Білім беру процесіне бағдарлана отырып мектеп басқаруға қараудың тұрғылары

  1. Әдістемелік жұмыс — ғылым және озат педагогикалық тәжірибе жетістіктеріне, оқу — тәрбие жұмысының нақты талдауына негізделген, әрбір мұғалімнің, ұстаздың, тәрбиешінің, оқу мекемесі басшысының, білім беру жүйесінің басқа да қызметкерлерінің педагогикалық мамандық дәрежесін және кәсіби шеберлігін көтеруге (педагогтардың кәсіби өзі өзіне білім беруді, өзін-өзі тәрбиелеуді, өзін-өзі жетілдіруді басќару бойынша шараларды да есептегенде), тұтас педагогикалық ұжымның теориялық мүмкіндігін дамыту мен көтеруге және оқушыларға нақты білім беру, тәрбиелеу мен дамытудың үйлесімді деңгейіне жетуге бағытталған өзара байланысты шаралардың, қызметтердің жүйесі.

Әдістемелік жұмыс-педагогикалық кадрлардің, олардың идеялық, ғылыми – теориялық, кәсіби, әдістемелік және мәдени деңгейін көтеру бойынша ұжымдық, топтық, жеке-дара жүйелік жұмысынан құралған күрделі шығармашылық. Ол оқу-тәрбие процесін басқарудың, педагогтарды жоғары әдістемелік мәдениет пен өз еңбегінің сапасы мен нәтижесініњ талабы негізінде тәрбиелеудің маңызды амал-тәсілі болып табылады. Оныњ стратегиялық бағыттарының бірі-білім беру тәжірибесіндегі оқушылардың танымдық, ойлау әрекетін белсендіретін, терең білім, білік және дағдыларды қалыптастыратын ұтымды және нәтижелі әдістерді шығармашылық түрде меңгеру.

Әдістемелік жұмыс педагогикалық тәжірибемен тығыз байланысты. Халық ағартушылығының көрнекті өкілдері Н.К.Крупская, А.В.Луначарский педагогикалық тәжірибені өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесінің теориясы мен практикасы дамуының бастаулары деп есептеген. А.С.Макаренконың, С.Т.Шацкийдің, С.М.Ривестің, В.Н.Сорока-Росинскийдің және көптеген басқа да көрнекті педагогтардың ұлы гуманистік идеялары негізінде құралған тәжірибелері тәрбиенің теориясы мен практикасының бірлігі, мектептің қоғам мақсат-мүдделері негізінде қызмет етіп, осы мақсат-мүддеге жетудің дұрыс жолдарын табудың үлгісі бола бермек.

Әдістемелік жұмыстың мазмұны келесі бағыттар бойынша нақтыланады: мұғалімнің жалпы мәдени дайындығы, кәсіби – адамгершілік мәдениеті, жалпы мәдениеттілігі, әдіснамалық мәдениеті, зерттеушілік мәдениеті, диагностикалық мәдениеті, басқару мәдениеті ұзақ уақыт аралағында күрделі проблема бола алады. Мұғалімдердің әдістемелік, жаңашылдық іс-әрекетке қатысуы, болашақта жеке педагогикалық жүйенің, іс-әрекеттің дара стилінің қалыптасуына жағдай туғызады.

Қазіргі уақытта педагог-практик ғалымның соавторы бола алады, олардың қатынасы екі жақты құқығы мен міндеттерін айқындайтын арнайы келісім-шартпен анықталады. Зерттеуші педагогтар мен жалпы білім беру мекемелерінің белгілі бір бөлігі арасында жаңа байланыстар орнай бастады. Ғылым мен практика арасындағы ара қашықтықты азайту қажеттігі туындады, ал ол, өз кезегінде, нақты қызмет жасап отырған оқу мекемелерінде ғылыми лабораториялық құру процесіне жағдай жасайды. Сөйтіп, Қазақстанда Ақтөбе қаласындағы №12, Тараз қаласындағы 58 мектеп – лабораториясы, Өскемен қаласындағы дамытушы білім беру Орталығы жанындағы мектеп – лабораториясы құрылды. Осылайша педагогикалық қоғамдастық өз назарын ғылыми бағыттағы практикаға және практикалық бағыттағы ғылымға аударып отыр.

Жаңашыл педагогтар тәжірибесі, ең алдымен, оқыту әдістемесіне ғылыми оқытудың нақты бір бағытының және оны жүзеге асырудың технологияларына үлкен үлес қосады. Дидактикаға бұл тәжірибе, біріншіден, баяндаудың әртүрлілігін нақтылай түсуге, екіншіден, жаңашыл мұғалімнің тәжірибесін зерттегеннен кейін кемшіліктерді түсінуге көмектеседі: оқыту процесінде оқу материалының мазмұны мен оқушылар білімін есептеу мен бақылаудың кері байланысы да бар.

Қазіргі жағдайларда Қазақстандық мектептің жаңа моделін жасау жүріп жатқан кезде өткеннің және қазіргі уақыттың жаңашыл педагогтарының тәжірибесін арнайы зерттеу керек: олардың тәжірибесіндегі жаңа білімнің мазмұны қандай (сапасы, деңгейі), педагогиканың әртүрлі саласы мен тұтас педагогикалық ғылым үшін педагог жаңашылдардың қосар үлесі қандай. Педагогика әдіснамасының, дидактиканың, тәрбие теориясының, педагогикалық психологияның, жеке әдістемелердің жаңашылдық тәжірибелердің басты назарында болуы керектігін анықтау қажет.

Тәжірибеде жаңа білім болса (оқыту теориясы) тәжірибенің мамандандырылған дидактикалық талдауы ғылымды нығайтып, оны анық жетістіктері деңгейінде ұстап тұратынын ескерту керек. Өйткені, ғылымда іске асырылып жатқан, бір біріне қарсы, сондай-ақ бірін бірі толықтырып тұрған әртүрлі тұжырымдар, ғылыми болжамдар, теориялар, принциптер, қазіргі заманға және моральдық тұрғыдан ескірген көзқарастар, ғылыми ережелер және дәстүрлі түсініктер, нақты білімдер мен белгі – шарттары сияқтылар кездеседі. Жаңа педагогикалық құбылыстарды түсіндіріп, негіздегенде терең және кең көлемде ғылымның өзіндік рефлексиясы, шынайы, «әрекеттегі» білімді бекітеді. Бұл орайда, теориямен тиянақталған жаңашылдық тәжірибе дамудың бастауына айналады.

Мектептегі әдістемелік жұмысты ұйымдастыру формалары динамикалық. Олар көптеген факторларға байланысты өзгеріп, жаңарады, олардың негізгілері: мемлекеттің білім беру саласындағы саясаты, заң актілері мен құжаттары; мұғалімдердің педагогикалық мәдениетінің деңгейі, оларды жеке тұлғалық және кәсіби – қызмет көрсеткіштерінің диагностикалық өлшеуімен анықталған әдістемелік сауаттылығы; мектеп ұжымындағы моральдық – психологиялық жағдай, әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың материалдық – технологиялық мүмкіндіктері; мектеп ішіндегі педагогикалық тәжірибені зерттеу, мұғалімдердің жаңашылдық ашықтығы мен белсенділігі, мектеп басшыларының әдістемелік жұмысты орындауға кәсіби дайындығының деңгейі; мектеп ұжымындағы нақты моральдық жағдай (мұғалімдер арасындағы, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы, мұғалімдер мен басшылық арасындағы қатынастар).

Осылайша, әдістемелік жұмыстың мазмұны қазіргі мектептің өзекті міндеттерімен анықталады. Бұл міндеттер мұғалімдердің әдістемелік жағынан жетілуі және олардың өздігінен білімін көтеруі, маман педагогтардың шығармашылық өсуінің барысында жүзеге асады.

  1. Мұғалімдерді мезгіл – мезгіл аттестациялау олардың әдістемелік деңгейінің өсуінің шеберлігіне жағдай жасайды. Аттестациялау – білім беру мекемелері қызметкерлерінің мамандығының, педагогикалық кәсібилігі мен іс-әрекеті деңгейлерінің жалпы бағасы. Аттестация мақсаты-білім беру қызметкерлерінің кәсіби мамандығының өсуіне, еңбегінің нәтижелі болуына жағдай жасайтын, еңбек ақысын дифференцивтік бағалаудың тиімді жүйесін құру. Мұғалімдер аттестациясы педагогикалық еңбектің нәтижелілігі және оқу-тәрбие процесінің сапасының сараптамалық бағасы негізінде жүргізіледі.

Аттестацияның келесі принциптері: сараптамалық бағалардың еріктілігі, ашықтығы, жүйелілігі және тұтастығы, ол педагогикалық қызметкерлерге деген объективті, дұрыс, ұқыпты және игі ниетті қатынасты қамтамасыз етеді.

Аттестация нәтижесінде мұғалімге белгілі бір категория беріледі. Сондай – ақ, мұғалімнің мамандықты көтеру курсындағы педагогикалық білім алуы және ұстаздық іс-әрекеті де ескеріледі.