ОҚЫТУ ПРОЦЕСІ, ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Оқыту процесі – тәлім –тәрбиелік қарым–қатынастарды ұйымдастырудың тәсілі. Оқыту процесін ұйымдастыратын педагог. Оқыту процесі –бірнеше элементтен құрылатын жүйе. Педагогикалық процестің үш құрылымы болады: педагогикалық, әдістемелік, психологиялық.

Педагогикалық процесің педагогикалық құрылымы: мақсат – принциптер –мазмұн –әдістер –құралдар– түрлер.

Мақсат –ұстаз бен шәкірт арасындағы педагогикалық қатынастардың нәтижесі. Принциптер мақсатқа жету жолдарын анықтайды. Мазмұн – мақсатқа жету жолында оқушыларға берілетін тұлғалар тәжірибесінің бөлігі. Әдістер–мұғалім мен оқушының мазмұнды жетілдіру –қабылдауға арналған іс–әрекеттері. Құралдар – мазмұнмен жұмыс жасайтын материалдық тәсілдер мен әдістер.

Педагогикалық процестің әдістемелік жүйесін жасау үшін мақсат бірнеше міндеттерге бөлінеді. Әрбір міндет ұстаз бен шәкірт іс –әрекеттерінің кезеңдерін анықтайды. Мысалы, сабақтың әдістемелік құрылымы: сабаққа дайындалу, сабақты өткізу, сабақты талдау; экскурсияның әдістемелік құрылымы: дайындық, керекті жерге бару, бақылау, көргенді бекіту, нәтижелі талдау.

Педагогикалық процестің психологиялық құрылымы: танымдық процестер (қабылдау, ойлау, есте сақату, ақпарат сіңіру), оқуға қызығушылық (оқуға қызығуды, қабілетті, ынтаны айқындау), қуат (көтеріңкі не түсіңкі дене мен жан күш–қуаты, белсенділік, еңбекқорлық не шаршау динамикасы).

  1. Оқытудың мазмұны. Жас ұрпақты ғылымның жетістіктерін меңгеруді, білімдерін дамытуды міндеттейді. 3. Оқыту формалары мен тәсілдері. Оқыту мазмұнын қандай амал–тәсілдермен, нақтылы практикалық жолдармен меңгеруді баяндайды. 4. Оқыту нәтижесін талдау және бағалау. Мұғалімнің және оқушының оқу әрекетінің құрылымын бірлесе отыра сараптама жұмыстарын жүргізуі, оқушылардың оқу әрекетінің сапасына көзқарасын білдіріп, бағалап және білім деңгейін тексеріп отыруы. Оқушылардың өзін–өзі қадағалап, тексеріп отыруы.

Мектеп тарихының бастапқы кезеңінен оқыту, білімдер жүйесін оқушылардың меңгеруі белгілі бір дидактикалық буындардан немесе кезеңдерден тұрады:

  1. Оқушыға берілетін білім мақсаты мен қажетін түсіндіру және оларды әрекетке бағыттайтын мотивтерді туғызу. Осыған орай оқу міндеттерін (тапсырмаларды) анықтау.
  2. Оқушыға жаңа берілетін білімді баяндау және оны қабылдауға жағдай туғызуы.
  3. Оқушының білімді қабылдауы және оның санасында жаңа білімнің қорытылып, ғылыми ұғымдар мен тұжырымдардың қалыптасуына мүмкіндік беру.
  4. Берілген білімді бекітуге басшылық ету.
  5. Білімді практикада қолдануға қаракет ету.
  6. Оқушының білімі мен дағдысының сапасы және деңгейін есепке алу, тексеру және бағалау.

Жаңа оқу материалын танымдық қабылдау

Оқушының білімді меңгеруі жаңа оқу материалын қабылдаудан басталады. Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың немесе құбылыстардың адам санасында бейнелеу процесі. Сабақ үстінде оқушылардың жаңа материалмен танысуы түйсіктен және қабылдаудан басталады. Ал түйсік сананың сыртқы әлемімен байланысты. Сезім мүшелерімізге әсер етіп, оның миымызда бейнелеуін түйсік деп атайды.

Білімді жан–жақты меңгеру және түсіну үшін оқу материалын қабылдау –бақылау жеткіліксіз. Одан әрі оқушылар қорытындылар жасауға тиіс. Бұл оқушылардың білім мазмұнын жете түсініп, ұғынуы және белсенді де терең ойлау әрекетінің нәтижесінде ғана жүзеге асады.

Ұғыну – бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару. Ұғыну процесінде оқылатын материал терең ойластырылады, дәлелденіледі және бекітіледі.

Ұғым, қарапайым және ғылыми ұғым болып екіге бөлінеді. Қарапайым ұғым дегеніміз баланың оқудан емес, өмірден көріп – білгендерінен туатын әртүрлі құбылыстар жөніндегі түсінігі. Ғылыми ұғымдар тек оқыту процесінде жинақталатын мәліметтер, қағидалар мен құбылыстар туралы білім, түсінік.

Ұғымның қалыптасуы –өте күрделі процесс, ол – оқушылардан белгілі ойлау амалдарын қолдануды талап етеді. Ойлау – талдау /анализ/, синтез, дерексіздендіру /абстракция/, жалпылау сияқты операциялардан тұрады.

Оқушыларға ұғымды қалыптастыру үшін мұғалім оларды осындай ойлау операцияларын қолдауға үйретеді.

Абстракциялау деп заттардың негізгі қасиеттерін, оның екінші дәрежелі қасиеттерінен бөліп алып, жалпылап қарауды айтады.

Білімді бекіту.

Оқыту процесінде оқушылардың алған білімдерін бекітіп отырудың маңызы ерекше.

Бекіту – бұл оқушылардың білімді берік ұғынуының тиімді әдіс–тәсілі. Сабақта жаңа материалды қабылдаудан кейін, бекіту әр түрлі практикалық, лабораториялық жұмыстар негізінде жүзеге асады.

Бекітудің бұдан да басқа әдіс–тәсілдері бар. Өтілген оқу материалын бөліктерге бөліп қайталап отыру: күнделікті қайталау, тақырыптық қайталау, есте қалдырудың тәсілдерін үйрету т.с.с.

Білім мен дағдыны практикада қолдану

Білімді жан–жақты меңгеру, оны практикада қолдануды қажет етеді. Білім мен дағдының сапасы мен нәтижесінің көрсеткіші практика. Егер оқушы білімді практикада қолдана алмаса, бұл оның білімді үстірт қабылдағанынан, жете түсінбегенінен болады. Білімді практикада қолданудың оқу процесінде екі түрі жиі кездеседі. Бірінші –білімді жаңа материалды ұғыну үстінде қолдану, екіншісі – жаңа оқу міндеттерін шешу үстінде қолдану. Бұл кезде оқушы бұрын алған білімін жаңа мәселелерді шешуге байланыстырып, өздігінен әрекет жасай алады.

Білім мен дағды оқыту процесінде түрлі практикалық және лабораториялық жұмыстарда кеңінен қолданылады. Мұндай жағдайда оқушылар өздігінен бақылау, тәжірибе жасау, іздену әрекеттеріне негізделген жұмыстарды орындайды.

Оқушылардың білімі мен дағдысын тексеру, оны талдау және бағалау. Оқыту процесінде бұл жұмыс өз алдына дербес практикалық буын болып табылады және оқытудың әрбір кезеңінің құрамынан да орын алады.

Оқытудың білім алудағы жетістіктерін, табыстарын және мүмкіндіктерін талдап, айтып берудің және оны бағалаудың маңызы ерекше. Мұғалім мен оқушы үшін мұндай жұмыс, кибернетикалық тілмен айтқанда кері байланыс болып табылады. Мұны мұғалім оқытудың әрбір кезеңінде: жаңа білімді қабылдау, оны ұғыну, бекіту, практикада қолдану кездерінде іске асырады. Сонымен қатар бұл жұмыс оқыту процесінің белгілі кезеңіндегі /тоқсан және жыл аяғында/ дербес буын ретінде де қолданылады.

Бағаны дұрыс қоюдың оқушылар үшін тәрбиелік маңызы ерекше: ол – оқуға деген стимул, мотив функцияларын атқаруы мүмкін.

Оқыту процесінің жоғарыда айтылған жеке буындарының маңызы мен орнын білумен қатар, олардың бір–бірімен өзара тығыз байланысты болатынын, біртұтас процесс екенін ұмытпау керек. Сондықтан оқушының білім мен дағдыны меңгеру жолын біртұтас процесс деп қараған жөн. Ол – қабылдау, түсіну, бекіту, қолдану сияқты өзара байланысты құрамнан тұрады.

3. Оқытудың түрлері

Оқыту теориясы мен тәжірибесі дамуының жалпы заңдылықтарының бірі – дидактикалық жүйелердің бірізділігі, ұрпақтылығы. Әрбір жаңа жүйе дәстүрлі жүйелердің күшті қасиеттерін, идеяларын, тәжірибесін өзіне сіңіріп алады. Дидактика тарихында оқытудың үш түрі қалыптасқан: түсіндірмелі – иллюстрациялы (дәстүрлі), проблемелы, бағдарламалы (компьютерлік). Енді осылардың жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталайық:

  1. Түсіндірмелі –иллюсрациялы оқыту дәстүрлі оқыту деп аталатыны тарихта ұзақ уақыт бойы өміршең болғанына байланысты. Дәстүрлі оқыту жаңадан пайда болған түсіндіру жолдары мен көрнекіліктерді өзіне кіріктіріп ортырады. Бұл жүйедегі негізгі оқыту әдіс – тәсілдеріне көрнекіліктерді пайдалана отырып түсіндіру жатады. Оқушылардың негізгі іс әрекеті: берілген білімнің мазмұнын тыңдау, қабылдау, естерінде сақтау. Мұндай оқытудың талабы: оқушылар есте сақтаған өткен оқу материалының мазмұнын қатесіз қайталап айтып беруі.

Түсіндірмелі – иллюстрациялы оқытудың ғасырлар бойы нығайтылған пайдалы жақтары:

– уақытты үнемдейді;

– мұғалім мен шәкіттердің күш–қайратын жетілдіреді;

– күрделі білімдерді қабылдауды жеңілдетеді;

– оқыту процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді.

Түсіндірмелі–иллюстрациялы оқытудың кемшіліктері:

– оқушылардың дайын білімді жаттап алуы,

– шәкірттердің өз бетінше ойлауына қажетті көңіл бөлінбеуі,

– дара және бөліп оқыту мүмкіндіктерінің жетімсіздігі.

  1. Бағдарламалы (компьютерлік) оқыту.

Бағдарламалы оқытудың негізгі мақсаты – оқыту процесін басқаруды жетілдіру, тексеруден өзін–өзі тексеруге, оқытудан өзін–өзі оқытуға көшу. Бағдарламалы оқытуда жаңа бағдарланған оқулықтар, оқыту құжаттары, үйрету (оқыту) машиналары қолданылды. Оқытудың бұл түрі 1960 жылдан бастап Б.Скиннер, Н.Краудер бастамасынан кейін, педагогика, психология және кибернетиканы ұштастырып пайдаланылады.

Бағдарламалы оқытудың ерекшеліктері: оқу материалы жеке логикалы бөлшектерге бөлінеді; әр бөлімді меңгерген соң, оқушы өздігінен тест–сұрақтарға жауап береді; дұрыс жауап берілсе, келесі бөлімге өтеді; жауап қате болса, өзі бөлімді қайталап өтіп, сұрақтарға тағы да жауап береді.

Оқытудың бұл түріне негіз болған оқу бағдарламасы оқу материалын, оны меңгеру барысындағы оқушының іс–әрекетін, тексеру түрлерін бір тәртіппен ретке келтіреді.

Бағдарламалап оқытудың үш принципі бар: сызықты, тармақты және аралас. Сызықты бағдарламада оқу материалы бірізділікпен беріледі. Тармақты бағдарламада әр оқушы керекті тармаққа өтіп, қайтадан оқып, қосымша түсініктеме алып, қатені жойып, негізгі сызыққа қайтып оралады. Мықты оқушылар негізгі сызықпен жүрсе, әлсіз оқушылар тармақтарға кіру арқылы нәтижеге жетеді. Аралас бағдарламада қиын тақырыптар тармақтарға бөлінеді, басқалары сызық бойынша орналасады.

Бұл оқыту машинасыз және машиналы болып екіге бөлінеді. Машинасыз бағдарлама оқыту үшін арнайы оқулықтар, перфокарталар пайдаланылады, негізгі деректер көзі қағаз болады. Оқу нәтижесі біраз уақыттан соң бағаланады. Соңғы кезде машиналы бағдарламалап оқыту үшін компьютер кең қолданылуда. Тапсырмалар, мәтіндер, сұрақтар, жауаптар дисплей дидарында жазылып, сол мезгілде бағаланып тұрады.

Оқу бағдарламасы оқыту алгоритміне негізделген. Алгоритм – дұрыс жауапқа жетелейтін бірізді ақыл – ой және оқу іс–әрекеттерінің жүйесі. Білім мен біліктерді толық меңгеру үшін алгоритм оқушыларға оқу әрекетінің құрамы мен орындау тәртібін белгілейді. Оқу бағдарламасын құрастырудан алдын–ала оқу барысын басқару үшін алгоритм жасалынады. Алгоритм сапасы компьютерлік оқытудың сапасына тікелей ықпал жасайды. Сондықтан, компьютерлік оқытудың сапасы оқу бағдарламасы мен техника сапасына тәуелді.

Бағдарламалап оқытудың күшті жақтары:

– оқу материалының бөлшектенуі,

– оқушының белсенді өзіндік жұмысы,

– тұрақты тексеру,

– оқыту қарқыны мен оқу материалы көлемінің даралануы,

– техникалық оқыту құралдарын пайдалану.

Бағдарламалап оқытудың кемшіліктері:

– бағдарлама жасауға көп уақыт, күш,

– мектептегі компьютерлердің саны мен сапасы жеткіліксіз.

  1. Проблемалық оқыту.

Заманауи білімдендірудің мақсаты мамандарды шығармашылыққа дайындау екені даусыз. Шығармашылық дегеніміз жаңалықты (жаңа нысана, жаңа білім, жаңа проблема, жаңа әдіс) ашу. Осыған орай, проблемалық оқытудың өзі де шығармашыл процесс: бейқалыпты ғылыми –оқу мәселені бейқалыпты әдістермен шешу. Соңғы кезде кең тараған оқу түрінің мәні: мұғалім жаңа білімді дайын түрде баяндамай, оқушылардың алдына проблемалық сұрақтарды қойып, оларды шешудің жолдары мен тәсілдерін іздеуге бейімдейді.

Аталмыш оқыту жаңадан ғана пайда болған жоқ. Кезінде бұған өз үлесін қосқан педагог – ғалымдар Сократ, Руссо, Дистервег, Ушинский. Мысалы, Дистервегтің дәлелдеуінше, “жаман ұстаз ақиқатты айта салады, жақсы ұстаз оны іздеп табуды үйретеді”.

Проблемалық оқытуды ойдағыдай іске асыру үшін шәкірттерге ұсынатын проблемалық сұрақтар жүйесін жасап шығу қажет. Ескеретін жайт: кез келген сұрақ проблемалы бола бермейді. Проблемалы сұрақтың жауабы дайын болмайды, оны оқушы міндетті түрде өзі іздеуі шарт. Ол сұрақ баланың сана–сезіміне қиындық туғызуы қажет. Оқушы іштей түйсінген ойлау қиыншылығы проблемалық жағдаят деп аталады. Проблемалық сұрақ, бір жағынан, қиын болуы, екінші жағынан, оқушының шамасына лайық болуы керек. Осындай проблемалық жағдаят туғызу, проблемалық сұрақ қою – проблемалық оқытудың алғашқы кезеңі.

Келесі кезеңде бала іштей өз білімін талдап, таңдап, олардың жауап алуға жеткіліксіз екенін анықтайды да ізденіс жолына белсенділікпен түседі. Үшінші кезеңде ол сұрақтың жауабын дұрыс шеше білу амалдарын, жаңа білімді меңгереді. “Мен білдім!” деген қуанышты жағдайға жетеді. Кейінгі кезеңдерге дұрыс жауапты тексереді, алғашқы гипотезамен салыстырады, алынған білім мен білікті қорытындылайды, жинақтайды.

Мұғалім проблемалы оқытудың барысында оқушы ойына, пікір қайшылықтарына дұрыс бағдар жасай отыра, жауап табу әдістерін үйретеді. Әдетте, оқытудың бұл түрі жаңа оқу материалын түсіндіру кезеңінде қолданылады. Сонымен, проблемалы оқытудың ерекшелігі: оқушыға дайын білім берілмей, одан проблемаларды ізденіс арқылы шешу талап етіледі.

Проблемалық оқытудың күшті жақтары:

– оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттырады;

– оқу еңбегіне қызығушылығын арттырады;

– оларды өздігінен саналы жұмыс істеуге үйретеді;

– берік білімге, оқытудың жоғары нәтижесіне жеткізеді.

Проблемалық оқытудың кемшіліктері:

– оқушылардың танымдық іс–әрекетін басқаруға әлсіз ықпал ету;

– мақсатқа жету үшін көп уақыт жұмсау.

Қазіргі мектептерде түсіндірмелі және проблемалық оқыту түрлері бірге қатар қолданылады.