ТӘРБИЕНІҢ ЖАЛПЫ ӘДІСТЕРІ

  1. Тәрбиенің әдістері, тәсілдері және құралдары туралы ұғым.

Қазіргі педагогикалық теорияда “Тәрбие әдісі” ұғымы әлі де жете зерттелмеген мәселелердің бірі. Өйткені бұл жөнінде әр түрлі көзқарастардың бар екені байқалуда. Бұған көптеген авторлардың тәрбие әдісіне берген анықтамаларының өзі – ақ дәлел бола алады. Т. Е. Конникованың анықтамасы бойынша – бұл педагогикалық жұмыстың тәсілдері мен жолдары арқылы тәрбие мақсатына жету. И. С. Марьенконың анықтамасы бойынша, тәрбие әдісі – бұл жеке адамға тікелей және жанама түрде ықпал жасау. В. А. Сластенин тәрбие әдісін тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің іс – әрекетінің өзара байланыс тәсілдері деп тұжырымдайды.

Сонымен, әр түрлі авторлардың анықтамаларына сүйеніп, мынадай қорытынды жасауға болады. Тәрбие әдісі – тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыс іс – әрекетінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсілдері. Мұндай анықтама ынтымақтастық педагогика талабына сәйкес келеді. Ынтымақтастық педагогика мұғалім мен балалардың бірлесу еңбегіне сүйеніп, оларды қуаныш сезіміне бөлейді, табысқа жеткізеді.

Тәрбие жұмыстарының әдістері тәрбиенің мақсатына, принциптеріне және мазмұнына , балалардың жас және дербес ерекшеліктеріне , олардың тәрбиелік дәрежесіне байланысты. Тәрбие әдістері тәрбие жұмысының мақсаттары және мазмұнымен анықталады, ал мақсат – әдістің бас критерийі.

Тәсіл әдістің құрама бөліктері, әрбір әдістің тәсілдері болады. Мысалы, үйрету мен жаттықтыру әдістерінің тәсілдері: нұсқау, көрсету, машықтандыру,тапсырма т.б. Нақты тәрбие барысында әдістер мен тәсілдер арасында нақты шекара жоқ, ол құбылмалы (өзгергіш), жылжымалыболады.

Тәрбие құралдарына іс-әрекеттерінің түрлері көрнекі, құралдар, көптеген комуникация құралдары, педагогикалық ықпал жасау құралдары (мұғалім, ата-ана, ересек адамдардың сөзі, олардың өнегесі т.б.) жатады. Тәрбие мақсаты жемісті болу үшін осы құралдарды тиімді пайдалану қажет.

  1. Тәрбие әдістері мен тәсілдеріне сипаттама.

Белгілі орыс педагогтары тәрбие әдістерін жасау үшін 40-жылдардың соңында, 50-жылдардың басында көп күш салды. Тәрбие әдістері проблемасын шешуде зор үлес қосқан педагогтар Н. К. Гончаров, Т. Е. Конникова, И. Т. Огородников, Н. И. Болдырев, И. С. Марьенко, Г. И. Шукина, В. А. Сластенин т.б.

60- жылдардың екінші жартысынан бастап педагогикалық іс-әрекеттерін жіктеуде “Советская педагогка” журналының беттерінде бірнеше талас пікірлер айтылып келеді.

Қазіргі кезде тәрбие әдістерін жіктеудің ІІ-ден астам түрлері бар. Солардың ішінде Т. Е. Конникова, Г. И. Шукина және В. С. Сластенин жасаған тәрбие әдістері жіктеуінде бірізділік байқалады. Бұл жіктеу мектептерде қолданылып келеді.

  1. Тәрбие әдістерін жіктеу.

Герцен атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік педагогикалық институтының ғалымдары (Т. Е. Конникова, Г. И. Щукина) жасаған тәрбие әдістерін жіктеу үш топқа бөлінеді.

Бірінші топ- тәрбиеленушілердің іс-әрекеттеріндегі, қарым-қатынасындағы, мінез – құлқындағы жағымды тәжірибені қалыптастыру әдістері: талап, қоғамдық пікір, үйрету, жаттықтыру, арнайы тәрбиелік ситуация.

Талап – мінез-құлық нормасының көрнісі, балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру. Талаптың ынталандыру және тежелеу функциялары бар. Ынталандыру функциясы – бұл жұмысты бастау және аяқтау. Тежелеу – басқа адамдардың жұмысына кесел келтіретін әрекетті тоқтату.

Қоғамдық пікір – бұл ұжымдық талаптың бейнеленуі, ал талап – нақты міндет, оны іс- әрекеті, процесінде орындау қажет. Ұжым мүшелерінің байымдауы, баға беруі – бұл қоғамдық пікір, ұжымының еркі және күші. Ұжым тәрбие субектісі, педагогктың тірегі.

Үйрету, жаттықтыру – бұл мінез –құлық нормасына сәйкес оқушыларды қажетті дағдыға, әдетке төселдіру. Тәрбие үйретуден басталады. Мысалы, баланың мезгілімен жатуы, өз мүліктерін, жұмыс орнын тәртіпке келтіріп ұстауы т.б.

Үйрету әдісі баланың орындағыштық, сыпайылылық (инабаттылық), мұқияттылық, табандылық сияқты қасиеттерін қалыптастырады. Балалардың өмір тәжірибесі кеңейіп, санасы дамыған сайын, үйрету әдісі өзінің алғашқы маңызын жойып, басқа әдістермен бірігеді. Мысалы, бұл әдіске өте жақын жаттықтыру әдісі.

Жаттықтыру әдісі – бұл әр түрлі ситуацияда оқушылардың моральдық тапсырмаларды орындауы. Жаттықтыру әдісінің ұжымның мүддесімен, талаптарымен қабысуы қажет. Мысалы, кез – келеген тәрбиелік шараларды мезгілінде бастау оқушыларды тәртіптілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Оқушылардың өндірістік бригадалары, шефке алу жұмыстары оқушыларды борыштық сезімге, жауапкершілікке жаттықтырады.

Үйрету және жаттықтыру әдістерінің тәсілдері: нұсқау, көрсету, машықтандыру, тапсырма. Тәрбиелеуші ситуация жеке адамның жағымды әрекеттерінің және қылықтарының қалыптасуына ықпал етеді. Бұл әдіс тәрбиешілер және тәрбиенушілер арасындағы қарым – қатынасқа қолайлы жағдай жасайды. Сынып, мектеп біріншілігіне жарыс ұйымдастыру, топқа, ұжымға және оқушыға (мектепті көгалдандыру, сыныпты, демалтын орындарды дайындау, яғни безендіру т.б.) тапсырма беру тәрбиелеуші ситуацияда іске асырылады.

Өз еркімен таңдау ситуациясының тәрбиелік мәні өте зор. Мысалы, екінші адамға тұрып орын беру немесе үндемей қалу, шынын айту , немесе жалған сөйлеу т.б. Мұндай ситуацияларда балалар көп ойланады, қайғырады.

Екінші топ. Жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері (ұғым, байымдау – пікірін айту, баға беру, сендіру). Бұл топтың әдістері: саяси, этикалық әңгіме, әңгімелеу, пікірталас, лекциялар, өнеге.

Бұл әдістердің балалар санасына ықпал жасауда маңызы өте зор. Осы тұрғыдан балаларды өмірдің , еңбектің қоғамдық нормасына қатыстыру қажет, ал бұл балалардан осы нормалар жөнінде білімді, байымдауды, баға беруді талап етеді. Бұл жағдай жеке адамның өмірлік позициясын, яғни көзқарасын сипаттайды.

Әрбір әдістің мақсаты мен мазмұны педагогикалық оқу құралдарында жақсы жазылады. Сондықтан мысал ретінде тек қана әңгіме және пікірталас әдістеріне тоқталамыз.

Әңгіме – бұл балалардың санасын қалыптастыру әдістерінің бірі. Балалар әңгіме әдісінде саяси, этикалық, эстетикалық мәселелерді талдауға белсене қатысады, олардан тиісті қортынды шығару үшін ойланады, ақылға салып түсінеді. Әңгіме әдісі кез – келген мәселелерде ұқыпты дайындықты талап етеді. Әңгіме әдісін іске асыру үшін мыналарды ескеру керек:

  1. Тақырыптың көкейтестігі, яғни өмірге қажеттілігі балалардың мүддесіне жауап беру тиіс.
  2. Әңгіменің мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес баяндалуы қажет.
  3. Әңгіменің тақырыбына сәйкес техникалық құралдарды тиімді пайдаланған жөн.
  4. Оқушылар үшін әңгіме тартымды, қызықты болуы керек: жаңалық, оқушыларды зеріктіретін артық сөздерден аулақ болу, бір нәрсені қайталай беру наразылық туғызады.

Пікірталас – бұл жоғары сынып оқушыларының байымдауын (пікір айтуын), баға беруін, сенімін қалыптастыру әдісі. Пікірталаста тақырып бойынша оқушы өзінің көзқарасын, ойын дәлелдейді. Сонымен бірге басқаның пікірін тыңдауға үйренеді, келісу немесе таласу пікірлер де пайда болады. Пікірталасқа мұғалім де, оқушылар да дайындалады. Оның тақырыбы және сұрақтары күні бұрың хабарландырылады.

Пікірталас оқушыларды қателіктер мен жалған көзқарастармен күресуге үйретеді. Пікірталастың құндылығы сонда, ол оқушылардың ойлану сезімін оятады, талаптандырады, ал бұл дұрыс идеяларды ұстауға, қателіктерден бас тартуға мүмкіншілік береді. Пікірталастың соңында басқарушы оқушылардың жауабын жинақтайды, талдайды, баға береді, қорытады.

Үшінші топ – мадақтау және жазалау әдістері. Өткізілетін тәрбиелік шаралардың сапасын және тиімділігін арттыру үшін, кейде, адамгершілік тәрбиесінің әдістері көмектесуді қажет етеді. Бұл жағдайда мадақтау және жазалау әдістері пайдаланылады. Мадақтау тәрбиеленуші іс – әрекетінде және мінез – құлқында белсенділікке ынталандырады. Жазалау – баланы өзінің теріс мінездері үшін ұялтады, оның теріс қылықтарын тежейді.

Сонымен, Санкт – Петербург педагогикалық институтының ғалымдары жасаған тәбие әдістерінің жіктеуінде ең алғашқы рет баланың адамгершілік санасы мен мінезі туралы анықтамалар берілген. Бірақ бұл екі ұғым тығыз бірлікте қалыптасуы қажет.

Мектеп өмірінде В. А. Сластенин жасаған тәрбие әдістерінің жіктеуі ойдағыдай қолдануда. Бұл жіктеуде тәрбие әдістерінің 4 тобы қарастырылады.

Бірінші топ. Жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері: әңгіме, лекция, пікірталас, өнеге.

Екінші топ. Қоғамдық мінез – құлық тәжірибесін қалыптастыру және іс – әрекетті ұйымдастыру әдістері: педагогикалық талап, қоғамдық пікір, тапсырма, жаттықтыру, тәрбиелеуші ситуация.

Үшінші топ. Іс- әрекетін және мінез – құлықты ынталандыру әдістері: жарыс, мадақтау, жазалау.

Төртінші топ. Бақылау, өзін-өзі бақылау және тәрбиеде өзін – өзі баға беру әдістер: педагогикалық бақылау, әңгіме, сұрау (анкета, ауызша, т.б.). қоғамдық пайдалы іс – әрекеттерінің нәтижелерін талдау, балалар ұйымдарының тапсырмаларын орындау.

Тәрбие әдістерінің бұл жіктеуінде ІІІ, ІV топтар ғана қарастырылады. Өйткені І, ІІ топтар дағы тәрбие әдістері Санкт – Петербург ғалымдары жасаған жіктеудегі І, ІІ топтарда баяндалады.

Айрықша қолданылатын ІІІ топтағы әдістер жарыс, мадақтау, жазалау деп тұжырымдайды В. А. Сластенин, Т. Е. Конникова т.б.

Жарыс балалардың ұжымында іс – әрекетін ұйымдастыру және ынталандыру әдісі. Ұжым жарыстың барысында өзінің жетістігі және жарысушы ұжымдардың табысы үшін әрекет жасайды. Жарыс оқушылардың, әсіресе енжар оқушылардың белсенділігін арттырады, жауапкершілігін, ұжымшылдығын дамытады.

Жарысты ұжымдық және дара түрінде өткізуге болады. Ұжымдық түрге сыныптар спорт командалары, оқушылардың өндірістік бригадалары, звенолары арасындағы жарыс жатады. Мұнда негізгі мақсат ар – намыс, құрмет үшін күресу. Жарыстың дара түрлері: жауынгерлік, еңбек даңқы орындары бойынша жорық туралы жақсы әңгімелер сайысы, жақсы әндерді, билерді орындау сайысы т.б. Кейде жарысты дәстүр түрінде де пайдалануға болады. Мысалы: а) үйге берілетін оқу тапсырмасын үнемі орындау ә) сабақ үстінде ескертпесіз жұмыс істеу б) мектеп және үй режимін сақтау в) өте кәрі адамдарды күту, көмектесу.

Мадақтау – бұл баланың жағымды мінез – құлқын ынталандыру құралы. Егер бала өзінің жетістігін және ұжым алдындағы жауапкершілігін білсе, онда мадақтаудың құндылығы арта түседі. Орынсыз мадақтаудан балада мен – мендік тәкаппарлық, дандайсушылық туады. Сондықтан мадақтау үшін жеткілікті мәліметтер керек.

Жазалау – бұл балаға қоғамдық талап қою, оның мінез-құлқында байқалатын теріс қылықтарды тежеу тәсілдері. Жазалауда жабырқаушылық болмайды, ол болған қателікке қайғыру дейді А. С. Макаренко. Жазалау үшін оның шындығын толық білу, сонымен бірге ұжым пікірі жазалау жағында болғанда ғана баланы жазалауға болады. Жазалауда жеке адамның абыройын төгіп, балағаттау, қорлау ешқандай моральдық нормаға сыймайды.

ІV – топтағы әдістердің ішінде педагогикалық бақылау және психологиялық сұрақтарды еске алған жөн. Педагогикалық бақылаудың бірнеше түрі бар. Олар: тікелей бақылау, ұзақ мерзімді бақылау т.б.

Тікелей бақылау зерттеуші мен объект арасындағы бақылау арқылы тікелей байланыс, қатынас.

Ашық бақылауды қатысушылар біледі. Жасырын бақылауды теледидардан, жасырын дыбыс жазу, арақашықтық (дистанциялық) бақылау үшін тура микрофон байланысы көмегімен жүргізуге болады.

Қысқа мерзімде бақылау сабақ, үзіліс және бүтін жұмыс күні барысында жүргізіледі.

Ұзақ мерзімді бақылау оқу тоқсанының және жыл бойында жүргізіледі.

Жеке адамның тәрбиелілігін (әдептілігін) зерттеуде бақылау әдісін қолдану үшін нақты бағдарлама жасалады. Осыған орай, фактыларды жазу жүйесін ойластыру, оларды бақылау күнделігіне, бақылау картасына жазып отыру керек.

Психологиялық сұрақтар ұжым мүшелері арасындағы қатынастарды, жолдастық құштарлықты немесе теріс қатынастарды анықтайды. Мұндай сұрақтар дер кезінде қайшылықты анықтауға және оны іскерлікпен шешуге мүмкіндік береді.

Тәрбиенің нәтижелерін анықтауда мынандай көрсеткіштер еске алынады: оқушылардың моральдық норманы игеруі; мемлекет заңдарын білу және сақтау: сынып пен мектептің қоғамдық өміріне қатысуы; біздің еліміздегі және шетелдердегі жағдайларды бағалай білу.

Сонымен, әрбір тәрбие әдістерінің мақсаты оқушыларды адамгершілік көзқарасқа сендіре білуге, жеке және қоғамдық өмірдегі мінез – құлық нормаларын меңгеруге үйретеді.

Айта кету керек, басқа да толып жатқан тәрбие әдістерінің жіктеулерін жасауда бірсыпыра үлес қосқан ғалымдарға В. И. Коротов, В. А. Каспин, И.С. Марьенко т.б. жатады. Олардың жіктеулері де оқыту мен тәрбие процесінде еске алынады.

Не себепті осы уақытқа дейін тәрбие әдістерінің бірынғай ғылыми негізделген жіктеуі болмай келді.

Оның себебі, біріншіден, тәрбие әдістерінің жіктеуін жасауда бірыңғай пікірдің жоқтығы толық дәлел бола алады; екіншіден, тәрбие – өте күрделі процесс, ол әр түрлі әдістердің өткізілетін тәрбие шараларының мақсаттары мен мазмұнына сәйкес келуін талап етеді.

4.Тәрбие әдістерін таңдап алу шарттары.

Тәрбие жұмысында әдістерді таңдап алу оқушылардың жас және дербес ерекшеліктеріне, өмір тәжірибесіне, педагогикалық ситуацияларға тәуелді. Мысалы, үйрету әдісі кіші мектеп жасындағы балалар тәрбиесінде жиі қолданылады. Үйрету әдісі арқылы балаларды мектепте, үйелменде әр түрлі іс – әрекетіне дағдыландыруға болады.

Тәрбие жұмысында әр баланың жеке даму ерекшелігін еске алған жөн. Ұжымның бірінші сатысында ұжым толық қалыптаспаған, сүйеніші, яғни өмір тәжірибесі жоқ. Бұл жағдайда тәрбиеші балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру керек. Ұжым қалыптасқаннан кейін оқушылар белсенді тобы (активі) құрылады. Осыған сәйкес тәрбие әдісі өзгереді. Оқушылардың әдет-ғұрып, іскерлігін, дағдысын қалыптастыру үшін үйрету, жаттықтыру әдістері қолданылады. Бұл әдістер оларды орындағыштыққа, кішіпейілдікке, ыждағаттылыққа, ұқыптылыққа үйретеді. Ұжымның ІІ-ІІІ даму сатысында қоғамдық пікір, тапсырма, пікірталас, өзін – өзі бақылау, өзіне – өзі баға беру т.б. қолданылады.

Сонымен, біріншіден, тәрбие әдістері көмегімен оқушыларыдың әр түрлі іс – әрекеттері ұйымдастырылады, мақсатқа сәйкес бағытталады, олардың адамгершілік тәрбиесі байыйды; екіншіден, тәрбие әдістерінің көмегімен оқушылардың дүниеге көзқарасы қалыптасады, олар қоғамдық өмірге қатысады, тәрбиенің әлуметтік мақсаты іске асырылады.

Барлық тәрбие әдістері бір – бірімен өзара байланысты, өзара тәуелді. Ешбір әдіс тәрбиенің универсальды құралы бола алмайды. Мысалы, оқушыларды әдептілікке тәрбиелеу үшін көбінесе үйрету әдісі қолданылады, дедік. Егер ұжым адамгершілік, мораль элементтерінің ұғымдарымен таныс болмаса, жеке адамның санасын қалыптастыру әдістерін (әңгіме, әңгімелесу, пікірталас, лекция т.б.) пайдалану керек. Бұл ситуацияда пікірталас және әңгіме әдістерінен гөрі, этикалық тақырыптарға әңгімелеу немесе лекция әдістерін қолдану өте қолайлы. Егер оқушылар ұжымының адамгершілік нормасы жөнінде белгілі түсініктері болса, онда пікірталас немесе этикалық әңгімені қолданған жөн. Осы әдістер бойынша адамгершілік нормасы туралы сөз ету, оқушыларға өз бетімен қорытынды шығаруға, дұрыс баға беруге, теріс көзқарастарды сынай білуге көмектескен жөн.

Барлық тәрбие әдістері бір – бірін толықтырады. әдістердің бірлігі тәрбие жұмысына игі әсер етеді, балалардың білімін, іскерлігін және дағдысын тереңдетеді; қоғамдық өмірге, еңбекке баулиды, адамгершілік тәжірибесін байытады; жалпы мәдениетін, ой өрісін кеңейтеді.

Пікірталас – тәрбиеленушілерді қызықтыратын әр түрлі тақырыптарға арналған қызу пікір сайысы. Мұндай тәрбиелік әдіс орта және жоғары сыныптарда әр түрлі қоғамдық-гуманитарлық тақырыптарда қолданылады.

Өнеге-өрнек – өте күшті тәрбие әдісі. Бұл әдіс келесі заңдылыққа негізделеді: көру арқылы қабылданатын құбылыстар тез әрі ешбір қиындықсыз санада бекиді.

Талап – бұл тәрбиеленушінің белгілі бір іс-әрекетін тежеп не ынталандырып, жекелей қарым-қатынаста жоғарылайтын, баланың белгілі қасиеттерінің көрінуіне себепші әсер ететін тәрбие әдістерінің бір түрі.

Үйрету – бұл пәрменді жасалатын дағдыландыру. Тез және жоғары деңгейде керекті сапаны қалыптастыру қажеттілігі туғанда осы әдісті қолданамыз.

Жарыс – адамға, қоғамға қажетті сапаларды тәрбиелеуде оқушылардың табиғи, бәсекелестік қасиеттерін бағыттайтын әдіс. Жарысу әсіресе, үлгермеушілер арасында маңызды болып, олардың дамуы үшін қажет болған мақсатты ынталануға жол ашады. Жарысты ұйымдастыруда мына мақсатқа орай ескеру қажет:

жарысты белгілі мақсатқа орай ұйымдастыра білу;

жарыстың бағытын белгілеп, мазмұнын анықтау.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!