Индустриялық-инновациялық даму барысында кәсіпорын өндірісінің тиімділігінің маңызы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан -2030» стратегиясының 10 жылдығына арналған, онда Қазақстан жаңа экономикалық жағдай мен басымдылықтарды ескере отырып, индустриалды-инновациялық даму стратегиясын іске асырудың тиімділігіне баға беретін мерзіміне аса назар аударды.

Осыған байланысты қажетті қосымша базаны құру және алдағы стратегияның жүзеге асыру кезеңдерінде (бірінші кезең 2003-2005, екінші кезең 2006-2010 және үшінші кезең 2011-2015 жылдар) жоспарланып отырған негізгі өзгерістерге өту мақсатында қаржылық және инновациялық даму институттарының іс-әрекетін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Индустриалды-инновациялық даму стратегиясын ойдағыдай іске асырған жағдайда ел экономикасы жеке басымдылықтарға ие болады. Барлық нарық субъектілері үшін теңдей жағдай жасалады. Индустриалды-инновациялық саясатты белсенді жүргізу экономиканың өсу қарқынын жылына кемінде 8,8-9,2% қамтамасыз етеді. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы ЖІӨ көлемі шамамен 3,5-3,8 есе өседі. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде орташа жылдық өсу қарқыны 8-8,4% дейін, 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы жұмыс өнімділігінің өсімі кемінде 3 есе және ЖІӨ энергияны тұтынуы-2 есеге төмендейді.

Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялы бағдарламасының мақсаттары мен міндеттері жалпы мемлекетіміздің экономикалық дамуына алып келді.

Нарықтық экономикаға өту және аграрлық сектордағы кризистік ситуация жағдайында ортаның басты сферасын тұрақтандыру және болашақта дамуды қамтамасыз ету үшін іс шараларды әзірлеудің үлкен мәні бар.

Біздің мемлекетіміздің қазіргі аграрлық саясаты еліміздің азық — түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агробизнестің тиімді жүйесін қалыптастыру, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін көтеру мен ішкі және сыртқы нарықта өнімді сату көлемін ұлғайтуды, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне қолдау жасаудың негізгі басым бағыттарын ұстанады.

Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуі 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 13,8 %-ды құрады. Іс жүзінде ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлері бойынша өсуге қол жеткізілді. Жете өңделгеннен кейінгі салмағымен алғанда 20,8 млн. тонна көлемінде астық дақылдарының рекордтық өнімі алынды.

Елдің әлеуеті ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын, оны негізгі тамақ өнімдерімен кепілді толтыруды және экологиялық таза өнімдермен сыртқы нарықтарға шығуды қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда республикада халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін орнықты негіз жасалған. Сыртқы нарықта жетекші орындарға шығу мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықтың қажеттілігін жабу және экспорт ресурстарын қалыптастыру үшін жеткілікті көлемде өндірудің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту саланы әртараптандыру, егіншілік мәдениетін арттыру, өндіріске қазіргі заманғы ылғал, ресурс үнемдейтін технологиялар енгізу, кең ауқымды химиялау, жаңа және қазір пайдаланылмайтын суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы өткізу нарығы бар ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің көлемін арттыруға бағытталады.

Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында өндірісті техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, сапаның халықаралық стандарттарына ауысу және осы негізде шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру өзектілігін сақтап отыр[1].

Қоғамдық өндірістің тиімділігін есептеу әдістемесін ұсынған белгілі совет экономисі, академик Т.С. Хачатуров былай деп жазған: «Әлеуметтік және де экономикалық тиімділік экономикалық және әлеуметтік нәтиженің жұмсалған шығынның қатынасына тең».

Осыған жақын ойды американ экономисі П.Хейне тұжырымдаған: «Тиімділік міндетті түрде бағалау категориясы. Тиімділік әрқашан нәтиже құндылығының шығын құндылығының қатынасы».

Көптеген авторлардың көзқарастарын тұжырымдай келе тиімділіктің саяси экономикалық маңызы халық шаруашылығының түпкі мақсаты деп қарастыруға болады. Ол өз кезегінде өндірістің әр кезеңіндегі тиімділігін сипаттайтын көрсеткіш. Сондықтан, шаруашылық тиімділігі тек басқару үрдісінде ғана емес сонымен қатар өндіріс циклінің барлық фазаларында қалыптасады. Тиімділік экономикалық қызығушылықты салыстырмалы түрде бағалайды. Осыған байланысты өндіріс тиімділігі экономикалық заңдардың көрінісі ретінде қарастырылады. Сондықтан, осы анықтамаға байланысты салалық және арнайы экономикалық ғылымдар тиімділікті зерттегенде арнайы экономикалық заңдарды өндірістің салалық, құрылымдық ерекшеліктерін нақты уақыт аралығы мен белгілі халық шаруашылық құрылымын қарастыруы қажет.

Тиімділікті бір бірімен байланысты мақсатқа жету, өндірістік ресурстарды тиімді қолдану үрдісі ретінде қарастыруға болады. Бұл үрдістің әр кезеңдері алдыңғы кезеңдерге тікелей байланысты. Бірінші кезеңде тиімділік критериінің мөлшерлік және сапалық жақтары айқындалады. Қойылған мақсатқа жету — сапалы критерий, ал әлеуметтік-экономикалық нәтиже – тиімділік критериінің мөлшерлік сипаттамасы. Халықтың материалдық әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік прогресс негізгі нәтиже және мақсатты бағыт ретінде қарастырылуы мүмкін.

Екінші кезеңде нәтиже өсімшесі мен шығындарды салыстыру арқылы шығын тиімділігі анықталады. Оның экономикалық мәні шығын бірлігінің қайтарымын анықтау.

Соңғы үшінші кезеңде ресурстарды қолдану тиімділігінің жалпылама көрсеткіштері қалыптасады: еңбек өнімділігінің өсуі, қор қайтарымының өсуі немесе капитал сиымдылықтың кемуі, материал сиымдылықтың кемуі, айналым қаражатының айналым жылдамдығының жеделдетілуі.

Тиімділікті қарастыруда динамикалық және статикалық тиімділіктерді ажырата білу керек. Белгілі технология тәсілі бойынша ресурстардың орналасуы және өндіріс тиімділігі статикалық тиімділікке жатады. Динамикалық тиімділікте өндіріс технологиясы өзгереді. Егер жаңа сапалы өнім өндіру үрдістері енгізілетін болса, онда экономика немесе фирма динамикалы тиімді. Соның нәтижесінде ұйымдастыру жүйелерін жетілдіруге ресурстар бөлінеді. Статикалық және динамикалық тиімділік бір бірімен әр қашан тікелей байланысты емес. Мысалы, статикалық тиімділікті жетілдіру динамикалық тиімділіке кері әсер ету мүмкін. Статикалық тиімділікті сақтауға қажетті индустриалдық саясат және бәсекелестік құралдары динамикалық тиімділікті жетілдіруге жеткіліксіз болуы мүмкін.

Тиімділікті өлшеудің бір тәсілі – өндірістік қуатты пайдалану деңгейін анықтау. Бұл жағдайда тәжірибеде өндіріс қуатын пайдалану шегі көрсетіледі. Өндірістік қуаттың толық қолданылмауы нашар экономикалық қызметтің белгісі. Бір жағынан қарағанда өндірістік қуаттың толық қолданылмауы бәсекелес фирмалардың нарыққа кіруіне тосқауыл болуы мүмкін. Соның себебінен лидер фирмалар нарық жағдайында еркін қызмет атқаруға мүмкіндік алады.

Қазіргі кезеңде шаруашылық қызметтің экономикалық тиімділігінің зерттеу жүйелі экономикалық талдау теориясында толығырақ қарастырылған. Бұл теорияда ағымдық, перспективалық, оперативтік талдау нәтижелері негізінде тиімділікті көтеру қорлары және оған әсер ететін факторлар анықталады. Кәсіпорын қызметінің жалпы тиімділігін талдау, өнім бағасын, қажетті шикізат көлемін немесе дайын өнімді өткізу жолдарын, өндіріс құралдары мен технологияларды анықтауда қажет. Сонымен қатар басқарушылық шешімдер фирманың тиімділігі, экономикалық өсімі көрсеткіштері бойынша бағалаудан өтуі тиіс [2].

Нарықтық экономика жағдайында кәсіпорынның экономикалық тиімділігін анықтаудың маңызы зор. Сол себептен ауыл шаруашылығының экономикалық жағдайын жан-жақты талдап, болжауды талап етеді.