Сырнайда ойнауды үйрету процесінде студенттің музыкалық ой-өрісін кеңейту

Негізгі музыкалық аспап класының оқытушысы студентке сырнайда ойнаудың кәсіптік тәсілдерін ғана жете үйретіп қоймай, оның бойында жоғары адамгершілік қасиеттердің дұрыс дүниетанымының қалыптасуын, музыкалық ой-өрісінің кең болуын тәрбиелеуі керек.

Әрбір оқытушы тәрбие жұмысы оқыту ісіне қосымша ретінде емес, оқу мен тәрбие жұмысы бір-бірімен жұбы жазылмай жүргізілетінін ешқашан естен шығармауы шарт. Оқытудың тәрбиелі болуына тырысу керек. Бұл біздің педагогика мен әдістеменің негізгі принциптерінің бірі болып табылады.

Студенттің ой-өрісінің кеңеюіне басқа музыкалық аспаптарға жазылған шығармалардың асқан үлгілерімен, қазіргі заманға авторлардың салиқалы шығармаларымен танысып, күрделі жұмыс жүргізудің әсері өте зор. Бұл жерде шығарманың, әсіресе, фортепиано мен органда орындалуының жөні ерекше.

Адамзат тарихы бойында ширек ғасырлардан бері туған ғажайып шағармалар шынайы көркемдік талғаммен, музыкалық ой мен түйсіктің қалыптасуына көмектеседі. Бах, Моцарт, Бетховен, Шуберт, Скрябен,Чайковский, Шостакович, Жұбанов, Меңдіғалиевтің фортепианолық шығармаларына ерекше тоқталған жөн. Дүниежүзілік музыка мәдениетінің қазынасынан мәңгүрт болып қалуы мәдениеттілікке меже болмаса керек.

Бұл шығармаларды пайдаланғанда сырнайшы – оқытушының алдында фортепианомен сырнай үнінің айырмашылығы, дыбыс шығару тәсілінің ерекшелігі және соған сәйкес түрлі орындаушылық техникалық міндеттер сияқты қиындықтар кездеседі. Сондықтан әр оқытушы шығарманың бейнелік және дыбыстық ерекшелігін бере білетін транскриптор бола білуі керек.

Педагогтік тәжірибе көрсеткендей студенттің дамуына оқыту мен тәрбиенің негізі болып табылатын репертуарды таңдап алудың тигізетін ықпалы өте зор. Студенттің репертуарында «жақсы» және әртүрлі шығармалар көп болғаны жөн. Бах заманындағы полифониядан бастап, осы заманғы шетел музыкасына дейін қамтыған дұрыс. Бәріне қойылатын бір шарт олардың жоғары көркемдік дәрежеде болуы.

Репертуардың байлығы студент бағдарламасында:

А) әр дәуірдегі, түрлі композиторлармен түрлі стилдегі шығармалар;

ә) түрлі идеялық – эмоциональдық мазмұндағы шығармалар;

б) түрлі жанрлар мен формадағы шығармалар: полифония мен гармония: әндік, варияциялық, сюиталық, сонаталық т.б. формадағ;

в) жылдамдық, метрикамен ырғақтығы, тональды дыбыс өрнегі сипаты, дыбыс колориті, сонымен бірге техникалық тәсілдері әртүрлі шығармалар болуын көздейді.

Студенттің оқы жоспарын оның шамасына сай, яғни жеке оқу жоспарындағы пъесаларды концерттік орындау дәрежесіне дейін жеткізу үшін студенттің тиісті техникалық мүмкіншілішгі мен дамыған музыкалық ойлау қабілеті жеткілікті болу керек.

Студенттің бағдарламасы оның жеке басының қасиеттерін анықтап, әрі қарай дамуына жол ашатындай етіп жасалынуы тиіс.

Әр адамның өзіне тән жақсылық-жамандық жақтары, таланты мен қабілеті болады. Оқытушының алдында тұрған мақсат – неғұрлым студенттің өзіндік құнды қасиеттерін дамытып, бойында бар кемшіліктерінен арылту. Әрбір студенттің ерекшеліктерін есе ала отырып жеке жұмыс жоспарын жасаймыз:

А) алынған пьесалардың кейбірі студенттің шамасына сай келіп, оның қабілетінің басым жақтарын айқындап, өзіне деген сенім күшін тудыруы керек;

ә) пьесалардың екінші бір бөлігі студент қабілетінің жетіспей жатқан жағын дамытуды, өз күшіне сенімін, сенімділігін, осыған дейін кездескен кемшіліктерді болдырмау мүмкіндігін тәрбиелеуді көздеуі шарт.

Жоспарда біз студент қай шығарманы қай кезде ойнайтынын белгілейміз. Сабақ кезінде нотаға қарапойнауды және музыкалық әдебиетпен танысуды қарастырған пьесалар болады. Бұл пьесалар жатқа ойналмағанымен танысу барысында оның барлық ерекшеліктері анықталғаннан кейін ғана онымен жұмысты доғарамыз. Бұл жұмыстың студентке көп пайда әкелетініне көзіміз жетті, себебі студент нотаға қарап тезірек оқи алады, нота текстіне бейімделе біледі, тональдықтарды сауатты түрде және тез ажыратады, динамика, артикуляция, жылдамдық, штрихтарды айырады.

Негізгі музыкалық аспап класының оқытушысы тәрбие жұмысын түрлі формаларда жүргізеді. Олар сабаққа дейінгі не сабақтан кейінгі күнделікті қоғамдық өмірдегі негізгі оқиғалар, қызықты сахна қойылымдары, мерзімді баспадағы маңызды мақалалар,телерадио хабарлары, концерттер мен байқаулар жайлы, екінші жағынан студенттің күнделікті өздігінше үй тапсырмасын орындауы оқу үлгерімі мен тәртібі, қоғамдық жұмысқа қатысуы т.б. жайлы болатын қысқа әңгімелер.

Тәрбие жұмысының тиімді формасының бірі – класс жиналыстары. Онда оқытушы қоғамдық, не мәдени өмірден қысқаша мәлімет беріп, пікір алысады, класс студенттерінің жұмысына жан-жақты шолу жасайды, класс концерттері мен байқаулар өткізіледі.

Тәрбие жұмысының негізгі бөлігі сабақ барасында жүргізіледі. Әр студентпен жеке сабақ өткізу формасы студентті жан-жақты танып білуге барлық қолайлы жағдайды жасайды.

Сабаққа дайындық үстінде оқытушы алдымен өзі шығарманы тереңінен талдап, көркемдік мазмұнын түсінген жағдайда ғана оны студент ұғымына түсінікті түрде жеткізе алады.

Халық музыкасына сүйісеншілікті тәрбиелеу мен өнердің сарқылмас бұлағы халықта екенін түсіндіру – тәрбие ісіндегі басты мәселелердің бірі. Біз студенттерге өткен және осы заманғы ірі композиторлардың халық шығармаларына көзқарасын ашып, олардың өздеріне халық жүрегіне жақын, халықтың асқан арманы мен ұшқыр ойын білдіретін шығармаларын музыкалық фольклор жазғанын аңғартамыз. Құрманғазы, Дәулеткерей, Чайковский, Прокофьев шығармаларында халық әндерінің үлгілерінде және арнайы сырнайға жазылған пьесаларда студенттердің назарын бірде интонациялық оралымға аударсақ, келесіде қосалқы дауыстың полифониясына, саздық және әуендік өзгешелігін ажыратуға аударуға тура келеді.

Сырнайшының музыкалық ой-өрісінің өсуіне ансамбльде, оркестрде ойнаудың пайдасы өте зор. Ол тек нотаны жылдам оқу дағдысын ғана дамытып қоймай, басқа да қабілеттерінің өзін ғана емес, қасындағы жолдасының ойын естуге, шығарма ырғағының, әуен бояуларының өзгерісін тез сезініп, өз ойынын жете меңгере білуге ықпарлын тигізеді.

Студенттің тәрбиесі мен ой-өрісін қалыптастыруда оқытушының ролі әрі қиын, әрі өте жауапты. Оқытушының әрбір ісі студент үлгі аларлықтай адамгершілік ізгі сезімдерге бай, музыка мен өзінің педагогтік өнеріне шын берілген, өзіне және қасындағыларға жоғары талап қоя білетін, иманды адам болуы тиіс. Сондықтан оған педагогтік шеберлігін шыңдау жолында қажымас қайраттылық керек. Педагогтік шеберлік шыңына ұстаздық жұмысына, оның жетістіктері мен кемшіліктеріне толық жан-жақты талдау жасау арқылы жетуге болады. Өзінің педагогктік шеберлігін жетілдіру жолында оқытушыға жалпы саяси және мәдени ой-өрісін кеңейту үшін ұдайы үзбей жұмыс жүргізгені жөн. Бұған театрлар мен концерт залында жиі болу, өнер туралы, орындау шеберлігінің түйінді мәселелері жайлы, педагогика мен психологияның жалпы және арнайы сұрақтары жөнінде әдебиеттер оқу; институт, факультет бойынша ғылыми және әдістемелік іс-шараларға қатысу сияқты жұмыс түрлері жатады.

Осының бәрі бүгінгі таңда музыка-педагогика факультеттерінің алдына қойылып отырған тек музыкалық қана емес, сонымен бірге мәдени ой-өрісі кең музыка сабағының білікті мамандарын даярлау міндетін шешуде зор ықпалын тигізбек.