Бастауыш мектепте сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру

  1. Бастауыш мектепте оқушылардың көркемдік білімін жетілдірудің ұтымды мүмкіндіктерінің бірі – мектепте ұйымдастырылатын көркем сурет галереясы. Көркем сурет галереясын мектепте ұйымдастырудың тәрбиелік, танымдық маңызымен қатар оқушылардың өнертану мәдениетін көтеруге мол ықпал етеді. Бейнелеу өнері пәні мұғалімінің мұндай жұмысы формасын тәжірибе жүзінде қолдану мынадай мақсаттарды көздейді. Біріншіден, бейнелеу өнері шеберлерінің шығармаларын таныстыру. Екіншіден, мектеп галереясы облыс орталықтарындағы, астаналардағы көркем сурет музейін көруге мүмкіндігі жоқ алыс аудан мектептері үшін қолайлы.Үшіншіден, оқушылардың көркем сурет галереясының жұмысына экскурсовод, лектор ретінде тарта отырып, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын туғызу көркем өнер шығармаларының ерекшелігін дұрыс қабылдау, көркемдік талғамын дамытуға ықпалы бар. Төртіншіден, галереяға оқушылардың шығармашылық және оқулық суреттерін, үлгілі шығармашылық жұмыстарын қойып көрсету арқылы өнерге деген ынтасын, шығармашылық белсенділігін арттыру көзделеді.

Оқушылардың өнертану түсініктерін дамытып, тіл мәдениетін жетілдірудің бір жолы – өнер шеберлері шығармаларының көрмесіне экскурсия жасау. Мұндай бейнелеу өнерінің көрмелері облыс, аудан орталықтарында жиі ұйымдастырылады. Бастауыш мектепте бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі өз шәкірттерін үнемі көркемөнер көрмесіне апарып көрсетіп, шығармалардың көркемдік ерекшеліктерін әңгімелеп береді. Бастауыш мектепте бейнелеу өнері көрмесіне экскурсия жасаудың ұтымдылығы – оқушылар кескіндеме, графика, мүсін, сәндік қолданбалы өнер шығармалардың көркемдік ерекшеліктерінің түпнұсқасын өз көзімен көруге мүмкіндік алады. Көрме залында шығармаларға өнертану туындысынан түсінік беретін экскурсоводтың, пән мұғалімінің берген мәліметтері негізінде оқушылардың бейнелеу өнерінің түрлері, жазылуы, жанрлары өмір шындығын көркем бейнелеу жолдары туралы түсініктері молая түседі.

Бастауыш мектеп оқушылары көрмеден көрген шығармадан алған әсері туралы бір-бірімен пікір алысады. Пікір алысу әңгімелерінде бейнелеу өнерінің терминдері мен сөздерін қолданады. Оқушылардың өз сөзінде бейнелеу өнері терминдерін қолдануы сөздік қорының дамуына ықпалын тигізуі сөзсіз.

Бастауыш мектеп оқушыларының өнертану түсініктері мен тілін дамытудың ұтымды жолының бірі – бейнелеу өнерінен викториналар мен ойындар өткізу. Балалар мұндай сыныптан тыс өткізілетін жұмыстарға қызыға қатынасады. Бастауыш мектепте Мұғалім өз сыныбының оқушылары арасында «Қазақстан суретшілерінің шығармашылығы туралы не білесің?», «Ою-өрнектерде қандай көріністер бейнеленген?» деген сияқты тақырыптарға викторина ойындарын қызықты, тартымды өткізеді. Викторина ойынының барысында оқушылар өз ойларын жеткізу үшін живопись, графика, мүсін, қолданбалы өнер, ою-өрнектердің аттары, рәміздер туралы терминдерді орынды қолданады. Жүйелі түрде өткізілген викторина, сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың өнертану тілін дамытудың ұтымды жолы.

Бастауыш мектептегі сабақта немесе сабақтан тыс уақытта оқушыларға бейнелеу өнері туралы диафильмдерді немесе кинофильмдерді көрсетудің өнертану түсініктерін беруге жәрдемін тигізеді. Соңғы кездерде оқу-әдістемелік фильмдер жасауға бетбұрыс жасалуда. Бейнелеу өнері пәнінің мұғаліміне көмекші құрал ретінде кинофильмдер жасап шығарылады. Солардың ішінде «Клубтың перспективалық көрінісін салудың әдістері» атты фильмде клубтың көрінісін салудың бірізділігі демонстрациялық түрде көрсетіледі. Фильм сюжеті оқушылардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын туғызады, мұғалімнің сабақты түсіндіруге, тақтаға сурет салуға кететін уақытын үнемдеумен қатар сурет салу саласындағы өнертану түсініктерін дамытады.

Бастауыш мектепте бейнелеу өнері шығармаларының репродукцияарынан құралған көркемсурет галереясын ұйымдастыру, өткізу бейнелеу өнері пәні мұғалімінің жауапты міндеті. Галереяға қойылатын экспонат ретінде көбінесе бейнелеу өнері туындыларының репродукциялары (яғни газеттер мен журналдардағы, кітапқа басылып шыққан ашық хат түріндегі түрлі түсті көшірмесі) жинақталады. Репродукцияларды жинауға мектеп оқушылары белсенді қатыстырылады. Оқушылар өнер шығармаларының репродукцияларын жинап, пән мұғаліміне өткізеді. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі оларды әр түрлі салаларға және тақырыптарға, өнер дамуының кезеңдеріне сай топтастыру жұмысын жүргізеді.

Бастауыш мектепте бейнелеу өнері шығармаларының репродукцияларын жинақтау барысында пән мұғалімінің оқушыларға репродукцияны ұқыпты түрде қиып алуын, көркем өнер туындысының авторы, аты, жасалған жылы, қандай материалдардан жасалғаны, орындалу техникасы туралы мәліметтерді көрсетуін алдын ала ескертуі керек.Бейнелеу өнері шығармаларының репродукцияларын жинақтау пән мұғалімдері, оқушылармен қатар мектептің тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушылар да тартылуы қажет. Өнер туындыларының репродукциялар не оқулық, немесе басқа да оқу әдістемелік, өнертану кітаптарынан алу қажет болған жағдайда, оны фотоға түсіріп алып, экспонат ретінде қойылады.

Қазіргі кезде бастауыш мектепте қазақ бейнелеу өнерінің туындылары республикалық баспасөз бетінде көптеп жарияланады. «Жұлдыз», «Жалын» журналында қазақ бейнелеу өнерінің тың жерді игеру, Ұлы Отан тақырыбы, космосты игеру, бейбітшілікті қорғау тақырыптарымен сәндік қолданбалы өнер туындыларын таныстыратын өнер шығармаларының репродукциялары үнемі жарияланып тұрады. Республикалық газеттер мен журналдарда жас суретшілер шығармашылығыныњ жаңа қадамын айқындайтын сонымен қатар көне өнер түрлерін көрсететін материалдар көп басылады. Баспасөз беттерінде жарияланған сол мәліметтерді жүйелі түрде жинастырудың білімдік және тәрбиелік мәні зор.

Бастауыш мектепте бейнелеу өнері галереясын ұйымдастыру барысында жиналған материалдарды мынадай топтарға бөлу қажет:

  1. Ерте дүние өнері; а) ертедегі Египет өнері, б) ертедегі Греция өнері, в) ертедегі қазақ бейнелеу өнері;
  2. Ерте ғасыр өнері; а) орта ғасырдағы Шығыс өнері, б) орта ғасырдағы қазақ бейнелеу өнері;
  3. Қайта өрлеу дәуірінің өнері;
  4. Қазіргі бейнелеу өнері шығармалары;

Қазақ бейнелеу өнері бойынша репродукциялар толық жиналған жағдайда оларды кескіндеме, графика, мүсін, сәндік қолданбалы өнер салаларында бөлу қажет. Бейнелеу өнері архитектурамен өте тығыз байланысты болғандықтан бұларға архитектуралық ескерткіштерді де қосқан орынды.

Егер бастауыш мектепте қазақ бейнелеу өнері жөнінде толық материал жиналған жағдайда оларды «Ежелгі қазақ бейнелеу өнері» және «Қазақ бейнелеу өнері» деген екі бөлімге бөлу қажет. «Ежелгі қазақ бейнелеу өнері» тақырыбы бойынша көрмеде халықтың сәндік қолданбалы өнер туындыларының репродукциялары, Ш.Уєлихановтың графикалық суреттері, Т.Шевченконың, В.В.Верешагиннің туындылары көрсетіледі. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи, Айша-Бибі, Арыстанбаб сияқты архитектуралық-мемориалдық құрылыстың түрлі түсті фотолары, фоторепродукциялары қойылады. Қазақ бейнелеу өнері туындылары: кескіндеме, графика, мүсін, сәндік қолданбалы өнер салаларына бөлінеді. Материалдарды жинау мүмкіндіктеріне қарай бейнелеу өнерінің көрсетілген әрбір саласын натюрморт, пейзаж, портрет, анималистік, тарихи, батальдық, тұрмыстық жанрларға жіктеп көрсетудің танымдық маңызы бар. Мектептің көркем сурет галереясында мерзімдік бөлім болады. Бұл бөлім түрлі даталарға арнап көрсетіледі. Мерзімдік көрсетуге арналған шығармалар «Қазақ бейнелеу өнеріндегі ана образы» т.б. «Рәміздер», «Эмблемалар», «Өнер мен табиғат», «Плакат», т.б. тақырыптары бойынша жиналады. Репродукциялық шығармалардан құралған көркем сурет галереясының мынадай тәрбиелік, білімдік маңызы бар:

  • шығарманың мазмұнына оқушылардың дүниетанымдық көзқарасының эстетикалық сезімдері, талғамы мұраттарының, қалыптасуына ықпал етеді;
  • өмірдегі әсемдіктің, өнер тіліндегі бейнелеу жолдарын көреді;
  • қазақ бейнелеу өнері мен сәндік қолданбалы өнер туындыларының көркемдік ерекшеліктерімен танысады;
  • бейнелеу өнерінің түрлері, жанрлары, орындалу техникасы мен колорит, композиция, перспектива, туралы түсініктерін дамытады;
  • бейнелеу өнеріне қатысты терминдерді үйреніп, сөз мәдениеті дамиды.

Бастауыш мектепте көркемсурет галереясын ұйымдастыру жұмысы бейнелеу үйірмесінің жұмыстарымен тығыз байланысты. Үйірме мүшелері көркем сурет галереясын безендіруге белсене қатысады. Галерея бөлімдерінің тақырыптары көрнекті етіп, лайықты шрифтермен жазып, шығарма жөніндегі басқа мәліметтерді көрсетеді. Қажет жағдайда галереямен таныстыру үшін экскурсовод міндеттерін атқарады. Мұғалім үйірме мүшелеріне бейнелеу негіздерін үйретумен қатар өнер шеберлерінің өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелер айтып береді. Мұғалімнің мұндай бағыттардағы талдауы композициялық құрылысы, орындалу техникасы жөніндегі түсініктер алады. Галереяға келушілерді шығармалармен таныстыру үшін, үйірме мүшелерінің ішінде өнертану ғылымына білімділігі мен қабілеті бар жоғары сынып оқушыларын таңдап алады. Мұндай жұмыс оқушының өнерге деген қызығушылығы мен сөйлеу мәдениетінің дамуы, таным қабілетінің артуына игі ықпал етеді.

Бастауыш мектепте көркемсурет галереясына бейнелеу өнері үйірмесінің мүшелерінің шығармашылық жұмыстары, оқулық суреттері қойылады. Галереядағы бұл бөлімге тақырып бойынша натураға қарап салынған суреттермен қатар саз балшықпен жасалған мүсіндер, сәндік қолданбалы бұйымдар көрсетіледі. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын таңдап алу, іріктеу барысында мынадай жағдайларды ескеру қажет: шығарма мазмұны, композициялық құрылысы, түстердің қатынасы, орындалу техникасының сапасының жоғары болуы. Жалпы жұмыстар тақырыбының кеңдігі мен жанрларының бейнелеу техникасының әртүрлілігі. Таңдап алынатын жұмыстардың толық аяқталуы.