Ертегіден тыс прозалық жанрлар (аңыздық проза)

Сондықтан да әуел басында тарихи шындыққа, нақтылы деректерге негізделіп туған әңгімелер кейіннен халықтың ауызша айтатын аңыздары болып кеткен. Бұл әңгімелер бертін келе әр түрлі қоғамдық жағдайларға, халық тілегіне сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған, оған бергі заманның өмңр шындығынан туған жаңа оқиғалар, көзқарастар қосылған. Солардың бәрінде жаңағы адамдардың аттарын айнытпай сақтай отырып, соңғы кездің тілектерін көрсететінаңыздар да туған. Мысалға, Алдар көсе жайындағы қазақ аңыздарын алсақ, оларда әр заманның ізі жатқанын байқаймыз. Онда хандар билеген заманның да, бертінде байлар мен саудагерлер әкімдік еткен дәуірдің де елестері бар. Бұдан, бір жағынан, Алдар көсеге байланысты аңыздардың ерте заманда туғандығын аңғармақ; екіншіден, бергі кездің де жай-жапсары суреттелгенін көреміз. Ел қиялы ертедегі Алдар көсені бергі заманға алып келгенде, бұрынғы аңыздардың кейіпкерлері арқылы соңғы кездің суретін беруді беруді мақсат еткен деуге болады.

Аңыздардың әңгімесе тарихта болып өткен адамдар жайынан алынады дегенді біз шартты түрде (условно) айтамыз. Өйткені қазақтың аңыздарында аталатын Алдар көсе, Асан қайғы, Жиренше туралы тарихи деректер жоқ, тек аңыз-әңгімелер бар. Олардың қай ғасырда жасағанын да дәлдеп айту қиын. Бірақ солардай адамдар тарихта болуы мүмкін. Ерте кезде жазу-сызуы болмаған халық жаңағы адамдар жайында тек аңыздар қалдырған, онда тарихи адамдарды ауыз әдебиетінің кейіпкері етіп жіберген.

Алдар көсе.

Қазақ арасында туған аңыз-әңгімелердің бірсыпырасы Алдар көсе жайында айтылады. Бұлардың бәрінде ол халықтың ақылды-айлалы ұлы, тапқырлығына қулығы сай, ер көңілді, өжет жігіті болып суреттеледі.

Алдар көсеге байланысты аңыз-әңгімелер тек қазақта емес, ағайындас қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікпен, елдерінде де бар. Осы елдерде айтылатын аңыздардың бәрінде Алдар көсе халық ұлы, көпшілік атынан күреске шыққан, қанаушы тап адамдары мен алысып өткен азамат бейнесінде келеді.

Қазақтың аіңыз-әңгімелерінде Алдар көседе осындай ер жігіт, Қазақ аңыздарының қайсысы болса да оқиғаны күлдіргі халге, өткір мысқыл, ащы әжуаға құрады, олардың бәріне Алдар көсе халық өкілі ретінде белмсене араласып жүреді. Халықтың әңгіме-аңыздарының сүйікті кейіпкері болған Алдар көсе топас ханды, сараң байды, елді жегідей жеп жүрген саудагерді, әр түрлі діндар адамдарды мазақтап, күлкі етеді, олардың жағымсыз қылықтарын жұрт алдында жиренішті етіп көрсетеді. Осыған сәйкес аңыз-әңгімелерді халықтық тұрғыдан оның жағымды образы жасалады; Алдар көсені қалың көпшілік ортасынан шыққан және сол көпшіліктің мүддесі үшін кұрескен адам етіп бейнелейді.

Алдар көсе жайында қазақ арасында айтылатын аңыз-әңгімелердің тақырыбьы, мазмұны әр алуан болып келеді, соның бәрі еңбекші бұқараның тұрғысынан айтылады. Мұны біз “Алдар көсе мен Алаша хан”, “Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай”, “Алдар көсе мен саудагер” т. б. аңыз-ертегілерден көреміз. Осы аңыздарда аталатын хан, бай, саудагерлерді Алдар көсе өзінің тапқырлығы, ақыл-айласы арқасында алдап соғады, ел алдында мазақ, күлкі етеді. Оларды Алдар көсе қара басының пайдасын көздеп алдамайды, халықтың намысын қорғау үшін, еңбекшілерді езіп келген қанаушылардан кек қайыру үшін алдайды.

Алдар көсе жайында қазақ арасында шығарылып, көпке тараған аңыз-әңгіменің күрделісі – “Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай”. Бұл аңызда сараң, қалтырауық, пейілі тар байлар жөнінде халықтың сыны, көзқарасы қандай екенін айқындайды. Және де Шығайбай аңыз-әңгіменің жекелеп алған жексұрын кейіпкері ғана емес, ол сонымен қатар, өзі секілді ішетін асқа, киетін киімге жарымаған сілкіп саларға сырмағы жоқ ертедегі қазақ байларының кескін-келбетін, олардың өрісі тар, өресі аласа ой-жүйесін көрсетеді.

Асан қайғы.

Асан қайғыны сөз еткенде, кейбір ғалымдар оны тарихта болған адам және Жәнібек ханның (XV ғасыр) тұсында өмір сүрген деседі. Бұған келтірер тарихи дәлел, дерек жоқ. Сондықтан да біз Алдар көсе секілді Асан қайғыны да аңыз-әңгімелердің жағымда кейіпкері деп аламыз.

Халықтың аңыз-әңгімелері Асан қайғыны, ең алдымен, ел үшін қызмет еткен, халық қамын ойлағын ер-азамат, әрі әнші, домбырашы, әрі талапкер, тапқып, әрі құралайды көзге атқан мерген етіп көрсетеді. Халық аңыздарында оның аты Асан болады. Асан ел сүйген, көпшілік қамын ойлаған ер-азамат болып келеді. Осы тұрғыдан оның халық үшін жасаған істері суреттеледі.

Халықтық ортада туған аңыз-әңгімелердің бәрінде Асан жайы осылай баяндалады. Асанды ел қамқоры деп ардақтайды. Оның алға қойған мақсатына жете алмауын халық сөкпейді, қайта Асанның арманы бүгін болмаса, болашақта жүзеге асады деп сенім білдіреді.

Асан жайындағы халықтық аңыз-әңгімелердің мәнін қанаушы тапта, кейінен, ұлтшыл-байшылдар да төмендетуге тырысты. Олар халықтың ардақты азаматы болған Асанға жала жабуға дейін барады, Асанды хан сарайының жоқшысы етпек те болады. Және де олар “Асан қайғы айтыпты” деген атпен халық мүддесіне жат әңгімелер шығарады. “Асанның Жәнібек ханға айтқаны” дейтін әңгімеде немесе Бұқар жыраудың толғауында Асанды хандық құрылысты қорғаушы, соның қаймағы бұзылмауын көксеуші, яғни өз адамы етіп, көрсетушілік орын алады. Асан жайында феодалдық ортада туған бұл әңгімелерді халыққа жат және қанаушы таптың қоспасы деуге болады.

Сонымен, Асан жайында бір-біріне қарама – қарсы бағытта шығарылған аңыз-әңгімелер бар екенін көреміз. Мұның ішінде көркемі де күрделісі де халықтікі. Олай болса біз сол халық шығарған аңыздарды, халық ардақтаған Асанды аламыз.