Кіші мектеп жасындағы оқушылардың азаматтық тәрбиесі

Адамның моральдық сапа негіздері балалық шақта қалыптасады. Балалардың адамгершілік жағынан одан әрі дамуы көп жағдайда осы процесстің қаншалықты ойдағыдай жүзеге асуына байланысты. Әуел бастан – ақ баланы моральдық кодекстің жоғары принциптері рухында тәрбиелеу, онда қажетті адамгершілік сезімді, түсінікті қалыптастыру және солардың негізінде қоғам мінез – құлық нормаларына лайықты қылықтар қалыптастыру қажет.

Бастауыш сынып оқушыларының іс – әрекеттерін басқара отырып мұғалім олардың бойында Отанын сүю, айналадағыларға ықыласпен қарау, оларға көмектесуге ұмтылу, дербес іс – әрекетте белсенділік пен инициатива көрсету сияқты адамдарға мңызды сипаттарды қалыптастырады. Бастапқы бірлестіктерде құрдастар қаумында – бастауыш сынып оқушыларының арасында өзара қарым – қатынас орнығып, бұл қатынастар мұғалімнің жетекшілігі арқасында ұжымдық сипат алады, оқушыларда жолдастық – достық сезім пайда болады. Ересектермен қарым – қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Бастауыш сынып оқушыларында қайырымдылық, жанашырлық, қуанышқа ортақтасу сезімдері қалыптасады. Сезім оқушыларды белсенді іс – әрекетке: көмек көрсетуге, қамқорлық жасауға, көңіл аударуға, жұбатуға, қуантуға итермелейді.

Оқушылардың өзінің туған өлкесін, еңбек адамдарын құрметтеп қадірлеу сезімдері, өзіне тапсырылған жұмысқа деген жауапкершілік қалыптасады.

Патриоттық сезімге: туған өлкесін, Отанын сүюге, басқа ұлттардың адамдарын құрметтеуге тәрбиелеудің ерекше маңызы бар. Мұғалім оқушыларда үлкендерге құрмет көрсетуді, өз қатарларымен дұрыс қарым – қатынас жасауды, заттарға ұқыпты қарауды білдіретін сан алуан мінез – құлық дағдыларын қалыптастырады. Бұлар әдет бола отырып, мінез – құлық нормасына айналады: сәлемдесу мен қоштасу, біреудің көрсеткен қызметіне рахмет айту, алған затын орнына қою, қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау, өтінішін ізеттілікпен білдіру әдеті. Оқушыларды мінез – құлықтың азаматтық дағдылары мен әдеттеріне баули отырып, мұғалім өзі балаларға істеткізетін белгілі бір іс – әркеттердің мақсатқа сай келетіндігін, әділдігін, дұрыстығын саналы түрде ұғынуға бағытталған үлкен түсінік жұмыстарын жүргізеді. Мұғалімнің алдында оқушылардың азаматтық түсініктерін дамыту міндеті тұрады, міне, осының негізінде мінез – құлық мотивтері қалыптасады. Ол қалай істеу керек екендігін нақты мысалдармен түсіндіреді. Осы нақты түсіндірулер оқушыларға жалпы моральдық ұғымдарды (қайырымды, сыпайы, әділ, қарапайым, қамқоршыл т.б.) бірте – бірте түсінуге көмектеседі.

Азаматтық тәрбие беру мұғалімнің оқушылармен жүргізетін барлық тәлім – тәрбие, білім беру жұмысының барысында жүзеге асады.

Бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеудің міндеттері мен мазмұны мынадай принциптер арқылы қалыптасады:

  1. Идеялық пен мақсат көздеушілік принципі
  2. Оқушыларды ұжымда тәрбиелеу принципі
  3. Педагог оқушыға талап қоюды оның жеке басын құрметтеумен ұштастыра отырып жасау принципі
  4. Сезімге, санаға, мінез – құлыққа ықпал жасау бірлігі принципі
  5. Мектепте және отбасында оқушыға қойылатын талаптардың жүйелілігі, бірізділігі және бірлігі принципі
  6. Жеке дара тәсіл принципі

Педагогикадағы негізгі қағидалардың бірі – оқушылардың іс – әрекетін орынды ұйымдастырудың тәрбиедегі жетекші рөлі туралы қағида болып табылады. Практикалық адамгершілік тәжірибені ұйымдастыру, жаттықтыруды жағымды қылықтарға пайдалану азаматтық тәрбиенің жетекші әдісі болып табылады. Практикалық іс – әрекетте бала адамгершілік тәжірибе жинап, өз құрбы – құрдастарымен, үлкендермен қарым – қатынас жасауға кіріседі.

Педагогқа бала қылықтарының мотивтерін түсіну және дұрыс бағалай білу өте қажет.

  1. Кіші мектеп жасындағы оқушылардың бойында Қазақстандық патриотизм сезімі мен ұлт аралық қатынас мәдениетін тәрбиелеу.

Патриотизм – еліміз азаматының аса маңызды азаматтық қасиеті.

Патриотизмнің мәні – Отанға деген терең және саналы сүйіспеншілік, оған берілгендік, оның табыстары мен жетістіктерін мақтан ету сезімі, оны бұрынғыдан да құдыретті және көрікті етуге барынша ұмтылу.

Патриотизмнің бірден – бір өте дамыған формасы – интернационалды патриотизм. Бұл ұлттық мақтаныш сезімінің бірлігінен, елімізді мекендеген барлық ұлттар мен халықтарға және бүкіл дүние жүзі еңбекшілеріне деген құрмет, туысқандық қарым – қатынастардан көрінеді.

Патриотизм өзінің сипатымен, Отанды сүю және оны өзінің еңбегімен нығайтуға, жаулардан қорғауға дайын тұру сезімдерінің бірлігімен ерекшеленеді.

Патриотизмнің бүкіл халықтық сипаты Қазақстан халқының моральдық -саяси бірлігімен, Отанға берілгендігінен, ел басы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа жолдаған жолдау ісінің дұрыстығына кәміл сенуінен көрінеді.

Отанға деген сүйіспеншілік Қазақстан халқын еңбек және жауыынгерлік ерліктерге шабыттандырады, олардың өміріне қоғамдық маңыз береді және рухани байытады. Оқушылардың Отанын сүю сезімі отбасындағы, мектептегі, бүкіл қоршаған болмыстағы патриоттық атмосфераның ықпалынан туады. Қазақстан адамдарының Отан игілігіне сіңірген еңбегі, елімізде болып жатқан оқиғалар мен қоғамдық өмірдегі құбылыстар, бүкіл халықтық қоғамдық – саяси мейрамдар, ғарышқа ұшу, түрлі ұлттардың өнері, спорт жарыстары және т.б. бьалалардың назарын өздеріне аударады. Туған табиғатпен қарым – қатынаста болу терең эмоциялық сезім тудырады.

Бастауыш сынып оқушыларын Отан қорғаушылардың өмірі, қызметі, ерліктері қызықтырады. Оқушының Отанға деген сүйіспеншілігі қоршаған өмір ықпалымен қалыптасады, бірақ мұнда ата – аналар мен мұғалімдердің мақсатты ықпалы шешуші рөл атқарады. Отанға деген сүйіспеншілік сезімі балаға қамқорлық жасап, көңіл аударып еркелететін жақын адамдарға, отбасыға деген сүйіспеншілік пен үйірсектіктен туындайды.Туыстарға деген сүйіспеншілік, құрмет сезімі бірте – бірте ұлғайып, басқа адамдарға – мектеп қызметкерлеріне, көршілеріне және таныстарына ауысады. Үлкендердің мінез – құлқынан үлгі ала отырып, оқушылар отбасында қалыптасқан ұғымдарды, сөйлеу мәнерін үйренеді. Оқушылар адамдар арасындағы қарым – қатынастардың, ерекшеліктердің сипатын жақсы түсінеді.

Мақсат – адамдарға деген сүйіспеншілік пен үйірсектік сезімін неғұрлым саналы да пәрменді ету. Педагог бастауыш сынып оқушыларына ата – аналар еңбектерінің маңызы туралы әңгімелеп, олардың балаларына деген қамқорлығын көбірек атап көрсетеді. Бұл мақсатта ол әңгімеге көркем әдебиеттер пайдаланады, суреттер көрсетеді, экскурцияға шығарады. Мектеп – баланың екінші отбасы, мұнда ол мектеп мекемесі қызметкерлерінің ықыласына, қамқорлығына, сүйіспеншілігіне бөленеді. Оқушылар ересектер еңбегіне ұқыпты қарауға, оларға көмектесуге тырысулары керек. Оқушылардың туған табиғатты сүю, оның әсемдігін сезіну қабілетін тәрбиелеу, оның байлығын сақтап, аялап, молайта беруге баулу – мұғалімнің екініші бір күрделі міндеті.

Кіші мектеп жасындағы оқушыларды туған елмен таныстыра отырып, мұғалім оларға өздерінің еңбегімен елін тамаша да құдіретті етуге қажеттің бәрін жасаған Қазақстан адамдары туралы, бұлардың Отанды бұрынғыдан да көркейте түсуге, ал барлық адамдар өмірін бақытты да қуанышты етуге тырысқаны туралы әңгімелейді.

Отан табыстарының күзетінде тұрып, халқымыздың бейбіт өмірі мен еңбегін қамтамасыз етіп жатқандарға құрмет көрсетіп, оларды сүйіспеншілікпен бөлеу париотизмнің құрамды бір бөлігі болып табылады.

Педагогтың міндеті – оқушыларға олардың шамасы келетіндей етіп Қазақстан әскері туралы мәлімет беру және осының негізінде оны сүюге, оны мақтаныш етуге және біздің сарбаздарымызға ұқсас, батыл, денсаулығы күшті, әдісшіл, тату және ұйымшыл болуға тәрбиелеу.

Мұғалім оқушылардың Қазақстан әскеріне деген ынтасын ескереді: әуелі оларды әскери форманың әдемілігі, әскери ритуалдардың әсерлілігі қызықтырады. Мұғалім оқушыларды сыртқы көріністен неғұрлым елеулі мәніне – Қазақстан сарбаздарының патриотизміне, Отанды қорғауға дайын екендігіне, сарбаздық дағдыны үнемі жетілдіре беруіне қарай ойыстырады. Бұған әңгімелесу, әңгімелер және өлеңдер оқу арқылы қол жетеді.

Бастауыш сынып оқушылары Қазақстан әскерінің сарбаздық ерліктері мен күнделікті өмірін бейнелейтін суреттер мен иллюстрацияларды бар ықыласымен қарайды. Оқушыларды әр түрлі әскер түрлерімен, сарбаздық марапаттаулармен, азамат және Ұлы Отан соғыстары батрыларының есімдерімен таныстырады. Олардың ескерткіштеріне бару, гүлдер қою дәстүрге айналады.

Оқушыларды интернационалист етіп өсіру – мұғалімнің күрделі еңбектерінің бірі. Мұғалім оқушыларға Қазақстан халқы – біртұтас отбасы, оған әр түрлі ұлттар мен халықтар кіреді, олардың бәрі тату – тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатыр деген негізгі идеяны жеткізеді. Әр түрлі ұлттың адамдары туралы берілген әсер мен түсінік негізінде оқушыларда оларға деген ықылас, достық сезімі қалыптасады.

Бастауыш сынып оқушыларын Қазақстанның рәміздерімен: тумен, елтаңбамен, әнұранмен, ұлттық теңгемен таныстырады.

  1. Кіші мектеп жасындағы оқушылардың азаматтық тәрбиесінің

жалпы адамдық аспектілері.

Тәртіптілік, тәртіпке әдеттену – өз мінез – құлқын қоғамдық тәртіптің белгіленген нормаларына міндетті және саналы түрде бағындыру. Тәртіптің болуы кез – келген іс – әрекетті, әсіресе ұжым жағдайында, ұйымдастыру үшін өте қажет. Тәртіптілікті жүзеге асыра отырып, адам қоғамда мінез – құлық ережелеріне, өқзімен бірге еңбек етіп, бірге тұратын, бірге дем алатын адамдарға деген өз құрметін де көрсетеді.

Тәртіп адамның қалыптасуында маңызды рөл атқарады, оның ұжымның ортақ талаптарына бағыну қабілеті, онда қалыптасқан өмір ережелерін орындау, ортақ мүдделерге немесе оны орындау мүмкіндіктеріне қарсы орынсыз тілектерден өзін тыя білу, мінез – құлық ұйымшылдығы,тіл алғыш болу, өзін бақылай білу сияқты жақтарын тәрбиелеуге көмектеседі. Сондықтан да тәртіп бүкіл тәрбие жұмысының неәтижесі ретінде қаралуға тиіс. Бұл қағиданы А.С. Макаренко ерекше атап көрсетті.

Педагогика жеке адамның адамгершілік сапларының калыптасуында, олардың сыртқы көрінісі мәнерінде, қарым – қатынас және мінез – құлық мәдениетінде біріңғай позицияда тұрады.

Мектеп оқушыларда белгілі бір мінез – құлық нормаларын қалыптастырады, бұларда үлкендерге, құрбыларына, қоғамдық мүлікке қарым – қатынасы бейнеленіп, мінез – құлық мәдениеті көрінеді. Мектепте балалар заттарға ұқыпты қарауға тәрбиеленеді. Заттарға қарау нормаларына оларды орнымен пайдалана білу, әрқашанда орнына қою жөндеу жатады. Бастауыш сынып оқушылары еңбекке деген дұрыс көзқарасты бейнелейтін мінез – құлық номаларын меңгереді. Оқушыларда бұл қарапайым еңбек тапсырмаларын бар ынтасымен орындауынан, айналасындағы адамдардың еңбегіне ықыласпен қарауынан көрінеді. Оқушыларды тәртіптілікке, мінез – құлық мәдениетін тәрбиелеудің неғұрлым маңызды шарты – мұғалім мен ата – аналардың беделі мен мәдениеті. Мұғалімнің мәдениеті, оның оқушылармен қарым – қатынасының сипаты, өзара қарым – қатынас стилі олардың тәртіптілігін қалыптастырудабірінші дәрежелі маңыз алады. Оқушылар беделді мұғалімдерге еліктейді, оның жылы сөзі мен әдептілігін құрдастарымен өзара қарым – қатынаста пайдаланылады.

Оқушыларды тәртіптілікке тәрбиелеудің маңызды шарттарының бірі – күн ырғағын (режимді) дәл орындау. Күнделікті тәртіптің дұрыс орындалуы оқушыларды өздерін бір қалыпты ұстауға, оларды аса қалжыратпай іс – әрекеттің бір түрінен екінші түріне дер кезінде ауысып, белсенді қызмет пен демалыс сағаттарын алма – кезек ауыстырып тұруға мүмкіндік береді.

Мектепте оқушылардың мінез – құлқы біздің қоғамның моральдық нормаларына сай ережелермен реттеліп отырады.

Мінез – құлық ережелері біртіндеп енгізіледі, өйткені І – сынып оқушылары бірнеше талапты бірден есіне сақтап, өз қылықтарын соларға сәйкес реттей алмайды.

Оқушыларды белгілі бір ережелерге сай мінез – құлық тәжірибесін қалыптастыруда мұғалімнің бақылауы үлкен орын алады.

Бақылау мен бағалау әрқашан да қатар жүргізіледі.

Тәрнтіптілікке және мінез – құлық мәдениетіне тәрбиелей отырып, педагог балалардың мінез – құлқына деген талаптарды үнемі күрделендіріп отырады, мұнда ол олардың тәжірибесін ережелерді игеру дәрежесін, мінез – құлқын саналы түрде тәртіптеу қабілетін ескереді.