ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы балалар әдебиеті

  1. Бұл дәуірде дала өлкесін отарлау,түгел меңгеру ісін бұрынғыдан гөрі батыл жүргізе бастаған Ресей патшалығы қазақ елін билеу ісіне тікелей араласты.Қазақ тәртібін орнату жобаларын іске асыра бастады. Бұрынға атадан балаға ауысып келе жатқан хандық билік орнына сайланып қойылатын сұлтандар әкімшілігі орнатылды.Сырт формасы сайлау болғанымен ұлықтар келісімінсіз,олардың ұйғарымынсыз ешбір сұлтан әкімшілік ісіне өз бетінше кірісіп кете алмады.Өйткенмен де,бұрынғы тек тұқым қуған хандар иелігінен мұның кейбір өзгешеліктері де бар еді. Сұлтандыққа қарсы болған ақ сүйек,төре тұқымдары хан атағын әлі де сақтап қалу мақсатында бар амалдың бәрін жасады. Ел жұрт жер қысымын көріп,елде халық пен хан-патша арасындағы наразылық үдеді.

30-шы жылдары Ішкі Орда қазақтарының хан сұлтандары мен патша әкімшілігі қысымына қарсы күресі ашық айқасқа айналды.Көтерілістің туын Беріш руынан шыққан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы сияқты өжет ерлер көтеріліп,халық кегін алу жолында оларға қарсы күрес бастады.

ХІХ ғасырдағы алғашқы 30-40 жылдарында да қазақ даласы патшаға,қасарысқан хан-сұлтандарға қарсылықтарын ұйымдасқан көтеріліс дәрежесіне көтере білді.1837-38 жылдардағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлдары бастаған жойқын жорықтары басталып,олар өздерінің тарихи міндеттерін атқарды.

2.ХІХ ғасырдағы балалар әдебиеті өзінің мазмұны мен идеясы жағынан біраз ілгеріленген, қоғамдық мәні зорайып, әлеуметтік беті айқындала бастаған әдебиет.Заман сыры жан-жақты ашылып, қоғамдық, ұлттық сананың ояна бастағаны,әлеуметтік теңсіздіктер, қоғамдық қайшылықтар жырланып, қазақ ақындарының ел ісіне белсене араласып жатқан кезеңі танылады.Патшалық, аға сұлтандық өктемдіктерге жергілікті үстемдер озбырлығы қосылып,қалың ел,еңбекші бұқараның қасіреті молайып жатқан бұл кез поэзиямызда өзінің реалистік сипатын табады.Шыдамы таусылып, басқа амалы қалмаған шаруалардың қолына қару алып,патшаға,аға сұлтан тобына қарсы аттанғаны үлкен оптимистікпен жырланады.Қазақ поэзиясы бұрынғы бірыңғай сарыннан арыла бастайды,батыл істерді жақтайды.Бұрынғы кейбір жыраулар алланың рақымын тілеп “жақсы патша”, мейірімді хан-сұлтандарға ақылға шақырып,кем-кетік,жоқ-жітікке аяушылық жасап, мейірімді іс қылуға үндеп,әділет жолын меңзеп,адамгершілік ақылдар айтып, ағайыншылыққа баулу немесе алыстан тоят тілеп, басқа бір қиялы өмірді,жайлы өңірді, жағасы жаз,суы бал “жер ұйық”, күні нұрлы жанға рақат,малға жайлы “Жиделібайсын” сияқты мекенді арнмандаумен қанағаттанып келді.Бұл сарыннан жаңа дәуір поэзиясы түгел арылып кетпесе де, оның алдыңғы қатарлы өкілдері заманы ұсынған жаңа талаптарға сай, зұлымдыққа, әділетсіздікке қарсы, батыл күрес идеяларын қолдап атой салып, “Ереуіл атқа ер салуға” үндеді.Осылайша Қазақ поэзиясында жаңа өршіл сарын пайда болды. Көтеріліске аттанған халықтардың қахарлы күші мен айбынды алып бейнелерін танытар жаңа пафосты ерлік идеядағы күресшіл поэзия бой көрсетті.

3.Қазақ поэзиясының талантты өкілдері өздерінің шығармаларында халқының ой-армандары мен ынталарын жан-жақты және айқын бейнеледі, халық қайғы-қасіретінің шежірешісі және оның қанаушыларға қарсы күресінің жаршысы болды.Осы саптың алдыңғы қатарында тұрғандардың бірі- Махамбет Өтемісұлы.

Махамбет ( Мұхамед) Өтемісұлы мұсылманша жақсы білім алған, орыс тілінен сауат ашқан, ежелгі қазақ поэзиясы мен халық ауыз әдебиетін егжей-тегжейлі білген.Ол өз өлеңдерінде халықтың ар-намысын оятып, қорлау мен қысымшылыққа шыдамай, күресуге шақырды.Қазақ поэзиясында азаттық тақырып (тематика) Махамбет Өтемісұлы шығармаларынан басталады.Шығармаларында қазақ поэзиясының үздік қасиеттерін, әсіресе, ежелгі жыраулар мұраларын қолдана отырып, халықтың ой-арманы, көңіл-күйі, талап-тілегін дөп баса білді.

Ақын халық көтерілісінің реалистік суретін көрсетіп, оның жеңілісін үлкен апат, ал халықтың бас қолбасшысы Исатайдың өлімін орны толмас қайғы ретінде қабылдады.Өзінің “Тарланым” өлеңінде Исатай бейнесін халық мүддесін бәрінен де жоғары қойған,үлкен азамат ретінде суреттейді.

Махамбет шығармалары қазақ лирикалық поэзиясын тағы да бір сатыға көтерді. Оның азаматтық бағыты жоғарлады, тұлғалық бастауы тереңдей түсті.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!