін атқаруды жүзеге асыратын жалпы білім беретін мектептің бір типі.

Шағын комплектілі мектептің проблемалары бүгінде халықаралық мәселеге айналып, көптеген мемелекеттердің социологтарын, психологтарын алаңдатып отыр.

Мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығы және дамуы жөніндегі халықаралық ұйымы Батыс Еуропа, Америка, Канада, Австралия, Жапония және басқа да 24 елде шағын комплектілі мектептің дамуына талдау жасаған. Соның нәтижесінде шағын комплектілі мектеп санының басымдылығы, олардың өзіндік ерекшелігінің барлығы анықталды. Осы мәліметтерге сай Францияда 11 мың мектепте бір мұғалім оқытады, осы мектептердің 95 пайызы 25 оқушыдан кем емес. Жалпы Қазақстандағы мектептің 76 пайызы ауылдық, оның 65 пайызы шағын комплектілі мектеп. Олардың барлығы дерлік қазақ мектептері.

Бүгінде шағын комплектілі мектеп тек білім ошағы емес, руханият ошағы да болып отыр. Сондықтанда осы әлеуметтік мәселенің шешілуі мемелекет тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Соның айғағы Үкіметіміздің тапсырысы “Ауыл мектебі” Мемлекеттік бағдарламасы. Аталған бағдарламаның жүзеге асуы шағын комплектілі мектеп алдында тұрған нақты проблемаларды, қазіргі жағдайларға нақты баға беруге қажетті тенденциялар мен заңдылықытарды зерттеуге, жалпы білім беретін мектептің бір типі ретіндегі шағын комплектілі мектептің даму перспективаларын, оқу-тәрбие үрдісін және басқаруды жетілдірудің жоспарын анықтауға мүмкіндік туады.

Соның ішінде шағын комплектілі мектепті басқару, жалпы басқару жүйесінің бір бөлігі бола тұрғанымен де, оған ерекше әлеуметтік парыз жүктелген. Өйткені шағын комплектілі мектептің қызметі бүгінгі заманның сұранысын болашақтың талаптарымен ұштастыра отырып, ауыл жағдайында жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған.

Мұның өзі басшылардан кәсіби икемділік пен ұшқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен басқаруда ақпаратты қамтамасыз ету, талдау, жоспарлау, ұйымдастыру, ынталандыру бақылау әрекетінде біліктілікті талап етеді. Бұл талап ең алдымен басқару әрекетіндегі нақты мақсат қоюдан басталады. Басқаруда айқындалған мақсатқа жету үшін соған сәйкес міндеттерді және оны орындаудың тиімді жолын анықтап, жүзеге асыру қажет.

Басқару міндеттері төмендегідей төрт топқа бөлінеді:

Бағытына қарай – әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, ұйымдастыру-педагогикалық;

Мазмұнына қарай – оқу-тәрбиелік, әдістемелік;

Басқару деңгейіне қарай – оқушылар, мұғалімдер ұжымы, орынбасарлар, мектеп басқарудағы коллегиялды органдар деңгейлері;

Уақыт, кезеңге қарай – ұзақ, ағымды, жедел, жарты жылдық, тоқсандық, айлық, апталық, күндік міндеттер.

Сондай-ақ, шағын комплектілі мектепті басқару мақсаты мен міндеттері білім берудің ұлттық үлгісінің әр деңгейінің мақсаты мен міндеттерімен ұштасуы қажет және деңгейлер арасындағы байланыс, бірізділік, жүйелілік, сабақтастық сақталуы тиіс.

Шағын комплектілі мектепті басқару әрекетінде мақсат пен міндеттерді жүзеге асруда басқару принциптеріне сүйену керек.

Басқару принциптерібұл әлеуметтік-экономикалық дамудың белгілі салаларын басқаратын органдар ман адамдардың өз жұмысында басшылыққа алып қолданатын негізгі ережелер.

Солардың ішінде жетекші принцип – ғылымилық принцип. Шағын комплектілі мектепті басқаруда басшыларға жеке бастың тәжірибесіне ғана сүйеніп басшылық етуге болмайды. Шағын комплектілі мектепте ғылыми басшылық ету, басшылардан саяси есеюді, кәсіби білгірлікті ғана емес, басқару теориясы мен практикасы саласынан жан-жақты терең білімі болуын, педагогикалық-психологиялық ғылым жетістіктерін өзінің күнделікті жұмысында пайдаланып отыруды талап етеді. Осы талаптардың орындалуы нарықтық қатынастар жағдайында мектептің әлеуметтік ортамен, өмірмен байланысын нығайтады.

Шағын комплектілі мектепті – басқаруда демократиялық және коллегиалдық принциптерді қолданудың маңызы зор.

Демократиялық принципшағын комплектілі мектеп жұмысына қалың бұқараны кеңінен тарту, ұжым мүшелеріне дербестік беру. Соның нәтижесінде жеке ерекшеліктердің дамуы жүзеге асып қоймай, жеке бастамалардың түпкілікті мақсатқа жетудің әр түрлі жолдары мен әдістерін дамыту жүзеге асады.

Коллегиалдық принцип негізінде шағын комплектілі мектеп басшылары жеке басшылық жасау құқығымен қатар, өз жұмысын ұжымға, педагогикалық кеңеске, бірлестіктерге, қоғамдық ұйымдарға мектеп кеңесіне сүйене жүргізеді. Сондай жағдайда басшы барлық ұжым мүшелері арасында еңбекті дұрыс бөлуге қам жасайды, ұжымдық шешім жасауды ұйымдастыра біледі, алдағы жұмысты жан-жақты болжайды, талқылауды ұйымдастырады.

Коллегиалдық пен жеке басшылықты ұштастыру өте тиімді, себебі мұндай жағдайда ұжымда еңбек тәртібін сақтауды қамтамасыз етіп қоймай, сонымен бірге кадрлардың ұжым ықпалымен қалыптасуына, тәрбиеленуіне, олардың белсенділігін арттыруға, біржақтылыққа соқтырмауға ықпал етеді.

Жоғарыда аталған принциптермен қатар басқаруда мектептің дамуын жүзеге асыратын, оны бір деңгейден екінші деңгейге өткізетін, жеке тұлғаны дамытуға бағытталған – жоспарлау, мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін, оның орындалуын анықтауға бағытталған – бақылау, оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігіне бағытталған – оңтайлық, нақты нәтижеге бағытталған – әділдік, кадрларды іскерлігіне, қабілетіне қарай қою принциптеріне сүйену шағын комплектілі мектепте білім беру сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Шағын комплектілі мектепті басқаруда ең алдымен есекеретін жай, ол әлеуметтік құндылық – адамға бағыттау, яғни ұжымның әр мүшесінің жеке басын сыйлау, құрмет тұту, әрқайсысының жеке ерекшелігіне, тіптен мінез – құлқына сай басқару (бұған шағын комплектілі мектепте мүмкіндік бар, ол ұжым мүшелерінің аздығы). Бұл – басқарудың өте бір маңызды жағы. Қазақ тарихындағы дала кемеңгерлері Қорқыт ата, Ұлық-Түрік, Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Бұхар жырау, кешегі өткен Абай, Сұлтанмахмұт, Жамбыл – бәрінің арманы бір идеяға бағытталған, ол: “Адамнан құнды, адамгершіліктен асқан мәңгілік асыл жоқ” деген.

Бүгінде білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асыруда басқару тәжірибесінің тиімді жақтарына сүйене отырып, осы армандарды жүзеге асыратын күн туып отыр.

Шағын комплектілі мектепті басқаруда ақпаратты қамтамасыз ету

Бүгінгі таңдағы ерекше талаптың бірібасқаруда ақпаратты сапалы қамтамасыз ету. Басқаруда ақпаратты сапалы қамтамасыз ету шағын комплектілі мектептің өмір сүруін қолдап қана қоймай, оның дамуын жүзеге асырады. Себебі жүзеге асырылып жатқан кез-келген құжаттың, үрдістің, шараның ақпараты қолда болмаған жағдайда білім мекемесі басшыларының алдына мақсат пен міндеттер дұрыс қоюы және оны табысты шешуі екі талай.

Ақпаратты қамтамасыз ету – кері байланысты қамтамасыз ету. Кері байланысты жүзеге асырғанда өтіп жатқан үрдіс, шара, объектіні байқау, бақылау жүзеге асады, соның негізінде қашан, қандай, қалай деген түзетулер енгізуге мүмкіндік туады.

Ақпаратты сапалы қамтамасыз етуге үлкен ықпал жасайтын – педагогикалық мониторинг.

Педагогикалық мониторингті жүзеге асыру үшін төмендегідей кезеңдерден өту қажет:

дайындық кезеңі – педагогикалық тәжірибені, объектіні, үрдісті зерттеу, жаднама әзірлеу;

тәжірибелік кезең – ақпарат жинау;

талдау кезеңі – алынған ақпаратты талдау, жинақтау, тарату, болашақтағы қызметке ұсыныс, әдістемелік нұсқау дайындау.

Педагогикалық мониторингті жүзеге асырғанда ескеретін жай – бар объектіні екінші объектімен салыстырмай, бір объектінің өткен деңгейі мен бүгінгі деңгейін салыстыру, соның негізінде оның жетілуіне, дамуына ықпал ету.

Шағын комплектілі мектептің кез-келген жұмысын ұйымдастырғанда, оның тиімді, қолайлы, оңтайлы, ұтымды жағын үнемі қарастыру. Ұйымдастыру барысында міндетті түрде дайындық, қорытынды, талдау және жаңа кезеңге міндет, оны орындау жолдарын анықтауды жүзеге асыру.

Мекеме жұмысын ұйымдастырғанда басшылар бүгінгі күн талаптарына сай болуды алдымен өзінен бастауы керек. Соған байланысты американдықтардың: “Біздер өзгедегі өзгерістерді көргіміз келсе, алдымен сол өзгерістер өзімізде болуы керек”, – дегені өте әділ айтылған.

Бұдан шығатын қорытынды, басшылардың өзіне талап қоя білуі, өзіндік іс-әрекетін, өзіне қатынасын салыстыруға, ұжымның әр мүшесімен үнемі тиянақты, мақсатты жеке жұмыс жүргізуге ықпал етеді. Ал бұның негізінде шағын комплектілі мектеп тиімді, нәтижелі қызмет атқарады.

Шағын комплектілі мектеп жағдайындағымаркетинг

Қазіргі кезеңде білім беру жүйесіне “менеджмент” (ағылшынның сөзі, латынның “манус” – қол деген сөзінен шыққан) және “маркетинг” (ағылшынның сөзі, латынның “маркет” – нарық) ұғымдары енді. Өйткені білім мекемелері нақты бір жағдайларда нарықтық экономика заңдарының ықпалында болуда.

Отандық нарық қалыптаспаған жағдайда тауарды өндірушілер кез-келген өнімді мемлекеттік тапсырысқа сай белгіленген мерзімге өндірсе, бүгінде талап басқаша, нарықтық сұранысқа қарай өндіру қажет. Сондықтан да, сыртқы және ішкі ортаны маркетингтік зерттеу, соның негізінде болжау, стратегияны анықтау қажеттілігі туып отыр.

Бүгінгі таңда маркетингке төмендегідей анықтамалар берілген:

маркетинг бұл өндіріс пен сауданы кеңейтуге әсерін тигізетін, тұтынушылар сұранысын анықтау және оны қанағаттандыру іс-әрекеті”С.Макивер.

маркетинг бұл алмасу үрдісі негізінде, қажеттілік пен тілекті қанағаттандыруға бағытталған адамдардың іс-әрекеті” – Ф.Котлер.

Егер маркетингті шағын комплектілі мектеп жағдайында қолдануын айтсақ, онда ол мекеменің үздіксіз дамуына ықпал ететін іс-әрекет. Өйткені маркетингбілім беру қызметіне сұранысты зерттеуге, сұранысқа сай білім алу ортасын жасауға және педагогикалық жолмен сұранысты ынталандыруға бағытталған іс-әрекет.

Маркетингтің мақсаты – бүгінгі жағдайға бейімделген бәсекелестік қабілеті бар мекемені тудыру.

Бұдан шығатын қорытынды шағын комплектілі мектеп жағдайында тұтынушы ата-анаға бүгінгі таңда ұсынатын тауарымыз: білім берудің жоғары сапасы. Соған байланысты шағын комплектілі мектеп басшыларының алдында бүгінде жаңа міндеттер тұр. Соның ішінде ең негізгісі мектеп жұмысының сапасын басқару, бұл

біріншіден, мектептің іс-әрекетінің барлық бағыттарында оған қатысушылардың бір мезгілде білім беру үрдісінің сапасын жүйелі арттыру тәсілі;

екіншіден, үнемі өзгеріс үстіндегі күрделендірілген өмірде белсенді әрекетке дайын мектеп түлегін дайындаудың сапасын арттыру;

үшіншіден, қызмет ету сапасын арттыру, яғни бұл ұсыныс сапасы, кадр, мәдениет деңгейі.

Сапаны арттыру жұмысы оқушылардың қажеттілігін анықтаудан басталады. Осы мәліметтерді біз ата-ананың тілегі, пікірі арқылы аламыз, себебі білім беру нарығында біздің бірден-бір тұтынушымыз – ата-ана. Сондықтан да ата-анаға нақты тапсырысты қалыптастыруға көмектесу – бұл сапаны арттыру мәселелерін шешудегі кәсіби маркетингтің кілті.

Отбасының бұл үрдіске белсенді қатысуы өте қажет, себебі бұл үрдістің кері жағы сапаның артуы қашан оны тұтынушы қабылдағанда ақталады.

Бұдан шығатын қорытынды шағын комплектілі мектеп жағдайында маркетингоның үздіксіз дамуына ықпал етіп, қоғаммен тығыз байланыс орнатады, соның негізінде мектеп басшылары мектептің даму стратегиясы мен тактикасын анықтайды.

Сонымен, жоғарыдағы айтылғандарды сараптай келе айтарым – шағын комплектілі мектеп басшылары білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асырудың бүгінгі күнгі талаптары негізінде ұжымның, мекеменің, жергілікті жердің ерекшелігін ескере отырып, үнемі ізденіс үстінде болып, басқарудың тиімді жолдарын қолдануы керек.