Қазақстан тарих ғылымының дамуына академик а.м. панкратованың қосқан үлесі

Бүгінгі біздің ғылыми-тәжірибелік конференциямыз Кеңес Одағында және жеке алғанда Қазақстанда тарих ғылымының дамуына қомақты үлес қосқан академик Анна Михайловна Панкратованы еске алуға арналған. А.М. Панкратова өзінің ұстазы М.Н. Покровскиймен бірге кеңестік тарихшылардың алғашқы буынының басында тұрды және сондықтан да Кеңес Одағының ұлттық республикалары мен өңірлерінде жоғары санатты тарихшы мамандарын қалыптастыру мен дамытуға белсенді көмектерін көрсетті.

Бұл жерде көпшілігі партия және шаруашылық қызметкерлерінен тұратын кейіннен контрреволюциялық іс-әрекет жасады деген айыппен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, кәсіби дайындықтары болмаған кеңес тарихшыларының алғашқы буынын атап көрсету керек. Олардың қатарында С. Асфендияров, Т. Рысқұлов, Ғ. Тоғжанов, П.Г. Галузо және т.б. болған еді. Оларды қуғын-сүргінге ұшыратқаннан соң, 1930-жж. соңында тарихшы мамандардың жаңа – екінші буынын даярлау қажеттігі туындады. Бұл мәселені шешкен А.М. Панкратова, М.П. Вяткин, Н.М. Дружинин және т.б. көрнекті кеңес тарихшыларының арқасында тарих ғылымына Москва, Воронеж, Ташкент, Алматы және Кеңес Одағының басқа да жоғарғы оқу орындарын бітірген қазақ жастары келді. Қазақстан тарихшыларының осы – екінші буынына А.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков,С.Б. Бейсембаев, Б.С. Сүлейменов, Е. Бекмаханов, А.Б. Тұрсынбаев, Б.А. Төленбаев, Н.К. Киікбаев, Г.Ф. Дахшлейгер, Т.Е. Елеуов және т.б. жатқызуға болады, ал олар өз кезегінде тарихшылардың келесі, үшінші буынын тәрбиелеп шығарды. Олар: ҚР ҰҒА академиктері Р.Б. Сүлейменов, М.Қ. Қозыбаев, О.И. Исмағұлов, К.Н. Нүрпеиіс, Б.І. Көмеков, тарих ғылымдарының докторлары Т.Б. Балақаев, С.Б. Нұрмұхамедов, Х.А. Арғынбаев, С.К. Жақыпбеков, Д.И. Дулатова, А.С. Тәкенов, М.С. Мұқанов және т.б.

Кеңес тарихшыларының екінші және үшінші буындары Қазақстан Республикасының егемендік жағдайында табысты еңбек етіп жатқан жоғарғы біліктіліктегі мамандарды даярлап шығарды, олар: тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Е.Б. Сыдықов, М.К. Әбусейітова, Х.М. Әбжанов, С.К. Игібаев, М.Н. Сдықов, А.Т. Төлеубаев, К.С. Қаражанов, М.К. Қойгелдиев, Т.О. Омарбеков, К. Атабаев, Т. Төлебаев, Қ. Алдабергенов, А.Ш. Алтаев, А.Б. Ғали, С.Е. Әжіғали, Т.С. Садықов, Қ.Ә. Ахметов, А.У. Тоқтабай, А.Б. Қалыш, Б.А. Аяған, Г.Х. Халидуллин, М.Г. Ескендіров, С.Ф. Мажитов, М.К. Төлекова, Х. А. Сүтеева, А.Т. Қапаева, А.И. Құдайбергенова, Ғ.Қ. Кенжебаев, Б. Қ. Қалшабаева және т.б. Осылай Қазақтан тарихшыларының 1920-1930 жж. бастау алатын ұрпақтар сабақтастығы сақталып, қазіргі күні жалғасын табуда.

Анна Михайловна Панкратова – көрнекті кеңестік тарихшы-ғалым, ірі мемлекет қайраткері. Өзінің ұстазы, Қызыл профессура институтының ректоры М.Н. Покровскиймен бірге кеңестік тарих ғылымының негізін қалаушы, осы мектептен нәр алып, табанды тарихшы-марксист-интернационалист болды.

Ол 1897 ж. 16 қаңтарда Одесса қаласында дүниеге келді. 1919 жылдан бастап КОКП мүшесі, КОКП ОК мүшесі (1952-1957 жж.), КОКП-ның ХІХ және ХХ съездерінің делегаты, Жоғарғы Кеңестің 4 шақырылымының депутаты. Жұмысшы отбасынан шыққан, әкесі бұрындары Калуга губерниясынан шыққан шаруа, жұмысшы, орыс-жапон соғысына қатысқан және содан мүгедек болған. А.М. Панкратова халық мектебін, гимназияны сәтті тәмамдап, Жоғары әйелдер курсында оқиды. 1917 ж. Одесса (Новороссийск) университетінің тарих және филология факультетін бітірді.

Ақпан мен Қазан революцияларына, азамат соғысына, Одессадағы француз оккупациясы кезіндегі астыртын және партизандық қозғалысқа белсенді қатысты. Одесса, Орал және т.б. жерлерде партиялық жұмыста болды.

Большевиктердің Екатеринбургтік губкомы А.М. Панкратоваға 1922 ж. мамырда РКП (б) Үгіт-насихат бөлімінде жұмыс істеуге жолдама береді, ал күзде ОК оны Қызыл профессура институтына ауыстырады. Оның ректоры М.Н. Покровский «мәселе тек марксистік білімді оқытушыларды дайындауға ғана емес, бізге революциялық марксизм принциптерін терең меңгерген жастар қажет», — деп пайымдаған еді. А.М. Панкратова өзінің Қызыл профессура институтындағы оқуын «жаңа құрылысты, идеологияны қабылдауға қарсы, іріткі салып, зиян келтірген, біздің ісімізге жаугершілікпен қарайтын ескі буржуазиялық профессорлар жұмыс істеген кеңестік оқу орындарында өзін марксистік шындалған профессура ретінде дайындау» деген большевиктік партияның міндетімен байланыстырды. Қызыл профессура институтын аяқтағаннан кейін А.М. Панкратова Ленинградта да, Мәскеуде де, Саратовта да жұмыс істеді, елдің ірі оқу орындарында оқытушылық және ғылыми қызметпен айналысты. Ал 1939 ж. бастап КСРО ҒА-ның Тарих инстиутында жұмыс істей бастады. Сол кезде КСРО ҒА-ның мүше-корреспонденті, ал, 1952 ж. академик болып сайланды.

А.М. Панкратова табанды большевиктік және терең интернационалдық бағыттағы ірі кеңестік тарихшы болып саналады. Оның басты еңбектері Ресей пролетариатының қалыптасуын, оның революциялық қозғалысын, кәсіподақтардың, әсіресе фабрика-завод комитеттерінің жұмысын зерттеуге арналған. Ол Ресейдегі 1905-1907 жж. революцияға ерекше көңіл бөлді, сондай-ақ батысеуропалық пролетариат тарихын зерттеді. А.М. Панкратова пролетариат тарихына қатысты төрт томдық еңбегін дайындаған еді, бірақ, өкінішке орай, тек бірінші томы қайтыс болғаннан кейін алты жылдан соң ғана жарыққа шықты. Өзінің іргелі еңбектерінің арқасында ол халықаралық беделге ие болды, Варшавада (1933-1934 жж.), Будапештте (1953 ж.), Римде (1955 ж.) өткен халықаралық тарихшылар конгресстерінде кеңестік тарих ғылымының белді өкілі ретінде қатысты, КСРО тарихшылары комитетінің төрайымы (1955-1957 гг.), КСРО-дағы БҰҰ-мен әрекеттесу ассоциацияның төрайымы болды. Берлиндегі Герман ҒА-ның мүше-корреспонденті, Румын Халық Республикасының ғылым академиясының, Венгрия ғылым академиясының құрметті мүшесі ретінде сайланды.

Бүгінгі А.М. Панкратованың туғанына 115 жыл толуына арналған конференцияда оның Қазақстан тарих ғылымына қосқан қомақты үлесін атап көрсетуіміз керек. Ол, біздің пікірімізше, біріншіден, Қазақстанда жоғары білікті тарихшыларды дайындаудан, екіншіден, Қазақстан тарихының ірі және өзекті мәселелерін зерттеуге қатысуынан көрінеді. Соның негізінде екі үлкен еңбек: 1943 ж. А.М. Панкратова мен М. Әбдіхалықовтың редакциясымен «Қазақ КСР-ның тарихы: ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» (бір томдық) және 1949 ж. А.М. Панкратова мен И. Омаровтың редакциясымен (екі томдық) кітаптар жарық көрді.

А.М. Панкратованың Қазақстан үшін жоғары білікті тарихшы мамандарды дайындауына келсек, оның сонау 1930 жж. Санжар Асфендияровқа кеңестер бергенін, Ұлы Отан соғысы жылдарында Е.Б. Бекмахановқа, С.Н. Покровскийге, А.Б. Тұрсынбаевқа көмектесіп, ғылыми жетекші болғанын атап өткен абзал. Сонымен бірге ол Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтымен, оның жетекшілері А.Н. Нүсіпбеков және Г.Ф. Дахшлейгермен тығыз ғылыми байланыста болды. Біздің ұстазымыз Г.Ф. Дахшлейгер 1974 ж. А.М. Панкратова жөнінде естелік мақаласында академикті «Қазақстан тарихшыларының жасы үлкен досы» деп атайды. Кезінде А.М. Панкратова Г.Ф. Дахшлейгерге кандидаттық диссертацияның тақырыбы ретінде Түркістан-Сібір магистралінің тарихын алу жөнінде де кеңесін берген еді. А.М. Панкратованың өзінің екінші анасындай көрген Е.Б. Бекмахановты қолдауы мен оған көрсеткен көмегі көпшілікке аян.

А.М. Панкратованың Қазақстан тарихи ғылымының дамуына қосқан ең басты және құнды үлесі жоғарыда аталған еліміздің ежелгі дәуірден Ұлы Отан соғысы жылдарына дейнгі тарихы бойынша еңбектер болып табылады. Бұл фундаменталды және жинақталған зерттеулердің құндылығы, әсіресе 1943 ж. жарық көрген ежелгі дәуірден 1940 жж. дейінгі Қазақстан тарихы ең алғашқы қомақты ғылыми зерттеу болды. Сонымен қатар бұл еңбектер Отандық тарихтың өзекті проблемаларын тереңірек зерттеу керектігін де айқындап берді. Өйткені Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлу, дерекнамалардың сипаты және қазақ халқының өміріндегі ірі оқиғалардың зерттелу деңгейі, 1943 ж. басылымның 20 беттен тұратын кіріспесіндегі мәліметтер Қазақстанның тарихи ғылымының әрі қарай дамуына үлкен серпін болды. Үш ірі заманалық кезеңдер бойынша («Қазақстан халқы тәуелсіздік кезеңінде», «Қазақстан-отар» және «Социалистік Қазақстан») үш бөлімнен тұратын томның құрылымы кейін кеңестік кезеңдегі екітомдық пен бестомдыққа және тәуелсіздік кезіндегі бестомдыққа да негіз болды. 1943 ж. және 1949 ж. жарыққа шыққан «Қазақ КСР тарихының» басылымдарынан алған тұжырымдар мен тәжірибе Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстан тарихы онтомдығын (20 кітап) дайындауда да ескеріледі деп сенеміз.

Бұл еңбектердің, әсіресе алғашқы (1943 ж.) басылымының құндылығы оның шынайылығы, жан-жақтылығы және феодалдыққа дейінгі мемлекеттерден бастап Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі қазақтардың мемлекеттілігінің пайда болуы мен дамуы, қазақ халқының қалыптасуы, қазақ халқының жоңғар басқыншыларына ғана емес, патшалық Ресейдің бодандығына қарсы күресі, сондай-ақ Әбілхайыр ханның өлімі, Сырым Датұлы, Қаратай, Исатай Тайманұлы, Кеңесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Есет Көтібарұлы және т.б. бастаған Ресейдің отарлау саясатына қарсы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалыстары сияқты маңызды мәселелерді баяндауда таптық көзқараспен ұштасып жатқан терең интернационалдылығы болды. Бұл еңбектерде бірінші рет ежелгі дәуірден 1940 жж. дейінгі қазақ мәдениеті жөнінде зерттеулер жинақталды. Ол жөніндегі бөлімдерді М.О. Әуезов, С.М. Мұқанов, Г.М. Мүсірепов, Ә.Х. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Е.С. Исмаилов және басқа да Қазақстанның көрнекті қайраткерлері жазды. Айта кететін жайт, Қазақстанның Ресейге қосылуы мен қазақтардың ұлт-азаттық көтерілістері мәселелері бірінші шығарылымда (1943 ж.) терең марксистік-лениндік, таптық тұрғыдан қарастырылған. Онда патшалық Ресей Польша, Финляндия, Балтық елдері, Украина, Белоруссия, Кавказ, Орта Азия, Қазақстан, Сібір, Алтай және т.б. өлкелерде орыстандыру саясатын жүргізіп отырған «халықтар түрмесі», «Еуропаның жандармы», әскери-феодалдық империализм елі және отарлаушы держава ретінде сипатталады. Сондықтан еңбекте Ресейдің отарлық езгісіне және Хиуа, Бұқара мен Қоқандтың озбырлықтарына қарсы қазақтардың күресін баяндауға ерекше көңіл бөлінген.

А.М. Панкратова Қазақстан тарихы бойынша осы екі еңбектің жауапты редакторы ғана болып қоймай, өзі де жазуға белсенді араласты, бірінші басылымдағы (1943 ж.) ХХ тарауды (Бірінші орыс революциясы, столыпиндік реакция және жаңа революциялық өрлеу кезіндегі Қазақстан) және екінші басылымдағы (1949 ж.) ХVIII тарауды (сол тақырыптағы) жазып шықты.

Бірақ, 1930 жылдардың ортасынан шиелінісе бастаған бірқатар күрделі және қарама-қайшы жағдайларға байланысты бірінші де, екінші де (өзгертіліп толықтырылған) басылымдар (1943 және 1949 жж.) идеологиялық репрессияға ұшырады, айналымнан алынып, кітапханалардың құпия немесе сирек кездесетін қорларына түсті. Ал авторлардың көбісі және жауапты редакторлары қатаң жазаланды, тіптен қылмыстық істер қозғалды.

Бұл қайғылы оқиғалардың орын алуына не себеп болды? Еңбекті 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда, КСРО Ғылым академиясының Тарих институты директор орынбасары А.М. Панкратова басшылық еткен бір топ ғылыми қызметкерлері, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалындағы Тарих, тіл және әдебиет институты, Алматыдағы Маркс, Энгельс және Ленин институты Қазақ филиалының қызметкерлері дайындады.

«Қазақ КСР тарихын» әзiрлеуге байланысты өз естелігінде академик Н.М. Дружинин А.М. Панкратова туралы былай деп жазды: «1941 жылдың қазан айында Институттың бір топ қызметкерлерi Орта Азияға көшірілді. Бiз А.М. Панкратовамен Қазақ КСР-ның астанасы Алматыда бір айдан соң кездестік. Қала эвакуацияланған адамдарға толы, тұратын жерлер жетіспейді, сондықтан бiздi Жамбылға жiбергiсi келдi. А.М. Панратова осы жерде өзінің берік ұстанымы мен асқан жігерлігін көрсете білді, соғыс уақытында құрылған Академияның Қазақ филиалына да өздерінің білімі мен жұмысы кәдеге жарайтындықтарын айтып, республикалық ұйымдарды сендіре алды. А.М. Панкратова Қазақстанның басқарушы ұйымдары алдына — келген және жергiлiктi тарихшылармен біріге отырып, Қазақ КСР тарихы бойынша ғылыми оқу құралын жазуды ұсынды (бұл міндет Қазақстанда жоспарланып, бірақ ғалымдардың жетіспеуіне байланысты жүзеге аспаған болатын). Жас қазақ тарихшылары, мәскеуліктер, Харьковтан эвакуацияланған қызметкерлер және жергілікті басшылық арасынан тартылған авторлардың отырыстары басталды.

А.М.Панкратоваға басты ұйымдастырушылықпен қатар баспа жоспарының құрылуы, авторларға тараулардың үлестіріліп берілуі және оның негізгі ережелерін қалыптастыру жүктелді. Мәскеуде бір топ қызметкерлердің қалуына байланысты А.М. Панкратова астанаға қайта шақыртылды, топты басқару А.П.Кучкинге жүктелді. Кітаппен жұмыс жасау бір жылға созылды. Жұмыс біткеннен кейін кітапты редакциялау барысында авторлық ұжым мүшелері арасында келіспеушілік орын алды. Осыдан кейін А.М. Панкратова Алматыға қайта келді де, Қазақстанның партия қызметкері М. Әбдіқалықовпен бірлесе отырып, кітапты толығымен редакциялап шықты.

Жергiлiктi ұйымдар А.М.Панкратованың жұмысын жоғары бағалап «Қазақ ССР ғылымына еңбегi сіңген қайраткер» атағын бердi. Арнайы ұйымдастырылған банкетте А.М. Панкратова мен авторлық ұжымға алғыс сөздер мен ризашылықтарын білдірді. Біз 1943 жылдың жазында Алматыдан Мәскеуге қайтқанда «Қазақ ССР тарихының ежелгі заманнан бүгінге дейін» атты кітабының жаңадан басылып шыққан даналары қолымызда болды. Бұл кеңестік ғалымдардың Кеңес Одағы құрамына кіретін жеке республиканың тұтас және ғылыми негізделген тарихын жазудағы алғашқы талпынысы болатын».

Бұл Кеңес Одағының фашистік Германияға қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары болатын. Осы жағдай Компартияның майдандағы және тылдағы үгіт-насихат жұмысын жаппай өзгертіп қана қоймай, сондай-ақ ұлттық республикалар мен КСРО тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын түбегейлі өзгертті.

Бұл өзгерiстер, айтып кеткендей, кеңес идеологтарының орыс патшалары мен қолбасшыларының келбеттерін үгiт-насихатта пайдалана отырып, Ұлы орыстық бағытты ұстана бастаған 1930-шы жылдардың бастау алды. 1937 ж. І Петрді, Александр Невскийді және орыс ұлтының тарихта болған басқа да сүйікті қаһармандарын ұлықтау басталды. 1938 ж. ұлттық мектептерде орыс тілін міндетті түрде оқыту енгізілді. 1941 ж. Қазан революциясының 24-жылдығын мерекелеу кезінде (7 қарашада) И.В. Сталин халық пен Қызыл Армияға «Осы соғыста сіздерге Александр Невский, Дмитрий Донской, Кузьма Минин, Дмитрий Пожарский, Александр Суворов, Михаил Кутузов сияқты біздің ұлы ата-бабаларымыздың ержүрек бейнелері рух берсін» деген ұран тастаған болатын. Суворов, Невский және Кутузов құрметтеріне ордендер тағайындалды. Патшалық адмиралдар Нахимов пен Ушаков мадақталды. Осылайша Ұлы орыстық большевизм соғыс жылдары мен одан кейінгі уақытта КСРО Компартиясы идеологиялық жұмысының негізін қалады, ал орыс халқы басқа тең халықтардың арасында алдыңғы орынға шықты («басқа халықтардың көш басында»), осы арқылы Ресей империясы мен Кеңес Одағының арасындағы айырмашылық тегістелді. Басқа ұлттар туралы әңгіме болған да емес, дегенмен ұлттық республикаларда да «өз» ұлы бабаларының қаһармандық бейнелері іздестіріле бастады, бірақ олар великоросстардың «ұлы бабаларына» қарсы қойылмауы тиіс еді.

Әуесқой тарихшылар Кавказ бен Орта Азияны жаулап алу мен отарлауда үлкен роль атқарған патша генералдары А.П. Ермолов пен М.Д. Скобелев туралы мақалалар жазды. Жаңа тарих бойынша белгілі ғалымдар А.В. Ефимов пен А.Н. Яковлев нақты патриоттық, басқаша айтқанда Ұлы орыстық бағытты тарихнамалық басылым даярлады. Олар П.М. Милюков, В.О. Ключевский және басқа да дворяндық, буржуазиялық тарихшылар еңбектерін ақтау туралы да ойластыра бастады. С.К. Бушуев Ефимовпен, Яковлевпен, А.М. Панкратованың, сонымен қатар 1943 ж. шыққан «Қазақ ССР тарихының» ең қарсы оппоненттерінің бірі Аджемянмен қосылып, М.Д. Горчаковтың (Ресей Сыртқы Істер министрлігі) биографиясын шығарды, ол Сталиндік сыйлыққа ұсынылған болатын. С.К. Бушуев 1930-жж. «ұлттық нигилизмінен» арылуға шақырды, бұл генерал А.А. Аракчеев, баспагер М.Н. Катков және К.П. Победоносцев (Синод өкілі) сияқты реакцияшыл тұлғаларды қайта бағалауға итермеледі. А.И. Яковлев 1944 ж. одан да асып, жалпы білім беру мектептеріне арналған КСРО тарихы оқулықтарын орыстың ұлы державалық шовивнзмі көзқарасынан қайта қарауды талап етті. Ол: «Маған орыс ұлтшылдығының сипатын бірінші кезекке шығару қажет секілді көрінеді. Біз Одаққа енген ұлттарды өте құрметтейміз, оларға сүйіспеншілікпен қараймыз. Сондықтан орыс халқының табыстары, оның дамуы, басынан өткерген азаптары мен оның жалпы жолының сипаттамасы үшін маған Ресей жөніндегі кез келген оқулық осы сарында құрылуы тиіс сияқты көрінеді… Соловьевтың, Ключевскийдің тарих курсы бойынша көзқарастарында сақталынған ұлттық дамудың осы бағытын оқулықты құрастырушылардың барлығы ұстануы керек. Бұны біздің мемлекетіміздің құрамына кіретін 100 халықтың мүддесімен бірге қарастыру менің ойымша дұрыс емес сияқты… Ортақ идея мынау: біздер орыстар, орыс халқының тарихын, орыс мекемелерінің тарихын, орыс жағдайында білгіміз келеді. Қырғыздар өз уақытысында орыстарға соққы бергеніне, мысалы Шамильдің І Николайға қарсы тұра алғанын оқулықта жазуы ыңғайсыз болатын сияқты».

Егер Бушуев пен Яковлев халықтар достығын ескермей, ашық түрде шовинистік, ұлы державалық және орталық орыстық (русскоцентризм) бағытын насихаттаса, П.П.Смирнов пен Е.В. Тарле патшалық Ресейдің жаңа аумақтарды жаулап алуын тілге тиек етіп, Ресейді кім ұлы держава қылғанын, революцияға дейінгі кең территорияға ие болғанына байланысты Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысы кезінде фашистік Германияға лайықты соққы бергенін алға тартты. Сондықтан, патшалық Ресейді дәріптейтіндер көбейген үстіне көбейе түсті. Оның басында БК(б)П ОК Үгіт-насихат бөлімі тұрды, оны басқарып отырғандар Г.Ф. Александров, Федосеев және Поспеловтар болды. Бұл идеологиялық орысшыл (русскоцентризм) бағыты күш алып және пролетарлық интернационализмге, таптық мүддеге, еңбекшілердің ынтымақтастығы мен Кеңес Одағындағы халықтар достығына бұрын болмаған қысым жасалды. Империалистік, отаршылдық, ұлы державалық патшалық Ресейдің саясатына сын тежеле бастады, ал соңында қуғынға ұшырады. 1930 жж. ортасы мен соңына қарай бұл қуғынға М.Н. Покровский «мектебі» деп аталатын 1920 ж. кеңестік марксистік ғылымының бастамасы ұшырады (ол 1932 ж. қайтыс болды). М.Н. Покровский, оның шәкірттері және ізбасарлары патшаның отаршылдық саясаты мен орыс халқының ұлы державалық шовинизмін өткір сынға алумен ерекшеленетін еді. М.Н. Покровскийдің шәкірті А.М. Панкратова «М.Н. Покровскийдің тарихи тұжырымдарына қарсы» (М.-Л., 1939 ж.) жинағындағы «М.Покровскийдің тарихи көзқарастарының дамуы» атты мақаласымен шығып сөйлеуге мәжбүр болды. Бұндай жағдайға А.М. Панкратова 1937 ж. 26 қаңтардағы БК(б)П және КСРО ХКК қаулысы шығып, онда «антимаркстік, антилениндік, тарихи ғылымға теріс көзқарастар» сияқты сынның кең таралуына байланысты болды.

Кеңестік-большевиктік идеологияның орталық орыстық бағыты (русскоцентризм) КСРО-дағы басқа халықтардан орыс халқының басым екенін көрсетті, жеңіске жетті. Бұл Кремльде өткен Кеңес Армиясының қолбасшыларын қабылдауда И.В. Сталиннің орыс халқы үшін тосында айқындала түсті: «Жолдастар, маған тағы бір тост, соңғы тост көтеруге рұқсат етіңіздер. Мен бұл тосты біздің Кеңес халқы үшін, соның ішінде орыс халқы үшін көтергім келеді.

Мен ең алдымен орыс халқының денсаулығы үшін ішемін, себебі олар Кеңестер Одағына кіретін ұлттардың ішіндегі үздік ұлт.

Мен орыс халқының денсаулығы үшін тост көтеремін, себебі олар біздің еліміздегі барлық халықтардың ішіндегі осы соғыста Кеңестер Одағындағы басқарушы халық болды. Мен тосты орыс халқының басқарушы халық болғаны үшін ғана емес, сонымен қатар оларда айқын ақыл, табанды мінез және шыдамдылық бар екені үшін көтеремін…».

Сөйтіп партиялық-кеңестік идеологияның таптық-пролетарлық интернационализмнен Ұлы орыстық шовинизм бағытына өтуі, әсіресе, Кеңес Одағының фашистік Германияға қарсы Ұлы Отан соғысы кезінде күшейді, Осы жағдайда 1943 ж. «Қазақ ССР тарихы ерте заманнан бүгінге дейін» атты ғылыми еңбек жарыққа шықты. Көп кешікпей-ақ ол Сталин сыйлығына ұсынылды, оған пікір беруші КСРО ҒА корреспондент-мүшесі А.И. Яковлев болды. Ол бұл еңбекке негізінде оң баға берді, бірақ ол «бір қарын майға бір құмалақты қосып жіберді», еңбектің патшалық Ресейдің Орталық Азия мен Қазақстанды жаулап алуы мен отарлық саясатын сынға алғанына қарсы болып, бұл әрекеттер қорғану үшін, заңды және прогрессивті деп атап көрсетті. Әсіресе, Е. Бекмахановтың Кенесары Қасымов басшылығымен қазақ халқының ұлт-азаттық күресі туралы жазылған тарауы қатты сынға ілінді (ХІV,тарау с. 217-241). А.Н. Яковлев қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін баяндаудың қажеттілігіне күмәнмен қарап, еңбектің авторларын Ресей империясының саясатына ғана емес, сонымен қатар, орыс халқына деген мейірбандылық танытпады, — деп айыптады.

А.М. Панкратованың БК(б)П ОК Үгіт-насихат бөлімі сын-пікірді қайта қарауы туралы өтінішіне, Александров, бұл еңбек орысқа қарсы және қазақтар тарихтан тыс тұрды, тек Ресей ғана тарихи халықтар қатарына қосты, — деп жауап берді. Міне, осындай ғалым БК(б)П ОК Үгіт-насихат бөлімін басқарды!

Осылайша екі тарихи бағытты: біріншісі А.М. Панкратова, М.П. Вяткин, Н.М. Дружинин және басқа кеңестік интернационалист тарихшылар мен А.И. Яковлев, А.В. Ефимов, С.К. Бушуев, Е.В. Тарле, П.П. Смирнов және т.б. орталық орыстық бағытты, ұлыдержавалық-шовинистік бағытты ұстанғандар арасындағы ұзақ та, ауыр және қарама-қайшы күрестерге бастау салынды. Өткір пікір-таластар, өсек, жалалар тек Мәскеу, Ленинград, КСРО ғылым академиясында ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда, Татарстанда, Башқұрстанда және Кавказда да толастамады, ал Едіге, Шәміл және т.б. туралы зерттеулерді жүргізген жергілікті ғалымдар қуғынға ұшырады.

А.М. Панкратованың БК(б)П ОК-не, И.В. Сталинге, Ждановқа, Г.М. Маленковқа және Щербаковқа (машинкаға басылған 20 бет) бірқатар шағымдарынан кейін, әсіресе 1944 ж. мамырында, Александровтың басшылығындағы Үгіт-насихат бөлімі тарихшылар арасындағы идеологиялық күрестің барысы жайында бақылауды жоғалтқанына байланысты, 1944 ж. жаздың басында партияның ОК-і өзі Кеңес тарихшыларының мәжілісін шақырды. Бірақ бұл мәжілісте тарих ғылымындағы қарама-қарсы бағыттар мәмлеге келмеді. Осы ірі мәжіліс шағын қаулының қабылдануымен, сөйлеген сөздердің, сын-пікірлердің келесі, 1945 ж. жариялануымен аяқталды. Осы жиында Ресей империясының отаршылық саясатының апологеті ретінде А.И. Яковлев езілген қазақ халқының ХVІІІ-ХІХ ғғ. ұлт-азаттық күресін мойындамағымен қоймай, Амангелді Иманов бастаған 1916 ж. қазақтар көтерілісін зерттеуге де қарсы шықты. Ол тіпті 1916 ж. мамыр-маусым айларында генерал А.А. Брусиловтың әскери басшылығындағы патша әскерлерінің Оңтүстік-батыс майданындағы шабуылының сәтсіз аяқталуы осы көтерілістің кесірінен деп көрсетті.

1944 ж. 10 маусымдағы БК(б)П ОК-нің КСРО тарихи мәселелері жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзінде (стенограмма бойынша) былай деді: «Қазақстан тарихындағы осы атышулы мәселеге қатысты бір-екі сөз ғана айтайын. Бұл мәселе үлкен маңызға ие. «Қазақстан тарихы» парақтарын ақтарып отырғанда Амангелді көтерілісі туралы мақтауларды ғана кездестіресің, ал сол тұста біздің Оңтүстік — батыс майданда Брусиловский шабуылы қанатын кең жая түскен тұста, ол бастаған көтеріліс кері ықпал етті. Амангелді қазақтар үшін батыр, ал оның ерліктерін біздің тарапымыздан, орыстар жағы мақтан етуіміз қаншалықты қажет (залдан дауыс: Ол – большевик!). Кім? (Тағы да залдан дауыс: Амангелді. Келесі дауыс: Оның қандай шаруасы бар?!). 1916 ж. көтерілгендердің арасында ешқандай да большевиктер болған жоқ. Ол уақытта біз революция барынша жарқырап үстемдік етеді деп сенген емес едік, бұл кезде немістер әлі күшінде еді, бірақ екі орыс корпусы қазақтармен шайқасуға мәжбүр болды». Міне осындай ғалым «Қазақ КСР тарихының» 1943 ж. басылымының тағдырын шешті. Таптық және интернационалдық қағидалардан бас тартып, патшалық империяның отаршылдық саясатын ұлы державалық-шовинистік тұрғыдан мадақтауға көшкен тарихшы-ғалым осындай сандырақ қорытынды жасауға дейін барды.

А.М. Панкратованы, оның жақтастары мен 1943 ж. шыққан «Қазақ ССР тарихы» басылымының авторларын қудалауда БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімінің бастығы Александров үлкен рөл ойнады. Ол Панкратованы мәжілістің құпия материалдарын жария етті, сондай-ақ оны өз студенттері арасында таратты және топ құрды деп кінәлады. А.М. Панкратова 1944 ж. қыркүйекте Жданов пен Щербаковке шақыртылып, Институттың директоры орынбасарлығы қызметінен босатылды.

Екі бағыттағы КСРО тарихы ғылымындағы ұзақ тартыстан кейін 1950 ж. 26 желтоқсандағы еліміздің басты газеті – «Правдада» Х. Айдарова, Т. Шойынбаев және А. Якуниннің «За марксистско-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақала Қазақстандағы саяси репрессияның бастамасына негіз болды. Е.Б. Бекмаханов – 1943 ж. «Қазақ ССР тарихын» басылымға дайындаған авторлардың бірі ретінде (ХІV тараудағы Кенесары Қасымовтың басшылығымен қазақтардың көтеріліс туралы) «контрреволюциялық іс-әрекеті үшін» 25 жылға сотталды. И.В. Сталин қайтыс болғаннан кейін А.М. Панкратова өзінің тікелей араласуымен оның тезірек босатылуына атсалысты. Тағы бір көрнекті кеңестік қазақ тарихшысы Бекежан Сүлейменовтың халықаралық империализм агенті деп сотталуы таңқаларлық жағдай болды, өйткені ол алғашында Е. Бекмахановқа қарсы болған еді. Бұл жерде оның Қазақстанның КП ОК бірінші хатшысы Ж. Шаяхметовке айтқан сыны (Ұлы Отан соғысы кезінде майдангер-қазақтарға оларды ата-балаларының жасаған ерліктері рухтандырсын деген ниетпен хат жазған, соның ішінде Кенесары Қасымовты да атаған-ды) себеп болған сияқты. Таңқаларлық жағдай, Б. Сүлейменов Е. Бекмахановтан бұрын сотталып (1952 ж. 17 шілдеде және 1952 ж. 5 қыркүйекте тиісінше), лагерде бірге болса да, түрмеден одан кейін босатылды (1954 ж. 3 мамыр және 1953 ж. 21 қазанда тиісінше). Мен 1960 жылдары бірнеше мәрте олардың достық қатынастары мен әңгімелерінің куәсі болдым. Е, Бекмаханов Б. Сүлейменовтың докторлық диссертациясының ресми оппоненті болды. Ол оған оң пікір берді, бірақ ауыр сырқатына байланысты Ташкентке бара алмады.

1953 ж. А.М.Панкратова КСРО ҒА толық мүшесі болып сайланды, сол кезде ол «Вопросы истории» журналының бас редакторы болды. Хрущев «жылымығы», Сталиннің жеке басына табынуының әшкереленуі жағдайында тағы да тарих ғылымында шиеленіскен күрес басталды, «Вопросы истории» журналына көп сын айтылды, марксизм-ленинизм үшін деген ұрандар бойынша идеологиялық қудалау өріс алды, журналды «буржуазиялық бағытта» деп айыптады және т.б. Бұл А.М.Панкратова үшiн ауыр болды, өйткені қудалау ОК-тың өзінен шығып тұрды. КОКП ОК-нің 1957 ж. 9 наурызда «Вопросы истории» журналы туралы қаулысы қабылданды, 1957 жылдың 21 мамырында А.М. Панкратова журналдың үшінші нөмірін шығаруға қол қойды, ал төрт күннен соң — 1957 ж. 25 мамырында ол қайтыс болды. Күрделі ғылыми жетістіктерге де толы, сәтсіздіктерге де ұшыраған және Қазақстан тарихының ғылымына қосқан үлесі зор әйгілі кеңес тарихшысының өмірі осылайша аяқталды. Академик Л.В.Черепиннің естелігі бойынша, 1957 жылы 21 ақпанда А.М. Панкратова КСРО Ғылым академиясындағы өзінің 60-жылдық мерейтойы қарсаңындағы салтанатты мәжілісте «бір ұлт өкілдерінің екінші басқа ұлт адамдарына астамшылдықпен қарауы үнемі менің зығырданымды қайнататын. Владимир Ильич Лениннің шәкірті ретінде, аз ұлт құқығының шамалы ғана болса да шектелуін, мен наразылықпен қабылдауға дағдыланғам… біздің көппұлтты Отанымыздың бірқатар халықтарының тарихы бойынша кітап жазуға қатысқаным, әсіресе, осы жерде бір кісілер атап кеткендей, Белоруссия, Казақстан, Тәжікістан, Украина және басқа да кеңестік республикалардың жас ғалымдарын дайындауға көмектесуге мүмкіндігім болғаны мен үшін үлкен қанағат сезімін ұялатты» деп айтты.

Жақында Болатхан Тайжан атындағы қордың 1943 ж. «Қазақ КСР тарихын» қайта басып шығаруы өте қуантарлық жәйт, бірақ, менің пайымдауымша, баспа қызметкерлері бірқатар этикалық және заңдық сипаттағы қателіктер жіберген. Бұл еңбек Қазіргі Ресей мен Қазақстанның бірқатар институттарының 33 қызметкерінің ұжымдық жұмысы екенің ескерген жөн, ол авторлар жұмыстың тұжырымдамасында көрсетілген; еңбекті жарыққа шығару жөнінде тек осы институттар ұжымдарымен ғана емес, сондай-ақ 33 ғалымның ұрпақтарымен келісу қажет еді. Әрі қарай айтатын болсақ, 1943 жылғы «Қазақ КСР тарихы» ежелгі дәуірден 1943 ж. дейін қамтиды, алайда Болатхан Тайжанның қоры, неге екені белгісіз, еңбекті толық шығармай, Кеңестік Қазақстанға (1917-1943 жж.) арналған үшінші бөлімді мүлдем алып тастаған. Бұл тек заңсыз ғана емес, сондай-ақ А.М. Панкратова мен М. Әбдіхалықовқа және осы еңбектің авторларына (әсіресе кеңестік кезеңді жазған) қатысты этикаға сай емес қылық. Болашақта біз бұл жағдайдан сәйкесінше қорытынды жасаумыз қажет.

Қорытындысында айтарымыз: біз, Қазақстан тарихшылары академик А.М. Панкратованың есіміне тағзым етеміз, мәңгі есте ұстаймыз. Қазақстан тарихи ғылымына ол кісіден кейін келген ғалымдардың жаңа буыны және қазіргі жастар академиктің еңбектері мен қазақ халқы алдындағы еңбегіне ерекше ілтипатпен қарайды деп сенеміз.