Білім саласын үйлестіру…

Бүгінгі күні білім беруде замана талаптарына сай келетін жаңа жетістіктер қажет. Білім беру қашанда болмасын бар мемелекетте маңызды мәселе. Осыған орай Елбасы білім жүйесін жетілдіруде, жүйелеуде айрықша белсенділік көрсетуде. Білімді ақпараттандыру, дарынды балаларды іріктеу, оқыту, дамыту және қалыптастыруға бағытталған “Дарын” және халықаралық “Болашақ” бағдарламалары жұмыс істеуде.

Елбасының “Тілдердің үштұғырлығы” бағдарламасы, қазақ тілін, орыс тілін және ағылшын тілін халықтың неғұрлым көп бөлігінің меңгеруіне мүмкіншілік туғызуда.

Интеллектуалдық идеялардың өзегі – жас буын екеніне жұртшылықтың көзі жетті.

Жаңа жобалар “Тұңғыш Президенттің интеллектуалдық мектебі”, “Назарбаев университеті” елімізде интеллектуалды зиялы қауым қалыптастыруға бағытталған.

Білімдегі тыңғылықты серпіліс, инновациялық даму серпілісіне әкелетіні сөзсіз. Сондықтан жоғары оқу орындарының басты мақсаты білім экономикасының және адам тәрбиесінің ұйытқысы болу. «Интеллектуалдық төңкеріс» қажеттілігі бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мақсат.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жүрген профессор-оқытушылар құрамының 7,1% ғылым докторы лауазымына ие, 33,7% ғылым кандидаттары, 5,8% профессор және 16,7% доцент. Сабақтастық, ғылымда ізбасар дайындау өзекті мәселе болып тұрған сәтте әрине бұл үлкен күш.

Адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру дәл осы кезеңде батыл қимылдауды қажет етеді. Ұлы Неру “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі” деген. “Бәсеке жоқ жерде ұйқың жақсы, бірақ та өмірің нашар” деп айтылып жүргендей.

Дүние жүзіндегі алпауыт АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Алмания, Оңтүстік Корей мемлекеттерінің негізгі қозғаушы күші болып өндірістің материальды-техникалық базасы емес, керісінше экономиканың тиімді және құрылымдық ілгерілеуге қабілеттілігі. Әрине ол адамға тәуелді екені айдан анық.

Мысалы Билл Гейтстің империясының дағдарысқа дейін құны $ 300 млрд. бағаланды. Айта кету керек жоғарыда келтірілген бағаның бар болғаны 3 % материальдық активтер, $ 55-65 млрд-бренд құны. Қалғандары не? Білім, интеллект, тәжірибе, сапа, таңдау еркіндігі.

Адам капиталын сапалы дамытуға Қазақстанда қандай мүмкіншіліктер бар?

Қазақстанның халқы көп көрсеткіштерде сирек кездесетін дарынға ие.

Хат тану деңгейі бізде әлемде жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Орта білімді меңгеруде де жоғарыдағыдай деңгей.

Жоғары білімді азаматтар халықтың 85 % құрайды.

Салыстырмалы түрде: Еуропа Одақтағы білім деңгейі ең жоғары Алманияда, жоғары білімі бар адамдар — 78%, Ұлыбританияда 76%, ал енді Испанияда 50% төмен. Сондықтан жоғары білім сапасы адам капиталының бастаушы элементі екенін түсіну қиын емес. Болашақта білім, ғылым және мәдениет саласында дарынды жастарды қолдауға арналған орта және ұзақ мерзімді бағдарламаларды түзу, артықшылығын анықтап, келешегі бар жастарға бағыт беру барлық басқарушы органдар және қоғамдық қорлардың міндеті болу керек.

Білім саласы бір қағиданы ұстаным ету керек: Ол “мектеп-колледж-жоғары оқу орны” біріккен біртұтас білім жүйесі.

Ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші білім. Ол – қоғам дамуының кепілі. Білім беру саласында алға ұмтылмай артта қалу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлттың келешегіне кері әсері мол.

Елбасы “Елімізге экономикалық және қоғамдық жаңартудың талап-тілектеріне жауап беретін заманауи білім беру жүйесі қажет” деген. Бұл тапсырманы алдымен мектеп жасына дейінгі балаларға көңіл бөлмей орындау мүмкін емес. Қазіргі уақытта елімізде мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту мәселесі өзекті болып отыр.

Мектеп жасына дейінгі балаларға тиімді тәрбие беру, заман өлшеміне сай оқыту мәселелері ұлттық дамумен тығыз байланысты және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі.

Қазір Отанымызда мектеп жасына дейінгі балалардың 37% -ын қамтитын әртүрлі типтегі 4568 балабақша жұмыс істейді, бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға артып отыр. Осылайша, қаладағы балаларды балабақшамен қамту орта есеппен алғанда – 43,2%, ауылдағы балаларды қамту 17,8 %-ды құрайды.

Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамтудың жоғары көрсеткіштері Қостанай (90%), Қарағанды (68,7%), Ақтөбе (63,3%) облыстарында болса, Оңтүстік Қазақстан, Алматы(20,4%) облыстарындағы нәтиже төмен.

Білім беру ісінде Елбасының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасының маңызы ерекше. Бұл орта білім саласында зор басымдыққа ие.

Қазіргі күні халықаралық білім беру стандартына жіктеуішіне сай келетін бакалавриат пен магистратура мамандарын жүйелі дайындау енгізілген. Жетекші жоғары оқу орындарында кадрларды әзірлеудің әлемдік озық тәжірибесін саралай отырып, білікті мамандардың, ғалымдардың, профессорлардың қатысуымен мемлекеттік стандарт жасалған. Сондай-ақ, онда еңбек рыногының тұтынушылары есепке алынған. Әрине бұл Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің еңбегінің сапасы.

Қазір жаһандану дәуірінде интеграциялық процестердің қарқынды дамып отырғандығының куәсі болып отырмыз. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігусіз дербес дами алмайды. Жаңа ғасырдың шынайы кілті саналатын сол жаһандану білім саласына мықтап енді. Соның арқасында әлемдік экономиканың интеграциялануы, жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы кең қанат жайды. Күн санап ағылшын тілінің басымдылығы сезіліп келеді. Соған орай жоғары оқу орындары тың стратегиялар мен бағдарламалар жаңа талапқа сай әзірленгені жөн. Бұл, ең алдымен, студенттер алмасу, шетелдерде филиалдар ашу сияқты халықаралық ынтымақтастық талаптарынан көрінуде. Болон процесі мен Лиссабон конвенциясы — халықаралық ынтымақтастықтың нақты дәлелі. 46 ел қосылған Болон процесінің нәтижесінде жоғары білімнің Еуропалық аймағы қалыптасты. Еліміз ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып 1997 жылы Лиссабон конвенциясын ратификациялады. Қазіргі күні Қазақстан Болон процесіне белсенді қатысуда. Осы арқылы оқуын әрі қарай жалғастырғысы келген студент Болон процесіне кірген кез келген елдің жоғары оқу орындарында оқи алады. Ол білім алып қана қоймай, қажет болса осы жалпы құрылымға кіретін кез келген еуропалық жоғары оқу орындарынан белгілі деңгейде несие де ала алады. Бұл әрине біз үшін үлкен жетістік.

Жалпы, білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Болон декларациясына қосылу жөніндегі негізгі бағдарлар айқындалған. Оған ЖОО заңнамалық, құқықтық-нормативтік базасын жетілдіру, жоғары оқу және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымына бакалавриат-магистратура-докторантура сияқты көп сатылы білім беру жүйесін енгізу, білім беру квалификациясының халықаралық стандартына сай мамандықтар тізімін жетілдіру, құрылымы мен мазмұны жағынан халықаралық талаптарға келетін жоғары білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқу процесін ұйымдастыруда студенттердің ынта-ықыласын арттыру, прогрессивтік жүйе мен технологияны енгізу, білім беру бағдарламалары мен институтын аккредиттеу жүйесін құру, т.б. кіреді. Сондай-ақ бүгінгі күні еліміздің 30 жоғары оқу орны Болон декларациясының негізі болып табылатын Университеттердің ұлы хартиясына қол қойған.

Жалпы, жоғары білім саласындағы басты жаңалық — 2010 жылы Астана қаласында ашылған “Назарбаев Университеті” болды. Халықаралық деңгейдегі университетте ақпараттық-коммуникациялық технологиясы; өнер және әлеуметтік ғылымдар; инжиниринг және технология; жаратылыстану ғылымдары институттары жұмыс істейді. Жоба әріптестерінің қатарында: Корей политехникалық университеті, Нью-Джерси технологиялық университеті, Кент мемлекеттік университеті, Питтсбург университеті, “Айдын” Ыстамбул университеттері бар. Сонымен қатар, осы жобаны іске асыру барысында білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялаудың жаңа моделі құрылады, бірегей академиялық орта қалыптасады. Еліміздің бас қаласы – Астананың Еуразияның білім беру және ғылыми орталығы ретіндегі рөлі артты.

Қазақстанның әлемдік сахнадағы рөлі әр саладағы түрлі ғылыми жетістіктермен өлшенеді. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, еліміз ТМД елдері ішіндегі алдыңғы қатардағы елдердің санатына жатады. Бұл тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, сондай-ақ өмір сүру сапасына да қатысты. Мұндай бағалау критерийлерінің бірі – елдің ғылым-білім саласының жағдайы. Азия Даму банкі ұйымдастырған “Білім және кәсіби дағды: Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы елдерді жеделдетіп дамыту стратегиясы” зерттеуінің нәтижесі бойынша, Қазақстан Азия елдері ішінде білім дамуы индексі бойынша 1 орынды иеленді(EDI). Біз 177 елдің ішінде сауаттылық деңгей бойынша 14-орындамыз. Оған қоса, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексіндегі ғылыми көрсеткіштеріміз айтарлық өсті. “Бастауыш білімді қамту”, “Ересектердің сауаттылық деңгейі”, “Гендерлік индекс”, “Бастауыш сынып тық білімі барлар үлесі” сияқты көрсеткіштер бойынша бірқатар елдерді Қазақстан басып озды. Қанша дегенмен, әлемнің кез-келген еліндегі жағдай осындай халықаралық зерттеулер рейтингімен өлшенетінін ескерсек, бұл біз үшін жағымды жаңалық.

Сонымен күн тәртібінде келесі өзекті мәселелер:

  • жастар арасында жұмысшы мамандықтарын танымал ету бойынша ақпараттық-насихаттау;
  • білім алушы жастардың өндірістік практикасын ұйымдастыру жүйесін жетілдіру;
  • аралас педагогикалық мамандықтар бойынша ауылдық жерлердегі шағын комплектілі мектептер үшін мұғалімдерді даярлау және қайта даярлауды қамтамасыз ету;
  • техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарын қазіргі заманғы құрылғылармен жабдықтау;
  • жергілікті бюджет есебінен кадрлар даярлаудың мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін арттыру;
  • техникалық және қызмет көрсету еңбегінің білікті кадрларын даярлау және қайта даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту;
  • өндірістік оқыту ұйымдарының жүйесін кеңейту және іс-тәжірибе жүйесін жетілдіру.