Жаңа ғасыр жастарының музыкалық тәрбиесінің ерекшеліктері

Қазіргі уақытта тәрбиенің атқаратын ролі өте жоғары болып отыр. Еліміз тәуелсіздік алып егеменді ел болғалы саналы, жан-жақты, халқының салт –дәстүрін сыйлайтын, қайырымды да мейірімді, адамгершілігі мол, ел-жұртпен сыйластықта, береке–бірлікте, татулықта өмір сүре білетін жаңа заман адамдарын тәрбиелеу қажеттілігі туып отыр.

Тәрбиемен айналысатын құрылымдар: отбасы, бала-бақша, мектеп, орта арнаулы білім беретін, жоғары білім беретін оқу орындары және мектептен тыс мекемелер.

Мектептен тыс мекемелерге жататындар: мәдени ағарту мекемелері, мәдениет сарайлары, мәдениет үйлері, кітапханалар, мәдени-тынығу орындары (парктер), балаларға арналған клубтар және т.б.

Қазіргі заманда тәрбие жұмыстарының қажеттілігі күн сайын артып отыр.

Біз білеміз – уақыт деген кең ұғым,

Соған қандай үлес қостың сен бүгін.

Соған қосқан үлесіңмен өлшенер,

Бойыңдағы жақсылығың сендігің

– демекші, уақыт кеңістігіндегі болашақ тәрбиесіне әр саналы азамат өз үлесін қосуы керек. Болашақ тәрбиесі–баршаның ісі. Болашақты тәрбиелеуге кімдер көмектесуі қажет, әрине оған ұстаздар, тәрбиешілер, мәдениет пен өнер қайраткерлері, суретшілер мен сазгерлер, артистер мен ақын-жазушылар. Олар қала жастарының және ауыл жастарының арасына көбірек барып, әдемілік пен мәдениет, салт-дәстүр мен өнер, тұрмыс пен мінез-құлық, жайлы өз пікірлерін ортаға салып отырса нұр үстіне нұр.

Адам өзінен бұрынғы болғандардан білімі жағынан, тәрбиесі жағынан үнемі жоғарылап отыруы керек. [4. 5]

Бүгінгі күндегі біздің түсінігіміздегі сұлу адам — ол жан-жақты және дамыған адам. Болашақтың адамдары барлық жағынан келісті келген, мәдениетті, білімді, тәрбиелі, инабатты, қайырымды адамдар болуы тиіс.

Жас жеткіншек өзінен- өзі сегіз қырлы бір сырлы боп тәрбиеленбейді. Бұл тәрбиеге жоғарыда аталған тәрбиелік орындардың барлықтары бірдей жан-жақты ат салысулары керек.

Қазіргі кезде жоғарғы оқу орындарының алдында тұрған негізгі міндеттер: студенттерге сапалы білім беру, оларды жан-жақты тәрбиелеу, олардың ішкі, сыртқы дүниелерінің үйлесімділігін арттыру, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, туған Отанына деген патриоттық сезімін дамыту, болашақ алдындағы өзінің жауапкершілігін түсінуге талпындыру, еңбектенуге дағдыландыру.

Бір сөзбен айтқанда, қай жағынан болса да келісті, еңбекққор, білімдар, адамгершілігі мол, тәрбиелі, ибалы, инабатты, мейірбан болашақ адамын тәрбиелеу. Жан-жақты маман тәрбиелеу оңай емес. Әр студентке дифференциалды қарауды талап етеді. Оқу жұмысымен тәрбие жұмысы қоса жүргізілуі керек. Әсіресе адамгершілік, патриоттық, интернационалдық тәрбие жұмыстарына көп көңіл бөлінуі тиіс. Тәрбие жұмыстары мағынасы жағынан, өте жоғары болуы тиіс. Білім ордасында алған білімдерін, жинақтаған тәжірибелерін жас маман еңбек еткенде жас жеткіншекке үйретеді. Бітірушілердің барлығының қалада қалып жұмыс істеулеріне мүмкіндік тумайды. Олардың көбісі оқу біткеннен кейін ауылдық жерлерге жұмысқа кетеді. Ауылдық жерлерде мәдени ошақтар аз болғандықтан бұл жұмыстар мектеп қабырғасында жүргізетіндігіне ешкімнің таласы жоқ шығар.

Сол себептен тәрбие жұмыстарының барлығы (комплексті) жинақты түрде жүргізілсе, түрлері мен әдістері өзгеріп отырса, дұрыс болар еді.

Сондықтан ақысыз өткізілетін әр баланың көруге, қатысуға өз өнерін дамытуға мүмкіндік туғызатын іс-шараларды іздестіргеніміз дұрыс болады. Тәрбие жұмысының әдіс-тәсілдерін жақсы меңгеру әсіресе тәрбие жұмысын жүргізетін болашақ музыка маманына өте қажет. Жүргізу үшін оның мән-мағынасын түсіну керек. Сонда ғана тәрбие жұмысы нәтижелі болмақ. Тәрбие арнайы ұйымдастырған және саналы жүргізілетін педагогикалық үрдіс. Сонымен қатар, тәрбие өзгеріс деген мағынаны білдіреді.

Тәрбиенің әсерінен жасөспірімнің бойында белгілі бір өзгеріс жақсы жағына қарай бағытталса, онда оның дұрыс жолға түсе бастағаны. Бұл жағдайда тәрбие жұысын жүргізу барысында әрбір болашақ маман өзінің іс-әрекетінің нәтижесін көре бастайды. Тәрбиенің негізгі қызметі – жас адамның бойында сапалық қасиеттерді қалыптастыра отырып, оның күн өткен сайын жетіліп, көбейіп отыруын қадағалап, оның жеке адамдық сатыға көтерілуіне көмектесу. Бұдан тәрбиенің, үгіт-насихаттың жалаң сөзден қоғамдықтәрбиенің әртүрлі талабын игеруге, пайдалы қызмет қосуда, жеке адам жеке тәрбиені игеріп қоюмен шектелмей, өзінің қоғамдық өмірге белсенді араласуынан байқалады.

Студенттер университет өміріндегі сан қилы тәрбие жұмыстарына белсенді қатысып, одан үлкен рухани байлық алады. Бұл жағдайды қамтамасыз ететін оқытушылар қауымы, топ жетекшілері. Осы белсенді іс-әрекеттің барысында адамгершілік қатынас қалыптастырылады.

Сонымен, тәрбиенің мән-мағынасы бұл жеке адамның қоғамдық тәжірибені, білімін, ептіліктер мен дағдыларды, шығармашылық іс-әрекет тәсілдерін, рухани қатынастарды игеру үшін бағытталған педагогикалық үрдіс.

Адам жаны… адамның саналы өмір кешуі, адамның қиялымен болашақ жайлы сырлы да сымбатты болжамдар түюі. Жерге, елге махаббаттың оянуы осының бәрі – тіршілік иесінің рухани қажеттілігі; ол бағзы заманнан қалыптасып бүгінге салаланып әрі жетілген өзіндік аты бар айдарлы заттарымыз; тұрмысымызбен біте қайнаған көркем өнердің қай түрі болмасын біздің көңілімізді шуаққа бөлейді, анығырақ айтатын болсақ, суреттерден табиғат жырын тыңдап, скульптура-архитектурадан ұлы ғимараттармен мүсіндер сұлулығын көріп таңдай қағамыз.

Дегенмен адам мінезіндегі эмоциялық бояуларды, күйінішін-сүйінішін көп сезім толғауын музыка тіліндей дәл баса өрнектейтін өнер бола қоймас. Музыка тілі-халықтық ортақ ұғым. Онда ұлттық шекара жоқ, барша адмзат өкілдеріне оның тілі ұғынымды, тек тыңдайтын зердең болсын. Музыка біздің қоршаған барлық дүниенің, табиғаттың әсем де сұлу бейнесін, көрінісін әсерлі де көркем суреттеп бейнелейді. Музыка арқылы әр ұлттың ұлтаралық достығы дамып, өзара қарым-қатынасы жақсарады. Музыка адамның көңіл –күйін көтереді, қайғысына ортақтасады, арман мақсаттарға жетелейді.

Музыка іс жүзінде көркем творчествоның барлық түрлерімен дерлік қатарласа отырып, болмыстың бүкіл объектілі құбылыстарын түсінікті әрі жеңіл бейнелеп береді.

В.А. Сухомлинскийдің “Егер сәби шақта музыкалық шығарманың әсемдігін жүрекке жеткізе білсек, егер дыбыстардан бала адам сезімінің сан қырлы реңкін сезіне білсе, ол мәдениеттің ешқандай құралдармен жетуге болмайтын сатысына көтеріледі …. Музыкалық тәрбие – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, алдымен адамды тәрбиелеу” /1. 75 бет/ деуінде үлкен шындық жатыр. Бір сөзбен айтқанда қазақ халқының музыкалық және көркем творчествосы өзі өмір сүрген ғасырлар ішінде өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамы мен көзқарастарын қалыптастыруға жәрдемдесіп отырады.

Кез келген басқа халықтар сияқты қазақ халық педагогикасындағы балалар мен жастарға музыкалық тәрбие берудің тамыры тереңде жатыр, әрі оның өзі К.Д. Ушинскийдің сөзімен айтқанда, халықтң өзі қанша өмір сүрсе, сонша ғасырлар бойы өмір сүріп келеді. Балалар мен жастарға музыкалық эстетикалық тәрбие беру қарапайым әдістермен, тәсіл құралдармен сәби шақтан, отбасы жағдайында жүзеге асырылып келді. Бірінші рет орыс-қазақ мектептерінде ән сабағын міндетті оқу тәртібіне енгізуші — осы мектептердің негізін қалаған, қазақ халқының тұңғыш ұлы ағартушысы Ы. Алтынсариннің эстетикалық көзқарастары мен педагогикалық қызметтеріне тоқтала кетсек.

Ы. Алтынсарин – қазақ музыкасын өте жоғары қастерлеген, өзі домбыра шерте білетін, қазақтың халық әндерін сүйіп айтатын адам болған. Ол әсіресе жас буын жеткіншектерге музыкалық тәрбие беруге көп көңіл аударды. Музыка мен ән сабағын мектеп бағдарламасына енгізудің өзінде оқушылардың бойына өз халқын , отанын, табиғатты, ұлттық мәдениетті құрметтейтін сезімді оятумен ұштасқан ниет жатқаны күмәнсіз. “Ы.Алтынсарин далаға рояль әкелгізіп, өзі ұстаздық еткен мектептерге шәкірт балалардың басын қосып, бір дауысты хор ұйымдастырған …. Мектептердегі әнді хормен айту дәстүрі революцияға дейін созылды ” – деп жазады Ы. Алтынсариннің әліппесінен бала кезінде өзі оқыған, және орыс –қырғыз (қазақ) мектептерінедегі хорға да қатысқан академик А. Жұбанов. [10. 305 б] Музыкалық — эстетикалық білім мен тәрбиені дамытуда Ы. Алтынсариннің музыкаға қатысты жұмбақтарды көпттеп беруі – аса бағалы тәжірибе. [2. 162 б]

Музыкалық-эстетикалық тәрбиенің ықылым ғасырларда туған әдіс-тәсілдері мен құралдары бүгінгі таңда да күнделікті тәжірибеде тәрбие міндеттерін шешуге өз үлесін қосып келеді. “Мектептегі музыкалық тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі-музыка сабағы” [6 ] . Мектеп оқушыларының музыка тәрбиесіне мектептегі өтетін ән-күй сабақтары көмектеседі. Ән-күй сабақтарында оқушылар ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға келе жатқан мол мұра музыка өнерімен атап айтқанда: ән өнерімен, хор өнерімен аспаптық өнермен танысады. Қазақ халқының халық композиторлары мен кәсіби композиторларының шығармашылығымен танысады. Ән-күй сабағынан басқа мектепте музыка тәрбиесімен көркем өнерпаздар үйірмесі айналысады. Атап айтқанда: хор үйірмесі, ән үйірмесі, ұлт-аспаптар оркестрі, домбырашылар ансамблі, баянистер ансамблі және би үйірмелері. Сонымен қатар, оқушылардың музыкалық тәрбиесіне мектеп қабырғасында өтетін әртүрлі тақырыптағы музыка кештері, ашық тәрбие сабақтары, әдеби музыкалық кештер көмектеседі. Тәрбие жұмыстары негізінде тоқсандық, айлық, апталық жоспарлар түзіледі.

Музыка тәрбиесінің негізі – нота сауаттылығын үйрету, балалардың музыкалық есту, есте сақтау ырғақты сезіну қабілеттерін дамыту, шығармашылық қабілеттерді дамыту. Осының бәрі бала өзіне-өзі сенімді болғанда ғана дұрыс қалыптасады. К. К. Платонов сенімділікті “тәжірибеге, ең алдымен білімге негіздерген күмәннің болмау сезімі” деп анықтаған. [5. 154 б] Өзіне-өзі сенімділік адамның тек кәсіптік әрекетінен ғана емес, күнделікті өмірдің барлық салаларында қажет. Өзіне-өзі сенімділік адамның алдына қойған талаптарды шешудегі өз мүмкіншіліктерін сезінудің нәтижесі.Сенімділік сезімін тәрбиелеудің негізгі мәні – адам бойындағы мүмкіншіліктеріне сай ішкі нұсқаулармен оларға сәйкес ұмтылыстарды қалыптастыру. “Сенімсіздік өз мүмкіншіліктері мен қабілеттерін толық ашпау, өзін-өзі көрсетуде кездесетін қиындықтар, ұялшақтық, ыңғайсыздық, қарым-қатынаста абыржу сияқты қарапайым құбылыстардан басталады. Сол себепті музыкалық тәрбиенің негізгі бір тармағы баланы өзіне-өзі сенімділікке тәрбиелеу”. [8. 163 б] Өзіне-өзі сенімді бала ән орындаса да шығарма орындаса да қысылмай-қымтырылмай таза орындап шығады.

Өз-өзіне сенімді емес бала ұялып, әнің сөзін ұмытып, басқа сөздермен шатастырып, тоқтап қалып, аяқ қолы дірілдеп, әбіржіп, не істеп, не қойғанын білмей әуре сарсаңға түседі. Ақыры сахнадан шығып кетуге мәжбүр болады. Осындай жағдайдағы баладан ешқандай орындаушылыш шеберлікті күтуге болмайды. Сондықтан музыкалық тәрбиеде әр баламен жеке жұмыс істеу көп нәтиже береді. Көптің арасында отырғанда жоғарыда аталған кемшіліктер байқалмай қалуы мүмкін. Ән-күй сабағында, белгілі ән үйренгенде барлық балалардың әннің сөзін жақсы жаттауларына көңіл бөлу керек. Сөзін жақсы жаттап болған соң, орындаушылық шеберлігімен жұмыс істеп әнді эмоционалды түрде , вокалды дұрыс айтқызу дәрежесіне көтеру керек. Сол себепті жастардың музыкаға қызығушылығын ояту басты роль атқарады.

Л.С. Выготский қызығушылықты “Жасөспірімнің психологиялық дамуының кілті” – деп атады. [9] Өнерге, музыкаға қызыққан жеткіншек өзін-өзі өзгертеді, өзін-өзі дамыту процесін іске асырады. Бағыттылығы, мінез-құлқы, эмоциялық қабілеттері, әрекет танымдық процестері қалыптасады. Шығармашыдлық қабілеттері оянады. Музыкалық тәрбие жастардың жан-жақты тәрбиесіне әсер етеді.

Қазіргі уақытта ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан жастардың, Қазақстан болашағының музыкалық тәрбиесін тәрбиенің басқа салаларымен байланыстыра жүргізу мәселесі туындап отыр.

Музыкалық тәрбие эстетикалық, адамгершілік, еңбек тәрбиесімен байланыстырыла жүргізілетін болса көп нәтиже береді. Музыкалық тәрбие өте қиын және ұзақ процесс болғандықтан оған жетудің жолы тек тынымсыз ізденіс, тыңғылықты іс-әрекет адал да таза үздіксіз ұзақ еңбек. Қазіргі таңда ұлттық мектептерде оқушылардың музыкалық, патриоттық, интернационалдық, адамгершілік, имандылық, еңбек тәрбиесіне көп көңіл бөлініп, олардың қазіргі қоғам мен өмірдің талаптарына сәйкес болашақ ересектік өміріне, кәібіне қажетті әлеуметтік қасиеттер мен дағдыларды дамыту жолдары қарастырылуда.

Қазір қалалық жерлердегі, аудан орталығындағы жалпыға білім беретін мектептерде жастардың музыкалық тәрбиесімен айналысуға бір шама жағдай жасалынған. Мектептерде баян, фортепиано және ұлт-аспаптар оркестріне керекті аспапатар көптеп табылады. Ауыл мектептеріндегі жағдай әлі де қиын, баян, домбыра аспаптары табылар, ал фортепиано аспабы өте кем кездеседі. Музыка сабағында ән аспапсыз үйретіледі, аспапсыз үйретілген кезде балалар тональдыққа дұрыс түспейді, ән дұрыс таза орындалмайды. Аспапсыз музыка тыңдау да мүмкін емес.

Қазіргі кезеңде әр мектепте арнайы музыкалық аспаптармен жабдықталған музыка кабінеті болуы шарт.

Музыка кабинеттерінде техникалық құралдар: атап айтқанда (магнитафон) үнтаспа, теледидар, компьютер, бейнетаспа, электрондық оқулықтар болғаны дұрыс.

Көрнекті құралдар: қазақ және шетел композиторларының портреттері, стендттер, схемалар, буклеттер көптеп қолданылса жастардың ой-өрісін, танымын кеңейтер еді.

Сонымен қатар, музыкалық тәрбие берудің өте елеулі мәселелерінің бірі, кадр мәселесі. әлі де музыкалық пәндер бойынша мұғалімдер жетіспейді. Музыкалық эстетикалық тәрбие беретін үйірмелердің аздығы да тәрбиенің ауқымын азайтады. Музыка сабағын тек қана арнайы музыкалық білімі бар маман жүргізсе музыкалық тәрбие нәтижелі болар еді.

Қорыта айтқанда, жинақты, (комплексті) түрде жүргізілген музыкалық тәрбие ғана жас жеткіншектің музыкалық білімін арттырады. Олардың көркемдік танымының өсу жолында эстетикалық көзқарасының қалыптасуына, дүниетанымын және эстетикалық өнегесін дамытуға себеп болады. Қазақ халқының рухани құндылықтарын және дәстүрлі көркем мәдениетін меңгереді. Музыканың халық өнерінің басқа түрлерімен, тарихпен байланысын анықтайды. Жастардың сезім мәдениетін, қиялының эстетикалық әсерін дамытады. Адамгершілік, эстетикалық, әдемілікті, сұлулықты сезіну қабілеттерін қалыптастырады. Музыкалық эстетикалық еңбектің айналадағы өмірмен, қазіргі заманмен байланысын түсінеді. Адамгершілік, бауырмашылдық, қайырымдалық, достық, интернационалдық, патриоттық, қабілеттерін дамытады. “Достық планетасы” атанған жаңа Қазақстанды мекендейтін халықтардың салт-дәстүрімен, өнерімен, музыкасымен, мәдениетімен танысады. Әлем халықтарының музыка өнерімен атақты шетел композиторларының озық шығармаларымен танысады. Көркем шығармашылық, орындаушылық қасиеттері дамиды. Осы мәселелер оң шешілген жағдайда жаңа ғасырда өмір сүретін, жан-жақты білімді “сегіз-қырлы, бір сырлы” қоғам дамуына өз үлесін қосатын тұлғаны тәрбиелеуге мүмкіндік туады.

Әдебиеттер

  1. В.А. Сухомлинский, Избранные педагогические сочинения, Москва,

1979г. 75 с.

  1. С. Ұзақбаева Өміршең өнер өрісі, Алматы, 1988.-162 б.
  2. Мінез-құлық эстетикасы Алматы: Өнер, 1987 .
  3. К.К. Платонов Проблемы способностей, Москва, 1972 .
  4. К.М. Меңдіаяқова, Т.Ж. Қарамолдаева “Мектепте музыка тәрбиесін беру әдістемесі”

Алматы: Әл-Фараби, 1997 .

  1. “Поиск”, “Ізденіс” №31, 1999.-163 б.
  2. Л. Выготский “Собрание сочиненние” том Москва.: Педагогика, 1982.
  3. Очерки по историй, Казахско – советской музыки, под редакцией

А. К. Жубанова и других. Алматы.: 1962.-305 с.