ҚАЗАҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЭТНОПЕДАГОГИАЛЫҚ МӘНІ

  1. Ауыз әдебиеті – тәрбие құралы.

Жалпы педагогика ғылымының негізі халық педагогикасында жатыр. Халық педагогикасының бұл саласын этнопедагогиканың және жалпы педагогиканың барлық салаларында ғылыми,іс -әрекеттік негізде пайдалануға болады. Ал халықтың мақал –мәтелдері педагогикамен қатар филолсофиялықдәрістердің де түсініктемелеріне арқау болады.

Бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, тақпақ, жырлар мен ертегілер, аңыз әңгімелер бәрі де тілді, ойды дамытып, тәлім-тәрбие беріп, дүние танытатын этнопедагогикалық ғаламат туындылар. Бұл –халық педагогикасының үлкен бір саласы.

  1. Ауыз әдебиеті қасиетті, киелі дәстүр.

Бесік жырының тәрбиелік мәні. Тұрмыс – салт әуендерімен айтылатын бесік жыры бөбекті жұбату үшін және оған тілек айту үшін ғана шығарылған емес. Ең әуелі ырғағы бесіктің тербелісіне сәйкес келетін сабырлы екпінде айтылатын қоңыржай әуен бөбектің сезім мүшелері арқылы оған сүйкімді, сүйсінерлік әсер етіп, жан –жүйесін жадыратады, яғни ұнамды, ұнасымды әсермен бөбекті жұбатады. Екіншіден баланың келешегіне үміт артып, тілек айта отырып, оны жұбатушы ана болашақтың шамшырағы мен нұрсәулесінен қуат алғандай әсерленеді. Үшіншіден, ата –ана жатқа айтқан тілектерді тілі шыққан балдырғандарда жаттап, әрі тілі дамиды, әрі сол сөздерден тәлім алады.

Бесік жырларын мазмұнына қарай: шілдехана жыры, бесікке бөлеу жыры, жұбату және тілек айту жыры деп топтауға болады.

Бесікке бөлеу жыры нәрестені нәрестені бесікке салғанда, қуаныш тілек ретінде, көбінесе көңілді, әуезді әуенімен айтылады:

Мойнымдағы маржаным,

Қорадағы мал –жаным:

Бесігіңе жата ғой,

Тәтті ұйқығы жата ғой

…… құтты болсын есімің,

Құтты болсын бесігің.

Мұның психологиялық, медициналық мәні де зор. Әуен бөбек жанына дем береді.

Үміт тілек:

  • Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майсып,

Түрлі ою ойысып

Ұста болар ма екенсің?

Бата тілек:

Ала биең құлындап,

Алатауға сыймасын!

Қара биең құлындап,

Қара тауға сыймасын …

Ақылыңмен батыл бол,

Ағайынмен тату бол.

Бағаналы таудай бол,

Жағалалы көлдей бол!

Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.

Бөбектің отыруы. «Бөбек бес айда белгілі отырады, алты айда анық отырады» дейді халық. Баланың әке –шешесін, жақындарын анық танып, күлу, ренжу әрекеттерін көрсете бастауы, оның өздігінше қимыл әрекеттерін жасаумен ұштасады да,отыруға ыңғайлануы байқала бастайды.

Тұсау кесу. Бөбеук туғаннан кейін жеті –сегіз айдан соң, әуелі еңбектеп содан кейінірек қаз –қаз тұрып, жүре бастайды. Бала тәй –тәй басып жүре бастаған кезде, тұсау кесу рәсімі жасалып, тұсау кесу жыры айтылады.

Тұсаукесер жырлары. Тұсау кесу — әдет –ғұрыптық, ырым –рәсімдік қуаныш мәжілісінде айтылатын жыр. Көбінесе бір жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіріп, оның ата –анасы қуанышқа ортақ жақын адамдарды жинайды да, сыйлы адамға балбөбектің тұсауын кестіреді. Баланың тұсауы ала жіппен немесе қойдың тоқ ішегімен байланады да, тұсау кескен соң тұсау кесушіге сый –сыяпат көрсетіліп, сыйлық беріледі. Тұсау кесілген соң баланы ақ жайма үстімен немесе қалың кілем үстімен жүргізіп:

Қаз –қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Тағы –тағы баса ғой,

Тақымыңды жаз, балам.

Қаз баса ғой қарағым,

Құтты болсын қадамың:

Алға қарай баса бер,

Асулардан аса бер! –

деп ата –ана қуаныш білдіріп, арманг тілегін айтады.

Тұсау кесу жырының бір түрі «тәй – тәй» деп аталады:

Тәй –тәй балам, тәй балғын,

Жүре қойшы жәй балғын.

Қарыс сүйем қаз бастың

Қадамыңнан айналдым.

Тәй- тәй –тәй!

Жүре ғой жәй!

Жаңылтпаш — тіл ширату тәсілі. Халық баланың тілін ширату үшін, оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында жаңылтпаштар ойлап шығарған.

Балбөбектің тілі шығып, балдырған жасында сөздік қоры молая бастаған кезде, кейбір дыбыстарды айта алмай немесе қинала айтады. Тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеу үшін, қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі –жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса, сөйлегенде де мүдірмей, өз ойын толық жеткізетін болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың бала ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой –қиялы дамиды, тәлім алады.

Жаңылтпаштарды халық бала психологиясы мен тілінде болатын мүкістерге сәйкес шығарған.

Халық педагогикасының бұл саласын қазақ ақындары дамыта түсті. Олардың бір ерекшеліктері, ол жаңылтпаштар көбіне әрі тіл ширату, әрі дүниеге таныту, әрі білім беру, тәрбиелеу.

Мысалы:

Тілалғыш Бек

— Тіл алғыш — деп

Мақтасақ біз

Біл алғыс деп, —

білімділікке тәрбиелеп, бүлдіршінге сүйіспеншілік білдірсе:

Бөдене бедене

Көбелек көдене

Бедені – беде де,

Көдені –көде де, —

деген жаңылтпаш арқылы әрі «б», «к», «д» дыбыстарын айқын айтуға жаттықтырса «бөдене» «беде» «көбелек» «көде» деген сөздердің мағынасын жақсы ұғындыруды мақсат тұтады.

Кеспе, өссін тал,

Өссе өсімтал,

Өссе өсін тал

Кеспе, өссін тал, —

деген жаңыльпаш баланы табиғатты қорғауға тәрбиелейді, әрі «с» «т» дыбыстарын айқын айтуға жаттықтырып, баланың тілін ширатады.

Санамақтың тәрбиелік мәні. Санамақтарды халық, негізінен жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Санамақтардың түрлері көп, оның үстіне жаңадан қосыла береді.

  1. Атау ұйқастырып санау арқылы бала әрі сан үйренеді, оның үстіне санға аты ұйқасқан заттарды танып біледі:

Бір дегенің – білеу,

Екі дегенің – егеу,

Үш дегенің – үскі,

Төрт дегенің – төсек,

Бес дегенің — бесік,

Алты дегенің – асық,

Жеті дегенің –желке,

Сегіз дегенің – серке,

Тоғыз дегенің – торқа,

Он дегенің – оймақ

Он бір қара жұмбақ.

  1. Саусақ санау ойыны баланы сан үйренуге ынталандырады, көңілдендіреді.

Түйе, бота маң басқан,

Төрт аяғын тең басқан.

Шұнақ құлық бес ешкі,

Қос –қос лақты қос ешкі,

Төрт қозылы екі қой,

Бәрін бірге ойлап қой.

  1. Санамақ айтыста бала санға ұйқас сөз табу арқылы, ақындық қабілетін басқайды. Егер ол ұйқас таба алмаса, айтыста жеңілген болып табылады.
  • Бір !
  • Бетің кір.
  • Екі!
  • Маңдайынан шекі.
  • Үш!
  • Мені жеңбек күш.
  • Төрт!
  • Төнбесін өрт.
  • Бес!
  • Белгілі жерден кес.
  • Алты!
  • Ата – ананың салты.
  • Жеті!
  • Жемтік қойдың еті.
  • Сегіз!
  • Қойың тапсын егіз.
  • Тоғыз!
  • Топас хайуан доңыз.
  • Он!
  • Оның кигені тон.
  1. Жаңылтпаш, жұмбақ санамақты айту арқылы бала әрі сан үйренеді, әрі жұмбақтың шешуін тауып, ойын дамытады, тілін ширатады.

Құрық – қырық,

Сырық – қырық.

Қанша болды

Құрық, сырық?

  1. Ойын санамақтарын балалар «Тоқтышақ», «Жасырынбақ» ойындары үшін пайдаланып, сан жобасын, тақ пен жұп белгілерін ажыратуды үйренеді.

Бірім – бірім,

Екім – екім,

Үшім – үшім,

Төртім – төртім,

Бесім –бесім,

Алтым – алтым,

Алты малтам,

Алтын балтам,

Сары ала қыз,

Саңқылдауық,

Қырмантауық-

Қырқылдауық

Сен тұр –

Сен шық!

Отбасында санамақтың әр бір түрін балаға жаттатып олармен бірге ойнай отырып, ойын дамыту – ата –ананың борышы.

Жұмбақтың дүниетанымдық, тәрбиелік мәні. Нақты бір зат туралы тұспалдау, ұқсатып, бейлеп айту туралы баланы ойлату, танымдық, білімдік ұғымдар мен түсініктерді ой –қиял елегінен өткізіп, тұжырым жасап, шешімге келуде тапқырлық пен дүниетанымдық дәрежесінбайқау үшін, халық ертеден –ақ жұмбақтардың алуан түрлерін шығарған. Ертедегі жұмбақтар.:

Апаң, апаң –

Ескі шапан,

Иір қобыз,

Жарық жұлдыз (түйе)

сияқты көбінесе мал шаруашылығына байланысты және :

Сүмбіл теректі,

Жасыл желекті,

Ерден қалмайды,

Жауға керекті. (найза)

сияқты қару – жарақ, құрал –саймандар туралы болған.

Заман өзгерген сайын халық педагогикасы жаңа мазмұнды жұмбақтармен толыса берді.

Самұрық құс самағады,

Көктен өтіп,

Айға жетіп

Жеңілдеді салмағы (ғарыш кемесі)

Көкшіл айна үйдегі

Көрсетеді киноны (теледидар)

Жұмбақты Аристотель «Жан –жақты жымдасқан метафора» дейді. Яғни затты бейнелеп, баламалап сипаттауарқылы ұқсас заттардың қасиеттері мен түріне, аумағына, көлеміне зер салып, жұмбақты шешуші жұмбақты шешеді, әрі заттарды салыстыра көз алдына елестетіп, дүниетанымдық қабілетін дамытады.

Қара сөзбен жасалған жұмбақтар да бар. «Отқа жанбас, суға батпас» (мұз)

Жұмбақтарды жаттап айтумен қатар, кез –келген айтушы өз ойын да құрастырып айта береді, тек жұмбақтың қисыны, өлеңдік үйлесімі болуға тиіс.

Жұмбақтардың дүниетанымдық, ой дамытарлық мәнімен қатар, тәрбиелік мәні де ерекше. Өйткені жұмбақ айтысу, жұмбақтарды жаттау кезінде тәрбиеленуші өзінің білімін дәрежесін байқап, көп білуге талпынады, ынта –жігері артады, жауапкершілікке бейімделік, өнерге талпынушылығы артады.