Аграрлық құқықтың қайнар көздері

Аграрлық құқықтың қайнар көздерінің түсінігі туралы мәселе құқық теориясы ғылымындағы құқықтың қайнар көздері туралы жалпы ілімнің құрамдас бөлігі болып табылады. «Құқықтың қайнар көзі» ұғымы құқықтық нормалардың қайнар көзі ретінде жиі қаралады, яғни құқық мазмұны жағынан алғанда. Бұл мағынада берілген ұғым қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтың мазмұнын анықтайтын қоғамның материалдық даму жағдайын білдіреді.

“Құқықтың қайнар көзі» термині тиісті құқықтық норманың мазмұнын анықтайтын әдістер мен нысандар ретінде қолданылады, басқаша айтқанда құқықты анықтайтын нысан. Құқық теориясында заңдық қайнар көздер немесе құқықтың нысандары деп әрекет етуші құқық нормаларының ресми анықталған нысаны және бекітілуі, сонымен қатар тиісінше өзгертілуі мен күшін жоюы түсіндіріледі. С.С. Алексеевтің берген анықтамасы: «Құқықтың қайнар көзі» дегеніміз мемлекетпен шығарылған немесе онымен ресми танылған құқық нормаларын құжаттық анықтау нысаны және бекітілуі, оларға заңдық және жалпыға міндетті мән беру».

Сонымен қатар әр саланың қайнар көздері оларды құқықтың қайнар көздерінің жалпы жүйесінен бөліп қарауды қажет етеді. Яғни берілген актілердің қай салаға жататындығын анықтауды қажет етеді. Нормативтік актінің қай салаға жататындығы берілген актімен реттелетін қоғамдық қатынастардың ерекшелігімен анықталады.

Аграрлық құқықтың қайнар көздері аграрлық қатынастарды құқықтық реттеу саласындағы заңдық институттардың қалыптасуы және дамуына әсер ететін маңызды фактор ретінде мемлекеттің аграрлық саясатын анықтаудың және бекітудің нысаны болып табылады. Мемлекет аграрлық саясатты анықтай отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін ұтымды көтеруге және аграрлық реформаны таратуға бағытталған шаралар жүргізе отырып, аграрлық қатынастарды реттеу және қорғауды жүзеге асыратын аграрлық заңдарға да үлкен мән беріп отыр.

Аграрлық қатынастарды реттейтін нормалардың көпшілігі ауыл шаруашылығы қызметімен шұғылданатын ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен азаматтардың қызметін анықтайтын нормативтік актілерден тұрады. Осы нормалардың жиынтығы аграрлық заңдарды құрайды. Сонымен қатар аграрлық қатынастарды реттейтін көптеген нормалар басқа құқық салаларының заңдарында кездеседі, мысалы, конституциялық, азаматтық, еңбек, жер, әкімшілік, қаржылық, қылмыстық, экологиялық құқықтары салаларының. Осы нормалар аграрлық құқықтың нормаларымен біріге отырып, аграрлық құқықтың қайнар көздерін құрайды. Аграрлық құқықтың қайнар көзінің ұғымы аграрлық заң ұғымынан анағұрлым кеңірек.

Кешенді құқық саласының қайнар көздері ретіндегі аграрлық құқықтың қайнар көздері өзінің нормаларымен қоса басқа құқық саласының нормаларында осы саланың қайнар көзі ретінде танылады. Бұл басқа құқық саласының қайнар көздерінің негізгі саланың қайнар көзі ретіндегі өз мәнін жоғалтады деген сөз емес. Бұдан нормативтік актілердің әр түрлі қоғамдық қатынастарды реттей беретінін көруге болады. Егер әдеттегі құқық салаларына нормативтік актілер олардың қандай қоғамдық қатынастарды реттейтіндігіне байланысты қатысты болса, ал кешенді салаларда, соның ішінде аграрлық құқыққа да, осы қатынастың ерекшелігіне қаншалықты қатысты болатындығына байланысты. Бұл — ауыл шаруашылық коммерциялық ұйымдарының және шаруа (фермерлік) қожалықтарының қатысуымен болатын меншікке, тауар ақша айналысына, шарттық және міндеттемелік қатынастарға байланысты қызметтерді реттейтін нормалар.

Аграрлық-құқықтық ғылымда аграрлық қатынастарды реттейтін құқықтың негізгі салаларының нормалары екі жақта тіркелген нормалар ретінде қаралады. Бұл құқықтық нормалардың бір уақытта негізгі де, кешенді де құқық салаларына қатысты болуында аграрлық құқықтың кешенді құқық саласы ретіндегі қайнар көздерінің ерекшеліктері жатыр.

Аграрлық құқықтың қайнар көздері дегеніміз — агроонеркәсіптік кешен саласындағы қатынастарды, яғни аграрлық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер. Мұндай нормативтік құқықтық актілерге мынадай белгілер тән болу керек. Біріншіден, мемлекеттік-билік күшін тасушы болуы керек. Екіншіден, олар арнайы өкілетті органмен немесе лауазымды тұлғамен қабылдануы керек. Үшіншіден, нормативтік сипатта, яғни көп рет қолдануға арналған болуы керек. Төртіншіден, саны анықталмаған субъектілерге бағытталған болуы керек. Бесіншіден, барлық субъектілерге міндетті болуы керек. Н.Н. Ведениннің ойынша, құқықтың қайнар көзі дегеніміз заңдық мағынада оларды жалпыға міндетті ететін тәртіп ережелерін көрсетудің ерекше нысаны болып табылады.

Б.А. Жетпісбаевтың ойьнша, аграрлық құқықтың қайнар көзі дегеніміз аграрлық қатынастарды құқықтық реттеу саласындағы мемлскеттің аграрлық саясатын бекітетін және заңдық институтардың дамуына әсерін тигізетін әр түрлі құқықтық нормаларда көрсетілетін мемлекеттің еркін білдіру әдісі.

Сонымен қатар осы еңбегінде Б.А. Жетпісбаев аграрлық құқықтың қайнар көзіне мынадай да анықтама береді: «Белгіленген нысандағы, өкілетті орган қабылдаған, белгіленген аумақта, белгіленген уақытта және белгіленген тұлғаларға қолданылатын аграрлық құқықтық нормаларды өзіне енгізетін, аграрлық заңдардың жүйесінің элементі болып табылатын құжат

Г.Е. Быстровтың ойынша, аграрлық құқықтың қайнар көзі дегеніміз құзыретті мемлекеттік органдардың, ауыл шаруашылық коммерциялық ұйымдарының, шаруалардың қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының, аграрлық қатынастарды реттеуге және қорғауға арналған, ауыл шаруашылық қызметі саласында пайда болатын бірыңғай және дифференциациялық нормативтік құқықтық актілерде көрініс табатын халықтың мемлекеттік еркін білдірудің сыртқы нысаны

Аграрлық құқықтың қайнар көздерін саралау.

Аграрлық құқықтың қайнар көздерін анықтау бірқатар қиындықтарға әкеп соқтырады, ол әр түрлі деңгейде көптеген нормативтік актілердің шығарылуымен байланысты. Осы қиыншылықтардан шығу үшін оларды саралау ұсынылады. Саралаудың негіздері мынадай:

  1. Заңдық күшіне байланысты заңдарға және заңға негіз актілерге бөлінеді.

а) заңдар — Қазақстан Республикасының Парламентімен қабылданған нормативтік аткілер.

б) қалған барлық нормативтік аткілер заңға негіз актілер болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасының Президентімен, Парламентімен және өкілді және атқарушы билік органдарымен, министрліктермен және ведомстволармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қабылданған актілер. Заңға негіз нормативтік актілерге сонымен қатар тек өздеріне ғана заңдық күші жүретін нақты ұйымдармен, мекемелермен және кәсіпорындармен қабылданатын локальдық нормативтік-құқықтық актілер де жатады.

  1. Нормативтік құқықтық актілерді шығарушы органдары бойынша.
  2. Аграрлық құқықтық қатынастардың субъектілері бойынша.
  3. Құқықтық реттеу пәні бойынша және т.б. Нормативтік-құқықтық актілерді шығарушы органдар бойынша саралау ол шығарушы органдардың иерархиялық құрылымына байланысты. Ол төменгі тұрған органның шығарған актісінің жоғарғы тұрған органның актісімен сәйкестігі негізінде қамтамасыз етіледі.

Аграрлық қатынастардың субъектілері бойынша саралау әр түрлі ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің құқықтық жағдайын анықтайтьн нормативтік-құқықтық аткілерге негізделеді.

Аграрлық құқықтың қайнар көздері құқықтық реттеу пәні бойынша ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу туралы, ауыл шаруашылық жер пайдалану, су пайдалану туралы, аграрлық кәсіпорындардың шаруашылық өндірістік қызметтері туралы, шарттық қатынастар тәртібі туралы және т.б. сияқты нормативтік актілерге сараланады.

Аграрлық-құқықтық ғылымда аграрлық құқықтың қайнар көздерін құқық шығармашылық әдісі бойынша, яғни мемлекеттің нормативтік-құқықтық актілеріне, санкцияланған актілерге, тапсырма бойынша шығарылған актілерге саралауда орын алады. Мемлекеттің нормативтік-құқыктық актілері бірыңғай заңдық мазмұнға ие аграрлық құқықтың қайнар көздерінің жүйесін құру үшін негізгі нормативтік материал болып табылады. Санкцияланған құқық шығармашылық мемлекеттік органдардың ауылшаруашылық кәсіпорындарының және шаруалардың қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының нормативтік актілерін қарау және бекітуге бағытталған қызметін көрсетеді. Мысалы, ауылшаруашылық кәсіпорындарының қызметі осы кәсіпорындарды әділет органдарында тіркеген уақыттан бастап қана заңды болып табылады.

Тапсырма бойынша құқық шығармашылық ауыл шаруашылық кәсіпорындары, шаруалардың қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының қызметі барысында аграрлық қатынастарды реттейтін нормативтік актілер шығаруынан көрінеді. Бұл жағдайда мемлекеттің шығарған актілерінің аграрлық қатынастарды реттеуде күшін жоғалтуға әкеп соқтырмайды. Мысалы, коммерциялық және коммерциялық ұйымдардың құқықтық жағдайы туралы заңдарға сәйкес ұйымның жарғысы жалпы жиналыста (құрылтайшылар жиналысында) қабылданады. Жоғарыда көрсетілген аграрлық құқықтың қайнар көздерін саралау бірден-бір болып табылмайды.

1998 жылғы 24 наурызда қабылданған «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес нормативтік құқықтық актілер негізгі және туынды болып бөлінеді.

Нормативтік құқықтық аткілердің негізгі түріне мыналар жатады:

  1. Конституция, конституциялық заңдар, кодекстер, заңдар;
  2. Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентінің басқа да нормативтік-құқықтық Жарлықтары.
  3. Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның палаталарының нормативтік қаулылары.
  4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің аграрлық қатынастарды реттеу саласындағы нормативтік қаулылары.
  5. Конституциялық Кеңестің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары.
  6. Қазақстан Республикасы министрлерінің және басқа да орталық мемлекеттік органдардың басшыларының нормативтік бұйрықтары.
  7. Маслихаттардың және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері.

Нормативтік құқықтық актілердің туынды түріне мыналар жатады:

Регламент — белгілі бір органның немесе оның құрамдас бөлігінің ішкі қызмет тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акт. Мысалы, ауыл шаруашылық серіктестіктерінің ішкі тәртіп ережелері, ауыл шаруашылық филиалдар мен өкілдіктер туралы ереже.

Ереже — белгілі бір мемлекеттік органның немесе оның құрамдас бөлігінің мәртебесін және құзыретін анықтайтын нормативтік құқықтық акт. Мысалы, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігі туралы ереже.

Тәртіп — белгілі бір қызмет түрінің ұйымдастырылуының және жүзеге асырылуының тәртібін анықтайтын нормативтік құқықтық акт.

Нұсқау — белгілі бір қоғамдық қатынастың саласында заңның қолданылуын анықтайтын нормативтік құқықтық акт.

Аграрлық құқықтың қайнар көздерін саралау басқа да белгілерге сәйкес жасалуы мүмкін.

Реттеу пәні бойынша жалпы және арнайыға бөлінеді. Жалпы аграрлық қатьнастарды да, сонымен қатар басқа да қоғамдық қатынастарды реттейтіндігімен және оның реттеу аясы кеңдігімен сипатталады. Мұндай актілер қатарына Қазақстан Республикасының Конституциясы жатады23.

Арнайыға тек аграрлық қатьнастарды реттейтін актілср жатады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтардың дамуын мемлекеттік реттеу туралы Заңы. Аграрлық құқықтың қайнар көздерін құқықтық реттеу пәні бойынша ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеу туралы, ауыл шаруашылық жер пайдалану туралы, аграрлық кәсіпорындардың шаруашылық-өндірістік қызметі туралы, шарттық қатынастардың тәртібі туралы және т.б. сияқты саралауға болады.

Заңдардың саласы бойьнша, мысалы, Қазақстан Республикасының Жер кодексі, ҚР Су кодексі, ҚР Орман кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, ҚР Еңбек туралы Заңы, ҚР Азаматтық кодексі және т.б.

Құқықтық реттеу сипаты бойынша материалдық және іс жүргізушілік болып бөлінеді.

Материалдық сипаттағы нормативтік құқықтық актілер — олар құқықтың материалдық нормаларын құрайтын актілер. Материалдық аграрлық-құқықтық нормалар тиісті қатынастардың қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін, сонымен қатар жауапкершілігін бекітеді. Олар ветеринария, өсімдік шаруашылығы, өсімдік карантині, астық туралы және т.б. заңдарда көрсетілген.

Аграрлық құқықтың материалдық нормаларының көптеген мөлшері іс-жүргізу әрекеттерін жүзеге асырудың және тиісті реттелудің көмегімен ғана қолданылуы мүмкін. Іс жүргізушілік сипаттағы аграрлық құкықтың қайнар көздері аграрлық қатынастар саласьндағы процессуалдық катынастарды реттейді. Олар, мысалы мына қатынастарға қатысты болады: жерлерді пайдалануға беру, банкрот деп тану рәсімдері, кредиттеу, қаржылық-лизингтік қызметтер рәсімдері және т.б. Іс жүргізуші сипаттағы акт болып Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі табылады.

Мазмұны бойынша, мысалы, әр түрлі ауыл шаруашылық құрылымдарының қызметін реттейтін кешенді: Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы, салалық: Жер кодексі, Су кодексі, Азаматтық кодекс, Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы «Ауыл шаруашылық серіктестіктері және олардың одақтастықтары туралы» Заңы, 1998 жылғы 31 наурыздағы «Шаруа (фермерлік) қожалықтары туралы» Заң, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы заң.

Аграрлық қатынастарды реттеудегі мәні, дәрежесі бойынша аграрлық құқықтың қайнар көздері негізгі нормативтік-құқықтық актілерге және көмекші актілерге бөлінеді.

Негізгі нормативтік-құқықтық актілер әрекет ететін заңның құрылысын құрайды және осы актілерде бекітілген белгісіз адамдар тобына қолданылатын жалпы сипаттағы тәртіптер болып табылады. Мысалы, жер пайдаланушыға, жерге меншік иесіне бекітіліп берілген жер учаскесін ұтымды пайдалану міндеті көзделген.

Көмекші нормативтік-құқықтық актілер, әдетте, техникалық-заңдық сипатта болады және реттеліп отырған қатынасқа нормативтік актінің дұрыс қолданылуына мүмкіндік етеді. Құқық қолданушылық тәжірибені жетілдіру бойынша нақты көмекші рөлді стандарттар, мысалы, Мемлекеттік стандарттар: «Жер», «Су» атқарады. Берілген нормативтік-құқықтық актілер аграрлық қатынастардың субъектілері үшін қандай да бір міндеттер бекітпейді және жекелеген объектілерге қатысты қандай да бір құқықтар да бермейді, бірақ бұл стандарттар заңның мазмұнын ашуға ықпал етеді, құқық колданушылық тәжірибесінде мүмкін болатын қателерден сақтандырады. Мысалы, Мемлекеттік стандарт 26640-85 «Жерлер. Терминдер және анықтамалар» «Жерді ұтымды пайдалану» ұғымын ашып, дұрыс түсіндіруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік стандарт 17.1.3.07-82 Табиғатты қорғау. Сулардық су тоғандарының және су ағындарының сапасып бақылаудың тәртібі.

Көмекші нормативтік-құқықтық актілердің болмауы негізгі нормативтік-құқықтық актілердің қолданылуын қиынға соқтырады.

Көмекші нормативтік-құқықтық актілердің қатарына Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын жатқызуға болады. Көмекші нормалар аграрлық заңдар саласындағы құқықтық нормалар кемшіліктерінің орнын толтырады.

Нормативтік құкықтық актімен қоса аграрлық құқықтың қайнар көздері ретінде Қазақстан Республикасында ресми шарт және құқықтық әдет-ғұрып танылады.

Шарт — тәртіп ережелерінен тұратын, осы субъектілерге ғана міндетті болып табылатын, екі немесе одан да көп субъектілердің келісімі. Шарт жекелеген тұлғалардың арасындағы құқықтық байланысты құру функциясын орындайды, осындай байланыстарды құру болып табылады.

Мысалы, ауыл шаруашылығында болатын барлық шаруашылық қатынастар негізінен шарттық негізде шешіледі.

Қазақстан Республикасьның Азаматтық кодексінің 383-бабына сәйкес, шарт тараптар үшін оны жасасу кезінде қолданылып жүрген заңдармен белгіленген міндетті ережелерге (императивтік қалыптарға) сәйкес келуге тиіс.

Егер шарт жасалғаннан кейін шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшін міндетті ережелер заңдармен белгіленген болса, жасалған шарттың ережелері оның күні бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгілегендегіден басқа жағдайларда өз күшін сақтайды.

Шарт- құқықтың қайнар көздеріне қойылатын барлық талаптарға сәйкес келеді, сондай-ақ аграрлық құқықтық қатынастардың заңдық нысанының көрінісі болып табылады және оған мынадай белгілер тән:

біріншіден, шарттың қатысушыларының орьндауы үшін міндетті тәртіп ережелерін қамтиды, ерікті түрде шарттың барлық жағдайлары орындалмаған жағдайда мемлекеттің күштеу шаралары қолданылады;

— екіншіден, шарт шартта көрсетілген мерзімде, кеңістікте және тұлғалар арасында жүзеге асады және осы уақыт арасында заңдық күші болады. Өзінің заңдық күшін шарт жасалған мерзім біткен уақытта жояды немесе шартта көрсетілген талаптар мерзімінен бұрын орындалған жағдайда, немесе шартты бұзу салдарынан оның күші жойылады.

— үшіншіден, шарт тең құқықтық мүмкіндікке ие субъектілер арасында қалыптасатын қатынастарды реттейді және келісімге келу, заңдылық, құқықтық қорғалу және т.б. қағидаларға сүйенеді.

Нормативтік шарттар мемлекет ішілік және халықаралық, құрылтай және жай, типтік және ағымдағы болып сараланады және аграрлық қатынастарды реттеуде үлкен мәнге ие болуда.

Аграрлық құқықтың қайнар көздерінің ішінде ерекше орынға халыкаралық-құқықтық келісімшарт қамтитын құқықтың қайнар көздері танылады. Қазақстанмен күші танылған халықаралық құқық нормалары Қазақстан Республикасы қатысушы болып танылатын барлық халықаралық шарттар, конвенциялар Қазақстандық заңдардың алдында басым күшке ие болады. Бұл деген сөз, егер халықаралық шарт және қазақстандық заңдық актілердің арасында қарама-қайшылықтар болса, онда бұл жағдайда халықаралық шарт нормалары қолданылуы тиіс. Осыған байланысты халықаралық шарт деп мемлекеттер арасында жасалған, Қазақстан Республикасымен ратификацияланған шартты түсіну қажет. Халықаралық шартқа үкіметаралық, ведомствоаралық келісімдер, Қазақстан Республикасының Үкіметінің әр түрлі шетелдік корпорациялармен жасаған шарттары жатпайды. Мұндай келісім түрлері халықаралық шартқа жатпайды және Азаматтық кодекстің 3-бабының 7-пупктіне байланысты қазақстандық азаматтық заңдардың императивтік нормаларына бағынулары керек.

Қазақстан Республикасы Азаматтық құқық нормалары қамтитын көптеген халықаралық конвенциялар және екі жақты шарттардың қатысушылары болып табылады. Мысалы, Халықаралық жүк тасымалдау шарты туралы Конвенция, Евразиялық Патенттік Конвенция, Женевалық вексель Конвенциясы, Капитал салымын жетілдіру және өзара қорғау туралы Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы шарт, Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда қатынастары туралы келісім және т.б.

Халықаралық шарттардың ұлттық заңдарға қарағанда басымдығы туралы тәртіп 1969 жылғы 23 мамырдағы халықаралық шарттардың құқығы туралы Вена Конвенциясынан бастау алады.

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 13 қарашадағы №103-2 заңымен «Ауылшаруашылық ғылыми саласындағы қызметтестік туралы» Халықаралық жүгері және бидайдың сапасын жақсарту орталығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы келісім ратификацияланды. Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2004 жылғы 20 тамыздағы №879 қаулысымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасында «Өсімдік карантині және оны қорғау бойынша қызметтестік туралы» келісім бекітілді.

Аграрлық құқықтың қайнар көздерінің көрсетілген тізіміне әдет-ғұрып көрсетілмеген. Әдет-ғұрып тарихи мағынада аграрлық қатынастарды қамтамасыз ету және реттеуде жазылмаған тәртіп ережелері ретінде үлкен мәнге ие болған. Ол қазіргі кезде құқықтық мәнге ие ме? Біздің ойымызша, ол құқықтық мәнге ие. Аграрлық қатынастарды реттеуде әдет-ғұрып үлкен тәжірбиелік мәнге ие, құқықтың қайнар көзі ретінде тәжірибеде қолданылады, бірақ ол бекітілген құқық нормаларында өз көрінісін тапқан.

Әдет-ғұрып ұзақ уақыт арасында әрекет етеді және мемлекеттік билікке қарамастан қолданыла береді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 3-бабы іскерлік айналымдағы әдет-ғұрып, егер шартқа немесе заңдарға қайшы келмесе ғана қолдануға болады деп көрсетеді. Осылайша, әдет-ғұрыптар заңға тәуелді және диспозитивтік сипатта болады.