Дияқажы Ахметұлының ғұмыр жолы, шығармашылығы

Халқымыздың мәдени, әдеби-рухани, қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ақындар рөлінің айтарлықтай ерекше екені әмбеге аян ақиқат. ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды, қоғамдық-әлеуметтік жағдайды өлең-толғауларына арқау еткен, уытты тілді, саяси сауатты, ақиқатқа арашашы болған, өз заманында қуғынды көп көрген, Шортанбай өмір сүрген өңірдің бірегей еңселі ақыны Дияқажы жайлы көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Ғибратты да мағыналы ғұмыр жолы мен тағылымды шығармашылығы бар Дияқажы ақынның мұралары кез келген елдің алдында мақтана көрсетерлік, еліміздің келешегіне өшпес рухани азық боларлық ерекше құндылықтар десек артық айтқанымыз емес. Өз кезінде Арқаның мәшһүр ақындарымен есімі қатар жүрген Дияқажы ақынның өмірбаяны, шығармалары күні кешеге дейін тұмшаулы келді. Талайлы тағдыр кешкен ақын жөніндегі дерек-материалдар қолдан жойылып жіберіп отырылған. Соған қарамастан ақынның ұлтжандылыққа, ауызбіршілікке шақырған, қыр баласын барынша езген атқамінерлерді шенеген өткір сарказмға толы өлеңдері, айтыстары ел жадында жақсы сақталған.

Азусыз ат мінбедім,

Жағасыз шапан кимедім.

Жараттым елге білгенім,

Білуге шаға иледім.

Мойынға күнде түскенмен,

Басымды өзім биледім.

Қалалы бар деп піскенмен,

Бүйідей қайсыл тимедім, —

деп жырлаған бұл жолдардың иесі Дияқажы ақынның барлық ғұмыры осы екі ауыз өлеңде тұрғандай. Сонымен қатар осы өлеңнен ақындық қуатты да әбден тануға болады.

Көзінің тірісінде-ақ есімі аңызға айналған Дияқажы туралы сұрастырсақ, кейінгі ұрпақтың мардымды жауап бере алмайтыны анық. Оған кешіріммен қарауға болады. Ең алдымен, Дияқажы күні кешеге дейін жабық тақырып болып келді. Бүгінде ол кісі туралы мұрағаттардан құжаттар табу мүмкін емес. Себебі белгілі. Алайда Сәбит Мұқанов құрастырған өлеңдер кітабында жырлары қалды. Одан басқа Дияқажы жөніндегі аңыз – әпсаналар Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау болыстығының оныншы ауылында көшіп жүр. Бертінге дейін Дияқажының бір ауыз өлеңін білмейтін оныншы ауылдық ақсақалдар жоқтың қасы болатын.

Ақын жөнінде алғаш болып сексенінші жылдардың аяғында жазушы Кәмел Жүністегі ащы өксікпен қалам тербеді. Көп ұзатпай «Қазақ әдебиеті» газетінде бір беттік танымдық материал жариялады. Қазіргі таңда Дияқажы ақынның ғұмыр жолы, шығармашылығы жайлы толыққанды деректер жинап, көптеген мақалалар жариялап, ел назарына жеткізуші –белгілі өлкетанушы, журналист Төрехан Майбас ағамыз.

Бүгінде ақынның өлеңдерін айтушылар, жеткізушілер ретінде Қасенбай Бимолдаұлы, Сүбіхибек Әбдірахимов, Иманбай Ақжанбекұлы, Нұреке Сыздықұлы, Смахан төре, Күләнда Жуасбайқызы, Әкімжан Майбасұлы, Ескей Әлі, Нұржамал Құсайынқызы, Қаппар Беркімбаев, Шармұхамед Сағымбековті, ал ақынның өлеңін жинастырушылар ретінде Қайыркүл Дияқажықызы, Жалау Балғабаев, Жүсіп Алтайбаев, Мәжит Бағаев, Төрехан Майбас, Мәуен Хамзин, Шәкура Ескейқызы, Қасымжан Майбасұлы, Кеңесбек Хамзаұлы, Ереже Сағымбеков, Қозы Уәдиев, Тілеген Садықов, Өмір Кәріпұлы, Құрақбай Ысқақ, Құлтөлеу Мұқаш, Кәмел Жүністегі, Баянды Мұсабек, Қанат Әлімханұлы, Болат Ноғайұлы, Болат Дүйсенбаев сияқты азаматтардың есімдерін атауға болады.

Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда дияқажытануда біраз істің басы қайырылды десек те, соның бәрі сиреп қалған ауылдың кеудесі қазына қарияларының арқасында. Бұрынғы Ақшатау болыстығының оныншы ауылынан жиырма бес ақынның шыққаны белгілі. Солардың барлығы дерлік жуан ата тұқымы ретінде атылды, асылды, айдалды. Осы ақындардың өлеңдері ел аузында шатасып айтылып жүрді. Ол шығармаларды саралап, әрқайсысын өз авторына қайтару жұмысында өлкетанушы Т.Майбастың еңбегі ерен. Дияқажымен заманы бір Түсетай, Оқа, Бабас, Қапас /Ғаббас/, Әбен, Әбеу, Жуасбай ақындардың мұралары біршама жинақталды. Әрбір өлеңге текстологиялық талдаулар жасалды. Соның нәтижесінде 2006 жылы «Тағылым» атты Дияқажы шығармаларының толық жинағы жарық көрді. Онда ақынның артында қалған бірнеше дастандары мен өлеңдері, айтыстары топтастырылды, түсініктер беріліп, әліпбилік көрсеткіштері сараланды, сонымен қатар, Дияқажыға арналған өлең-толғаулар да енді. Дияқажы бұрынғы Қарқаралы уезі Ақшатау болыстығының оныншы ауылында 1871 жылы дүниеге келген. Ақынның қызы Қайыркүл апай өз жазбаларында ақынның туған жылы ретінде 1873 жылды көрсетеді. Ол кісінің қандай дерекке сүйенгенін дәйектей алмадық. Алайда дияқажытанушылар 1971 жылы туылды деген деректі алға тартады. Оның да себебі бар. Атап айтқанда, ақын өзінің туған жылын өз өлеңінде қалдырып кеткен. Яғни, «Кәрілік» деген өлеңінде былай дейді:

Жиырма жетіншінің перуай марты,

Қонжидым жас беліне елу алты.

Жиырма, отыз, қырық аралары,

Жігітке мөлшер екен жастық шарты.

Бәрінен осы жастық желіп өтіп,

Кәрінің алды болдым, жастың арты.

Бұл өлең ақынның өзі айтқандай 1927-ші жылы жазылған. Енді осыдан ақынның келіп отырған 56 жасын алып тастасақ айырма – 1871 болады. Ақынның туған жылы осы – 1871-ші жыл. Егер ақын 1873-ші жылы туған болса, онда алпыс жас жасамаған болып шығады. Тағы да ақын өзінің «Адасқақ» деген өлеңінде:

Адасқақ алпысымда салар әнім,

Адасқақ артымдағы қалар әнім.

Ай қорғалап, тәжінде күн тұтылып,

Алтын сақадан Дияң қалды ұтылып, —

деген жолдарына қарап ақынның алпыс жас жасағанын көреміз. Олай болса, ақынның туған жылы – 1871-ші жыл.

Ақынның азан шақырып қойған есімі – Мұхамедия. «Пайғамбар есімін алып жүру үмбетіне ауыр болады» деп кейінгі буынмен Дия атанған. 1909-шы жылы атасы Беркінбай мен Құлжекеңнің қолдауымен Дия қажылыққа сапар шегеді. Ол сапары

…Діні ислам,

Дін мұсылман

Елін көрдік.

Жолдан таймас,

Сөз айнымас

Қолды бердік, —

деген жолдарда көрсетілгендей, «Қажы бардық» өлеңінде кестеленіп қалады. Қажылыққа барғаннан кейін біржолата Дияқажы атанады. Дияқажы жуан ата тұқымынан. Бес Мейрамның қолын басқаратын Көкбөрі Жарылғап батырдың жұқанасы.

Дия ақынның әкесі Ахмет алдымен Созақта, соңынан Хиуада білім алған сауатты адам болса керек. Ахмет оқу тауысқан соң бұл дүниенің тірлігімен айналыспай, Ахмет сопы атанған екен. Жас Дия сауатын өзінің әкесі Ахметтен ашады. Нағашысы Қойлыбайға еріп, Созақ медіресесін тауысады. Онан кейін әкесі Ахмет өзі апарып Ақмешіт медіресесіне береді. Алайда оны аяқтамайды. Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің имамы Амандостың Сыздығымен атақты «Ғалия» медіресесіне түседі. Онда екі жыл оқиды. Оны да аяқтай алмайды. Әкесі Ахмет қайтыс болып, елге қайтуға мәжбүр болады.

Елде сынықшылықпен, емқостықпен айналысады. Құлжанбек болыстың тілмашының көмекшісі болады. Шаян тілді Дия бұл жылдары көптеген әжуа өлең жазады. Ел ішінде ақындық атағы шыға бастайды.

Меккеде, Мәдинада болған ақын қаражатын кітапқа салады. Аристотельдің, Әбу Синаның шығармаларын алады. Мекке, Мәдинадан қайтар жолда білімін көтеру үшін Түркияда қалып қойып, жағдайын, білім алғысы келетінін айтып түрік үкіметіне хат жазады. Хат қанағаттандырылады, оқуы үшін арнайы қаржы бөлінеді. Сол жылдың наурызынан бастап қыркүйек айына дейін Айя–София медіресесінде үздік оқиды. Куәлігіне белгілі түрікшіл ас-Солтан Ғабділ Хамитжан қол қояды. Бұл кейін Дия ұсталғанда түрікшілдермен байланысы болды деп айыптауға негіз болады. Сондай-ақ әкелген кітаптарын шетел агенті деп айыптауға айғақ етеді. Бұл жылдар да ақ қағаз бетіне «Шығандап маң даламнан тілін білдім» деген атаумен өлең болып түседі.

Аз жылдың ішінде бес тілді игерген ол қайтып келген соң Құлжанбекке тілмаштық қызмет көрсетеді. Екінші жағынан емқостығын жалғастырады. Елді шешектен, сүзектен жазуға белсене араласады. Қысқа өлеңдер жазуды сиретіп, дінибаяндар жаза бастайды. Ол кісінің көптеген дінибаяндары мен тарихи жырлары жойылып жіберілді. Тек көзі қарақты, құймақұлақ ақсақалдарымыздың арқасында «Шаһарбану», «Сақрап», «Қасеннің өлімі», «Мұхаммет», «Ерназар-Бекет», «Шаһизада» сынды шығыстық сарындағы дастан-қиссалары қолға тиді, мәтінінің соңы жоғалған «Нұрлығайын», «Әбушаһман хикаясы» сияқты дастандары жетті. Сонымен қатар, суырып салма ақын Дияқажының өз замандастары Тәшен ақынмен, Бабас ақынмен, Сапарғали ақынмен сөз қағыстырған айтыстары да баспасөз беттерінде жарияланды.

Дияқажы ел тәуелсіздігі жолындағы күресін тарихи жырлар жазып, Қазан төңкерісіне дейін бастайды. Патшаның қазақтан солдат алуы туралы жарлығы шыққаннан кейін Дияқажы біржолата ат үстіне мінеді. Жанына жігіттер топтап, ашықтан ашық қарсы шығады. Соған байланысты, «1916 жыл» атты өлең шығарады:

Николай патша Екінші,

Бұйырды қырғыз, қазаққа.

Сухомлинов генерал,

Шашты жарлық бұл жаққа:

Мың тоғыз жүз он алты,

Тура ғып милләт санаққа.

Жиырма бесінші июньде,

Солдатқа жасты алмаққа.

Қанды қырғын соғысқа,

Шошынды жүрек бармаққа.

Әркім қылды бір далбас,

Себебін тауып қалмаққа.

Құзыры жүрген ақ патша,

Көнсін бе бекер қалжаққа –

Аққайранша шоршытып,

Көкқоянша ыршытып,

Ілді тізіп қармаққа.

1913 – 14-ші жылдары Жәмші өзенінің бойына келіп тоған байлайды. Елге сөйтіп жер емшегін емуге сеп болады. Дияқажы 1923-ші жылы өкіметке хат жазып, өзінің туып-өскен жері Жәмші тоғанынан (бүгінде Жарылғап ауылы деп аталады) мектеп аштыруға қол жеткізеді. Қарқаралыдан Юсуп деген ноғайды алдырып, жалдап, сабақ бергіздіреді. Өзі де дәріс береді. Дияқажы балаларды кедей, бай деп бөлмей, барлығын бірдей білімге тартып, оқуға кететін шығынның барлығын өз мойнымен көтереді. Балалардың оқуын өзі қадағалап, сабақтарына қатысып, оқушыларды сынақтан өткізіп отырған. Осы өңірдің біраз аузын айға білеген ақындары сауаттарын Дия мектебінен ашқан екен. Солардың ішінде ақын Түсетай Қоржынбайұлы, Қапас Тоқсантайұлы, белгілі жазушы Жүсіп Алтайбаев және т.б. ел азаматтары осы мектепте оқыған. Бүгінде сол мектеп құрылысының орыны ғана қалған. Кейінде ұрпақтары сол жерге ақынның ескерткішін орнатты.

Қызылдың заманында Жәмші жол өті болғандықтан көптеген ноқайлықты бастан өткізеді. Дияқажы өзі бастап атқа мініп, қашқан ақтың біреуін де Қытайға өткізбейді. Елге лаң салған қызылдардың көзін де жойып отырған. Бұл жолда оған даланың тағы бір көкжалы Тоқсантайдың Қапасы көмекке келеді. Қапас қолында қырық жігітке дейін қол ұстаған. Ол кісі де бүлікшіл ақын болса керек.

1923-ші жылы өкіметке өлеңмен хат жазып, атқамінерлердің елге жасап отырған қиянаттары мен озбырлықтарын сынайды:

Мың тоғыз жүз жиырма үш – доңыз жылы,

Кәрі ақын Дияқажы Ахметұлы.

Нақақтан жәбірленіп, жапа шеккен,

Себеп боп жалғыз ауыз ащы тілі…

…Шаруаның егініне дерт те келді.

Бұған қалай шыдасын ақын енді,

Өлсем шейіт деген бір сертке келді

Алайда, осыдан бастап Дияқажының басына да қара бұлт үйіріледі. Алғаш Қарқаралы түрмесіне сол жылы қамалады. Одан кейін қамау жиілейді. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Ақшатау болыстығына қызыл сот болып белгілі жазушы Сапарғали Бегалин келеді. Сапарғалидың да сол кезде ақындық атағы дүркіреп тұрады. Ел екі ақынды айтысуға итермелейді. Сапарғалидың жазба ақын екендігі белгілі. Айтыста сот оңбай жеңіледі. Содан бастап сот ақынның соңына түседі. Сол сот хаттауымен Дияқажы Қарқаралы түрмесіне жабылады. Дегенмен, оны Угар Жәнібеков деген азамат шығарып алады.

1925-ші жылы Мәннан Тұрғанбаев деген өз кезеңінің белді азаматының Қарқаралыға ауысуына байланысты ақынның саяси күрестегі белсенділігі арта түседі. Ол кісілер бұрыннан дос болған адамдар. Дияның біраз өлеңдерін осы Мәннан басқан. Ақын Мәннанға деген де құрметін өлеңмен өрнектейді.

Ақын Дияқажы 1928–30-шы жылдардағы «Шет дүрбелеңіне» де белсене араласады. Ақынның Алматыдағы оқыған баласы Мұхмедкәрім де осы топтың жуан ішінде болады. Ақын көтеріліс басшыларының бірі болды деген жаламен тағы қамалады. Бұл арада ақын айналасына қалам қуатымен әбден танылған болатын. Бегалин, Шамсин, Құлғарин, Сақатаев, Есбаев, Айдаров, Досмақов сынды ел тізгінін ұстаған азаматтарға өткір сарказмді бірқатар эпиграммалар жазды. Бір ғана мысал келтірейік. Пристав Құлғаринге жазған арнауының алғашқы екі жолы мынадай:

Царь, скупой,

Весьма тупой, Құлғарин…

Ақынның мұндай «арнауларының» ұзын саны оннан асады. Соңынан шырақ алып түсушілер саны да көбейеді. 1930-шы жылы Дияқажы түрмеге тағы да жабылады. Бұл жолы жолдастары түк жасай алмайды. Сол жылдың 25 маусымында Қарқаралыда сот өтеді. Халық жауы ретінде төрт статьямен жауапталған ақынға өлім жазасы кесіледі. Алайда іске тағы да жолдастары араласады. Үкім қайта қаралып, жеңіл жазаға ауыстырылады. Іс мұнымен біржолата жабылмай, қудалаушылар жаңа айғақ тауып, ақынды күндеге біржолата отырғызады. Келесі жылдың басында Қарқаралының Үлкенкөлінде атылады.

Ақынның үлкен ұлы Мұхамедкәрім ескіше, жаңаша сауатты болған. Омбы семинариясын тауысқан. Қарқаралыға келіп тілмаштық қызмет атқарған. Мұғалім болған. 1937 жылы ол да халық жауы ретінде ұсталады. Ол кісі түрмеде қайтыс болады. Ақынның кенже ұлы Қажыкен / Қажымұхаммед / де өмір бойы қудалау көреді. Қызы Қайыркүл әкесі жөнінде елу сегіз беттік естелік қалдырады. Ол біздің қолымызда бар. Оны табыстаушы апайдың қызы – София. Сондай-ақ Дия ақынның артында төрт мың жолға тарта мұрасы қалды. Мынау ақынның соңғы өлеңі:

Қош бол, елім,

туған жерім,

Басымда менің билік жоқ.

Заман азған,

Маңдайға жазған

Жазмыштан қашан кім озған?

Көңіл баяу,

Көкірек ояу

Қаламын кейде айқасып.

Сіздерден жырақ,

Білемін бірақ

Сұғамын тілді шайқасып.

Құрсаулы темір,

Қанша күн өмір

Көзіміз оған жетпейді.

Алдымда өрт,

Болармын мерт

Маған рақым етпейді.

Көңілімде бар арман,

Туған жерде қалмаған.

Сап–сап көңілім, сап көңілім,

Не беред маған зар заман?

Дияқажының шығармашылығы әлі де көптеген іздестіруді, зерттеуді қажет етеді. Дегенмен, қолда бар мұраның жұлдызын жандырып, ақын еңбегін халыққа таныту – тарих үшін де, әдебиетіміз үшін де, болашақ үшін де қажет әрекет. Осы уақытқа дейін ақын шығармашылығы қомақты ғылыми объектіге алынып қарастырылмағанымен,ел аузынан жиналған деректерді пайдаланып, Шортанбайдың ақындық мектебінің, Дияқажы бастаған рухани-ақындық ортаның бар екенін дәлелдеп, олардың әдеби мұраларының тақырыбын ашуды, көркемдік ерекшеліктеріне үңілуде қазіргі таңдағы ғылымға қажетті мәселелердің денін сақтап қорытуды басты мақсат етіп санаймыз. Дияқажының ақындық қарымдылығын, шығармаларының көркемдік-эстетикалық сипатын, туындыларындағы фольклорлық айшықтарын, тәрбиелік мәні мол қанатты сөздерін, философиялық топшылауларын, тілдік ерекшеліктерін талдап, сұрыптау, жалпы ақынның әдеби мұраларының табиғатын ашу – алдағы уақытта да жалғастығын табатын мәселе.