Балалардың жас және дара ерекшеліктері оларды оқу –тәрбие процесінде есепке алу

Басқа пәндермен байланысы:философия, физиология, психология, жалпы психология, оқу пәндерін оқыту әдістемесі.

Балалардың жас ерекшеліктерін есепке алу – оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі принциптердің бірі. Оқыту және тәрбие беру ісінде осы принципті мұғалім әр уақытта басшылыққа алады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай мектептің ішкі тәртіп ережелері, сабақ және тәрбие жұмыстарының кестелері, оқу жоспарлары мен бағдарламалары және тәрбие жұмысының бағдарламасы жасалынады. Осылардың негізінде мектептегі оқу және тәрбие жұмысының мазмұны, формалары мен әдістері оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай іс жүзінде асырылады.

Оқу мен тәрбие жұмыстарының барысында балалардың жас кезеңдерін еске алу қажетті шарттардың бірі.

Соңғы жылдардың ішінде бүкіл дүние жүзінің ғалымдары жас кезеңі проблемасына аса зор көңіл бөлуде. Бұл проблема жөнінде зерттеу мәліметтері әлі де болса біріңғай көзқарастың жоқ екендігін көрсетті. Жас кезеңдерінің шекарасын ажырату толық зерттелмеген мәселелердің бірі.

Бұл мәселе жөнінде әдебиет беттерінде бірнеше талас пікірлер жазылып жүр. Мысалы, кейбір ғалымдардың пікірі бойынша жас кезеңінің негізгі жыныс бездерінің жетілуіне, дененің қарқынды өсуіне байланысты, ал кейбіреулер адам жасын тіс аттарына қарап топтастырады.

Кейбір психологтар мен физиологтардың, әсіресе шетел ғалымдарының пікірлері бойынша, балалардың жас ерекшеліктерін организмдегі қайсы бір мәңгі және өзгермейтін қасиеттермен анықтауға болатын сияқты. Бұл қасиеттерді балалардың табиғатына тән, олардың өмірі мен тәрбиесіне тәуелді емес деп түсіндіреді. Олар белгілі жас кезеңдерінде болып отыратын бойдың өсуін, дене салмағының артуын, жыныс мүшесінің жетілуін, яғни дамудың заңдылығын осылай дәлелдегісі келеді. Бірақ ол балалардың психикалық дамуына байланысты жас кезеңдерінің жылжымалы шекарасын еске алмайды.

Біздің елдің ғалымдары – педагогтары балаларды тәрбие және білім беретін мекемелердің типтері бойынша жас кезеңдеріне бөледі. Мысалы, ясли жасындағы балалар, мектеп жасына дейінгі балалар, мектеп жасындғы балалар т.б. Балаларды осылай сатыға бөлу, практикада үйреншікті ұғымға айналған. Бірақ бұл ұғым да әлі ғылым негізінде толық дәлелденбеген.

1965 жылы сәуір айында Мәскеу қаласында бүкіл дүние жүзілік симпозиум болды. Симпозиум жұмысына КСРО, Англия, Болгария, Польша, Чехословакия және Швеция елдерінің белгілі ғалымдары қатысты. Бірнеше күнге созылған жемісті талас пікірлерден кейін жас кезеңдерін бір ізге салу мақсатымен симпозиум шамамен 12 сатыдан тұратын схема ұсынды.

  1. Жаңа туған бала 1күннен 10 күнге дейін
  2. Емшек жасындағы бала 10 күннен 1 жасқа дейін
  3. Ерте балалық шақ 1 жастан 3 жасқа дейін
  4. Бірінші балалық шақ 4 жастан 7 жасқа дейін
  5. Екінші балалық шақ 8 жастан 12 жасқа дейін (ер балалар)

8 жастан 11 жасқа дейін (қыз балалар)

  1. Жеткіншектік жас 13 – тен 16 жасқа дейін (ер балалар)

12- ден 15 жасқа дейін (қыз балалар)

  1. Жасөспірімдік шақ 17 – ден 21 жасқа дейін (ер балалар)

16 – дан 20 жасқа дейін (қыз балалар)

  1. Кәмелеттік жастың бірінші кезеңі 22 – ден 35 жасқа дейін (ерлер)

21 – ден 35 жасқа дейін (әйелдер)

  1. Кәмелеттік жастың екінші кезеңі 36 – дан 60 жасқа дейін (ерлер)

36 – дан 50 жасқа дейін (әйелдер)

  1. Кексе жас 60 – дан 74 – ке дейін (ерлер)

56 – дан 74 – ке дейін (әйелдер)

  1. Қарттық жас 75 – тен 90 – ға дейін
  2. Ұзақ жасау 90 жас және одан жоғарылар.

Соңғы жылдары симпозиумда қабылданаған жас кезеңдерінің схемасына, яғни туған баладан бастап жасөспірімдік шаққа дейін өзгерістер кіреді. Олар жеті сатыдантұрады.

  1. Жаңа туған бала (туған сәттен 1 – 2айға дейін).
  2. Нәрестелік шақ ( 1- 2 айдан 1 жылға дейін).
  3. Ерте сәбилік шақ (1 жастан 3 жасқа дейін).
  4. Мектепке дейінгі балалық шақ ( 4 жастан 7 жасқа дейін).
  5. Бастауыш мектеп шағы (7 жастан 11 – 12 жасқа дейін).
  6. Жеткіншектік шақ (11 – 12 жастан 14 – 15 жасқа дейін).
  7. Жасөспіроімдік жас (14 – 15 жастан 17 жасқа дейін).

Мектепке балаларды алты жастан бастап қабылдауға байланысты төрт , бес, алты және жетісатылардағы жас кезеңдері өзгереді. Осы жас кезеңдерінің әр бір жанұямен, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері және мектептер басшылыққа алады. Демек, тәрбие және оқыту жұмыстары осы жас сатыларына сәйкес жүргізілуі қажет. Өйткені адам жасының табиғи негізі жас сатылары немесе биологиялық жетілу шақтары. Мектепке дейінгі балалық шақ, бастауыш мектеп шағы, жеткіншектік және жасөспірімдік шақ кезеңдерінде балалардың өсу, даму және тәрбие барысынды болатын кейбір өзгешеліктері мен ерекшеліктерін еске ала отырып, мектеп және жанұя олардың іс — әрекетін тиімді етіп ұйымдастыру тиіс.

Мектепке дейінгі балалық шақ. Бұл жастағы балалар күнделікті тұрмысқа байланысты жеңіл еңбекке қатысады. Олардың сүйек, бұлшық ет жүйесі ұзақ уақытты еңбекті көтермейді. Сондықтан ата – аналар балалардың күш – қуатын еске алып, еңбек тәрбиесінің түрлеріне бірте – бірте үйрету тәсілдері арқылы жаттықтыруы қажет.

Бұл жастағы балалар ертегі немесе өлеңмен жазылған қысқа әңгімелерді тыңдауға, айтып беруге өте құштар болады. Негізгі іс — әрекеті ойын. Ойынның барысында баланың қабілеті айқын көрінеді. Бірінші сыныпқа келіп түскен балада кейбір ұнамды қасиеттердің бар екендігін мұғалімде, ата – аналардың өздері де сезе бастайды. Ол қасиеттер баланың оқуға ынталы, сөз қоры мен тіл дамуының даму дәрежесі, табиғат және адамдар жөніндегі бірсыпыра мәліметтерді білу, дененің жетілуі т.б.

Бастауыш мектеп шағында баланың дене, психикалық дамуында кейбір ерекшеліктер байқалады. Олардың бұлшық еттерінің күші артады, сүйек жүйесі қалыптасу сатысында болады, мидың үлкен жарық шарының функциялары дамиды. Бұл жастығы балалардың іс — әрекеті – оқу. Осы оқу арқылы олардың таным процесі дамиды. Н.К.Крупская және А.С Макаренко 7 – 12 жастағы балалар үшін әсіресе ұжымдық ойындардың маңызын атап көрсетті. Олардың айтуы бойынша ойын балаларды ептілікке, ұйымшылдыққа, батылдыққа тәрбиелеп қана қоймайды, ол жолдастық сезімге, ұжым мүддесіне үшін әрекет жасауға тәрбиелейді.

Бұл жастағы балалар үшін еңбектің тәрбиелік мәні өте зор. Тәрбие процесінде балалардың кейбір теріс қылықтарын байқауға болады. Мысалы, өзімшілдік, біреудің жақсы әдеттері мен істерін көре алмаушылық, түрлі болымсыз себептерді сылтау етіп үй тапсырмаын орындаудан қашушылық т.б., балалардың мұндай теріс қылықтарына жол бермеу, тәрбиешілердің, ата – аналардың беделіне, біліміне, өмір тәжірибесіне байланысты.

Бұл жастағы балалармен тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін олардың мынандай ерекшеліктерін еске алған жөн: сөз бен істің сәйкесті болуын талап етеді; жөнсіз кінәлаудан жеркену сезімі туады; үлкен адамдардың жіберген қателерін тез байқайды; арманшыл, қиялшыл болады; ұйымшыл келеді; сенімді серік іздейді; өз мүмкіндіктерін, күшін асыра бағалайды; түрлі спорт ойындарында өте ықыласты болады т.б.

Жеткіншектік шақ. Бұл жастағы балаларды кейде өткінші кезеңдегі немесе қиын жастағы балалар деп атаудың өзі де кездейсоқтық емес. Н.К. Крупская бұл ең тынышсыз, ең қиын, ең қызба жас деп атап көрсетеді.

Жасөспірімдік шақта жастардың организмі – қаңқасы мен бұлшық еттері, ішкі органдары тегіс дамиды. Бұлшық еттері мен жұмыс қабілеті үлкендердің нормасына жақындайды. Бұл кезеңде жастар Отан, қоғам алдында тұрған әлеуметтік – саяси және мемлекеттік міндеттерді шешудегі күреске белсене қатысады. Кәмелеттік жасқа жеткен балалар өмір жолына көз жібереді, өздерінің келешек мамандығын саналы түрде таңдап алуға тырысады. Олардың мамандыққа ықыласының бірте – бірте қалыптасуы түрлі іс — әрекеттеріне жауапкершілігін арттырады.

Әрбір баланың дербес ерекшелігі тәрбие процесінде, даму кезеңінде байқалады. Дербес ерекшеліктерге түйсік, қабылдау, ойлау өзгешеліктері, жеке адам бойындағы мінез – құлық, темперамент, қабілет сияқты қасиеттер жатады. Нерв жүйесінің типтік қасиеттері адамның мінез – құлығының, темпераментінің, қабілетінің табиғи негізін құрайды. Дербес қабілеттердің дамуы жеке адамның табиғи мүмкіншіліктеріне байланысты. Ал дара қабілеттер адамның айналаны қоршаған дүниемен өзара әрекеттесу процесінде қалыптасады. Әр бір адамның өзіне тән қасиетерін қалыптастыру мен дербес ерекшеліктерін дамытуды жан – жақты және үйлесімді тәрбиелеу дейді. Тәрбие баланың дамуына ықпал жасап қана қоймайды, ол үнемі даму дәрежесіне сүйенеді. Тәрбиенің міндеті “ең таяу даму зонасын” жасап, оның келешекте “көкейтесті даму зонасына ” айналуын қамтамасыз етеді.

Мұғалім балалардың жеке ерекшеліктерін, типтік сипатын мінез – құлқына сәйкес жете білуі қажет. Мәселен, нерв жүйесіне байланысты темперамент типтерін басшылыққа алмай, тәрбие процесін психологиялық негізде ұйымдастырып іс – жүзінде аыру мүмкін емес. Жеке адамның дүниенің сезгіштігі және қабылдағыштығы темпераментке тәуелді.

Темперамент деп – жеке адамның қылығы мен түрлі іс — әрекеттерінен көрінетін меншікті дара өзгешелігін атайды. Психология ғылымында темпераментті төрт типке бөліп сипаттайды. Холерик – эмоциялық қызуы шапшаң, күшті, тұрақты болады. Ол белсенді, іске шапшаң кірісіп, аяқтап шығады. Бірақ сезім жүйелері ауытқып тез көтерілетін шыдамсыз, өкпелегіш және ашуланғыш болып келеді. Сангвиник – эмоциялық қызуы шапшаң, күшті, бірақ көп тұрақтанбайды. Ол қызулы, жеңілтек келеді, бір немесе бірнеше іске бірдей кіріседі, іс үстінде тез суып, бастаған істі аяқсыз қалдырады. Уәдені көп беріп, кейде оның орындаудан бас тартады. Меланхолик- эмоциялық қозуы шабан, күшті, тұрақты. Ол момақан, тұйық, жасқаншақ, мінезі баяу, көңілі жабырқау, кейде үрейленіп жүреді. Өзін ұжымнан оқшау ұстаиды, іске бірден кіріспейді, бастап кетсе, аяқтап шығады. Флегматик – эмоциялық қозуы әлсіз. Ол байсалды, сылбыр мінезді, орнықты, кісімен араласпайды, тыныштықты сүйеді, іске өте баяу кіріседі, бірақ тиянақты орындайды. Темперамент типтері психология курсында толық қарастырылады.

Мұғалім сабақ үстінде, тәрбие барысында балалардың мінез – құлықтарын ескеріп, темпераментін тәрбиелейді. Мыслы, сангвиник баланың іс — әрекетін үнемі бақылап, берген тапсырманы негізінде орындалуын қадағалап отыруы керек болса, ал меланхоликті белсенділікке, ынтымақтастыққа, ұжымшылдыққа тәрбиелеу қажет.

Оқушылардың түрлі іс — әрекеттерін жүзеге асыру үшін, олардың барлық ықтимал мүмкіндіктерін іске қосу керек. Осыған орай, тәрбиеші мына жағдайларды ескеруі қажет:

кейбір баланың өз мүддесін ғана ойлауын ғана болдырмау, өз мүддесін ұжым мүддесімен ұштастыра білуге үйрету; баланы әр түрлі жағдайда болатын өзгерістерді басынан өткізе білуге баулу; баланы өмірді даму күйінде көре білуге үйрету, т.б.

ХІХ ғасырдың аяғы және ХХ ғасырдың басынан дүние жүзіндегі көптеген елдердің ғалымдары балалардың дене және психикалық дамуының тездеуін – акселерация құбылысы деп атап көрсетті. Демек, акселерация физиологтардың, педагогтардың зерттеу объектісіне айналды.

Акселерация құбылысы тұрғысынан қарағанда қазіргі жеткіншектік шақтағы балалардың бойы биік, иықтары қысыңқы, кеудесі қысқа, аяқтары ұзын келеді. Күні бұрын тез жетілген оганизм ауруға, суыққа және дене салмғына төзімсіз келетіндігі бірте – бірте анықталуда. Ер жетуге дейінгі ересек жастағы балалар жыныс мүшесі жетілу кезінде тез шаршайды. Осындай тез өсетін организмде жүрек – тамыр жүйесінің дамуы бірнеше есе қалыс қалады да өзінің міндеттерін атқара алмайды.

Зерттеулердің куаландыруына қарағанда дененің дамуы мен жыныс мүшесінің жетілуі тездейді. Ал баланың психикалық жетілу деңгейі артта қалады. Осыған орай, ер немесе қыз бала қоғам, жанұя алдындағы өзінің борышын, ар – намысын міндеттерін толық жауапкершілікпен түсіне бермейді. Сондықтан да олар жанұя құруға материалдық және моральдық жағынан әлі дайын емес. Бұл мәселені ата – аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер ерекше ескертулері керек, өйткені 17 –18 жасқа толған жастар арасында ерте үйленушілік әдетке айналуда.

Қазіргі кезеңде акселерация жайлы әртүрлі жорамал ойлар бар. Акселерация күн радиациясымен байланысты, сондықтан организм витаминдерді тез синтездейді деген пікір айтылуда. Егер олай болса акселерация құбылысы неге терістік аудандарда байқалады? Не себепті күн астында көп жүретін село балалары қала балаларына қарағанда баяу өсіп жетіледі? Кейбіреулер акселерация құбылысын мал майлары мен белоктағы тағамдар арқылы көбірек пайдаланудан деп түсіндірелі. Олай болса, мал майлары мен белоктарды бірнеше рет аз мөлшерде пайдаланатын Жапония балаларының тез өсіп жетілуін қалай түсіндіруге болады.Акселерация космос және радио тербеліс толқыны дәрежесімен, ақпарат тасқынымен байланысты деушілер де бар.

Әрине, акселерация құбылысы жайлы түпкілікті қорытынды шығару ертерек. Өйткені, бұл әлі де жан – жақты зеттеуді қажет ететін проблема. Дегенмен акселерацияға байланысты кейбір мәселелердің дұрыс шешілуі ойластырылуда. Мысалы, мектеп мебельдерінің , сырт және аяқ киімдерінің үлгілері , дене шынықтыру мен жаттықтыру комплекстерінің қайта қаралуы т.б. Сонымен бірге акселерация құбылысының ақыл – ой дамуына да ықпал жасайтындығы байқалуда.

Негізгі ұғымдар: жеке тұлға, жас мөлшері, акселерация, психалогия, жалпы психалогия, оқу пәндерін оқыту әдістемесі.