Көркем әдебиет туралы ой-пікірлердің қалыптасуы

Сөз өнері жайлы топшылаулардың туу тарихын, жалпы өнерге тән қасиет (әдемілік) хақындағы қағидалардың қалыптасу тарихын әдебиет пен өнер зерттеуші ғалымдар біздің эрадан бұрынғы VI ғасырдан, яғни Пифагор тұсынан бері қарай тұтастыра жүйелей жүр. Дұрысында адам баласының көркемдік талғамының алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын, Нил мен Нигер, Хуанхэ мен Янцзы, Инд пен Ганг, Тигр мен Евфрат жағалауларын мекендеген көне халықтардың рухани өмірі мен өнерінен пайда болған.

Байырғы вавилон жұртының “Көрмегені жоқ кісі туралы” дастаны немесе көне үнді халқының “Ригведа”, “Махабхарата”, “Рамаяна” жырлары тәрізді еңбекші бұқараның жер бетінде тұңғыш туғызған әдеби ескерткіштерге бақсақ, адам баласының сөз өнері, соған сабақтас көркемдік пен көріксіздік, ерлік пен ездік, жақсылық пен жамандық, білімдарлық пен надандық туралы талаптары мен талаптары мен талғамдары тіпті біздің эрамыздан бұрынғы 3 – 2 мыңыншы жылдарда туып, тұрлаулы ұғымға айнала бастағанын аңғарамыз.

Эллада эстетикасы да бірден школаға айналып, қауырт қалыптаса қалған жоқ. Гректің әдемілік туралы ілімі Пифагор мен пифагоршілердің (б. э. б. VI ғ.) дүниедегі зат атаулының түп мәнін санға сайған аңқау аңғарымдарынан басталады. Мәселен, олар музыка сазы үн шығаратын шектің ұзын – қысқалығана байланысты (ұзындық екі есе қысқарса, дыбыс – октаваға, екіден үшке қысқарса – квинтаға, үштен төртке қысқарса – квартаға көтеріледі) деп біледі де, музыканың математикалық негізі туралы өзгеше бір ілім туғызады. Бұл – идеалистік түсінік.

Бұған керісінше, диалектикалық түсінік Гераклит Эфесский (б. э. д. 530 – 470 жж.) толғамдарында жатыр. Пифагоршілер секілді, Гераклит те әдемілік дегенде негіз болатынын мойындайды, бірақ ол – сан емес, сапа деп біледі. Оның ұғымынша әдемілік тек қана нақты, затты нәрсеге тән.

Атомдық материализмнің негізін салушы Карл Маркс гректер ішіндегі тұңғыш энциклопедиялық ақыл иесі деп атаған атақты Демокрит (б. э. б. 460 – 370 жж.) әр нәрсенің әсемдігі оның мөлшерінде деп біледі : “мөлшерінен артық кету де, кем түсу де” оған ұнамаған. Күллі грек ойшылдарының ішінде бірінші болып Демокрит адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастарға айырықша назар аударған : адамдар өнер – білімді тірі табиғатқа еліктеумен тапқан деп көрсетеді. Оның ойынша, адам баласы өрмекшіден тоқуды үйренсе, қарлығаштан үй салуды, бұлбұлдан ән салуды үйренген. Бұл қызық топшылау.

Әйгілі Сократ (б. э. б. 469 – 399 жж.) ойлыларының Гераклит пен Демокрит пікірлерінен өзгешелігі, әрине, оның идеалистік сипатында. Дегенмен, мұның эстетикалық түсініктерінде де назар аударар жайлар көп. Мәселен, Сократ әр нәрсенің ажары оның қажетке жарамдылығында, ал ажарсыздығы жарамсыздығында деп түсінген. Бұл ретте, Сократтың сұлулық жөнінде Критобулмен айтысы әсіресе қызық.

Өнер мен эстетика мәселелерін өзінше байыптаған көне дүние ойшылдарының бірі – Сократтың шәкірті Платон (б. э. б. 427 – 347 жж.). Әдемілік туралы Платон теориясының философиялық негізі оның бұлжымас, бақи “идеялар” жайлы идеалистік және мистикалық ілімімен тығыз байланысты. Сөйте тұра, жалпы эстетикалық қисын-қағидалардың қалыптасуында Платонның орны айырықша деп білген жөн.

Платон өзінің “Үлкен Иппий” диалогында әдеміліктің анықтамасы ретінде мынадай уағыз ұсынады : жарамды нәрсе – пайдалы нәрсе; пайдалы нәрсені тәуір көресің ; тәуір көрсең – қуанасың ; қуаныш дегеннің көз бен құлақ арқылы келетін рахатты түйсік : әдемі адамдар, әр алуан әшекейлер, ұлағатты сөздер, әсерлі әңгімелер, музыка, сурет, зергерлік іс, зерделі әрекет, тағы басқа осылар секілділердің бәрін көресің де естисің, қуанасың да рахаттанасың. Ал ішу, жеу, тағы сондай түйсіктерадамды қанша рақаттандарғанымен әдемі емес, әшейін ұнамды ғана нәрсе ! Бұдан шығатын қорытынды “сұлу нәрсе – сүйкімді нәрсенің көзге көрінер, құлаққа естілер бөлігі”.

Аристотельдің “Поэтикасы” – өнер туралы тұңғыш философиялық – эстетикалық трактат. Сонымен қатар “Поэтика” өз кезегіндегі әжептеуір жүйеге түскен бірден – бір әдебиет теориясы екені де даусыз. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Көркем шығарманың көп – көп жайларын, әсіресе характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия, т. б. жайларын талдап – тексеруі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Аристотель еңбегінің ең құнды жері тарихта тұңғыш рет дұрыс және дәл эстетикалық принцип ұсынып, өнердің қоғамдық маңызын анықтап ашуында деп білу керек.

Көне дүниеде туған өнер жөніндегі терең толғам мен адам таң қалғандай тамаша талғам әйгілі Рим ақыны Квинт Гораций Флакктың (б. э. д. 65-8 жж.) “Поэзия ғылымы” деген теориялық поэмасында бар. Бұл шығарма алғашқы нұсқасында “Пизондарға хат” деп аталған-ды. Пизон деген ақсүйектің екі ұлы болған, үлкені дарынсыздау драматург екен. Гораций “Поэзия ғылымында” соларға айтқан ақыл түрінде өзінің бүтін бір эстетикалық жүйесін саралап ұсынады.

Әл-Фараби – дана философ қана емес, майталман математик,, үлкен дәрігер, дарынды музыкант, мықты әдебиетші болған адам. Әдебиет пен өнерге байланысты данышпан ғылымның бүкіл әлем эстетикасына айтулы үлес болып қосылған “Музыканың ұлы кітабы” атты көлемді, күрделі зерттеуін, “Музыка ғылымына кіріспе”, “Музыка жайлы талдау”, “Ырғақтарды топ-топқа бөлу” т. б әр алуан ғылыми еңбектерін атауға болады. Бұлардың қай – қайсысы болсын, әл – Фарабидің ірі эстетик, іргелі теоретик екеніне айғақ. Ал оның “Поэзия өнерінің канондары туралы трактат” мен “Поэзия өнері туралы” еңбегі өлең жайлы, жалпы ақындық өнер хақындығы аса бағалы байыптаулар болып табылады.

Данышпан сыншы, даңқты философ Виссарион Григорьевич Белинский (1811 – 1848) самодержавиелік-крепостниктік правоның қатал айыптаушысы, езілген шаруалардың мұң – мүддесі мен ой – арманының жалынды жыршысы болды. Оның “Әдеби арманнан” басталып, “Александр Пушкин шығармаларына” дейін өрлеп келетін, одан саф таза саяси өсиеті “Гогольге хатқа” шалқып шығатын барлық “қимыл қозғалыс үстіндегі эстетикасының” өткен ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихынан алатын орны орасан зор.

Кемеңгер жазушы – философ, ғылым – сыншы Николай Гаврилович Чернышевский (1828 – 1889) өткен ғасырдың екінші жартысындағы орыс революционер-демократтарының көсемі болды. Ол әдебиет пен өнердің қоғамдық қызметі туралы Белинский пікірлерін одан әрі өрістетіп, өзінің тамаша эстетикалық ілімін ұсынды. Чернышевский жауынгер матералистік философияның праграммалық дакументі ретінде танылған “Өнердің болмысқа эстетикалық қарым – қатысы” атты тамаша диссертациялық еңбегінде көркем әдебиеттің өмірдегі орнын, мақсаты мен міндетін белгілеп берді. Оның пікірінше, суреткер өмірдің тек күнгей бетін, жақсылық жағын ғана суреттеп тынбайы керек. Өмірдің өзі қандай жан – жақты болса, өнер де сондай жан – жақты болуы тиіс. Өнер адамға керек нәрселерді, адамды қызықтырар құбылыстарды толық қамтуға және дұрыс көрсетуге міндетті. Шындықты адамдарға ғылым қандай дәрежеде түсіндіп танытса, өне де солай етуі керек. Өнер “өмірдің оқулығы” болуы шарт. Ол үшін, Чернышевскийше, өмірдегі кез келген ұсақ – түйекті жіпке тізе бермей, жинақтау тәсілі қолданылуға тиіс. Бұл арада сыншының тип туралы ұғымы жатыр.

“Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыққан” (Веселовский) Ш. Уәлихановтың сөз өнері жайлы ғылымға қатысты еңбектері екі сала (ауыз әдебиетін жинау және жианаған нұсқаларын өзінше парықтау) екені мәлім. Бұл ретте, Шоқанның өзі “Дала Иллиадасы” деп бағалаған әйгіліі қырғыз эпосы “Манастың” бір тарауын (“Көкетайханның асы”) тұңғыш жазып алуы, өз халқының ұланғайыр өлең – жырларын ел аузынан іздеп тауып, талдап – тексеріп, оларды араб поэзиясымен салыстыра келіп : “Дала өмірін жырлаған поэзия болғандықтан, бұл екі елдің поэзиясы бір –біріне өте – мөте ұқсас, екеуінің де сюжеті дала өмірі тәрізді үнемі біркелкі болып келетінін”, бірақ қазақ поэзиясы – саф таза сұлу поэзия екенін, қазақ тілі араб тіліндей бояма . күлдібаламнмес, татаусыз төгілген, мөлдір тіл екенін дәлелдеуі – соншалық байсалды, парасатты, ғылым тұрғысынан әбден піскен, кәмілетті пікір.

Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай Құнанбаев, әрине, өзінің эстетикалық көзқарасын жүйелейтін ғылыми трактат жазып қалдырған зерттеуші де, сыншы да емес. Әйтсе де, оның тамаша творчестволық принциптері, сөз өнері хақындағы ұғым – түсініктері мен ой – пікірлері барлық көркем шығармаларындағы өн бойында желі тартып жатыр.