Аграрлық құқық пәні

Аграрлық құқық пәні — басқа құқық салалары пәндері сияқты берілген құқық саласының нормаларымен реттелетін, нақтыланған қоғамдық қатынастар. Ерекше құқық саласының пәні болу үшін бұл қатынастарды басқа қоғамдық қатынастардан ажырататын, басқа құқық салаларының нормаларымен реттейтін арнайы ерекшеліктері болуы керек.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшеліктері аграрлық құқықтың да ерекшеліктерін көрсетеді. Ондай ерекшеліктердің қатарына төмендегілерді жатқызуға болады:

-ауыл шаруашылығы, өндіріс үшін тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушы экономиканың жалғыз саласы болып табылады;

— экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда ауыл шаруашылығында жер өндірістің негізгі құралы болып табылады, ал басқа салаларда олар өз объектілерін, яғни өз ғимараттарын орналастыратын жер ретінде қарастырылады;

-жерден басқа, ауыл шаруашылық өндірісінде өндірістің негізгі құралы ретінде тірі организмдер пайдаланылады, ал басқа салаларда мұндай жоқ;

— ауыл шаруашылық өндірісі топыраққа және табиғи-климаттық жағдайларға және адамның еркіне байланысты емес басқа да жағдайлармен байланысты;

— ауыл шаруашылығына маусымдық және өндірістің кезеңділігі (циклділігі) тән. Мысалы, жазда, көктемде және күзде жұмыстардың көпшілік мөлшері жасалады. Бұл контекстен ауыл шаруашылық кәсіпорындары жұмысшыларын қысқы уақытта жұмыспен қамтамасыз ету, еңбек ақыны жыл мезгілдеріне теңдей етіп бөлуді, еңбек демалыстарын дұрыстап беруді реттеу сияқты үдерістерді құқықтық реттеу керектігі көрінеді;

— ауыл шаруашылық өндірісінің кезеңділігі өсімдік және жануарлар дүниесінің дамуының биологиялық және физиологиялық ерекшеліктерімен тікелей байланыста болады. Бұл бірінші кезекте өсімдік және мал шаруашылықтарына, малға жем дайындау өндірістеріне қатысты (ветеринарлық — алдын алу шараларын жүргізудің малға өнім дайындаудың, егіс егудің маусымға байланыстылығы және т.б.);

— жұмыс уақытының өндіріс кезеңімен сәйкес келмеуі (мысалы, егіс кезінде егілген тұқым оны еккен егінші сол жерде жұмыс істейтін, істемейтіндігіне байланыссыз өсе береді немесе жаңа туған малдың төлі кімнің еңбегі екеніне қарамастан тірі ағзалардың дамуының биологиялық және физиологиялық заңдылықтарына сәйкес өсіп жетіле береді).

Ауыл шаруашылық өндірісінің аталған ерекшеліктері аграрлық құқықтың да ерекшеліктерін көрсетеді, ал бұл олардың байланысын және ұқсастығын білдіреді.

Осындай саланы бөліп шығару керектігі туралы сұрақтар (ол кезде ауыл шаруашылық құқығы деп аталған) ғылымда 70 жылдардың басында туындаған. Заң әдебиеттерінде бұл мәселелер бойынша даулар туындаған. Ол уақытта колхоздық құқық ауыл шаруашылығы саласындағы барлық қатынастарды қамти алмайтын, өйткені совхоздардың — мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарының саны тез арада өсіп кетті (олар тың жерлерде, сонымен қатар колхоздардың жаппай қайта құрылуының негізінде болды). Ауыл шаруашылық өнімдері өндірісін ынталандыруды және ұйымдастыруды, жоспарлауды реттеген көптеген Үкіметтің қаулылары және басқа да нормативтік актілер колхоздар мен совхоздарға тең негізде таратылды. Шаруашылық аралық кооперация деген құрылым пайда болды. Экономиканың дамуының жаңа жолдарын іздеу, азық-түлік мәселелерін шешу агроонеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдардың пайда болуына әкелді. Мұның барлығы ғылыми зерттелуді және құқықтық бекітілуді талап етті, сондықтан ауыл шаруашылығы туралы идея объективтік заңдылық болып табылды. Бұл даулар 80 жылдарда да жалғасты, ол жылдары бірқатар оқу құралдары жарыққа шықты, ал 1985 жылы «Сельскохозяйственное право» атты И. Козырьдың және В.В. Петровтың редакциясымен бірінші оқулық шықты.

Бірақ қазіргі кезде заң ғылымдарында мәні бойынша «ауыл шаруашылық құқығының» синонимі болып табылатын «аграрлық құқық» термині қолдауын тауып жүр.

Бір ғалым-заңгерлер аграрлық құқықты жеке сала ретінде бөліп шығарудың қажеттілігін дәлелдейді, ал басқалары әлі де дау туғызуда. Мысалы, А.И. Бобылев аграрлық құқық екінші қатардағы құқықтық құрылым емес және ол кешенді сипатта емес, өйткені құқықтың жүйесі құқық саласынан, құқық саласының салаларынан, құқықтық институттардан және құқықтық нормалардан тұрады дейді. Барлық құқық салалары нормативтік-құқықтық актілермен салыстырғанда бір деңгейде тұрады және иерархиялық тәртіпке бағынбайды. Аграрлық құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастардың бірыңғай сипаттылығы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қызметін ұйымдастыру бойынша қоғамдық қатынастармен анықталады.

Осыдан аграрлық құқық — ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қызметін ұйымдастыру бойынша қоғамдық қатьнастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын көрсететін, нақты құқықтық қағидаларға негізделген және өзіндік қайнар көздері және әдістері бар қазақстандық құқық жүйесінің жеке бір саласы.

Бірқатар ғалымдар екінші қатардағы құқықтық құрылымдар ретінде кешенді салаларды бөліп шығару керектігін негіздейді.

Кешенді құрылымдарға кіретін заңдық нормалар өздерінің бастапқы құрылымында, негізгі салаларда қалады және оларға тиісті негізгі салалардың жалпы ережелері қолданылады. Ал екінші құрылымдағы нормаларға олар, мысалы, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, еңбек құқықтарының нормасы бола отырып кіреді.

Сонымен қатар, әлеуметтік шындықтың санаты ретіндегі құқық саласының табиғатының өзі кешенді құқық салаларының бар болуын жоққа шығарады деген пікірлерде.