Міржақып Дулатұлы (1885-1935)

М. Дулатов – кезінде А. Байтұрсыновпен бірге әдебиет майданына шығып, «Оян қазақ!» деп ұран салған азамат ақын, жазушы, жалынды журналист, ағартушы-педагог еді.

Міржақып Дулатов 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Туған жері бұрынғы Торғай уезі.

1895 жылы ауылдық мектепке түсіп, орыс және қазақ тілінде сабақ оқиды. Он екі жасында (1897) Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне түседі. Оны бітірген соң, «ауылдық мектеп мұғалімі» деген атау алып шығады.

Тұңғыш өлеңі 1907 жылы Петербургте «Серке» атты қазақ газетінің бірінші санында жарияланады. Ол газеттің екі-ақ саны шығып, сонан соң жабылған.

Міржақыптың «Оян, қазақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы жарық көріп, елге тез тарап кетеді. Бұл жинақ 1911 жылы екінші рет басылып шығады.

Кітаптың сыртқы бетінде басылған:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты!

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал қарап боп,

Қазағым: енді жату жарамас-ты, —

деген бір ауыз өлеңінің өзінен-ақ «Оян, қазақтың» мұрат-мақсатын, негізгі идеясын айқын аңғарамыз.

Мұхтар Әуезов: «Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұран «Маса», — десе, Ахаңның «Қырық мысалы» мен «Масасына» іле-шала үн қосып, ұран салып шыққан Міржақыптың «Оян, қазағы» болатын».

«Оян, қазақтың» «Сөз басында» М. Дулатов былай дейді: «Дүниеге қатынасып жүрген оқыған адамдарымыз болмаса, біздің гумуми қазақ халқы пайдалы мәселелерден бейхабар еді. Себебі: дария қасында тамшы секілді, оқығандарымыз аздығынан, халқымыз шаһар ретінше емес, көшпелі әр жерде бытырп жүргендіктен, заман ахуалынан хабар білерлік, оқуға өз тілімізде газет жоқтықтан, татар туғандарымыздың әдеби тіліменен жазылған газеттері анық оқымаған халыққа түсініксізден дүниеде болып жатқан ғажайып уа ғарайыптан пайда ала алмай, біздің халық дүние сарайының бір қараңғы түкпірінде ұйықтап, ұмыт қалған секілді болып тұр.»