Қазақ халқының ауыз әдебиеті

Дүние жүзіндегі бұқара халықтардың көркем ой тарихында ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше. Ауыз әдебиеті халықаралық ғылыми тілде фольклор деп. аталады. Фольклор деген атау ағылшын тілінде халық даналығы деген ұғымды білдіреді.

Жазба әдебиеттен бұрын әр халықтың көңіл күйін, тұрмыс салтын, тарихын көркем сөзбен бейнелейтұғын ауызша айтылып, ауызша тараған әдеби үлгілері болған. Ауыз әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктері мен заңдылықтарын тексеретін ғылымды фольклористика дейді. Дәстүрлі фольклорлық шығармалардың төмендегідей басты – басты белгілеріболады : а) әрбір шығарманың бірнеше нұсқалары, көптеген варианттары болады ; ә) дағдылы тіркесте, бір – біріне ұқсас сюжеттер көптеп кездеседі ; б) көркемөнердің бірнеше түрлерінің кейбір сипаттары сақталынады.

Фольклор деген атауды тұңғыш рет жазба әдебиетте қолданған ағылшын ғалымы В. Томсен, ол 1846 жылы Лондонда шығатын «Атенеум» газетінде ауыз әдебиеті туралы мәлімет келтірген. Фольклорлық шығармалар әр дәуірде әр түрлі аталған : «халық поэзиясы», «халық творчествосы», «халықтың ауыз әдебиеті», «халықтың сөз өнері».

Қазақтың көркем әдебиеті тарихын зерттеген әдебиетшілердің айтуына қарағанда, көркем әдебиетіміз XVIII ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған. Өзінен бұрынғы дәуірмен саластырғанда XVIII ғасырдың екінші жартысы қазақ өмірінде елеулі кезең еді. Бұл кезде қазақ халқының көпшілігі (Кіші Жүз бен Орта Жүз) Россия мемлекетіне қосылып болған – ды. Мұның нәтижесінде қазақ халқының экономикасы, қоғамдық өмірі бұрынғы кезден әлдеқайда ілгерілеп дамыған, өскен еді.

Бұл жағдай қазақтың көркем әдебиетінің тууына үлкен әсер етеді.XVIII ғасырдың екінші жартысынан былайғы жерде аты – жөні белгілі авторлар шыға бастайды. Мұның өзі ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің жігін ашатын негізгі белгінің бірі болады.

Рас, XVIII ғасырдың екінші жартысына дейін қазақтың ауыз әдебиеті есейген, жетілген еді. Бұл кезде ауыз әдебиетінің әр алуан түрлері (ертегі, аңыз, батырлар жыры, тұрмыс – салт өлеңдері т.б) дамыған да болатын. Бірақ оларды шығарған авторлары белгісіз болады. Сондықтан ондай шығармалар жеке авторлардың емес, бүкіл халықтың шығармасы болып саналатын. Осыған байланысты, ауыз әдебиеті мен жазаба әдебиетінің айырмасы жөнінде В. Г. Белинскийдің мына бір пікірін келтірейік. Ол былай дейді : “…..Ауыз әдебиетін алатын болсақ, оның жұртқа аты белгілі авторы болмайды, өйткені қашан да болса, ауыз әдебиетінің авторы халық болады. Халықтың немесе бір тайпаның жас шағындағы ішкі және тысқы тіршілігін ешбір боямасыз айқын көрсететін қарапайым, үстірт аңғал өлең – жырларын шығарған кімдер еді, оны ешкім білмейді. Ал әдебиетті алсақ, ол мүлде басқаша болады : оның шығарушысы халық емес, оның авторлары – халық рухының әр алуан жақтарын өзінің ақыл – ойы арқылы білдіретін жеке адамдар. Әдебиетте жеке адамдар әдебиеттегі өздерінің праволарын толық өз қолына алады, сөйтіп әдебиет дәуірлері сол жеке адамдардың аттарына байланысты болып белгіленеді”.

Белинский бұл пікірін “Әдебиеттің түрлері” және “Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы” туралы жазған еңбектерінде де айтады. Ұлы сыншының пікірінше “ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің арасындағы басты айырмашылықтың бірі жеке авторлардың болу-болмауына байланысты. Және де өз дәуірінің, бүкіл халықтың рухын білдіретін жеке авторлардың шығуы экономиканың дамыған, қоғамдық ой – сананың ұлғайып өскен кезінде болады ; экономиканың дамуы мәдениеттің, техниканың өсуіне ықпал жасайды, жазу өнерін шығарады, кітап басу ісінің тууына әсер етеді ; осыдан былай жеке авторлардың шығармалары жұртқа жазу үлгісінде, баспа арқылы тарайтын болады”,-дейді.

Ұлы сыншы осы ойын дамыта келіп былай дейді : ауыз әдебиеті айтайын деген ойын әр түрлі тұспалдау, бейнелеу жолымен білдіреді, соларға әрдайым иек сүйеп отырады, ал көркем әдебиет айтайын деген ойын айқын етіп суреттейді, өз заманының рухын, идеясын ашып көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, XVIII ғасырдың екінші жартысына дейін өз заманының рухын, шындық өмірін, идеясын айқын етіп суреттеген қазақтың ақын, жырау-жыршылары кім болғанын айта алмаймыз. XV – XVI ғасырларда өмір сүріпті деп. жорамалмен айтылатын Сыпыра жырау, Асан қайғы, Жиреншелер жайында толық мәліметтер жоқ, тек аңыз-әңгімелер ғана бар.