Хайуанаттар жайындағы ертегілер

Бұл топтағы ертегілердің де алғашқы үлгілері өте ерте заманда туған. Ертедегі адамдар өздерінің күн көрісі үшін төрт аяқты хайуандарды пайдалану, оларды үйрету, асырау жайын қарасытырғын. Және де әрбір хайуанат туралы оның қасиеті туралды түрлі мифтік ұғым – түсініктер ойлап шығарған. Табиғат – сырын, жаратылыс құбылыстарын түсіне алмаған ертедегі адамдар әрбір хайуанаттың жаратушысы, иесі бар деп ойлаған, кейбір хайуанаттарды керемет тұтып, оған табынатын болған.

Ертедегі адамдардың хайуанаттар жайындағы әртүрлі мифке байланысты туған ескі ұғым – түсініктері, бертін келе, экономикалық дамудың, қоғамдық сана – сезім, өсуінің нәтижесінде жоғала бастайды. Адамдар хауйанаттарды өзі бағындырып алған кезде, ерте заманда мифтік ұғымдарға қиялға негізделіп туған және ертегі — әңгімелеріне қосылған ұғым – түсініктері, көзқарастары өзгере бастайды. Олар өздерінің ертегілерінде хайуанаттарды реалистік түрде алып, адам баласына келтірген пайда – зиянын, атқаратын қызметін көрсетуге талпынады.

Бұл айтылғандарды хайуанаттар жайында шығарылған қазақ ертегілерінен де көруге болады. Аталған тақырыптағы ертегілердің ерте кездегі мифтік ұғымдарға байланысты туған үлгілерінде, кейбір хайуанаттарды жаратушы, жарылқаушы, керемет күш бейнесінде алғандығы, ертедегі адамдардың оларды ие тұтып табынғандығы байқалады. Мұны “Ақ қасқыр”, “Жігіт пен қасқыр”, “Сиқыршы”, “Сырттандар” т. б. ертегілерден көреміз.

“Ақ қасқыр” ертегісінен ертедегі адамдардың қасқырды жарылқаушы ие деп түсінгендігі көрінеді. Бұл түсінігін дәлелдеу үшін ертегінің сюжеті түрлі – түрлі ғажайып халді бейнелеуге құрылады. Ертегінің оқиғасы мал өсіріп кәсіп еткен елдің тұрмысын, қыс кезінде қос шығарып жылқыны далада бағатын жайын суреттеуден басталады. Осыдан былайғы оқиға фантазия аралас дами береді.

Қызық ғажайып халге құрылған “Ақ қасқыр” ертегісі ертедегі адамдардың хайуанаттар жайындағы ескі наным — сезімдерін елестетеді. Бұларда да “Ақ қасқыр” ертегісіне ұқсас келетін ұғымдар, бұлдыр түсініктер беріледі.

Сөйтіп хайуанаттар жайында шығарылған ертегілердің алғашқы үлгілерінен ертедегі адамдардың, “жанды – жансыз табиғат турасындағы бұлдыр түсініктерін байқаймыз. Ондай ертегілер хайуанаттармен байланысты туған мифтік, діндік түсініктерді, әр хайуанды ғажайып сиқырлы сыры бар деп таныған тотемдік түсінікті аңғартады”. Ал бертін келе экономикалық, қоғамдық жағдайлардың және сана – сезімнің дамуына байланысты бұрынғы бұлдыр түсініктердің ыдырап, жойыла бастағанын көреміз.

Бергі заманда шығарылған халық ертегілерінде хайуанаттар бұрынғы керемет бейнесінде алынбай, жаңа кейіпте, реалистік болмысқа байланысты алынады. Осы ретте хайуанаттар жайы екі түрде алынып, қазақ ертегілеріне қосылады. Онда хайуанаттардың бір тобы (төрт түлік мал, үй хайуандары) шаруашылыққа келтіретін пайдасы, атқаратын қызметімен суреттеледі. Хайуанаттардың екінші тобы (жыртқыш аңдар) адам баласына жасаған жауыздығы, қаскүнемдігімен бейнеленеді. Бұл соңғысы, кейде халықтық сатираға айналады және сол арқылы қоғамдық жайлар, үстемдік еткен қауымның жағымсыз қылықтары мінеледі ; бұлар халықтың ащы мысқылы, келеке – күлкісі түрінде келеді ; таптық тартыс, күрес жайы сөз болады.

Төрт түлік мал және үй хайуандары қазақ ертегілерінің көлеміне енгенде, ең алдымен, оларды адам баласына келтірер пайдасы, атқарар қызметі қандай екендігі суреттеледі. Өйткені бұлардың шаруашылық үшін мәні, адам өмірінде алатын орны аса зор еді. Төрт түлік мал шаруа адамына, бір жағынан, көлік күші болса, екіншіден, ішетін тамақ, киетін киім еді. Сондықтан да халық төрт түлік малды, үй хайуандарының өзінің ертегісіне қосқанда, олардың қызметін даралап көрсетуге мән береді. Ертегі оқиғасын тартысы мол нақтылы сюжетке құрады; фантазия мен реалистік болмыс шындығын шебер араластыра отырып, жұрт қызығып тыңдайтын кесек шығармалар тудырады. Төрт түлік мал жайындағы қазақ ертегілерінде халықтың айырықша ардақтайтыны – жылқы мен түйе. Оның мәні осы екі түліктің халық тұрмысында ерекше қызмет атқарғандығында. Мұны біз “Алтын сақа”, “Тепең көк”, “Боз інген”, “Жақсылық пен жамандық” т. б. ертегілерден көреміз. “”