ОҚЫТУ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ, ПРИНЦИПТЕРІ

Оқыту процесін іске асыру белгілі бір заңдылықтарды меңгеру негізінде жүзеге асады.

Құбылыстар мен процестер арасындағы объектілі, маңызды, қажетті, жалпы, берік, белгілі жағдайда қайталанатын өзара байланыс заңдылық деп аталады. Өзара байланысы бар объектілер, байланыстың түрі, сипаты, қызмет аясы анықталған кезде заңдылықты заң деп білеміз.

Оқыту процесінің заңдылықтары оның тұтастығын дәлелдейді. Оқыту заңдылықтарды сыртқы және ішкі, жалпы және жеке деп бөлінеді. Сыртқы заңдылықтар оқытудың қоғамдық шарттардан, саяси–әлеуметтік жағдайлардан тәуелділігін сипаттайды. Ішкі заңдылықтар оқытудың мақсаты, әдістері, құралдары, түрлері арасындағы байланыстарды сипаттайды. Жалпы заңдылықтар бүкіл оқыту жүйесін қамтыса, жеке заңдылықтар бүкіл оқыту жүйесін қамтыса, жеке заңдылықтар оқыту жүйесінің нақты, жеке бөліктерін қамтиды.

Оқыту процесінің жалпы заңдылықтары:

  1. Оқытудың мақсаттары, мазмұны, сапасы мен әдіс–тәсілдері қоғам талабына, мүмкіндіктеріне, педагогика ғылымының даму деңгейіне тәуелді.
  2. Білім беру, тәрбиелеу және дамыту өзара байланысты.
  3. Оқушының таным белсенділігі артқан сайын, оқыту сапасы жоғарылайды.
  4. Оқытудың тиімділігі кері байланысқа, қайталауға, түзету іс–әрекетеріне тәуелді.
  5. Әрбір тұлғаның жас және дара ерекшеліктеріне байланысты таным әрекетін ұйымдастыру.
  6. Оқытудың мақсаттары, мазмұны, сапасы мен әдіс–тәсілдерінің өзгеріп, жаңарып, толықтырылуы.

Жеке заңдылықтарға дидактикалық, психологиялық, ұйымдастыру заңдылықтары жатады.

Оқытудың негізгі заңдары:

–Қоғамдық қатынастар, әлеуметтік құрылыс пен әлеуметтік тапсырыс тәрбие мен оқыту жүйесін қалыптастыруға ықпал етуі туралы заң.

– Білім алу, іс–әрекет жолдарын меңгеру және тұлғалық дамудың өзара байланысы туралы заң.

Педагогикалық процестің бөліктерінің бірлігі және біртұтастығы туралы заң.

Оқытуда теория мен тәжірибе бірлігі және өзара байланысты туралы заң.

Оқу іс–әрекетінің жеке және ұжымдық түрлерінің бірлігі және өзара байланысы туралы заң.

Заңдылықтар мен заңдар ғылыми теорияның негізгі бөліктері болып келеді. Кейбір зерттеушілер педагогиканың өз заңдылықтары мен заңдары жоқ, сондықтан ол ғылым емес деген пікірді білдіреді. Жоғарыда аталған педагогикалық заңдылықтар мен заңдар теріс пікірлерді жоққа шығарады.

Оқыту принциптері мен ережелері

  1. Оқыту принциптері туралы түсінік

Принцип (латын сөзі)– басшылыққа алатын идея, негізгі талап, қағида. Дидактикалық принциптер – оқытудың мазмұнын, ұйымдастыру түрлерін, әдістерін оқытудың мақсаты мен заңдылықтарына сай анықтайтын қағидалар жүйесі. Оқыту принциптері дидактиканың категорияларына жатады. Олар оқыту заңдарын және заңдылықтарын пайдалану әдістерін сипаттайды.

Дидактика тарихында зерттеушілер оқыту принциптерін, негізгі қағидаларды белгілеуге көп күш салды.

Дидактикалық принциптер нақтылы тарихи – әлеуметтік жағдайларға байланысты. Қоғамның оқытуға қойылатын талаптары өзгеріп отырғандықтан, кейбір принциптер ескіріп (табиғатқа сәйкестік, партиялық), кейбіреулері жаңадан пайда болады (кіріктіру, ізгілендіру). Кейбір авторлар оқыту принциптерінің санын қысқартуды ұсынса, басқалары, керісінше, кеңейтуді ұсынып келеді. Заманауи принциптер оқу процесінің барлық құрамдас бөліктеріне (логикасына, мақсатына, міндеттеріне, мазмұнын қалыптастыруға, түрлері мен әдістерін таңдауға, ынталандыруға, нәтижелерді жоспарлау мен талдауға) өз талаптарын ұсынады.

Оқыту процестерінде кез келген мұғалім дидактиканың принциптерін басшылыққа ала отырып оқытудың мазмұнын, амал–тәсілдерін және ұйыдастыру формаларын таңдап, шәкірттерін жоғары нәтижелерге жеткізуі шарт. Мұғалім дидактикалық принциптерді дұрыс таңдаса, оқытуды дұрыс ұйымдастырса сабақ тиімді және нәтижелі болары даусыз.

Дидактикалық принциптердің қызметі: олардың негізінде оқушыларға оқытудың мақсатына сәйкес берілетін білім мазмұнын жүйелі, саналылықпен белсенді түрде меңгеруге деген қызығушылықтар пайда болады. Дидактика принциптері оқыту процесінің негізгі буыны ретінде бірімен–бірі логикалық өзара байланыста болады.

Сонымен, ең негізгі, ғасырлар бойы педагогтар қауымы мойындаған дидактикалық принциптер жүйесі:

ғылымилық,

саналылық пен белсенділік,

көрнекілік,

жүйелілік пен бірізділік,

беріктілік,

тиімділік,

теория мен тәжірибенің байланыстылығы.