Міржақып Дулатұлының проза жанрын қалыптастырудағы ролі

Ағартушы-педагог ақын, күрескер – азамат ақын Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» жинағындағы өлеңдері – негізінен, саяси-әлеуметтік тақырыпқа жазылған, әсіресе, патша өкіметінің отаршылдық, озбырлық саясатын әшкерелеуге арналған саяси лирика.

Жинақтағы өлеңдердің соңғысы «Сөз ақыры» деп аталады. Ол өлеңінде: бұл шығармалары туралы сыншылардың пікір айтып, қатесі болса, ғибрат алу үшін, көрсетулерін өтіне келіп, өлең жазудағы себебін, негізгі мақсатын айтады. Үлгі-өнеге алған ұстаз ақындарын тілге тиек етеді.

Бұл сөзді жазғаным жоқ ақын болып,

Халық тентек, бір өзім мақұл болып.

Қайғы мен хал мүшкілін білдіргенім,

Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафіл болып.

Міржақып — өз халқына қызмет етуге бойындағы бар жақсы қасиетін, бар саналы өмірін арнаған, сол жолда қандай қиындық, ауыр азап, қауіп-қатер болса да, бәріне басын байлаған қайраткер, азамат ақын. Сондықтан да ол өзінің әдеби есімін (псевдонимін) «Азамат» деп атаған.

1910 жылы «Бақытсыз Жамал» романы басылып шығады. Өлеңмен жазылған «Сөз басынан» үзінді келтірейік:

…Оқуға емес жұрттың бәрі құмар,

Оқыған романды не деп ұғар.

Демеймін жалпақ жұрттың бәрі кеше,

Мағынасын түсінетін бар да шығар.

«Бақытсыз Жамал» — қазақ әдебиетінің тарихындағы тұңғыш роман. Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы жарық көрген «Қартқожа» романына дейін «Бақытсыз Жамалдан» асырып роман жазған қазақ жазушысы болған жоқ.

Міржақыптың көркем әдебиеттегі ұстазы – Абай. Жан-жақты терең білімді, әдебиетші, сыншы Ыдырыс Мұстамбаев 1927 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған «Көркем әдебиет туралы» атты көлемді мақаласында: «…Абайдың әдебиетке әсері қандай болды? Мол болды. «Оян қазақтан», «Масадан» бастап, соңғы барлық белгілі ақындарымыз үлгіні Абайдан алды» («Қызыл Қазақстан», №2 (58), 1927) жыл, 51-бет), — десе, Смағұл Садуақасов 1928 жылы Москвада басылып шыққан «Молодой Казахстан» (рассказы современных писателей Казахстана) кітабына жазған алғы сөзінде: «В начале этого столетия появляются первые последователи Абая. К ним можно причислить ныне живущих: А. Байтурсынова, М. Дулатова, М. Джумабаева…», — дейді.

Дулатовтың газет, журналдарда жарияланған шығармалары, мақалалары көп. Оның әдеби мұрасын жинап, ұқыпты зерттеп, жарыққа шығарып, халыққа жеткізу әдебиетші, тарихшы ғалымдарымыздың абыройлы борышы.

Міржақып Дулатов 1927 жылдың қаңтар айынан «Еңбекшіл қазақ» (Қызылорда) газетінің редакциясында редактордың көмекшісі қызметін атқарды.

1928 жылдың аяғында ОГПУ тұтқынға алып, екі жылдан астам түрменің ауыр азабын тартады. Ақырында ОГПУ Коллегиясы 10 жылға кесіп, 1931 жылы ақпанда лагерьге жөнелтеді. Соловец лагерінде жұмыс істеп жүріп науқасқа шалдығып, 1935 жылы 11 наурызда лагерьдің лазаретіне түседі. Алты айдан астам уақыт ауруханада жатып, 5 қазан күні қайтыс болады (Акт №533, 5 қазан 1935 ж.).