Тәуекел хан қазақты қалай құтқарып қалды?

Хақназар хан қайтыс болды. Онымен бірге қазақтың империялық амбициясы да өлгендей еді. Себебі, ол жаулап алған жерлер біртіндеп жау қолына қайта өтіп жатты. Мемлекеттің тәуелсіздігін, жұрттың амандығын қамтамасыз етуге тиісті сұлтандар таққа таласып, хан болуға үміттілер бірін-бірі қырып жатты. Бұл анархияға себеп – заңды мұрагердің жоқтығы емес еді. Мұрагер бар болатын.

Бірақ, оның бір аяғы көрде, бір аяғы төрде еді. Ол жасы сексеннен асқан Шығай болатын. Жауыз сұлтандармен тіресе алмайтынын сезген ол, баласы Тәуекелді ертіп, Бұхара билеушісі Абдаллах ІІ-шінің қолтығына барып тығылады. Бұлардың соңынан ерткен қалың қолы бар еді. Бұл қуатты әскерді Мәуеренахр әміршісі Тәшкен билеушісі Баба сұлтанға қарсы соғысқа пайдаланды. Қазақтардан құралған армияға Тәуекел сұлтан қолбасшылық жасады. Бірнеше рет соғысып, ақыр соңында Абдаллахтың алдына Баба Сұлтанның басын әкеп береді.

Бұдан кейін де, қазақ әскері Бұхардың жауларын шауып, күйретумен айналысты. Абдаллахтың кезекті бір дұшпанын талқандап, қайтып келе жатқанда Тәуекел шұғыл шешім қабылдайды. Әскерін Дешті Қыпшаққа қарай алып жүреді. Бұл дегенің, Абдаллахпен одақты үздім дегені… Жас сұлтан неге мұндай шешімге келді? Оның екі себебі бар-тын. Өзінің қарсыластарын қазақ сұлтанының қолымен қырып-жойған Абдаллахқа ендігі уақытта Тәуекелдің де қажеті жоқ еді.

Оның үстіне, Тәуекел — Жошы ханның тұқымы. Тиісінше, бір замандарда Мәуеренахр тағына дәмеленуі де мүмкін. Осыны ойлағанда Абдаллах өзін қоярға жер таппай кететін. Содан қазақтың сұлтанынан ерте құтылудың жолын ойластырып, оны біресе Иранды шабуға, енді бірде Үндістанға жұмсап отырды. Бұхар әміршісінің бір сұмдықты ойластырып жүргенін Тәуекел түсінді. Содан ғой, қолайлы сәтті пайдаланып, Сары арқаға өтіп кеткені…

Далаға келгенде, Тәуекелді ешкім бірден ақ киізге көтеріп, хан сайлаған жоқ. Ол замандарда Қазақияның көп бөлігі Хақназар ханның ұлдары Мұңғатай және Дінмұхаммед сұлтандардың ықпалында болатын. Олар заңды мұрагердің көзін жоюға тырысты. Бірақ, Тәңірдің дегені болады. Сыртынан атағына қанық қазақ жұрты Тәуекелді қатты жақсы көрді. Билер, датқалар Тәуекелдің жанына жинала бастады. 1590-жылдардың ортасына қарай Тәуекел бүкіл қазақ жұртының ханы ретінде таныла бастайды.

«Закрытие мира по казахский» немесе Тәуекел қазақ ұлтын жоғалудан қалай сақтап қалды?

Тәуекел хандықты тоз-тозы шыққан күйде қабылдап алды. Сұлтандар өзара қырылысып, қараша халықты зәрезап қылған. Жұрты арып-ашқан. Осыларды киіндіріп, қатарға қосу бұл бірінші міндет болды. Екінші мәселе бар еді… Абдаллах ІІ-ші Тәуекелдің сытылып шығып кеткеніне қатты ашулы еді. Ол хан мен оның хандығымен бірге жоқ етіп жіберу жоспарын құра бастады. Сөйтті де, өзі бастап, Жайық пен Донның арасында көшіп жүрген Ноғай ордасына барды. Бұл жұртқа қыз бергенін, келін түсіргенін естеріне салды.

Сөйтіп, қан арқылы туыстығын бұлдап, көшпелі жұртты Қазақ хандығымен соғыста одақтас болуға көндірді. Астрахань қаласын Бұхара армиясы әл жинайтын, әскери жаттығу өткізетін Батыстағы бастионға айналдырды. Каспий теңізінде Бұхара хандығының флотилиясы ерсілі-қарсылы жүзіп жүрді. Қазақтың тағдыры пышақ жүзіне қойылды. Тәуекелдің армиясы бұрындары оңтүстік аудандарда шейбанидтармен ғана соғысса, енді батыста ноғайдың шабуылын тойтаруына тура келді.

Абдаллах қазақтың оңтүстігі мен батысын қанды шеңгелге алғасын, енді шығысы мен солтүстігін де бүруге барын салды. Содан мыңға тарта саудагер мен елшілерге «мен саған көмектескенмін, енді сенің жәрдемің керек» деген хатты ұстатып, түбі ноғайлық Сібір ханы Көшімге жібереді. Не керек, қазақтың жан-жағындағы қақпалар тарс-тарс жабылып жатты. Ұлтымыз қасапхананың ортасында қалды…

Сібір хандығы қандай-ды?

Сібір әуелгіде түріктектес Тайбұғы руының қол астындағы өлке еді. Едігер дейтін ханы болатын. 1563 жылы Көшім Бұхар әміршісі Абдаллахтың көмегімен Сібір өлкесін жаулап алды. Тайганы бағындырған Көшім Мәуеренахрмен мәңгі достықта боламын деп уәде берді. Ол антына адал болды. Билікке келе сала, мемлекет басқару ісін шайбанидтердің стиліне көшірді. 1572 жылы ол Бұхара билеушісіне үлкен делегация жібереді. Көшім мемлекет ісін жетік білетін мамандарды, бау-бақша өсіруге машықтанған шаруаларды, саудагерлер және қала соғатын құрылысшы, сәулетшілерді жіберуді сұрапты.

Абдаллах хатты Үргеніш әміршісі Сейдханға беріп, Көшім сұратқан кісілерді жібер деп әмір етеді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы». Ол заманда Аму мен Сырдың аралығы отырықшы өзбектерге кәдімгідей таршылық етіп, жұрт жаңа жерге зәру болып тұрған. Сібірге кім барады дегенде, жұрт жапа-тармағай қолдарын көтерісті. Не керек, сарт-өзбегі аралас 10 мың түтін тайганы игеруге жүріп кетеді.

Осы келген жұрттың көмегінің арқасында Көшім Сібір жерінде Түмен, Қызыл Тұра, Нарым, Сорғыт секілді 60-қа жуық шаһар соғады. Есіл мен Ертістің арасында үлкен егістік алқаптары пайда болады. Сібірдің ми батпағы мен ит тұмсығы батпайтын тоғайларын ақырын алма-алмұрт, шие, шабдалы бақтары алмастыра бастады. Ханты-мансы, угор-фин, саха жұрты Ислам дінін қабылдай бастайды. Сөйтіп, шашыраңқы, бір-біріне бөтен ұлттар бір дінге мойынұсынып, біртұтас халыққа айнала бастады. Ішкі тұрақтылыққа қол жеткізген Сібір хандығы Қытай, Еуропа елдерімен сауда-саттық жасаса бастады.

Қырым хандығына сәлем-сауқат жіберіп тұрса, Қазан хандығының ұлт-азаттық соғыстарына дем беріп, жәрдемдесті. Сонау Осман империясына делегация жіберді. Осман халифі ғалымдарды, зеңбірек құю ісін білетін әскерилерді жіберсе, империяға мойынұсынуға дайынмын деген ниетін де білдіреді.Тарихшылар «қағаз бойынша Сібір хандығы Осман империясының қамқорлығына алады. Бірақ, жер шалғайлығынан Анадолы түріктері мен сібір түріктері қызу қарым-қатынасқа бара алмады» дейді.

«Көшімге Абдаллахтың делегациясы аттанды» дегенді Тәуекел де естиді. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. Сібір ханын өзіне «лоялды» етудің жолдары осыдан 10 жыл бұрын жабылып еді. Кезінде Тәуекелдің әкесі солтүстік-шығысын қауіпсіз ету үшін қызын Көшімнің ағасы Ахмед-Гирейге ұзатып еді. Бірақ, бұл неке бақытсыз болса керек. Әпкесі әкесіне өзінің ауыр күндерін айтып, шағымдана берген. Шығай сұлтан шыдай алмай, Ахмед Гирейді ебін тауып өлтіріп кетеді.

Міне, осыдан кейін Сібір мемлекеті қазақтың бітіспес жауына айналған еді. Енді Абдаллах пен Көшім өзара уағдаласып, бірдей соғысқа шықса, қазақтың армиясын үшке-төртке бөліп тастау керек болады. Себебі Бұхара әміршісі қазақтың қадым заманғы одақтасы Моғолстан империясын да айдап салып еді. Одан қалды, бытырап жүрген ойрат тайпалары бас біріктіріп, жерімізге дүркін-дүркін шабуылдар жасап тұрды. Тәуекелге тез шешім қабылдау керек еді. Кешіксе, Қазақ хандығын төрт мемлекет өзара бөлісіп ап, қазақ дейтін ұлт жойылар еді.

Тәуекелдің «Сібірді игеру» және «Жоңғар автономиясын құру» жоспарлары

Жау жан-жақтан анталағанда, Тәуекел хан дағдарып қалған жоқ. Ол қорғану орнына қарсы шабуылдау керек деген ұсыныс айтты. «Шайбанидтер елін талқандап, Сыр мен Амударияның арасын қазаққа қарату керек. Сонда Иранмен шекарамыз түйіседі. Үндістанмен тікелей сауда-саттық жасаймыз. Сібір өлкесін ертерек Қазақ хандығына қосып алуымыз керек» дегенді айтты. Айналасындағы сұлтан-билер «ханымыз алжасты» деп уайымға берілді. Жоқ, Тәуекел ханның керемет жоспары бар еді. Ол басқалар сияқты армияны бірнеше майданға жібермей, қалың қолды әуелі әлсіз жауға жұмсап, сосын дұшпандарды біртіндеп жәукемдеуді ұсынды.

Сөйтті де, 120 мыңдық әскермен Жоңғарияға қарай жорыққа шықты. Шүршіт-ойрат мұндай соғысқа дайын болмай, быт-шыты шығып жеңілді. Тәуекел хан көшпелі жұрттың мемлекеттілігін жойып, Қазақ хандығының бір аймағына айналдырды. Тәуекел соғыста тірі қалған ойрат-жоңғардың әскерін армиясына қосып алды. Осылай күшейіп алған ол, енді қиын сәтте дұшпан жағына өтіп кеткен Моғол империясына қақырата соққы берді. Ыстықкөл аумағы қазақ қолына өтті. Тараз, Баласағұн шаһарлары, Өгем жотасы хандықтың құрамына қосылды.

Моғолдар Орталық азиядан шегіншектеп, Үндістанға ауа көшуіне тура келді. Не дейсің, бүкіл Шығыс Түркістанды өзіне қаратқасын, бұл өлкені билеуге інісі Шах-Мұхамедті отырғызды. Дәл осы жылдары далаға барлауға шыққан орыс жылнамашылары мынадай естелік қалдырыпты: «…Люди от Таваккул-хана заявляли, что он «учинился на Казатцкой орде, а брата своего Шах-Мамета — царевича посадили на калмаках, а кочуют – де поблиску и все в соединение…»

Нұрбек Бекбау